Абай мен Ноғайбай би

Абай мен Ноғайбай би

Абай мен Ноғайбай би
ашық дереккөзі
51221

Абай ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Верный атанған (16.02.1854 – 3.03.1921 жж.), яғни ежелгі Алматы шаһарына жолы түсіп, Арқаның азуы алты қарыс ардақтысының келгенін Ноғайбай би естіп, ұлы мейманның асқақ тұлғасына мейірленіп, дереу базардан бір ту биені таңдап алып, Абай ат басын тіреген үйдің табалдырығын аттайды... Алдымен Ноғайбай би Дәулетбақұлының (1834-1910) тегіне келсек, Ұлы жүздің ішіндегі Қасқарау бұтағынан. Дәулетбақтың әкесі айбынды Малдыбай қазақ-қырғыз жұрт­тарына ұран болған. Қас­қараудың билік тізгінін ұстаған Дәулетбақ Қоқан хандығы жағында болса, Ноғайбай Ресей елшілеріне келіп: «Әкемді тастап орысқа келдім, бала болсам да болыса келдім» деп, әрі өжеттік әрі дипломатиялық тапқырлық танытыпты. Ресей оның Қо­қанға қарсы ниетін құптап, әс­кери шен (кейбір мәліметтерде полковник дәрежесі) беріпті.

Ноғайбай би «адам баласы­ның бет қа­рат­пай­тын қара тілді шешені, ақиық қы­ра­ны» атан­ған. «Көп сөз – көбік, аз сөз – ақық» дейтін ұста­ны­мы­на лайық «егескенді илеп, қағысқанды қағып, аң­дысқанды, айтыс­қан­ды қыранша бүріп» өткен қай­сар мінезді, от жүректі, көсем пікірлі қай­рат­кер екен. Қыр­ғыздың Тоқтағұлы: «Асып туған, Ноғайбай, Ноғайбай болмақ оғай ма-ай!» десе, Шөже: Арғы атаң арғымақтай Малдыбай би, Басындай Алатаудың бұлт шалған. Сен шықтың Қасқараудан Ноғайдай боп, Аруағың қалың орман тоғайдай боп, – деп толғапты. Қырғыз Шәбден манап: «Бұл Жетісуда Ноғай­байдан асатын адам баласы болмайды. Ноғайбай алғыс айтса атқан таңдай, қарғаса қара түндей қылады. Менің шенім үлкен. Ноғайбайдың бағы үлкен» деп бағалаған. Ноғайбай бидің өзі заманының қыран­дарын бы­лайша сипаттапты: «Ақын деп Шө­жені айт, ше­шен деп Бөлтірікті айт, батыр деп Сыпатайды айт».  width=Ұлы даланың ұлы жыршысы, шежірешісі, сал-серілер, ақын-жыраулар, би-шешендер, ба­тырлар өмірі мен өнегесінің білгірі Кенен Әзірбаевтың (1884-1976) деректеріне жүгін­сек, Абай Алматыда Мерқасым мен Әбсеметтің шаңырағында болады. Бұл екі кісі де Құнанбай қажының жұрағат-жек­жаттары. Әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасып-сырласып отырғанда ақыл-пара­саты, көрік-келбеті, мінез-қылығы айрықша Ақмай (Абайға я жеңге, я келін, я қарындас) тура­лы әңгімеленіп, сонан Мерқасым: «Жетісу елін жел диірмендей айналдырып тұрған, ата-бабаларынан төрт Дулаттың алдыңғы қа­тарлы бетке ұстар қорғаны Ноғайбай би еке­нін айтып, бұл Жетісудағы қала-далаға, қыр­ғыз-қазаққа қа­дірі зор Ноғайбайдың Ақмайға көзі түсіп, көңі­лі сүйсініп, жарас­тықты ғұмыр кешіп жатыр. Құсы құтты, үй-іші базарлы болыпты...», – депті.Жоғарыда ескерткеніміздей, Мерқасым мен Әбсемет Ноғайбай би мен Сарбас ақын­ды Абай отырған үйге кіргізеді. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, бірі­нің дыбысын бірі естіген екі елдің естілері құшақ жайып амандасады. Шүу дегенде сұңқардай сергек Ноғайбай Абайға бұрылып: «Иә, Абай мырза! Алатау, Алматыға келген соң бізге қонақсыз. Әсел бәйбішеден дәм татып, Ақмайды көріп қайтарсыз», депті Абай үндемей қалғанда, Сарбас ақын сайрай жөнеледі:«Арғы атаң Өскенбай мен Құнанбайды, Тобықты «Ырғызбайлап» ұрандайды. Қазақта бірінші боп Әжі барған, Өз әкең есіне алып бір Құдайды. Меккеге Тәңірге арнап үй салғызған, Туғызған кемеңгер қып бұл Абайды». Абай: «Алатау асқар бел екен, Үйсін атты ел екен. Етек-жеңі кең екен, Алма, жеміс көп екен. Сұлутөр құтты жер екен. Елден елдің кемі жоқ, Қасқараудың көңілі, Тобықтыдай кең екен. Ерден ердің кемі жоқ, Ноғайбай да ер екен. Бақытты бопсыз Ақмайым, Келген жерің құт екен. Артық деп те кетер ем, Ел намысы дер екен. Қош, сау болғын ер Ноқа, Кіре берсін берекең», – деп тақ­пақтай сөйлеп кетіпті. Сонда Ноғайбай: «Рақмет Абайжан, ел бағына туған ер екенсің, ақылың дәрия көл екенсің. Көпке бірдей күн болып туған ұл екенсің. Бір ауыл­ға ғана болысатын кісі көрінбейсің, бүкіл ел қамын ойлайтын қамқор дана көрінесің. Орысша да, мұсылманша да білімің зор екен. Менде Жетісудағы елге атым бар, азды-көпті хатым бар. Бірақ оқымаған адаммын. Патшамен орыс тілін­де еркін сөйлесе алмайтыным арман болды. Абай­жан, сөге жамандама, әкең Құнанбайға, еліңе сәлем айт», – деді.Ұлы даланың гауһары Абай мен жетісулық Ноғайбай бидің Қордай жерін­дегі кездесуінің куәгерлері, Кенен атаның ұстаздары – Сарбас Майкөтұлы, Еркебай Базарұлы, Сәміл Түлкібайұлы, Тәкен Байғұттыұлы, Сәрсебай Билібайұлы, Шөжеке Оспанұлы. Абайдың 1894 жылы жазылған «Әбдірахман науқастанып жатқанда» дейтін өлеңінде: Әбсемет жиенің, Ол – сенің біреуің! – дегені бар. Шежірелік деректер бойынша, аға сұлтан Құнанбайдың інісі Жақыптың қызы Жетісу елінің батыры Әлімбекке ұзатылған, Әлімбектен Әбсемет, Әбсеметтен Нұржамал туған. Нұржамал – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің анасы (Қайыр­жан қажы Макин. Абай жаққан алау. Алматы, «Тамыр», 2020. 80-бет.) Сондықтан да Абайдың Әбсемет жиеніне қо­нақтап баруының түпкі бір себебі осы болса керек.

Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д., профессор

Серіктес жаңалықтары