Юнус Эмре және Шәкәрім: Сабақтастық сипаты

Юнус Эмре және Шәкәрім: Сабақтастық сипаты

Юнус Эмре және Шәкәрім: Сабақтастық сипаты
ашық дереккөзі
1471

Түркі дүниесінің ғаламат көркем сөз шеберлері және ойшылдары Юнус Эмре мен Шәкәрім Құдайбердіұлы арасын VI ғасыр уақыт (дәл айтсақ, 620 жыл) бөліп тұрса да, олардың рухани сабақтастығы айқын көрінеді.

Өйткені ХІХ ғасырдың 2-жартысында өмірге келген қазақ ақыны Түркі әлемінің өзіне дейінгі тұлғаларынан тәлім алған және осы ізденісін мақтаныш тұтқан. Мысалы, Шәкәрім шығармашылық бастауын өлеңмен төмендегіше өреді: Жасымнан жетік білдім түрік тілін, Сол тілге аударылған барлық білім. Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды, Жарқырап қараңғыдан туып күнім (Шығармалары. Алматы: Жазушы, 1988.- 143-б.).

Осы туындысының келесі шумағында: «Оятқан мені ерте – Шығыс жыры / Айнадай айқын болды әлем сыры» деп, Абай шәкірт күнінде атаған Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз немесе Гёте айқындаған Рудаки, Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Хайям, Руми, Физули, Науаи сынды поэзия тарландарының орнын нақтылайды. Әрине, Шәкәрімнің жастай ойшылдыққа, діни парасатқа бой ұрғанын ескерсек, ақынның ұстаздар галереясында Қожа Ахмет Ясауи мен Юнус Эмре хикмет- жырларының, Жаратқан иеге махаббаты- ның әсерін ұмыт қалдыруға болмайды. Мына бір ғана өлеңінен Шәкәрім шығармашылығындағы сопылық негіздің кілті аңғарылады: Сорлы бұлбұл жазға асық боп, Нұрлы гүлге айтты зар. Көбелек те шамды алам деп, Отқа түсті боп құмар. Жарға ғашық болғаныма, Таңданатын түк те жоқ. Жер жаралмай тұрғанында, Менде асықтың нұры бар (Сонда, 253-б.). Үзіндідегі бейнелер мен рәміздердің бәрі де – сопылық танымның шарты. Сонымен бірге мұнда ғалам жаратылысының тылсымын, Жаратқан мен пенде арасындағы нәзік байланысты, іңкәрлік пен тазалық бастауын ұлт ұғымымен түсіндіру көрініс тапқан. Ақын: Мен жомартпын Жар нұрына, Алса екен деп барша жан. Жетсе көзің бұл сырыма, Ой өрісің, қылма тар (Сонда, 253-б.). Өлең тіліне, көркем сөзге түскен бұл жолдар – Аллаға деген шексіз ықыластың, ішкі сезімнің, жүрек сырының айнасы екені сөзсіз. Түркінің қара шаңырағы аманатталған қазақ топырағында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріне үңілейік: Ғашық болмай танып болмас Алла сені, Не қылсаң да ғашық қылғыл, пәруәрдігәр. Ғашық дертін көтердім, дәрменім жоқ, Ғашық жолда жан бергеннің арманы жоқ (Диуани хикмет. Ақыл кітабы. Алматы: Мұраттас, 1993.- 120-б.). Жаратқанға деген сүйіспеншілік қоғамдық, пенделік, жасандылық шарттылықтардан құтқарады. Алламен рухани түсіністік, бірлік, ыждағаттылық жан мен ақылды азат етеді. Тазалап, пәк қылады. Нәпсіден құтылудың жолын көрсетеді. Шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат – сол хақ жолының білік жинау кезеңдері. Бұл – ХІІ ғасырдағы ағарған, имандылық және зиялылық нұрын шашқан Түркі дүниесінің танымы. Қожа Ахмет Ясауи туғаннан кейін 145 жылдан соң өмірге келген Юнус Эмре танымы мен талғамы да – «мың өліп, мың тірілген» түркі жұртын замана сын-қатерінен аман өткізу. Рухын шыңдап, ділін шымырландыру. Дана шайыр ілкіде Ясауи айқындаған тәрт негізді – шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқатты «Тәрт қақпаға» сыйдырып (түпнұсқа «Bir su'alüm var sana iy dervişler ecesi»), жүйелі түсіндіреді (Юнус Эмре. Жырлар. Şiirler. Аударған М. Отарбаев. – Алматы: Ан-Арыс, 2018.-98-101- б.). Қорытындысында төрт қақпаның «қайсысына кірсең де мәңгі жарық» дейді. «Ұлы жол» («Ger uluya erdün-ise suret nakşi nendür senin») өлеңіне назар салайық: Бұл дүниенің рахатына құнықпа, Рухың жұтап айналарсың тұлыпқа. Махаббаттың кешер болсаң теңізін, Тереңдегі өзгерерсің тұныққа (Сонда, 64-б.). Шайыр әрі қарай былайша пәлсафалық тұжырым жасайды: Тән негізі – су, топырақ, ауадан. Өз қазығын табуы хақ сау адам. Ұйқыңды ашып, көзіңді сал шындыққа, Ғапыл болсаң, құр қаласың дауадан (Сонда, 64-б.). Әрине, бұл жерде де дауа мен қазықты табу Жаратқан құндылығы екені анық. Рухани жанар, рух мәні де – сол өреде. Енді осындай танымды Шәкәрім мұрасынан іздеп көрейік. Ақылдан бойға сыр тартып, Үміттің шамы жанған күн. Жар есіркеп, бері қарап, Нұрына жүрек қанған күн. Ескі иманды отқа өртеп, Асыл иман алған күн. Асық жарды таптым деп, Хақиқатқа нанған күн (Шығармалары, 250-б.). Ақын танымында үміттің отын жаққан – ақыл, ал оның қозғаушысы – Алла. Сондай-ақ ақын жетілмеген, шала танымды – «ескі иман» деп, Жаратқанды тану арқылы таза яки асыл иманға жеткенін әуезелейді. Ал, тән мен жан құбылысына келсек, бұл орайдағы Шәкәрім ойы да Юнус Эмре пайымымен меңзелдес. Жан – қожа, тән дегенің – жанның құлы, Нәпсі неге білмеген бұрын мұны? Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма, Жоғарғы кереметті неше қилы? (Шығармалары, 139-б.). Немесе: Тән – терезе, ой – қожасы, Оймен анық байқасаң. Бар ғылымның түп атасы – Таза ақыл мен ойлану (Шығармалары, 265-б.). Шәкәрім жантануды да, Жаратқантануды да шала дін мен қате пән адастырады десе, Юнус Эмре: «Душар болып күпірлік сорлатпасын / Иман сусап, қаңғырып бәр қаппасын» дейді /3, 102/ (қазақша «Төрт қақпа» шығармасынан). Ғылым – қай заманда да имандылық пен парасат темірқазығы. Бұл тақырыпқа Юнус Эмре де, Шәкәрім Құдайбердіұлы да жиі оралып отырған. Түрік шайыры: Ғылым деген ғылымды Және білу өзіңді. Танымасаң жан, тәнді, Қинама оқып көзіңді, – десе (Жырлар. Şiirler, 20-б.), қазақ ақыны: Ғылымсыз адам – айуан, Не қылсаң да ғылым біл. Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса, ғалым – тұл, – деп тұжырымдайды (Шығарамалары, 251-б). Екі тұлғада да ғылым – Жаратқан құбылысы мен құндылығын зерделейтін адам зердесінің сипаты, деңгейі. Сондықтан Юнус Эмренің «Жаттағаның жеткізбес / Үңілмесең әріпке» /3, 22/ деуінде терең мән бар. Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлы мұны «Жығылмайтын дәлел тап / Бірезу болма өзімшіл» деп /1, 251/ жеткізеді. Ақынның өрнегі де, бейнесі де – сөз. Сөз құдыреті – поэзия құдыреті. Бұл туралы екі ақын да әз дәуіріндегі шындыққа сәйкес тұжырымдамасын ұсынған. Юнус Эмре («Keleci bilen kişinün yüzünü ağide bir söz» өлеңі): Түсінген адам сөйлесе, Шырайларға нұр берер. Амалмен сөзін атқарған, Әр көңілге сыр берер (Жырлар. Şiirler, 24-б.). Шәкәрім Құдайбердіұлы («Сиқыр сөзбен арбасаң» өлеңі): Ұқтырмаса нұрыңды, Түсірмесе түріңді. Аша алмаса сырыңды, Аузымды ашам, тілімді ат (Шығарамалары, 247-б.). Екі үзіндіден бейне, ұғым түсінігі қатар өрілгенін аңғару қиынға соқпайды. Түрік санаткері Мұстафа Өзчелик Юнус Эмре шығармашылығының тарихи алғышарты мен өзегі туралы былай деп жазады: «Ол ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында, яғни Селжүк мемлекетінің соңғы кезеңінде Анадолыда өмір сүрді. Бұл Анадолының ең бір қиын-қыстау кезеңі еді. Селжүктар дәуірінде, әсіресе І Алладдин Кейқуат патшаның кезінде Анадолыда саяси тәртіп толығымен орнықты. Кония, Сивас, Ерзурум сынды кәптеген қалалар ғылым мен мәдениеттің орталықтарына айналды. Алайда бұл кезең ұзаққа созылмады. Қияседдин Кейқұсырау патшаның тұсында көптеген қиындық белең алды. Анадолының басына бұлт үйірілді. Саяси тартыстар, моңғол шапқыншылығы, селжүктар жеңілісі т.б. Анадолыда Бейліктер кезеңіне жол ашты. Бұл – Түркістан мен сол аймақтан көшіп келген түркі халықтарының Анадолыға орналасқан шағы. Көшу үдерісі де оңайға соқпады, талай қан тәгілді. Одан кейін Крест жорығы басталды. Олар талай тарихи байлықты, рухани жәдігерлерді қиратып кетті. Міне, осы келеңсіз жағдай саяси-экономикалық құлдырауға әкелумен бірге теріс ағым мен құдайсыздардың кең етек алуына себепші болды. Халық діннен күдер үзіп, ертеңгі күнге күмәнмен қарай бастады. Осы кезде Юнус Эмре түрік тілін толғаныстың (тафаккур) тілі етіп, адам бала- сын жақсылыққа, сұлулыққа, әділетке, береке-бірлікке шақырған сопылық жолдағы аса ықпалды ақынға айналды» («Әдебиет порталы», 19.03.2018). Бұл тарихи сипаттаманы да Шәкәрімге қатыстырып айтуға болады. Қазақ ақыны да – ХІХ ғасырдағы Ресей отаршылдығының зардабын көріп, ұлт рухының әлсізденуіне қарсы тұрған шығармашыл қайраткер. Ол немере ағасы Абай Құнанбайұлының кеңесімен ілім жолына түсіп, Османлы империясының кітапханаларынан, әлемнің Лев Толстой секілді алыптарынан даналық іздеді. Юнус Эмре мен Шәкәрім заманы әрқилы болғандықтан, қазақ ақыны сопылықтың да, басқа құндылықтардың да асыл дәнін жырлап, шектеушілікке бармады. Оның мұрасынан сан ғасырлық ғылым мен ілімнің, парасат пен ізгіліктің табылуы да содан. Юнус Эмре де, Шәкәрім Құдайбердіұлы да өз еліне, өз дәуіріне қызмет етіп, адамзаттың рухани сұранысын қанағаттандырды. Екеуі де Жаратқанға апарар жолда тазарудың мән-мағынасын, жөн-жобасын көрсетті. Олар табиғи әрі ілімге толы шығармашылығымен Алланың заңдылығын, мәңгілікке бағышталған даналық мұратын түсіндіріп берді.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

ҰҒА академигі

Серіктес жаңалықтары