51451
Алматы экономикасы – тұрақтылық және өсудің көрінісі
Алматы экономикасы – тұрақтылық және өсудің көрінісі
Соңғы ғасырда әлемдегі өзге мемлекеттер секілді Қазақстанда да урбанизация үдерісі күшейді. Соның себебінен еліміздің қалаларында халық санының көбейгені белгілі. Оның ішінде Алматы қаласы тұрғындарының қатары молайып, аз уақыттың ішінде шаһар еліміздегі ең ірі мегаполиске айналды. Ресми статистиканың көрсетуінше, соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде қаланың жан саны бір миллионға артқан. Осыған орай тәуелсіздік кезеңінде Алматыны халыққа жайлы қала ету жолында атқарылған іс көп. Ал қала әкімшілігі пандемия жағдайында экономиканы дамытуға арналған түрлі жоспарларды іске асырып, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың барлық шарасын жасап жатыр.
Пандемия басталғалы экономиканың көптеген саласына орны толмас шығын келіп, кейбір салалар тіпті тұралап қалғаны белгілі. Ол әсіресе қатаң карантин шаралары жүргізілген кезде байқалды. Дегенмен өткен жылдың көктемінен бері Алматы қаласы әкімдігі тарапынан қолға алынған жоспарлы жұмыстардың көзделген мерзімде орындалуының арқасында қала экономикасында айтарлықтай өсім бар. Жақында Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтіп, жиында жарты жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші пысықталған болатын. Онда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басты мақсат – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек», – деген еді. Алматыда сақталып отырған сын-қатерлерге қарамастан, оң үрдістерді одан әрі дамыту үшін мегаполисті әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі міндеттерді орындау бойынша Мемлекет басшысы қойған талаптар үдесінен шығып отыр. Бұл орайда Алматы қаласы әкімшілігінің пәрменді шаралар қабылдауы биылғы жарты жылдың қорытындысында жалғасып жатқан індет жағдайында да қала экономикасындағы оң өзгерістерге сеп болды. 2021 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша Алматыдағы макроэкономикалық жағдай тұрақты екенін көрсетті. Қала экономикасының барлық негізгі салалары тұрақты және өсу бар. Нақты деректерге сүйенсек, Алматыда жыл басынан бері өнеркәсіп – 19,8 пайызға, құрылыс – 24,1 пайызға, байланыс қызметтері – 13,7 пайызға, сауда 6,6 пайызға өскен. Ал тұрғын үйді пайдалануға беру 4,9 пайызға өсіп, 1 млн (1003,4) шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін және 2 млн 604 мың шаршы метрден аса тұрғын үй, соның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен 248,5 мың шаршы метр немесе 3 266 пәтер салу жоспарланған. Инвестициялар өсімі 126,5 пайызға (460,7 млрд теңге, қаңтар-мамыр – 355,4 млрд теңге) жетті. Алматы қаласы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2021-2025 жылдарға арналған 201 инвестициялық жоба негізінде 4,5 трлн теңге болатын 35,4 мың жұмыс орнын құрылуы тиіс. Ал 2021 жылы жалпы жобалық құны 314,5 млрд теңге болатын 10 мың жұмыс орнын ашатын 84 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып жатқан көрінеді. Бұл жақын жылдарда қала аумағында жұмыссыздықты барынша азайтып, халықтың тұрмыс деңгейінің көтерілуіне зор пайдасын тигізбек. Халықтың әл-ауқатының өсіп, тұрмысының жақсара түсуіне үлкен әсер ететін мәселенің бірі ‒ бағаның ырықтануы. Жөнсіз өсіп кететін баға тұрғындардың тұрмыс жағдайына кері әсер етіп қана қоймай, экономиканың өсуіне де қиындық тудырады. Сондықтан Алматы қаласында осындай проблемалардың алдын алып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайтылды. Базарларда орташа нарықтық бағадан 5-40 пайыз төмен бағамен «әлеуметтік дүкендер» ашылды, халықаралық кооперация және өңірлерден азық-түліктерді жеткізумөлшері көбейтілді. Сондықтан азық-түлік саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оның көлемі 73 мың тоннаға жеткізілгелі отыр. Бұл – өте дұрыс қадам. Өйткені азық-түлік тапшылығы болмаған кезде бағаның өсуіне негіз жоқ. Жұмыссыздықты барынша азайту барлық жерде маңызды. Бұл жөнінен Алматы қаласы әкімдігі жұмыс орындарын сақтау, жаңа жұмыс орындарын құруды негізгі мақсаттың бірі санап, сол бойынша пәрменді жұмыс жүргізіп жатыр. Соның айқын дәлелі – қалада алты айда 38,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 15 952 орын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ашылған. Мұны алдағы уақытта да жалғастырып, жылдың соңына дейін 51,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Бұл шаралар өз нәтижесін беріп, қалада жұмыссыздық деңгейі бірінші тоқсанда 0,1%-ға төмендеген. Қала басшылығының қадағалауымен жоспарланған барлық әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып жатыр. Бұдан тысқары қолдау шараларымен 124 мыңға жуық аз қамтылған азаматтар, көпбалалы аналар, мүгедектер қамтылған. Сондай-ақ, биыл маусымында Алматыда әлеуметтік қызмет көрсету үйі ашылды. Онда бірнеше мемлекеттік мекемелердің 776 қызмет түрі көрсетіледі. 2021 жылға арналған жергілікті бюджет, негізінен, әлеуметтік салаға бағдарланған. Оның 40 пайыздан астамы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және спорт салаларына арналған. Демек, Алматы қаласы басшылығы әлеуметтік салаға барынша көп көңіл бөліп отыр деген сөз. Шағын және орта бизнес (ШОБ) экономиканы дамытудың және халықты жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды бір тетігі. Демек, бизнестің іскерлік белсенділігін сақтау мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды белсенді іске асыру арқылы шешіледі. Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Алматы Бизнес» сияқты бағдарламалар табысты түрде жүзеге асып жатыр. ШОБ-ты дамыту іскерлік саласы өкілдері тарапынан ұсынылатын жобалардың қолдау табуына тікелей байланысты десек, Алматыда жыл басынан бері жалпы мөлшері 86 млрд теңге болатын мыңнан аса жоба қабылданды. Қала өнеркәсібінің болашағы индустриялық аймақтың дамуына байланысты десек, ол да ерекше ескерілетін мәселе. Сондықтың осы жылдың соңына дейін құны 37,8 млрд теңге тұратын тағы жеті жоба іске қосылып, 658 жұмыс орны ашылмақ. Шағын кәсіпорындар үшін индустриялық аймақтың аумағында шағын өнеркәсіптік парктер, өндірістік үй-жайлар салынуы қажет. Биыл жалпы көлемі 18,5 мың шаршы метр болатын, 500 жұмыс орны бар 3 шағын паркті іске қосу жоспарда бар. Ал «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында биылғы жарты жыл 8 жоба бойынша өндірістік алаңдарды жобалау басталды. Инвестициялардың жалпы көлемі 44,5 млрд теңге болып, екі мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Ол аспап жасау саласындағы төрт, фармацевтикада төрт жобадан тұрады. Алматы қаласы аумағында әлеуметтік инфрақұрылым жасау ісі қашанда ерекше назарда. 12,6 мың орынға арналған 8 мемлекеттік мектеп, 1,7 мың орынға арналған 6 және жекеменшік мектеп, 8 263 орынға арналған 17 жапсарлас құрылыстың, сондай-ақ 4 оқу орнына сейсмикалық жағынан күшейту жүргізілуі – соның айғағы. Өсіп бара жатқан қалада мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын болдырмау оңай жұмыс емес, бірақ Алматы қаласы аумағында бұл ретімен шешімін тауып келе жатқанын айтуымыз керек. Мәселен, осы проблеманы оңтайлы шешу үшін осы кезге дейін жаңадан 3 балабақша іске қосылса, 2021 жылдың аяғына дейін және 640 орындық 4 мемлекеттік балабақша салынбақ. Жыл соңына дейін Жетісу, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында теннис орталығы іске қосылса, одан басқа тағы 5 ірі спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Мұның бәрі тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан жұмыс. Балалардың денсаулығын сақтау да аса маңызды сала, сондықтан осы жылы балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына арналған операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусын, сондай-ақ жедел әлеуметтік көмек пунктін салу жоспарланған. Сонымен бірге төрт отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу жоспарда бар. Алматыдағы ең өзекті мәселенің бірі – халықты тұрғын үймен қамту. Бұл мәселеде де қала басшылығы көптеген жобаны ретімен жүзеге асырып жатыр. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Шаңырақ» пилоттық жобасы іске қосылды. Соның арқасында биыл 872 алматылық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Өткен жылдан бастап жыл сайын 1 000 жас отбасын баспанамен қамтуға арналған «Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді бөлу тәсілдері қайта қаралды. Солайша, биылғы жарты жылда 435 отбасының өз баспанасына қолы жетті. Қала басшылығы тарапынан халықты баспаналы етудің өзге де жолдары қарастырылған. Соның бірі – ескі үйді немесе пәтерді бұзу және жаңаларын салуды көздейтін Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасының қабылдануы. Бағдарлама жаңғыртуға, жөндеуге жататын пәтер иелерінің құқықтарына кепілдік бере отырып, жасалуы тиіс жұмысты келісімімен жүзеге асыруға бағытталған. Бұл жөндеу жобасының толық іске асуы 5 жылға есептелген. Аталған жоба бойынша 708 ескі үй (немесе 6 637 пәтер) орнына жаңа тұрғын үй салынуы көзделген. Осылайша қала аумағында халықты тұрғын үймен қамту мәселесі түрлі жобалар арқылы оңтайлы шешілмек. Халқы көп қалаларда туындауы мүмкін түрлі проблемалардың алдын алу мен пайда болған мәселелерге қатысты пайдалы шешім қабылдау оңай емес. Бірақ Алматы қаласының әкімдігі өз тұрғындарын барынша жайлы өмір сүру деңгейіне жеткізу жолында табысты жұмыс істеп жатыр.А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ