Көңілді демалыс көпшілікке қолжетімді ме?
Көңілді демалыс көпшілікке қолжетімді ме?
Жаз – демалыс маусымы. Екі жылдан бері қашықтан білім алып жатқан балалар тоғыз ай бойы үйде отырғанның есесіне жазғы каникулды асыға күтетіні анық. Ата-аналар да балаларының демалысын тиімді ұйымдастыруға барын салып, түрлі тынығу лагері мен оқу-сауықтыру орталықтарына жібереді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мемлекеттік деңгейдегі шаруа болса да, шикілік көп. Ата-аналар бағасымен келіспейді, басшылық бағаны түсірмейді. Мәселенің мән-жайын анықтап, мамандармен сөйлесіп көрдік.
САПА МЕН СЕРВИС Жаз бастала салысымен қала баласының ауылға, ауыл баласының қалаға ағылатыны белгілі. Соңғы екі жылда бұл үрдіс сап тиылды. Карантин басталып, әр бала өз ата-анасының қамқорлығында қалды. Ауыл баласы да бұрынғыдай қалаға елеңдеп тұрмайды. Балалар қашықтан оқи алмаған білімін толықтырып, түрлі үйірмелерге жазылады немесе жазғы тынығу лагеріне барады. Биыл жазғы демалыс Білім және ғылым министрлігі ұсынған «Қазақстан балалары, жазды қуанышқа толтырайық!» тақырыбымен ұйымдастырылды. Министрліктің мәліметінше, биыл балалар лагері мен оқу- сауықтыруға арналған 13 мың ұйым жұмысы істейді. Оның 236-сы қала сыртында, ал қалған 11 мыңға жуығы мектеп жанынан ашылған. Осы жылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 500 мыңнан астам оқушы жазғы демалыс кезінде оқу –сауықтыру орталығына жіберіледі. Эпидемиялық жағдай тұрақты болса, биыл жазғы демалыс лагерлеріне 1 миллионнан астам оқушы демалады деп жоспарланған еді. Алайда жағдай әлі бір қалыпты емес. Балалар демалыс орталығының көп шоғырланған жері – Алматы облысы мен Шымкент қаласы және Бурабай аумағы. Бағалары да орналасқан жері мен көрсететін қызметіне байланысты әртүрлі. 10 күнге 45 000-75 000 теңге аралығында. Одан қымбаттары да жетіп жатыр. Кейбір лагерьлерде қосымша сабақ беріліп, халықаралық деңгейде өтетін олимпиадаға дайындайды. Соған сәйкес қызмет ақысы да қымбаттайды. Қарапайым отбасының қалтасына 40 мыңдық демалыс салмақ болатыны анық. Қазіргі жағдайға байланысты ПТР-тест пен баланың керек-жарағын қосыңыз.
БИЫЛ 3 МИЛЛИАРД 816 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ Елімізде мектеп жасында 3,5 млн оқушы бар болса, солардың 70 пайыздан астамы – лагерьге баратын оқушылар. Алайда былтыр індет өршігенде лагерьлердің есігі жабылды. Биыл сол олқылықтың орны толтырылмақ. Жазғы демалыс лагерьлері балаларға жаңа достар табуға, жаңа білім алуға және түрлі көңіл күйді бастан кешіруге мүмкіндік береді. Сондықтан көптеген ата-ана жазғы балалар лагерьлерінің ашылуын асыға күтеді. Алайда еліміз әлі «қызыл аймақтан» шықпағандықтан, бұрынғыдай жұмыс істеуге шектеу қойылған. Елімізде жыл бойы және маусымдық демалысқа арналған 235 лагерь жұмыс істейді. Оның 143-і мемлекеттік және 92-сі жеке меншік. Осы лагерьлерде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға биыл жергілікті атқарушы органдардан 3 миллиард 816 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 9 әлеуметтік санатқа жататын және үздік оқушылар мен төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен бүлдіршіндердің демалысы ұйымдастырылады. Ал қалған балалар жазғы лагерьлерге ақылы негізде бара алады. Естеріңізде болса, былтыр карантин шектеулеріне байланысты жазғы демалыс орындары жұмыс істеген жоқ. Бірақ осы мақсатта 3 миллиард 774 миллион теңге бөлінген болатын. Оның тек 822 миллионы ғана игерілді. 2019 жылдың жазында балалар демалысы үшін 4 миллиард 333 миллион теңге бөлінді. Осы қаржыға 377 мыңға жуық баланың жазғы демалысы ұйымдастырылды.
САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛҒАН БА? Биыл мемлекеттік санитарлық дәрігердің 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес республика аумағында балаларды сауықтыру лагерьлерінің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ондағы қызмет әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу критерийлерімен айқындалған. «Жасыл» аймақтағы өңірлерге сәйкес жазғы лагерьлер шектеусіз, «сары» аймақтағы лагерьлер 50 пайыз, «қызыл» аймақтағы 30 пайыз жүктемемен жұмыс істейді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жазғы лагерьлерде санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек. Өңірлер тиісті жұмыстарын атқарып, сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдап жатыр. Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады. Санитарлық дәрігерлермен бірге балалардың қауіпсіз демалуы қамтамасыз етілуі керек. Осы уақытқа дейін ауыл мектептерінде тегін лагерьлер жұмыс істеген еді. Қазір барлық лагерьде санитарлық талаптар қатаң сақталған. Кіреберісте қолды жуу үшін сабын мен антисептиктердің қойылуы және маска тағу режимі тұрақты қадағаланады. Үй-жайларды жиі-жиі желдетіп отыру да маңызды. Ауа райы қолайлы болса, іс-шараларды мүмкіндігінше сыртта ашық аспан астында өткізді. Бөгде адамдар мен ұйымдардың қатысуымен бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады.АТА-АНАЛАРҒА КЕРЕК БЕС ДЕРЕК Көп жағдайда ата-ана баласының қарым-қабілетін жетік білмегендіктен кез келген үйірме мен қосымшаларға жаздыра береді. Жазғы демалыс лагерін таңдағанда да осы олқылық көрініп тұрады. Әрбір ата-ана лагерь түрлері мен тегін оқу-сауықтыру орталықтарын білсе, баласының болашағы үшін маңызды қадам жасай білер еді. Осы орайда лагерьге қандай жағдайда тегін жолдама алуға ие болатынын айтқымыз келеді. Лагерьдің бізге таныс сегіз түрі бар: Тілдік – мектеп мұғалімімен шет тілін үйрену; Мектеп жанындағы – спорттық байқаулар, шығармашылық студиялар, мұғалімнің сүйемелдеуімен көрнекі жерлерді тамашалау. Бастауыш сынып оқушыларына арналған; Спорттық – жай және спорттық мектептер базасында спорттық үйірмелерге қатысу. Кез келген сыныптың оқушыларына арналған; Туристік – көрнекі жерлерге саяхаттау. 5-8 сынып оқушыларына арналған; Пәндік – пәндерді тереңдетіп оқыту (физика, химия, биология, математика және т.б.). Барлық мектепте 8-10 сынып оқушыларына арналған; Өлкетану – экскурсияларға шығу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған; Экологиялық – ағаш, гүл отырғызу, оларға күтім жасау, өсімдіктер әлемімен танысу. 5-сыныптан жоғары сыныпта оқитындарға арналған; Күндізгі лагерьлер – шығармашылық студиялар, спорттық жарыстар мен жаттығуларға қатысу. Барлық оқушылар үйі мен оқушылар сарайында бар. Баланы лагерге орналастырудың тетігін тапса, тегін жазуға болады. Ол үшін ата-ана қосымша білім беру ұйымдарының толық тізімімен танысуы керек. Тізімді Білім басқармаларының сайтынан көруге болады. Онда таңдалған лагерьдің жұмыс кестесімен және толық бағдарламасымен танысуға мүмкіндік бар. Ұйымдардың сайтына сілтемелер маусым айында жарияланып қойған. Кез келген лагерьге жазылуға болады. Оған баланың тіркелген мекенжайы мен тұрғылықты жері маңызды емес. Алайда мектеп жанындағы, пәндік, тілдік лагерьлерді баланың өзі оқитын мектептен таңдаған дұрыс. Жазғы лагерьлер 1 маусымнан бастап жұмыс істей бастайды, оларға жазылу әлі күнге дейін жүріп жатыр. Жалпы, балалардың жазғы демалысының аяқталатын уақыты – 10-20 тамыз аралығы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен балаларға арналған сауықтыру лагеріне «Білім туралы» заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар мен мүгедектігі бар балалар және түрлі қиын өмірді бастан кешіп жатқан көпбалалы отбасының балалары тегін қабылданады.
МАМАНДАР БҮЙ ДЕДІ: Ержан БАЙТАНАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРІСТІ КӨБЕЙТУ КЕРЕК – Лагерьге асыға жеткен балалардың бақытты сәтінен артық ештеңе жоқ. Бірақ олардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан демалыс орындарындағы шаралардан бөлек әр ата-ана баласын лагерьлерге жіберер алдында жеке бас гигиенасын қалай сақтау керегін түсіндіргені де абзал. Қазақстан Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 30 сәуірдегі №17 қаулысына сәйкес республиканың аумағында балаларды сауықтыру лагерьлерінің қызметіне рұқсат етілген болатын. 2021 жылғы 26 шілдедегі жағдай бойынша жалпы республика бойынша 153 балаларды сауықтыру ұйымы санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Барлық сауықтыру ұйымдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 3 сәуірдегі №146 бұйрығымен бекітілген «Балаларды сауықтыру және санаториялық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Балалар сауықтыру лагерьлеріне жиі ерекше тәртіппен және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Тексеру барысынды лагерьлерде талаптардың бұзылғаны анықталған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Мектеп жанындағы лагерьлерді ашу карантин кезеңінде санитариялық қағидалардың талаптары мен әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеу өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі. Өлшемшарттарына сәйкес түрлі аймақ әл-ахуалға қарай жұмысты жалғастыра береді. Әрбір ата-ата баласының құжаттарын дайындайтыны белгілі. Сол құжаттардың басында 079/е нысаны сауықтыру лагеріне баратын оқушыға медициналық анықтама бірінші тіркеледі. Одан кейін бұрын-соңды жұқпалы аурулармен ауырмағанын растайтын құжат. COVID-19 бойынша ол лагерьге келгенге дейін 72 сағат бұрын алған анықтама болуы керек.
Сержан АЛИБАЕВ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы РМҚК Бас директоры:
ЖЫЛЫНА 15 498 БАЛА ҚАБЫЛДАЙМЫЗ
– «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында және оның филиалдарында жазғы науқан Білім және ғылым министрлігі бекіткен мерзімдерге сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып басталды. Басшылық бекіткен тақырыптық ауысымға сәйкес, бас орталыққа әр ауысымда 288 бала, жылына еліміздің әр аймағынан 4 608 бала демалады. Сондай-ақ Алматы облысы, Түркістан облысы, Қарағанды облыстарында филиалдар бар. Солармен қоса есептегенде жылына 15 498 баланы қабылдаймыз. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Соған сәйкес жұмыс талабы жаңарып тұрады. Балалардан ПТР-тест анықтамасын тапсыру міндеттелді. Осыған байланысты орталық қызметкерлері вакцинациядан өтіп жатыр. Күн сайын медициналық кешен қызметкерлерді вакцинациялау бойынша өзгерістерді қадағалап, термометрия жүргізеді. Жалпы, орталыққа мемлекеттік квота есебінен тегін жолдама 5-9 сыныптағы 11 және 15 жасқа дейінгі, қоғамдық іс-шара, оқуға белсенді араласқан, түрлі жарыстар, олимпиадалар, фестивальдер, байқау жеңімпаздары және көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларына беріледі. Тегін жолдама балаларға бір рет қана беріледі. Еліміздің өңірлері бойынша жолдамалардың квотасы, жыл сайынғы жоспар, ауысымдардың жоспар-кестесі, орталыққа келу кестесі 25 қарашаға дейін министрлік шешімімен бекітіледі. Жолдамаларды тарату квотасы жоспарына сәйкес облыстық Білім департаменттері, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары ауысымның тақырыптарына сәйкес балаларды орталыққа жіберуді жүзеге асырады. Мемлекет меншігіндегі басқарма болғандықтан, балалар тегін демалады. Бөлінген қаражат орталықтың ағымдағы жөндеу жұмыстары, материалдық- техникалық базаны жаңарту, ауысым қатысушыларының уақытын тиімді өткізу үшін түрлі үйірмелерге қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалды. Атап айтатын болсақ, биыл орталықтың асханасы мен ғимараттың үшінші-төртінші қабатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалар үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған бөлмелер және гидромассаждық душ кабиналары қойылған. Балалар ауысым барысында 6 рет тамақпен қамтамасыз етіледі. Күн сайын сауықтыру және профилактикалық іс-шаралары: массаж, су процедуралары, емделу ванналары, сауна, коктейль беріледі. Сондықтан демалыс уақытын ұйымдастыруға бөлінген мемлекет қаржысы тиісті мақсатта жұмсалып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Әйгерім АСАН, психолог:ЛАГЕРЬДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ҮЙДЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ
– Жыл бойы онлайн оқыған балалар жазғы демалысты сағына күткені анық. Смартфонға телмірген оқушылар кейін смартфонды жек көретін жағдайға жетті. Сондықтан, үш ай уақытты бірнеше кезеңге бөлген жөн. Алғашқы айда паркке қыдырту, ойын-сауық кешендеріне апаруға болады. Бұл кезеңде көбірек бала ата-анамен бірге жұмыс істегені абзал. Паркке барып бірге сурет салыңыз. Жеке сырласып, армандарын сұраңыз. Екінші айда біліміне мән беріңіз. Қызық кітаптар мен танымдық дүниелерді бірге оқып, көрген дұрыс . Кітап авторын әңгімелеу арқылы бала қызығушылығын оятуға болады. Жеке тұлғалық даму да назардан тыс қалмауы керек. Ми жұмысын жақсартуға арналған ойындарды жиі ойнату да пайдалы. Демалыстың соңғы кезеңінде баланы мектепке дайындық қадамын жасаңыз. Мектеп құралдарын бірге таңдаңыз. Өзі пайдаланатын болғандықтан «Қайсысын аласың, қай дәптер ұнайды?» деп пікірін сұрау арқылы қызығушылығын біліуге болады. Егер лагерьге жіберуге мүмкіндік болмаса, ата-ана лагерьдегі жағдайды үйде жасауға тырысуы керек. Таңғы жаттығу, ойын ұйымдастыру, көрші балаларды шақырып, жарыс өткізу баланы ынталандырады. Бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ. Уақыт жоқ деген – сылтау. Осыдан кейін көп ата-ана тайм-менеджментті білмейді. Әр кезеңді есептеп үйренсе, бала да соған дағдыланады. Мысалы, 1 сағат кітап оқисың, сосын паркке барамыз деген сияқты. Егер уақыттан асып, бағынбай жатса, жазалауға болады. Мысалы, смартфонда 1 сағат артық ойнады, сол үшін бассейнге 1 сағат аз түседі. Отбасылық бюджетке байланысты ата-ана баласын ақылы оқу-сауықтыру орталығына жібере алмай жатады. Бұл трагедия тудыратын мәселе емес. Сол үшін «Ақша жоқ екенін көріп отырсың, қайдағы лагерь?» деп негатив сөз айтып, бала жанын жаралау да қажет емес. Ұрысқаннан мәселе ушығады. Одан да лагерьге келесі жолы жіберемін, сен үшін мынадай үйірме таптым десеңіз, бала қатты қуанады.Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА