50331
Олег Чугунков: Қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек
Олег Чугунков: Қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек
Бүгінде «Nur Otan» партиясының аумақтағы филиалының өкілдері түрлі акциялар мен іс-шаралар өткізіп, апта сайын ел ішін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткізіп жүр. Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар да оң нәтиже беріп жатыр. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша қандай жұмыс атқарылғанын білу мақсатында «Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунковты әңгімеге тартқан едік.
– «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында халықтың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттің дамуын жеделдетуге байланысты маңызды мәселелер қамтылған. Шығыс Қазақстан облысында партия бағдарламасы қалай орындалып отыр? Елдегі ең негізгі мәселе – тұрғындардың баспаналы болуы, азаматтарды жұмыспен қамту. Осы сала бойынша қандай шаруалар атқарылды? – Жалпы, «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына 182 іс-шара енгізіліп, 24 нысаналы индикатор айқындалды. Алдағы бес жыл ішінде 2,5 мың шақырым автожол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіліп, 400-ден астам тұрғын үй салынады. Сондай-ақ бұқаралық спортты қолдау мақсатында 11 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 6 спорт модулі салынбақ. Сондай-ақ 2025 жылға дейін облысымыздың тұрғындары таза ауызсумен толықтай қамтылады. Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада білім, денсаулық сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері толықтай қамтылған. Атқарылған шаруаларды сұрасаңыз, Семей қаласында Ядролық медицина орталығы, Риддерде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша цех, Шемонаиха ауданында Рулиха ауылында сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Өскеменде 2 балабақша ашылды. Бұдан басқа көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 2017 жылы 485 отбасы баспаналы болса, былтыр бұл көрсеткіш бес есеге артып, 2 536 отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл жеке инвесторлардың көмегімен облыс аумағында 191 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Осылайша өңірімізде ең өзекті саналатын баспана мәселесінің шешілуіне бар күшімізді салып жатырмыз. – Республика бойынша партия өз құрамын біршама жаңартып, қоғамдағы өзекті мәселені шешуге ықпал ететін маңызды жоспарлар құрды. Өңірдегі партия құрамы қаншалықты жаңарды? – Шығыс Қазақстан облысы бойынша праймеризге 1 054 адам қатысты. Нәтижесінде партиялық тізімге 542 кандидат енді. Облыс бойынша «Nur Otan» партиясының жаңадан сайланған депутаттық фракциясы 243 депутаттан тұрады, бұл депутаттардың жалпы санының 83,8 пайызы. Партия басшылығы мен Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толығымен орындадық деп айта аламын, өйткені сайланған депутаттардың 30 пайыздан астамы – әйелдер, ал 20 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Айта кетерлігі, партияны қайта жаңғырту бағытындағы тапсырмасына сәйкес, аумақтық филиалдар, бастауыш партия ұйымдары партияның жұмысын жетілдіру бойынша үлкен жұмыс атқарды. Партиядан 35 мыңға жуық мүше шығарылып, праймериз кезінде партия қатары басқа белсенді тұлғалармен толықты. Тағы бір маңызды жайт, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, депутаттық фракциялардың, сайланбалы және консультативтік-кеңесші органдардың жұмыс тәсілдері мен әдістерін түбегейлі өзгертіп, «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» және «Жастар – Отанға» партиялық жобаларына тың серпін бердік. Жаһанды жайлаған пандемия кезінде партия бірінші болып қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмек қолын созды. BIRGEMIZ республикалық акциясы аясында көмекке мұқтаж жандарға, атап айтсақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сол кісілерге қарайласып отырған отбасыларға, ата-анасынан айырылған балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, тыл еңбеккерлеріне, жалғыз тұратын қарттарға 50 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. – «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанаты – еліміздегі жастардың басын қосатын бірден-бір саяси күш. Шығыс жастарының саяси белсенділігін арттырып, елдің ертеңі үшін жұмылуына партия қандай мүмкіндіктер жасап отыр? – Иә, дұрыс айтасыз. Жастармен жұмыс – партиялық жұмыстың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында жастардың болашақта атқарар рөлін, мемлекет үшін маңызы орасан екеніне баса мән берген болатын. Біз өскелең ұрпақтың жасампаздық әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, оны тиімді пайдалана білуіміз керек. Қазір «Jas Otan» Жастар қанатының қатарында 8,5 мың жас бар. Облысқа қарасты әр қала мен ауданда жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Бұл кеңестердің жұмысына мәслихат депутаттары, студенттер, бизнес-құрылымдардың, азаматтық сектордың өкілдері атсалысады. Оған қоса, өңірде жас депутаттар корпусы институты құрылды. Оның құрамына 53 жас кірді (оның ішінде 5-еуі – облыстық мәслихаттың, 13-і – қалалық, 35-і – аудандық мәслихат депутаттары). Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың сәуір айында «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанынан «Жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңес» құрылды. Кеңестің мақсаты – қоғамда жастарды толғандыратын өзекті мәселелердің шешімін табуға тырысу, партияның сайлауалды бағдарламасындағы жоспарға сәйкес, жастарды жұмысқа орналастыру, сапалы біліммен, баспанамен қамтамасыз ету. Мұның барлығы жуырда бекітілген «Jas Otan» Жастар қанатының «Жастар – Отанға» жол картасы арқылы іске асырылатын болады. – Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сіздің мемлекеттік тілде еркін сөйлейтініңізді білеміз. Осы орайда қазақ тілін қалай меңгергеніңізді әңгімелеп берсеңіз? Жалпы, сіздің ойыңызша мемлекеттік тілді үйренуге біздің елде жағдай жасалған ба? – Мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Жарбұлақ ауылында дүниеге келдім. Бала күнімнен қазақ балалармен бірге ойнап, бірге жүрдім. Өзім туып-өскен Жарбұлақ орта мектебінде қазақ тілінде оқыдым. Жоғары оқу орнын да қазақ тобында, нақтырақ айтсам, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірдім. Еңбек жолымды Семей қаласындағы №32 мектептен бастап, сосын Өскемен қаласындағы №38 мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Бар айтарым, қазақ елінде туған кез келген азамат қазақ тілін білуі керек. Қазір көп ұлттан тұратын тәуелсіз елімізде қай тілді менгеремін десе де, еш кедергі жоқ. Жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін мемлекет барынша қолдау көрсетіп жатыр. Ең бастысы, Қазақстан азаматының тіл үйренуге деген ниеті болуы керек, ниет болса мемлекеттік тілді меңгерудің еш қиындығы жоқ.Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай