50456
«Тапал бойлы», «сирағы ұзын», «белі бұралған»: Миллион жұмсалған Мұқағали мүсіні дауға ілікті
«Тапал бойлы», «сирағы ұзын», «белі бұралған»: Миллион жұмсалған Мұқағали мүсіні дауға ілікті
Райымбек ауданының орталығы Нарынқол елді мекенінде қойылған ескерткіштің түр-сипаты мен орналасқан жеріне көңілі толмайтын жұрт мүсіннің дұрыс жасалмағанын айтады. Ескерткіш келбетіне байланысты әлеуметтік желіде мәселе көтерген журналист Қанат Әбілқайыр фейсбук парақшасында жазды.
Автордың айтуынша, мүсін Мұқағали Мақатаевқа емес, Қадыр Мырзалиевке көбірек ұқсайды және бойы тым аласа болыпты. – 61 миллион 826 мың теңгелік – «тапал бойлы», «сирағы ұзын», «белі бұралған» Мұқағали бейнесі. Мүсінші Кәкімов Қадырхан ағамыз қанша жерден «классик» болса да Мұқағалидың тас тұлғасын қашап шыға алмағанын айтуға хақымыз бар. Мұны былай қойып, ескерткішті ақынның ұрпағынан бастап, қазақтан шыққан кейбір зиялылар құптады екен деп (егер расында солай болса), көмейге кептелген сөзді іркіп қалып, ақын әруағына қиянат жасағым келмейді. Осы «шедевр туындыға» мемлекет қалтасынан 62 миллионға жуық қаржы жұмсалғанын білдік, – дейді Қанат Әбілқайыр.
Райымбек ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мұқағали Мақатаев ескерткішіне қатысты даудан кейін облыстан арнайы комиссия келіп тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында ақынның мүсініне қатысты пропорциялық ақаулар анықталыпты.
– Ескерткіштің тұғырына биіктік қосылатыны бұған дейін жоспарланған болатын. Ал мүсініне келсек, пропорциялық ақаулар анықталды. Бірнеше сантиметрге ауытқыған. Түзету үшін мүсін ескерткішті жасаған авторларға қайта берілді. 15 күннің ішінде ескерткіш орнына қайта орнатылады, – деді Қадыржан Сабырақын.