Рухани жаңғыру – Қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш
Рухани жаңғыру – Қазақстандықтардың дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш
Рухани жаңғыру бағдарламасы – Елбасының бастамасы. Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін еліміздің 14 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық кеңселері ашылған.
Шымкент қаласындағы «Рухани жаңғыру» бөлімі 2019 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келеді. Қазір «Рухани жаңғыру» бөлімі Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғимаратында орналасқан. Мұнда «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының негізгі бағыттары мен арналары бойынша ақпараттық бұрыштар, іс-шаралар есебі мен мәліметтер базасы жинақталған. Шымкенттегі жобалық кеңсенің басшысы Зәуре Оралбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін Елбасы жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік беретінін айтады.Атқа міну мәдениеті – бағзыдан қалған бекзат өнер
Биыл осынау бағдарлама аясында ұйымдастырылған іс-шара «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасының тұсаукесер рәсімінің жөн-жосығы туралы телевизиялық жобасының түсірілуімен басталған. Онда әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова кішкентай бүлдіршін қыздың тұсауын кесіп, рухани жаңғырудың үлгісін көрсеткен. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұмытыла бастаған сыбаға сақтау әдісін дәстүрге сай үлгіде көрсетіп, жаңғырту мақсатында «Сақталушы еді сыбаға...» этно-танымдық шарасы өтті. Іс-шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халқымыздың «Ерулік», «Сыбаға беру кәдесін» ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жарасымды дәстүрлеріміздің бірі, құрметті адамға, сыйлы қонаққа, жақын-жуыққа немесе жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – «Сыбаға». Яғни, халқымыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін дәстүрлерінің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. Дәстүрлі ортада түрлі жұмысқа жәрдемдесіп, қол ұшын бергендерге ұсынылатын сый-кәделер «сыбаға» деп аталады», – дейді жобалық кеңес басшысы. Өткенді жаңғырту шарасының бірі – көрме орталығында ұйымдастырылған «Зергерлік бұйымдар – 2021» атты көрме-жәрмеңкесі. Бұл күні Шымкент қаласы зергерлерінің алтын, күміс бұйымдарымен қатар Тараз және Алматы қаласының да зергерлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Үш күнге созылған көрме-жәрмеңкеде қала қонақтары мен тұрғындары «Ежелгі металлургия», «Қазақтың әшекейлерінің сыры терең» деген тақырыптарда тың мағлұматтарға қанықты. Жобалық кеңсе басшысының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» жобасына енген Сайрам тұрғын алабындағы жалпыұлттық маңызға ие Қызыр мұнарасы бүгінде қараусыз күй кешіп отыр. Мұнараның айналасы қоршалғанымен, туризм саласының мамандары орнатқан QR коды бар тақтайша қиратылып, мұнараның маңайындағы консервацияланған жерлер де бұзыла бастаған. Мұнара аумағында тазалық күні аталып өтіп, бұл орынды қарап, сақтау Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің ұжымына бекітілген. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір бағытында атқа міну мәдениеті айтылған. Онда жылқы шаруашылығы жер жүзінде Ұлы даладан тарағаны көрсетіледі. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ońtústik телеарнасымен бірлесе отырып Төлеби ауданы, Кеңесарық елді мекенінде саятшылық, құсбегілік өнерін насихаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға...» атты телевизиялық бағдарлама түсірілімін өткізген. «Саятшылық, құсбегілік өнердің қазақ даласында ерте кезеңдерден бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, бабадан қалған бағзы бекзат өнерді жалғап жүрген, оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуеновтің бір күндік табиғатпен үндескен сәттері түсірілді. Оның құсбегілік өнерге келу жолы, бұл кәсіптің қыр-сыры, бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жолдары көрсетілді», – дейді тағы бірде Зәуре Оралбаева.
Жаңғыру бастауыштан басталадыСондай-ақ дәстүрді ұлықтап жүретін Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы көпшіліктің сұранысымен «Тұсаукесер» рәсімін өткізді. «Жаңғыру бастауыштан басталады» тақырыбында ұйымдастырлыған дәрісте Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының педагогтары арнайы курстарда біліктілігін арттырып жүрген бастауыш сынып мұғалімдерімен пікір алмасу болды. Онлайн форматта өткен кездесуде ұлттың жаңғыруы кезеңіне өткен бағдарламаның арнайы жобаларын бастауыш сынып сабақтарына, негізгі пәндеріне енгізу жайлы сөз қозғалған. «Рухы мықты, білімі терең, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны да, рөлі де басым. Бұл бағдарлама ұлттық сипатта, бірақ жеке тұлғалық деңгейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде іске асады. Олай болса, ұрпақ тәрбиелеу, азамат өсіру, білім беру жұмысымен қатар жүреді. Сол себепті Рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаздар», – дейді ол. Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы ерекше. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне баса назар аударған. Ұлттық ойындар – қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнері, жауынгерлік жаттығу ретінде қолданылған. «Тарихқа тағзым күні» аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Ұлтық ойын ұрпақты шыңдайды» атты іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының отбасылық тәрбие ғұрыптарын қайта жаңғырту барысында жас баланың ой-өрісін ұлттық ойындар арқылы дамыту әрі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың түрлерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау. Шара барысында мектеп оқушыларының қатысуымен «Асық ойындары», «Арқан тартыс», «Алтыбақан», «Асаумәстек», «Мешкей» сынды түрлі ұлттық ойындар өтті.
«Ұлттық үрдісте киінейік!» челленджі қолдау тапты«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында былтыр Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Рухани жаңғыру» бөлімі «Ұлттық үрдісте киінейік!» атты челленджін бастады. Бұл челлендж қаладағы көптеген ұжымдар арасында, жеке азаматтар тарапынан да қолдау тапты. «Баршасына мың алғыс!» дей отырып, биыл да сол үрдісті жалғастырып, ұлттық құндылықтарымызды бірлесе насихаттауға шақырамыз», – дейді жобалық кеңсе меңгерушісі. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұлт құндылығының бүгінде ұмытылған бірегей дәстүрінің бірі, ұрпақтың өсіп-өнуінің айшықты үлгісі – «Құрсақ шашу» дәстүрін насихаттау мақсатында тағылымдық шара өтті. «Құрсақ шашу» – бала тәрбиесін анасының құрсағына біткен күннен бастаған бабаларымыздың бай тәжірибесінің бір көрінісі. Бала іште жатқаннан-ақ өзіне деген ілтипатты, анасының және отбасы мүшелерінің ғана емес, бүкіл ағайын-туыстың құрметін сезінсе, сол жақсылықтан нәр алып өседі. Шараға арнайы келген аяғы ауыр келіншектерге «Құрсақ шашу» тойы жасалынып, оның мән-маңызы, келіннің жерік асын табу, болашақ ананың денсаулығына ерекше мән беру, көз тиюден, шошынудан сақтау жөнінде тағылымды дүниелер айтылды. Думанды дастарқан жайылып, ақ жаулықты әжелеріміз келіндерге батасын беріп, өнерпаздар әннен шашу шашты. «Тәуелсіздік – өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды. Қазақстан – кең байтақ әрі тариxы өте тереңде жатқан мемлекет. Қазақтың көптеген ру-тайпасының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осы арада ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұдан да ерте айтылып жүргенін, тариxымыздың тым әріде жатқанын байқаймыз. Осыған орай еліміздің қыр-сырын зерделей келе Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жүзеге аса бастаған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобалары тарих пен жер арасындағы ықпалдастыққа назар аудартты. 2018 жылы Елбасымыздың қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ниеті дұрыс әрбір қазақстандықты мақтаныш сезіміне бөледі, ел мен жердің өткені, тағдыры, келешегі жайлы қалың ойға жетеледі. Осы орайда қаладағы әмбебап кітапханада «Ұлы дала – ұлттық тарих тірегі» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – оқырман жастардың кітап оқуға деген құштарлығын оятып, еліне, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, Қазақ елінің патриоты бола білуге тәрбиелеу», – дейді бөлім меңгерушісі. Үшінші мегаполистегі ескі қалашық аумағында Shymqala этноауылы ашылып, жұмысын бастады. Этноауыл «Рухани жаңғыру» бағытында қолға алынған. Шымкенттегі Ескі қалашық аумағында ашылған Shymqala этноауылында белгілі қолөнер шебері Берік Бейісбеков ер тоқым, былғарыдан түрлі бұйымдардың жасалу жолынан шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатта Берік Болатбекұлы былғарыдан түрлі бұйымдарды дайындау әдістері, шығу тарихы, жасалу жолдары, ер тоқым дайындаудың қыр-сырымен бөлісті. Қаламыздағы ЖОО студенттері, мектеп оқушылары шеберлік сағатқа белсенді қатысып, қолөнер бұйымдарына қызығушылық білдіріп, рухани азық алды. «Ұйымдастырушылар іс-шарада жастарға қолөнер бұйымдары насихатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды деген сенімдеміз», – дейді Зәуре Әбдіхамитқызы бізбен әңгімесінде.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы