Қазақтың ақталмаған музыкант-легионері
Қазақтың ақталмаған музыкант-легионері
Совет-герман соғысының алғашқы айларында тұтқынға түскен қазақтардың ішінде музыкант-легионерлер көп болмаған. Бүгінге дейін жарияланған материалдардың көбінде скрипкашы Әлім Алмат пен Әйткеш Толғанбаев, мандолинші Досой Қадыров, қобызшы Шадыбек Тоқмамбетовтың есімдері ғана аталады. 1930-40 жылдары ырғыздық Әлім Алмат пен семейлік Әйткеш Толғанбаев орталықтан Қазақстанға жіберілген скрипкашы-педагогтардан білім алған. Екеуі де ресейлік кәсіби скрипкашылар Иосиф Лесман мен Евгений Антопольскийдің мектебінен өткен. Мамандардың айтуынша, соғысқа дейінгі Алматы музыкалық училищесі республикамыздағы екінші деңгейлі кәсіби оқу орны болған. Осы кезеңде қарқын алған саяси репрессиялау науқанына қарамастан, Қазақстанда скрипкалық педагогиканың негізі қаланған. Студент кезінде Әйткеш Толғанбаев өзіне бекітілген Ғалымжан Әбсәламовтан опера, симфония, оратория, балет сияқты жаңа музыкалық жанрлар туралы біліп, музыка әлеміндегі – тембр, гармония, регистр, динамиканы үйренген. Олардың жас айырмасы 7 жас екен, Әлім Алмат 1917 жылғы, Айткеш Толғанбаев 1924 жылғы. Талантты қос студенттің оқуы училищенің құрылуы мен қалыптасу кезеңіне сәйкес келді. Олар сол жылдары қазақ мәдениеті мен өнерін дамытуға қомақты үлес қосқан Т.Жүргенов, Ғ.Мүсірепов, С.Камалов, А.Жұбанов, М.Кравец, И.Рык, И.Лесман, Е.Антапольский сынды көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлерінің ортасына түсті, үлкен мектептен өтті. 1937-1938 жылдары қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту жолындағы зиялы қауым өкілдерінің көбі советтік саясаттың құрбаны болды. Солармен бірге қазақ ағарту саласы да құрдымға кетті. Сол кезде оқуын бітірер-бітірместен шұғыл әскерге аттанып, кейін «соғыс тұтқыны», «отансыз», «босқын» атанған қазақ скрипкашысы Әлім Алматтың өмір жолы шым-шытырық оқиғаларға толы. Саяси қуғын-сүргін жылдарына тұспа-тұс келген студенттік өмірінде, ол талантымен, алғырлығымен, қабілеттілігімен, еңбекқорлығымен, адамгершілігімен, төзімділігімен көзге түсті. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, ол өзінің музыкалық таланты мен скрипкасын әскерде де, тұтқынға түскенде де қару етіп, талай өлімнен аман қалған. Ғалымжан Әбсәламов 1939 жылы әскер қатарына Алматы әскери комиссариатынан шақырылып, музыкалық взводтың скрипкашысы болған. 84-ші атқыштар полкінің 6-шы атқыштар дивизиясына түсіп, соғыс басталған кезде Польша мен Беларусь шекарасындағы Брест-Литовскіде тұтқындалады. Тарихшы Л.Ахметованың зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстан бойынша Брест қамалын қорғаушылардың жалпы саны – 556 адам. Солардың бірі көкшетаулық Сыздықов Қажымұраттың (Хаджимурат) айтуынша, Ғалымжанның музыкалық взводы «аралдағы 333 полктың 6 дивизиясында» болған, сондықтан олар жауға қарсыласа алмаған, ақыры барлығы бірден тұтқынға түскен.
1941 жылдың 22 маусымында Ғ.Әбсәламов оркестрдегі досы Черевышкин мен ұлты еврей Зыркинмен бірге сарбаздар арасында өткізілетін музыкалық конкурсқа қатысуға кеткен. Немістердің тұтқиылдан шабуыл казарманың тас-талқанын шығарып, оқтың астыңда қалған сарбаздардың қорғанудан басқа амалдары қалмайды. Немістер 30 маусымда казармаға басып кіріп, сарбаздарды іріктеу басталады. Сол кезде тағы 3 музыкант анықталған. Әлім Алматтың айтуынша, тұтқынға түскен кезде лагерьде 80 000 адам болса, шілде айында солардың 3 000-ы ғана тірі қалған, көбі аштықтан өлген.
Тұтқындықтың алғашқы күндерінен бастап Ғ.Әбсәламов лагерьдегі қызмет көрсету ісінің басшысы, доктор Ермалиевтің көмегімен қосалқы жұмыстарға тартылады. Дегенмен, ол екі аптадай ес-түссіз қатты ауырып, бір өлімнен аман қалады. Көп ұзамай, немістер лагерьдегі түркістандық мұсылмандарды жинап, оларды Польшаға, Варшавадан 20 шақырым қашықтықтағы Легионовоға жөнелтеді. Бұл жақта түркістандықтарды «сен түрікменсің, сен қазақсың» деп екіге бөліп, өзбек, тәжік, түрікмендерді бір жерге шоғырландырып, Түркістан легионына қабылдайды. Солардың арасынан 75 кісіні оқшаулап, әуе әскеріне жібереді, оларды жансыз болуға дайындайды, бәріне телеграф арқылы сөйлесуді үйретеді. Осылайша, немістер түркістандық тұтқындарды әуе жолы арқылы парашютпен Қазақстан аумағына жасырын түрде жіберуді ойластырады. Алайда, белгісіз себептермен Әлім Алмат бұл құрамнан босатылып, музыкант ретінде скрипкада ойнауды жалғастыруға рұқсат алады.
Осы ретте айта кетейік, Амантай Кәкеннің зерттеулеріне қарағанда, 1942 жылдың бірінші жартысында немістер Люкенвальд (Германия), Воломино (Польша), Освитице (Германия), Легионово (Польша), Теппеле (Чехословакия), Тавеле (Қырым) сияқты барлаушылар мектептерін құрып алған. Келесі түркістандық музыкант-легионер Шадыбек Тоқмамбетовтің қызы Иринаның айтуынша, «алғашқы күндері тұтқындардың арасынан музыканттар іздестірілген, сөйтіп скрипкашы, гитарашы, аккордеоншы, баяншы, кернейші, кларнетші, мандолинші, сырнайшылардан жасақталған музыкалық взвод құрылады. Оның құрамында скрипкашылардан қазақ Айткеш Толғанбаев болған, мандолинде Досой Қадыров және қобызда Шадыбек Тоқмамбетов ойнаған. Тағы да бағына қарай дейік, Ғ.Әбсәламовтың командирі неміс полковнигі (есімі еш жерде айтылмайды) музыкаға жақын, рояльда ойнайтын адам екен, екеуі тез тіл табысады. Бір күні Ғалымжан екеуінің де музыкант екенін алға тартып, «менің жанымды түсініп, өтінішімді орындаңыз. Мені Берлинге оқуға жіберіңіз. Білім алайын. Өмір бойы сіздің қызметіңізді ұмытпаймын», – дейді. Бұл өтінішке неміс офицері бейжай қарамай, 1943 жылы Түркістан легионы арқылы Берлин музыкалық мектебіне оқуға жолдама алып береді. Дәл осы жылы Ә.Тоғанбаев пойыз арқылы күзетшілердің бақылауымен Фрайбургтан шыққан жолда Түркістан Ұлттық комитеті орналасқан Берлинде бір түн аялдайды да, комитеттің аядай бөлмесінде қонып шығады. Сол уақытта Ғалымжан «қазақ музыкантын әкеле жатыр» дегенді кездейсоқ құлағы шалып, оны іздеп келеді. Сөйтіп, екеуі ойламаған жерден ұшырасып, өткен-кеткен оқиғаларды еске алады. Ғ.Әбсәламов Берлинде құжатын қайта рәсімдеп, «отансыз» атанады, жаңа паспорт алады. Германия үкіметі оның оқуына 150 дойче марка тағайындайды. Алайда, 1943 жылғы Берлин қаласының бомбалануына байланысты, ол Вена консерваториясына сұранып, 1944 жылғы оқуын Австрияда жалғастырады. Осы кезде Ә.Толғанбаевпен екінші рет кездескен сияқты. Өйткені, мұстафатанушы К.Есмағамбетовтің соңғы зерттеулерінде, 1944 жылдың 10 мамырында Вена қаласындағы Вена опера және балет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты Сырым Датұлының азаттық күресіне арналған екі актілі спектаклі қойылып, Сырым рөлін әнші Мұхамбетқали Бақтыгереевтің ойнағаны, сахнаға Мәжит Жақсылықовтың қойғаны, ал спектакльдің музыкасын Вена консерваториясында оқып жүрген Ғ.Әбсәламов пен «Түркістан легионы» көрермендер үйірмесінің жетекшісі Ә.Толғанбаевтың жазғаны туралы мәліметтер кездеседі. Бұған қосымша Әлім Алматтың бір естелігінде, 1943-1944 жылдары Түркістан комитетінде жұмыс істеген Мағжанның шәкірті Хамза Абдуллинмен Берлинде бірге болғаны да айтылады. Зерттеуші Амантай Кәкеннің мәліметтері бойынша ТҰК құрылымында әскер, үгіт-насихат, әскери тұтқындар, радио тарату, ғылым, денсаулық департаменті жұмыс істеген. ТҰК құрамында президенті Вели Каюм (өзбек), президенттің орынбасары – әскери дивизияның бастығы (өзбек) Баймырза Хайт (өзбек), президенттің орынбасары – насихат бөлімінің жетекшісі Саттар Альманбетов (қырғыз), бас хатшы Карими (өзбек) және Қарыс Қанатбай (қазақ) болған. 1944 жылдың маусым айында Венада «Түркістан конгресі» шақырылғаны белгілі. Тәуелсіз Түркістан мемлекетін басқарудың негізі саналған «Түркістан конгресінің» мақсаты – ТҰК мәртебесін көтеру, легионерлердің әсери рухын асқақтату болған. ТҰК бөлек, конгреске 400 адамға жуық Түркістан легионы, ұлттық әскери бөлімдер, барлаушылар мектептері, әртүрлі курстар мен басқа да ұлттық комитеттердің, сондай-ақ Германия үкіметі мен барлау қызметінің өкілдері қатысқан. Осы конгресте Хәкім Тыныбеков те баяндама жасап, ана тілін қорғаған. Бұған қосымша ТҰК жанынан құрылған «Түркістан ансамблінде» музыкант-легионерлер бас қосып, өнер көрсеткен екен. 1945 жылы Қызыл әскер Венгрияға кірген кезде, Ғ.Әбсәламов Бавария жеріндегі Киссинген қаласына кетуге мәжбүр болады. Бомбаланған бұл қалада да көп тұрақтай алмай, әрі қарай Рейн өзенінің оң жағалауында орналасқан Манхейм қаласына кетеді. Бұл жерде біраз уақыт америкалық әскерлерге скрипка тартып жүреді. Содан кейін Германияның Баден-Баден қаласына жетіп, оркестр құрамына кіру үшін емтихан тапсырып, Оңтүстік Батыс Германия радиосының симфониялық оркестріне жұмысқа орналасады. Өзінің айтуынша, осында келген кезден бастап Түркияға кетуді ойлайды. Кейінірек бұл арманы Франциядағы Мария Шоқайдың беделімен іске асады. Ол соғыс аяқталғаннан кейін Мюнхендегі «Түрк Елі» комитетін басқарған бұрынғы түркістандық легионер Қарыс Қанатбай арқылы Мария Шоқайға өтінішхат жолдайды. Ақырында, Мария Шоқайдың тікелей араласуымен 1948 жылы Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына оқуға қабылданады. Бұл туралы Мария Шоқайдың 1958 жылғы «Менің Мұстафам» атты естелігінде бар. Ғалымжан Парижде шамамен екі-үш жылдай Мария Шоқайдың үйінде тұрған. Осы кезден бастап Мария Шоқай оған қатты бауыр басып қалғаны соншалықты, өзара қарым-қатынастары ана мен бала махаббатына ұласады. Оған мұстафатанушы Б.Садықова жариялаған Мария Шоқайдың Әлім Алматқа жазған 18 хаты айғақ. Бұл хаттар сегіз жыл бойы Ножан, Париж, Перро, Шелль қалаларынан жазылған, соның ішінде соңғы бес жылғы 11 хаты Шелль қаласындағы Қарттар үйінен жолданған. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Әлім Алматтың жауап хаттары еш жерде жарияланбады. Бұл хаттар Мария Шоқайдың 1961-1969 жылдардағы күнделікті өмір тарихынан, Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі ескерткішін орнату жұмыстарынан ақпарат береді. Сондай-ақ эмиграциядағы түркістандықтармен, «Түрк Елі» комитетімен, жақын араласқан Игорь Алексеевич Фремке, Наташа, Ольга Скрябина, Бенценгам, Оқтай, Саида, Тахир, Сағадат, Зигфрид, Виктор Иосифович Остен, Бенцинг сияқты адамдармен байланысы, сол кездегі Франция, Түркиядағы әлеуметтік саяси ахуал туралы мәліметтер бар. Осы хаттардан байқалғандай, Әлім Алмат 1962-1963 жылдары Мұстафа Шоқайдың ескерткішін орнату жұмыстарына жеке қызығушылығын танытып, бірінші болып қаржы аударған. Өйткені «Мұстафаның ескерткіші ойлағандарынан 200 маркаға қымбатқа түскен. Жұмыс күші мен мәрмәр тастың бағасы көтерілген. 700 марканың орнына 900 марка болып кеткен. Сонда Әлім Алмат Мария Шоқайға «Бұл – біздің ұлттық міндетіміз және Сіз оған өзіңіздің жеке қаражатыңызды жұмсамауыңыз керек» деп жазады. Оған қатты қуанған Мария Шоқай ескерткіш туралы Әлім Алматтың «Түркелі» комитетіне де жазғанын айтып, «сен қазақсың, түркістандық эмигранттық саптағы белгілі тұлғасың, олар сенің сөздеріңе ешқандай куәліксіз сенулері керек» дейді. Әлім Алматтың бұл қадамы, зор жауапкершіліктің жүгін сезінуі дер едік. Ең маңыздысы, оның «Менің қымбатты да, сүйікті балаларым – Ғалымжан, Еділ және Төре!» деп басталып, «Ойларым, әрқашан сендермен бірге. Сүйдім. Барлығыңа Құдай жар болсын! Жақсы көретін Анашың» деп аяқталатын хаттары үлкен махаббат пен аналық мейірімге толы. Осы уақытта Әлім Алмат Стамбұл университетінің профессоры Зәки Валиди Тоғанмен шығармашылық байланыста болған. Бұл туралы ақпаратты Стамбұлда тұратын қандасымыз Сыдықан Ұлужай жеткізді. Расында, З. Тоғанның Hatirarlar кітабында көрсетілгендей, Zeki Velidi kuyu (316 s. Resim №17) нотамен берілген және оны Вена Ғылым академиясының мұрағатындағы таспаның негізінде Әлім Алмат жасаған». Әлім Алматтың бұдан кейінгі музыканттық шығармашылық жолы Стамбұл симфониялық оркестрімен тығыз байланысты. Өкінішке қарай, оның оркестрдегі ширек ғасырлық қызметі, музыка әлеміндегі жетістіктері мен шығармалары, бізге беймәлім, арнайы зерттеуді қажет етеді.
Соғыс тұтқындарының ішінде скрипкашы Ә.Толғанбаев 1992 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың атына 3 беттік ресми хат жазып, әділдікке қол жеткізген алғашқы музыкант-легионер болды (ҚР ОМА. 2235-қ., 1-т., 14-іс, 1-3 пп.). Дәл осы жылы шақырылған Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайында Ә.Алмат пен Ә.Толғанбаев Алматыда үшінші рет кездеседі. Бұл бірі ақталып, екіншісі ақталмаған музыкант-легионерлердің соңғы кездесуі болатын. Осы жолы Әлім Алмат, елге оралып саяси қуғын-сүргіннің ауыр азабын тартқан Әйткеш Толғанбаевтың ерлігіне бас иіп, оны Қазақстандағы тұңғыш скрипкашы ретінде мойындайды. Бірақ тарихи фактілер, қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Әлім Алматтың өзі болғанын айғақтайды.
Сөз соңында айтарымыз, Қызыл әскер мен Түркістан легионындағы музыкалық взводтар және оның құрамындағы скрипкашылар Әлім Алмат пен Әйткеш Толғанбаев, мандолинші Досой Қадыров, қобызшы Шадыбек Тоқмамбетов сияқты санаулы музыкант-легионерлерді анықтап, олардың тұтқындық өмірі мен кейінгі тағдырларына қатысты ресми құжаттарды құпиясыздандыру арқылы бүгінгі ұрпаққа жеткізу – тарихшылардың миссиясы.
Күлпаш ІЛИЯСОВА Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану кафедрасының доценті