50517
Коронадағдарыс: тәнімізді талдырып, жанымызды тоңдырды
Коронадағдарыс: тәнімізді талдырып, жанымызды тоңдырды
Тарихта алғаш рет коронавирус пандемиясы жаһандық масштабта адамдардың оқшауланып өмір сүруіне себепші болды. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, дүниежүзіне үлкен сынақ болды. Елде онлайн режим енгізіліп, адамдар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Мұны ғалымдар отбасының төзімділігі мен сыйластығы сыналатын кезең деп тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға шақырып, дабыл қақты. Десек те, үй жағдайында отбасылық реніш өршіп, біраз шаңырақ шайқалды. Төрт қабырғаға қамалып, құрбы-құрдастарымен араласу аясы шектелген балалар үшін отбасындағы жанжал жығылғанға жұдырық болды. Елде карантин басталғалы балалар арасында суицид оқиғасының күрт өсіп, өз-өзіне қол жұмсау әрекеті қоғам дертіне айналды. Осы орайда арнайы сала мамандарына хабарласып, мәселенің мән-жайын талқылаған едік.
Пандемия кезінде суицид оқиғасының көп болғанын ресми орган өкілдері жоққа шығармайды. Карантиннің кесірінен жасөспірімдердің күйзеліске түсіп, қысымға ұшырауы күн санап көбейгенін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев онлайн режимдегі есеп беруінде кеңінен талқылады. Суицид оқиғаларының жартысы төтенше жағдай кезеңінде тіркеліпті. Сондықтан министр суицид себебін отбасы мәселесімен байланыстырады.
– Жыл басынан бері 248 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Олардың 164-і аман қалса, 84 бала көз жұмды. Суицидтің себебі көп. Жалғыздықтан – 12 пайыз, достарымен қарым-қатынас үзудің салдарынан жасөспірімдердің 10 пайызы өмірін қиған. ЖОО-дағы келеңсіздіктер мен материалдық жағдайдың жоқтығы да кәмелет жасқа толмағандарды өлімге итермелейді. Бірақ ондай суицидтің саны көп емес, небәрі 3 пайыз. Дегенмен бұл көрсеткіш те назардан тыс қалмауы керек. Әр баланың өмірі қымбат, – деп түсіндірді министр.Қазақстандағы суицид статистикасы нақты көрсеткіш емес. Себебі біздің қоғамда өз өмірін қиғандарды немесе соған әрекет еткен адамдарды айыптап, сыртынан ғайбаттайды. Оған ағайын арасында әңгімеге қаламыз деген қуыстануды қосыңыз. Кейбір марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректердің арнайы статистикаға енбей қалуы да сенімді азайтқан. 2020 жылғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстан Еуропадағы балалар суицидінен алғашқы 7 елдің қатарына кіреді. Былтыр балалар суицид көрсеткіші ең жоғары деп саналатын өңірлердің тізімі жарияланды. Алматы қаласы мен Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы мен Түркістан облысы алдыңғы қатарда тұр. Психологтердің зерттеуінше, еліміздегі балалар арасындағы суицидтің негізгі факторына мыналар жатады: отбасында баланы ұрып-соғу, баланың жарақаттануы, психобелсенді заттарды тұтыну, жеке қарым-қатынастағы проблема. Әсіресе, құрбы-құрдас, сыныптастарымен қарым-қатынасының бұзылуымен қатар, мұқатып-кемсіту, мазақтау әрекеті суицидке себеп болған. «КЕТІККЕРІМ» ДЕГЕН КІМ НЕМЕСЕ КЕМСІТУДІҢ КЕСІРІ Дүниежүзі бойынша, балалардың бір-біріне психологиялық қысым көрсетуі өзекті мәселеге айналды. Бұл жағдай біздің елімізді де айналып өтпеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы кемсіту мен күлкі ету әрекеті буллинг деп аталды. Ағылшын тілінен аударғанда, «қорлау» деген мағынаны береді. БҰҰ-ның елімізде жүргізген зерттеуі нәтижесінде балалардың басым бөлігі сәби күнінен кемсітуге тап болатыны анықталған. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты былтырғы Жолдауында «Азаматтарды, əсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді. Балалар құқығын қорғау жөніндегі басқа да шараларды күшейту керек» деген тапсырма берді. Көп ұзамай буллинг пен кибербуллингтің зиянын түсіндіру мақсатында «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты вебинар өтті. Жобаның мақсаты – қоғамның біржақты көзқарасын жою. Ата-аналар мен ұстаздардың басым бөлігі буллингті әзіл мен қалжыңға балап жатады. Оның соңы қылмыс пен суицидке апарғанда ғана кеш түсінеді. UyatEmes.kz жасөспірімдерге арналған платформадағы дерекке сүйенсек, буллингтің сегіз түрі анықталған. Пандемия жағдайында отбасындағы балалар арасында адамның сырт келбетіне қатысты буллинг пен сексистік буллинг түрі жиі кездескен. Өйткені бір үйдің балалары үйқамақта болып, күйзеліске түскенде бауырлар арасында агрессив жанжал көп болған. Ал «Осы ұлым жақсы», «Менің қызым ғана сабақты жақсы оқиды» деген ата-ана тарапынан «бөліп-жару» ұғымы сексистік буллингтің көрсеткішін жоғарылатқан. Егер ата-ана баласы буллинг құрбаны болғанын байқаса, онымен қатар отырып сөйлесу керек. Балалар көп жағдайда ол тақырыпты қозғаудан қашады. Сондықтан жағдайдың мән-жайын анықтап, ата-ана мәселеге араласуға мүдделі. Тіпті, құқық қорғау органдарына да жүгініп, жанжалдың алдын алуына болады. Буллингпен қатар тұрған мәселенің бірі – кибербуллинг. 2020 жылғы 1 маусымда балаларды кибербуллинг және өзге зорлық түрлерінен қорғаудың қазақстандық бағдарламасы бекітілді. Адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету тәсілі кибербуллинг деп аталады. Кибербуллингке кез келген адам тап болуы мүмкін. Алайда қақпанға түсетіндердің басым бөлігі – кәмелет жасына толмаған мектеп оқушылары. Қазақстанда жасөспірімдерді интернет шабуылынан қорғайтын мемлекеттік деңгейдегі бағдарлама мен сайттар жоқтың қасы. Тек safekaznet.kz қызметі арқылы шағымдануға болады. Ондағы мамандар парақшаны тексеріп, заңға қайшы болса, бұғаттай алады. Кибершабуылдан қорғану – әр азаматтың міндеті. МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ? Иә, суицид туралы мәселе жыл сайын көтеріледі. Арнайы зерттеулер жүргізіледі. Бірақ бұл мәселемен психологиялық орталықтар мен қоғамдық ұйымдар ғана белсенді түрде айналысады. Мамандар болса мәселенің түп-тамыры ата-анада екенін айтудан жалықпайды. Қоғамдағы індеттің болдырмауына тікелей атсалысатын адамдар – ата-ана. Пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, Citi қайырымдылық қорының демеушілігімен халыққа дұрыс ақпарат беріп, ата-аналарды қолдау мақсатында онлайн кеңес беретін сайт ашты. – Бұл жерден күйзеліс пен алаңдаушылықты жеңілдетіп, көңіл күйді жақсартуға арналған кеңес алуға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің 1406 жедел желісіне немесе «150» сенім телефонына қоңырау шалу да қолжетімді. Сенім телефоны мен түрлі көмек беру орталықтары Ішкі істер министрлігі және білім басқармаларымен тығыз жұмыс істейді, – дейді жоба үйлестірушісі. Көмек көрсету орталығы қызметкерлерінің айтуынша, сенім телефонына жиі хабарласатындардың дені – мектеп түлектері. Әсіресе, ҰБТ кезінде хабарласатын оқушы көп болған. «Оқуға түспей қалсам елге күлкі боламын, ата-анамның ақылы бөлімге оқытатын ақшасы жоқ, қайтсем жоғары балл жинаймын, өмір сүргім келмейді» деген жасөспірімдердің жанайқайы сенім телефонының тұтқасындағы адамға ғана мәлім. Ата-анасымен бітімге келе алмай, өз өмірін қиғысы келген жасөспірімдер де кездескен. Балалар арасындағы суицидтің көбеюі – отбасылық қарым-қатынастың әлсіз болуы. «Өз-өзіне қол жұмсауға оқталған балалар көбіне ата-ана назарына және қамқорына зәру, 75 пайызы олардың ата-аналары ажырасқан немесе бөлек тұрады» деп түсіндіреді мамандар. Одан кейін тәрбие әдістерінің әркелкілігі, атап айтсақ ата-әженің бауырында өсу, әке-шешені мойындамау. Эмоционалдық жылудың жетіспеушілігі және ата-ана мен бала арасындағы ашық диалогке ықпал ететін қағидалардың болмауы баланы өмірге келгеніне өкіндіреді. Ата-аналарға психологтердің айтар кеңесінің бір парасы мынадай: Бала бақытының кілті – ата-анасынан кемдік көрмеуі. Баланың бас ұстазы – ата-ана. Саналы ұрпақ тәрбиелеу салғырттықты кешірмейді. Баланы мақтаңыз және қолпаштаңыз, оның жасауға тырысқан әрбір ұнамды ісін бағалайтыныңызды көрсетіңіз. Бұл өте маңызды, себебі баланың әрекетін мақұлдау және мақтау оның өз-өзіне сенімділігін арттырады. Қоғамдағы кеселмен күресудің ең қарапайым жолы – ата-ана мен баланың қарым-қатынасын нығайту. Қай жағынан алып қарасақ та, балаларды әлеуметтік қолдау маңызды екенін естен шығармаған жөн. Сонымен, мұңға айналған мәселені шешудің жолы көп. Бірақ түп-тамыры ата-анаға келіп тірелетінін тағы бір рет еске салғымыз келеді. 30-дан астам ғылыми еңбектердің авторы, психолог Алексина Ли жастардың өз-өзіне қол жұмсау мінез-құлқының алдын алу туралы әдістемелік құралында жасөспірімдермен тіл табысатын гейткипер маманын көбейту керегін алға тартты. – Ата-аналар баласын психологке жетектемей-ақ, суицид алдындағы синдромды тани білетін гейткипердің көмегіне жүгінуге болады. Кез келген ынталы адам гейткипер ісін меңгере алады. Жүрек, жігер және ниет болса жетіп жатыр, – дейді автор. Мамандар не дейді: Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі: ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ АЙТҚАНЫ 100 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ ӨЗЕКТІ
– Еліміздегі суицид жағдайының ушығып кетуіне байланысты депутаттық сауалды Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров және Елнұр Бейсенбаев үшеуміз Премьер-Министр Асқар Маминге жолдадық. Үкіметтегі министрліктерді, атап айтқанда Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Ішкі істер министрлігін ведомствоаралық өзара үйлестіруді күшейту және жауапкершілікті арттыру мәселесі бойынша да құлағдар еттік. Үш министрлікпен бірігіп, Zoom платформасында онлайн кездесулер өткіздік. Қоғамда балалар суициді бойынша оқиға көп. Оның алдын алу қажет. Жаһандану процесінен туындаған ақпарат легінің еселеп өсуіне байланысты, халқымыздың рухани кодын сақтау, бала тәрбиелеудің ұлттық форматы деформацияға ұшырап барады. Мәселенің бір ұшы ата-аналарға да тікелей байланысты. Сүзгіден өтпеген ақпараттың барлығын бала қабылдай береді. Министрлермен кездесуде ата-аналарды оқыту керегін айттым. Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тату отбасы» бағдарламасы аясында құрылған «Бақытты отбасы», «Қамқор» секілді ата-аналарды оқытатын жобалар жұмыс істейді. Ол жерде арнайы бағдарлама жасалып, 7-сыныпқа қабылданған оқушылардың ата-аналарын түрлі әдіс-тәсілмен оқытады. Баламен қалай сөйлесу керек, баланың қауіптенгенін қалай білуге болады, ол нені жасырып тұр, балаға қойылатын сұрақтар секілді сан алуан тақырып талқыланады. Сол жобаны дамытып, кеңінен насихаттау керек. Ата-ана аптасына бір сағат баласына көңіл бөлсе, баласы туралы біраз ақпаратты біліп отыратын еді. Көп жағдайда ата-аналар балам мектепте оқып жатыр, ешқандай мұғалім тарапынан шағым жоқ, қосымшаларға барып жүр, киімі бүтін, тамағы тоқ деп ойлайды. Алайда баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқанынан хабарсыз. Одан кейін мектептегі психологтердің санын арттыру керек. Психологтердің оқу-әдістемелік бағдарламасын методологиялық тұрғыдан қайта қарастыру керек. Жүсіпбек Аймауытовтың педагогика мен психологияға байланысты «Тәрбиеге жетекші» мен «Психология» деген еңбегі бар. ХХ ғасырдың басында жазылған еңбекте: «Қазақ халқы психологияға бет бұруы қажет. Әр адам бойындағы өзгеше қасиеттерді жіктеп, жанының қалай тебіреніп, қалай жаңғыруын бақылауы керек. Психология тылсым ғылым болғанымен, біздің халық үшін қажеттілігі жоғары» деп жазылған. Арада 100 жыл өтсе де Аймауытовтың ойы әлі де маңызды.Аружан САИН, бала құқықтары жөніндегі уәкіл: 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ ИНТЕРНЕТ РЕСУРСЫ БҰҒАТТАЛДЫ
– Биыл Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылованың қатысуымен өткен онлайн кездесуге қатыстым. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина суицидтің және балаларға қатысты құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын талдады. Суицидтің алдын алу бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласы, Түркістан және Алматы облыстары білім бөлімдері басшыларының орынбасарлары ұсынды. Себебі дәл осы аймақтарда суицид санының өсуі байқалған. Ал Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақстан облысы және Павлодар облыстарында өз-өзін өлтіру әрекеті көбейген. Құқықбұзушылық пен суицидті алдын алудың ең жақсы әдісі – балалардың спорт пен білімге деген құштарлығын арттыру. 2020 жылдың аяғында Мемлекет басшысы мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс туралы заңға қол қойды. Түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын балаларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыруды көздейді. Мамыр айында заң күшіне еніп, қазір әкімдіктерден оның мінсіз орындалуын талап етіп жатырмыз. Эпидемиялық жағдайға байланысты интернеттен баланы ажырату мүмкін емес. Соның салдарынан түрлі қылмысқа итермелейтін желілер көбейді. Былтыр интернеттен 731 материал жойылды. 2 000-нан астам материалға қолжетімділік шектелді. 7 000-нан астам шетелдік ресурс анықталды. Оның ішінде 3 000 материал зорлық-зомбылық, қатыгездік пен суицид көрінісі туралы. Ішкі істер министрлігі суицид туралы ақпаратты күн сайын жинайды. 11 маусымда Түркістан облысының Арыс қаласында Вконтакте әлеуметтік желісі және Telegram мессенджері арқылы балаларды тартқан 1999 жылы туған суицидтік ойындардың «кураторы» қамауға алынды.Назира ОСПАНБЕК, Асырап алушы ата-аналар мектебінің тренері, психолог: БУЛЛИНГ МЕН КИБЕРБУЛЛИНГТІҢ АРАСЫ БІР-АҚ ҚАДАМ
– Пандемия ересектермен қатар балаларға да қатты әсер етті. Оқудың онлайн форматқа көшуі де күтпеген оқыс оқиға болады. Бір отбасының балалары жұдырықтай жұмылса да, үйдегі психологиялық жағдайды ауырлатты. Ата-ананың өзара реніші де баланың көңіл күйіне әсер етеді. Сыныптастарымен де байланысы үзіліп, қарым-қатынас аясы шектелді. Сол уақытта БАҚ бетіндегі жағымсыз жаңалықтар мен жақындарынан айырылуы да баланы күйзеліске түсірді. Бір отбасындағы бес баланың болмысы әртүрлі болады. Бірі пысық немесе жуас болса, кенжесі ерке болуы мүмкін. Түрлі эмоционалды адамдар біріккенде бірнеше психикалық сезім пайда болады. Бір шаңырақ астында өмір сүретін балалардың өзінде буллинг кездеседі. Бірақ оны байқай бермейміз. Ол кезде адам үш рөлді сомдайды: жәбірлеуші, жәбірленуші және куәгер. Бұл мәселе ата-аналар балаларымен ашық сөйлеспеуі және жақындарының қамқорлығы жетіспеушілігінен туындайды. Сонымен қатар кибербуллингтен зардап шеккен жасөспірімдер саны да пандемия кезінде көбейген. Отбасында сүйіспеншілік пен махаббатты, қамқорлық пен мейірімді және түсіністікті көріп өскен балалар буллинг пен кибербуллингке сирек ұшырайды. Біздің қоғамда отбасылардың дені мұндай шабуылдан хабарсыз. Ең сорақысы, балаларының басына іс түскенде ата-ана шарасыздық танытады. Өзім қызмет ететін мекемені айтатын болсам, SOS Алматы балалар ауылы – отбасы типтес балалар қалашығы. Біздің мекемеде жетім және биологиялық ата-анасынан ажырап қалған балалар тәрбиеленеді. 1994 жылы «SOS Қазақстан балалар ауылдары» корпоративті қоғамдық қоры Сара Назарбаеваның бастамасымен құрылды. Пандемия кезіндегі келеңсіз оқиғаның алдын алу үшін мекемеде түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – отбасы және балаларды қолдау орталығы. Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеуші болды. 15-ке жуық маман қызмет етіп, 250-ден астам отбасыға әлеуметтік көмек бердік. Қазір 60-тан астам отбасы мен 180-ге жуық бала жәрдем түрін алады. Пандемия кезінде орталығымыз көмекке зәру ата-аналар үшін жарық сәуле болды. Нәтижесінде, ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, қарым-қатынасын нығайтты.Сымбат ӘБДІРАХМАНОВА, әлеуметтанушы: СУИЦИД – ҚОҒАМ ӘЛЕУЕТІНІҢ КЕЛБЕТІ
– Өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін фактордың бірі – тұқымқуалаушылық. Арғы тегінде суицид әрекетке барған адам болса, ол келесі ұрпаққа берілуі мүмкін. Сонымен бірге психикалық ауытқу дерті де тұқым қуалайтынын ескеру керек. Барлық адамда болатын бала кездегі жан жарақаты – негізгі фактор. Бала кездегі жарақаттың ересек өмірге тигізетін кері әсері көп. Өзімнің тәжірибемнен айтайын: Бір оқушы қызды білемін. Отбасынан бөлек, басқа қалада оқиды. Бірде анасы: «Бар ақшамды саған беріп жатырмын. Аяғыма етік те алған жоқпын» деп ашуланыпты. Содан қызы ренжіп, ата-анама масыл болдым, одан да өлгенім жақсы» деп жылап келді. Көрдіңіз бе, айтылған сөз баланың санасынан өшпейді. Келесі фактор – бұрын-соңды оқталу. Дәрі ішіп немесе денесін жарақаттаса, күндердің бірінде тура сол әрекет қайталануы мүмкін. Кез келген әрекет алғаш жасалғанда қиынға соғады. Суицид те дәл сондай қиын шаруа. Сыртқы ортаның әсері жиналып, жоспар құрғызады. Бір күні жиналып қалған реніш соңғы қадамға итермелейді. Статистика бойынша ауылда суицид оқиғасы көп тіркелген. Алдымен, ауыл адамдары психолог маманмен жақсы қарым-қатынаста емес. Одан кейін ауыл балаларының алданатын дүниесі аз. Қаладағыдай қосымша үйірме немесе спорт секциялары жоқ. Ата-анасымен де ашылып сөйлеспейді. Соның салдары өрімдей жастың өмірден өтуімен аяқталады. Шыны керек, өмір – қымбат. Жарық дүние мен таза ауаны, әлемді ешкім тастап кеткісі келмейді. Суицид жасағысы келіп жүрген адамнан мына екі белгіні байқауға болады: бірі – сөз арқылы, екіншісі – іс-қимыл арқылы. «Өмір сүргім келмейді, мен кетсем сағынасыңдар ма?» деп айтуы мүмкін. Сабаққа бармай қалу, көп ұйықтау немесе ұйқысыздық, шектен тыс тамаққа тәбеттің болуы секілді физикалық қимыл-қозғалыс арқылы сездіреді.
Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА