Омаровты орнынан кетірген құрғақшылық па, қымбатшылық па?

Омаровты орнынан кетірген құрғақшылық па, қымбатшылық па?

Омаровты орнынан кетірген құрғақшылық па, қымбатшылық па?
ашық дереккөзі
647

Өткен аптаның соңында Президент Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы күрмеуі қиын мәселелерге тап болды, атап айтсақ, сібір жарасы, құс тұмауы, бруцеллез де өршіп кетті. Оған қуаңшылықты қосыңыз. Осының барлығына коронадағдарыстың ықпал етіп отырғаны белгілі, десек те, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы аспандап кеткені мәселені одан әрі ушықтырды.

Осы қызметке келе сала оған 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары жүктелді. Бұл бағдарламаның құжатын Асқар Мырзахметовтің командасы әзірлеген еді және ауыл шаруашылығы кооперациясына баса назар аударды. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ұсақ кәсіпорындарды біріктіруге бағытталған қаражат өзін-өзі ақтамады, 2017 жылғы желтоқсанда Асқар Мырзахметовтің орнына Өмірзақ Шөкеев келді. Ауыл шаруашылығын цифрландыру, суармалы алқаптарды кеңейту, жаңа техника сатып алуды инвестициялық субсидиялау және тұқым шаруашылығын қолдауға көңіл бөлінді. Алайда Қазақстанды «ет державасына» айналдыру идеясы бұл жолы да оң нәтиже бермеді. Жоба қайтадан тоқтап қалды, ал 2019 жылдың сәуірінен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігін Сапархан Омаров басқарды. Ауыл шаруашылығы саласы Сапархан Омаровқа жат емес. Ол 1996-2007 жылдар аралығында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясында» түрлі қызмет атқарған. Сондай-ақ, 2014-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2016-2019 жылдар аралығында да Мәжілісте Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы лауазымында болған. Сөйтіп, министр АӨК кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға үшінші болып талпынды. Атап айтқанда, ет саласын мемлекеттік қолдау айтарлықтай қысқартылды, ал басты назар импортты алмастыруға аударылды: мемлекеттік қолдау ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мүмкіндігі төмен азық-түлікке – алма, қант, балық, құс еті, шұжық, сүт өндірісіне бағытталды. Импортты алмастырудың мақсаты түсінікті: осы арқылы министр бағаны бірқалыпты ұстап тұруға күш салды. Өкінішке қарай, бұл талпыныс нәтиже бермегеніне куә болдық. Екінші жағынан, азық-түлік бағасының шарықтап кетуі ішінара ведомствоның жауапкершілігінде емес факторлардан туындағанын да атап өткен жөн. Мысалы, кәдеге жарату алымын енгізу ауыл шаруашылығы техникасының бағасын өсірді. Бұған жауапты – Экология және табиғи ресурстар министрлігі. Теңге бағамының төмендеуі фермерлердің агрохимияға, тұқымға және сол ауыл шаруашылығы машиналарына жұмсаған шығындарының өсуіне әкелді. Ал бұған жауапты – Ұлттық Банк. Климаттық қоймалардың болмауынан көкөністер мен жемістердің тапшылығы байқалды. Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша тапсырма бірнеше рет берілген. Ол мәселе Үкімет отырыстарында да қаралған еді. Бұл Сауда және интеграция министрлігінің қадағалауы тиіс мәселе еді. Осының бәрі тізбектеліп келіп, ақырында азық-түлік бағасының өсуіне ықпал етті. Алайда сауда желілері мен делдалдар бағаның одан әрі аспандап кетуіне себепші болды.  Бұл мәселені реттеу – жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Алайда, ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтудағы негізгі, ресми жауапкершілік Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелгендіктен, Сапархан Омаров бағаның өсуіне байланысты барлық мәселені бақылауға алуға тиіс еді. Осы орайда 2020 жылдың басында енгізілген тірі мал экспортына мораторийге тоқталып өтейік. 2019 жылы шетелге (негізінен Өзбекстанға) 156 мың бас ірі қара мал және 262 мың бас ұсақ мал кеткен. Бұл ет бағасының айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Малды экспорттауға тыйым салу ет бағасының одан әрі өсуіне тоқтау болды, бірақ экспорттан ақша тауып отырған ірі мал шаруашылықтары бұған наразы. Оған қоса субсидияның бір бөлігінен айырылды. Нәтижесінде, 2020 жылғы қарашада бұқалар мен қошқарларды (яғни еркек малды) экспорттауға мораторий алынып тасталды. Бұл шикізатсыз қалған ет өңдеушілерге айтарлықтай мәселе болды: Өзбекстанға жіберілетін мал ағыны қайтадан күш алды. 2020 жылғы наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын шектеді, оның бір бөлігін әкетуге тыйым салды, ал екінші бөлігіне квоталар енгізді. Мысалы, бидай мен ұн квоталанды. Нәтижесінде нан мен макарон өнімдерінің бағасы біршама тұрақты болып қалды, бірақ 2021 жылы ол әлемдік нарықта май шикізаты бағасы көтеріліп, осыған байланысты жаппай шетелге кеткен май дақылдары экспортына квота енгізілмеді. Алайда, осыдан кейін шикізат тапшылығы байқалып, өсімдік майы екі есе өсті. Жалпы, елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықты тек 60 пайызға қамтамасыз ете алатынын, қалған сұраныс импорт есебінен жабылатынын, ірімшік, сүзбе, сары май, ет және қант әлі сырттан тасымалданып жатқанын Үкімет сағатында сенатор Нұрлан Әбдіров те айтқан болатын. Айтпақшы, бұған 10 жылдан бері елден ұн емес, бидай экспортталатындықтан, әзер тұрған ұн өнеркәсібіндегі жағдай реттелмегенін де қоса кеткен жөн. Бұл мәселе де елеусіз қалды деуге болады. Шикізаттың көп көлемде экспортталуы мал азығы мәселесіне де қатысты. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізат түрінде көптеп экспортталуы жемге қажетті қайта өңдеу өнімдерінің тапшылығына әкеліп соқты. Кебек басқа да қайталама өнімдер құс өсірушілер үшін де, мал өсірушілер үшін де аса маңызды саналады. Олардың нарықта болмауы жемнің басқа түрінің бағасының өсуіне және олардың тапшылығын туындатты. Ал құрғақшылық пен азық-түліктің жетіспеуі осы жасырын мәселені су бетіне шығарғандай болды. Сондай-ақ, коронавируспен қатар мал індеті де өршіп кетті. Ақмола облысының Аршалы ауданында аса қауіпті әрі өте жұқпалы сібір жарасы анықталды. Ауылдың 4 тұрғыны ветеринарлық тексерістен өтпеген малдың етін жеп, ауруханаға жатқызылды. Содан кейін Қазақстан бойынша сібір жарасының 2 598 ошағы тіркелді. Оған қоса 2019 жылдың 5 айында 32 мың, ал 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 28 мың ірі қарадан бруцеллез анықталған. Екпенің де сапасы сын көтермейді. Яғни, мал індетінің алдын алуға қарсы мемлекет тарапынан тиімді жұмыс жүргізілмеген. Одан бөлек, былтырғы қыркүйекте, Ресейде басталған құс тұмауы біздің елде тарай бастады деп дабыл қақтық. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Қарағанды – осы 5 облыстың 26 ауданындағы 47 елді мекеніндегі құс індеттің шеңгеліне ілінді. Ал жеке аулада 12 926 бас құс өлген. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою кезінде 1,9 миллион құс жойылды. Оның 97 пайызы 4 құс фабрикасына тиесілі. Мұның барлығы ет пен жұмыртқа бағасының өсуіне одан сайын әсер етті. Бұдан бөлек, табиғи апат та жиіледі. Қуаңшылықтан бөлек, дала өрті де өршіп кетті. Оңтүстік пен батыс аймақтарда мал аштықтан, ал солтүстік пен орталық аймақтарда қызыл жалыннан қырылды. Малға өріс жерлердің, шабындықтар мен жайылымдардың барлығы жарамсыз болып қалды. Ал ауыл шаруашылығы бойынша қозғалған қылмыстық істердің 54 пайызы субсидияларды заңсыз бөлумен байланысты екен. Соңғы 5 жыл ішінде уақытылы берілмейтін субсидия ережесі 47 рет өзгерген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, сол аралықта шаруаларға 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие берілсе, оның жартысынан көбі заңсыз жолмен рәсімделген.

 width= Мақсат ХАЛЫҚ, экономист-сарапшы:

Бұл – тұтастай Үкіметтің жауапкершілігіндегі мәселе

– Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі әлсіздік танытқан министрліктердің бірі болды деп есептеймін. Жалпы пандемия басталғалы бері Үкімет көп сынға ілікті. Өткен жылы көп сыналған министрліктердің көшін бастаған Ұлттық экономика министрлігі болды. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігі. Білім министрлігінің де міні болды. Ал дәл осы жылы  Ауыл шаруашылығы министрлігі көп олқылықтың орнын толтыра алмады. Ең бірінші – қуаңшылық мәселесі. Жаз басталғалы бері бұл мәселе қаншама рет көтерілді, мал қырылып жатыр деп дабыл қағылды, бірақ министрлік тарапынан дер кезінде нақты қадам жасалмады. Одан кейін халықтың наразылығын тудырған мәселе ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатты қымбаттауы болды.  Бұл негізінен, бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігінің мойнындағы мәселе емес, бірақ байланысы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда баға мәселесіне Сауда және интеграция министрлігі де, Ұлттық Банк те жауапты. Сондықтан бұл жерде жауапкершілікті тек бір ғана ведомствоның мойнына іліп қою, меніңше дұрыс емес. Бұл – тұтастай Үкіметтің жауапкершілігіндегі мәселе. Себебі, жалпы қарасақ қымбатшылық мәселесі одан әрі ушығып барады, өткен айдың өзінде, яғни бір ай ішінде инфляция 8 пайызға жетті. Өткен жылдан бері қарай инфляция өз алдына, азық-түлік инфляциясы тіпті 11 пайыздан асып жығылды. Мұның барлығы белгілі бір дәрежеде халықтың қалтасына, төлем қабілетіне қатты әсер етіп жатқаны сөзсіз. Кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқан халық көп, көбейіп жатыр. Барлығы әлеуметтік шиеленіске алып келері сөзсіз. Сондықтан мұның барлығы Үкіметтің басты назарында болуы керек.

 width= Қырғызбай БЕГІМБЕКОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры:

Қуаңшылыққа алдын ала дайын болуымыз керек еді

– Отставкаға кеткен министрдің жұмысында олқылық болмады деп айта алмаймын. Екі жыл аз уақыт емес, істеймін деген адам, екі-ақ айдың ішінде талай нәрсені атқаруға болады. Ол біріншіден, ауыл шаруашылығы маманы, екіншіден, Парламентте депутат болған, комитетті басқарған, саладан хабары жоқ адам емес. Қуаңшылық мәселесіне келер болсақ, бұған алдын ала дайын болуымыз керек еді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолға алуы тиіс. Мемлекеттік қор жасақталуы қажет болатын. Бұрыннан шаруашылықта осындай қуаңшылық жағдайына арнап жасақталған қор болады. Мал азығынан бөлек, азық-түлік қоры да кез келген уақытта дайын тұруы керек. Ондай қор бар дейді, бірақ қандай мөлшерде, не бар екенінен бейхабармыз, көбісі сатылып, экспортқа кетіп жатыр. Ал қазіргі қуаңшылық кезінде барлығын Үкімет өз назарына алып, мал азығы жеткілікті аймақтардан жемшөп жеткізу керек. Дәл осы ауыс-түйістен өзгеріс болу-болмауы жаңадан келетін министрге байланысты. Ол расымен осы саланың маманы болса, патриот болса, Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет еткен болса, ғылыми әрі кәсіби біліктілігі жеткілікті болса, сонда ғана бұл ауыс-түйістен елеулі нәтиже болады деп есептеймін.

 width= Расул РЫСМАМБЕТОВ, экономист-сарапшы:

Ведомствоның жағдайы мәз емес

– Жалпы, министрдің атқарған жұмысына тоқталар болсам, осы ведомствоны басқарған ең жаман министр болды деп айта алмаймын. Бірақ, ол мемлекет қаражатының азайып бара жатқан уақытында келгенін ескеруіміз керек. «ҚазАгро» өз міндетін толыққанды атқармады. Сапархан Омаровқа дейінгі министрлер елдегі ирригациялық жүйені қалпына кетіруде қауқарсыздық танытты, алайда пандемия кезінде Сапархан Омаров бұл мәселені реттей алды деп ойлаймын. Өйткені фермерлер субсидия алды. Бірақ, өкінішке қарай, құрғақшылық басталып кетті. Оны да алдын ала болжауға болар ма еді, дегенмен, бұл мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрғақшылыққа қатысты баяндамаларына сүйеніп қана бірдеңе айтуға болады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы министрлгі құрғақшылық, қымбатшылық сияқты мәселелерге жалғыз өзі жауапты емес, әрине. Мұның барлығы жергілікті атқарушы билік, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бірлескенде ғана реттеліп, шешімі табылады. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша өкілеттілік немесе бюджет қарастырылмаса, министрдің ауысуы елеулі өзгеріс әкеледі дей алмаймын. Жалпы, ведомствоның жағдайы мәз емес. Оған қоса, ауқаттылардың жерді, активтерді иеленуіне қатысты қордаланған мәселе көп. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі атқарылмаған жұмыстардың сұрауы тек министрліктен ғана емес, аймақтардағы жергілікті атқарушы биліктен де болуы керек. Жергілікті атқарушы билік те ирригациялық жүйені реттей алмай отыр, логистика мәселелері де назардан тыс жатыр. Оған қоса қордаланған қиындықты шешуге бірқатар Ұлттық компания да атсалысуы керек еді. Яғни, қазіргі қиын жағдайға жалғыз Ауыл шаруашылығы министрлігі кінәлі емес, өйткені туындаған барлық мәселе – жүйелі түрде, бірігіп реттелуі тиіс мәселелер.

 width= Жигули ДАЙРАБАЕВ, Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы, агроном:  

Ауыл шаруашылығы саласына, еңбек адамына деген көзқарасты өзгерту керек

– Қуаңшылық – табиғи құбылыс. Ауыл шаруашылығы министрі екі-ақ жыл жұмыс істеді. Фермерлердің, жалпы саладағы шешілмей келе жатқан мәселелерін байыппен реттеп, жөнге келтіріп келе жатқан еді. Қуаңшылық мәселелеріне жергілікті атқарушы билік пен облыс әкімдері де жауап беруі керек. Мал азығы, жемшөп даярланбаған, қамданбаған. Бір министр отставкаға кетті, енді келген министрге ел болып көмектесуіміз керек. Жалпы, Ауыл шаруашылығы саласына, еңбек адамына деген көзқарасты өзгерту керек. Еңбек адамы біздің қоғамда елеусіз қалды. Министрліктің мәртебесі көтерілуі керек. Оған Үкімет жағдай жасауы тиіс. Ауыл инфрақұрылымы басты назарға алынуы қажет. Ел бойынша 278 000 ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы, агрофирма, жауапкершілігі шектеулі серіктестер жұмыс істейді, соларға қолдау көрсетілуі керек. Су мәселесі, жайылым жерлерін суару бағдарламасы бар дегендей. Көпжылдық шөптерді егу бағдарламасы қазір тасада қалды, сол қайта қолға алынса игі болар еді. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында потенциалы өте жоғары. Жер де, жайылым да жетеді, барлық жағынан мүмкіншілік бар. Жалпы, ауыл шаруашылығы бір ғана министрдің өкілеттілігінде деу – қате. Ауыл шаруашылығы министрлігі су тартпайды, жол, мектеп салмайды. Ауылдың болашағы жоқ деген желеумен айналдырған 10 жыл ішінде 1300-ге жуық ауылды жойып алдық. Бұл – дұрыс саясат емес.

 

Серіктес жаңалықтары