1747
Жастар – жарқын болашақ бастауы
Жастар – жарқын болашақ бастауы
Ел ертеңі – жастардың қолында. Сондықтан Қазақстан жастарының бәсекеге қабілетті, білімі мен біліктілігі жоғары болып қалыптасуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, жоғары білім алуға ниетті жастардың дамыған шет мемлекеттердегі алдыңғы қатарлы университеттерде оқуына да мүмкіндік бар. Ол үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы бағдарлама да әзірледі.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы еліміздің жастары әлемнің озық үлгідегі жоғары оқу орындарында білім алуына жол ашады. Аталмыш бағдарлама бойынша биылғы жылы 700 стипендия бөлініп отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 100 стипендияға артық.
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастар шетелден жинақтаған тәжірибесін ел дамуы үшін жұмсайды. Елбасы тағайындаған стипендия бойынша әлемдегі дамыған мемлекеттердің танымал оқу орындарында білім алған жастардың көпшілігі қазір елге келіп, мемлекеттік аппаратта жұмыс істеуде. Болашақтықтар оқу бітіргеннен кейін де мемлекет назарынан тыс қалмақ емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен 5 институционалдық реформада да атап көрсеткен болатын.
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы «Болашақ» бағдарламасының түлектері, шетелде білім алып келген жас мамандар үздік жұмыс үлгісін көрсетуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында «Болашақ» бағдарламасының түлектері Алматы қаласында алғаш рет жас кәсіпкерлер форумын өткізіп, өз өнімдерін көрсетіп, брендтік тауарларымен таныстырды. Аталмыш көрмеге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек те қатысты. «Елбасының саясатының арқасында жастарымыз көптеген жетістіктерге жетіп келеді. «Болашақ» бағдарламасы құрылған кезде елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту керек болды. Ал бүгін 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіру үшін бәсекеге қабілетті, мықты кәсіпкерлік керек. Тың бастамалардың еліміз үшін берері мол. Ол үшін барлық жағдай жасалған. 10 мыңнан аса «болашақтықтар» мемлекетіміздің қарқынды дамуы үшін өз үлестерін қосу керек», – деген болатын көрме барысында шаһар басшысы Бауыржан Байбек.
«Болашақты» тәмамдаған түлектер бүгінгі таңда кәдесый, мейрамхана мен құрылыс саласында көш басында. Бұдан бөлек «Болашақ» қауымдастығы мемлекеттік тілді дамыту мақсатында да жүйелі жұмыс жасап келеді. Мәселен, кино саласының танымал «Марвин» компаниясымен жасалған келімшарт негізінде 5 жылдың ішінде 15 голливудтық блокбастер мен 3 балаларға арналған туынды қазақ тілінде сөйлеген.
Сонымен қатар, биылғы жылы «Болашақ» қауымдастығы Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірлесіп, Rumi Group-тың басқарушы серіктесі Қуаныш Шонбаймен бизнес-таңғы асын ұйымдастырды. Кездесудің басты тақырыбы – «Білім – ұлылық емес, өсу жолының кезекті сатысы». Бұл – инновациялық және бизнес алаңдарын қолдауға арналған жоба аясында ұйымдастырылып отырған бірінші іс-шара. Негізгі мақсаты – Алматы қаласындағы жастар кəсіпкерлігін дамыту. Бизнес-таңғы асқа «Болашақ» қауымдастығының мүшелері және Алматы қаласындағы түрлі сала өкілдері, яғни, заңгер, қаржыгер, музыкант, журналист, кәсіпкер, экономист мамандар бас қосты.
Бизнес-таңғы аста спикер болған Қуаныш Шонбай бірқатар факторларды тілге тиек етті. «Білімді тек жиып қана қоймай, өзіңнің және басқалардың иігілігі үшін пайдалану қажет. Бизнес тамшылап емес, өзенше ағылуы керек», – деді Қуаныш Шонбай. Яғни, бизнесті толық күш-жігер мен уақыт жұмсамай дамыту мүмкін еместігін айтты. Сонымен қатар, Қуаныш Шонбай Гай Кавасакидің кітаптарын оқуды ұсынды және өз бизнесін құруда осы кітаптың қағидаларын пайдаланғанынын қоса айтты.
Бизнес-таңғы астың соңында Қуаныш Шонбай мейрамхана бизнесін қалай құру керегін және әр түрлі деңгейдегі жобаларды қалай қаржыландыру жайлы сұрақтарға толық және орынды түсiнiктеме, кеңес берді. Барлық қонаққа қатысқаны үшін сертификаттар табыс етілді. Бизнес-таңғы астың мақсаты – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары, жас кəсіпкерлердің инновация саласындағы кəсіпқойлармен өзара қарым-қатынасына арналған аумақ қалыптастыру.
«Болашақ» бағдарламасы түлектері ұйымдастырған шаралардың бірі – Алматыдағы «Мейірімділік шуағы» жобасының аясында Алматы қаласы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жазғы сауықтыру лагерлерінде ұйымдастырылған демалыс. Аталмыш шара қыркүйек айының басында өтті. «Мейірімділік шуағы» жобасын Алматы қаласының кәсіпкерлері мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары қолдап отыр.
Жазғы демалыста «Болашақ» қауымдастығы Kazakhstan International School, «Спутник» және «Тау Күні» балаларды сауықтыру орталықтарының қолдауымен Алматы облыстық жəне қалалық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне демалысқа және ағылшын тілін меңгеруге арналған курстарға жолдамалар тарту етті. Балалар жазғы сауықтыру лагерлерінде тәжірибелі оқытушылар мен тәлімгерлердің жетекшілігімен табиғат аясында әлемді таныды, өз бетімен шешім табуды үйреніп, өздерін жаңа әрі қызықты қырынан байқап көрді, сондай-ақ арнайы шынықтыратын ойындарға, конкурстарға, спорттық жарыстарға қатысып, түрлі сапарларға шықты.
Балаларға ұсынылған бағдарламалар аясында өткізілген мәдени, ойын-сауық және сауықтыру іс-шаралары балалардың шығармашылығын дамытты және өзін-өздері танытты, сонымен қатар «Kazakhstan International School» лагерінің бағдарламасы бойынша ағылшын тілін меңгеру курсынан өтті. Барлық іс-шаралардың мақсаты – балалардың демалуы үшін оңтайлы жағдайлар құру, атап айтқанда, өзін-өзі сауықтыру, жетілдіру және баланың ішкі әлеуетін дамыту. Алматы қаласы бойынша «Болашақ» қауымдастығының өкілдері: «Бұл жетім балалар мен жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға арналған бірінші және соңғы да іс-шара емес, біз ойын-сауықтық, мәдени-танымдық жəне денсаулықты жақсартуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру арқылы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне барынша көмек көрсетуге жəне қамқорлық танытуға тырысамыз. Қазіргі уақытта біз үшін Алматы қаласының 12 балалар үйінің 4-еуімен серіктес болуға мүмкіндік туды, осы жылы біз кем дегенде тағы басқа 3 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті. Болашақтықтар ұйымдастырған жазғы лагерьлердегі жұмыстардың өзі оң нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, қаламызда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген түлектердің «Star Club» клубы құрылып, оқушылармен ағылшын тілінде кездесулер, ашық сабақтар өткізе бастады. Осындай ілкімді шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып жүрген «Болашақ» қауымдастығы – еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін стипендиаттардың күш-жігері мен тәжірибелерін біріктіру мақсатында құрылған үкіметтік емес ұйым.
Алматы шаһарында «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен өзге де маңызды шаралар ұйымдастыруға атсалысатын жастар ұйымдары жұмыс істейді. 2015 жылдың басындағы дереккөздеріне сүйенсек, қазіргі уақытта шаһарда 45-ке жуық жастар ұйымы бар. Мемлекет басшысы 5 институционалдық реформаны бекіту барысында жастар ұйымдарының жұмысын жақсартуды алдыңғы қатарға қойғаны белгілі. Алматы қаласы ежелден-ақ ел жастарының орталығына айналып үлгерген. Бүгінде қалада 42 жоғары оқу орны, 180 мыңнан астам студент, 43-45 мыңға жуық жас маман бар. Бұл жастардың жан-жақты дамуы, қалыптасуы үшін арнайы ұйымдар жұмыс істейді. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету және оларды дамыту мақсатында 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес жастар ұйымдарын кеңінен тарту арқылы әлеуметтік маңызды жобалар кешенін іске асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Алматы қаласының еріктілер корпусын құру, жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге бағытталған «Selfmade» жобасы, КВН қозғалысын дамыту, пікірталас қозғалысын ұйымдастыру және дамыту, «Жастар Innovation» инновациялық идеялар байқауы, экстремалды спорт түрлерінің фестивалі, жастар еңбек жасақтарының қызметін ұйымдастыру, «Жасыл ел» және басқа да бірқатар маңызды жобаны іске асыру бар. Бұдан басқа, 2016 жылы жастарға консультациялық, заңдық кеңес берумен және жастар бастамаларына қолдау көрсетумен айналысатын Жастар ресурстық орталығының қызметі әрі қарай жалғасатын болады.
Қоғам жұмыла еңбек етіп, бірлік пен ынтымақтың арқасында өзгеретіндігі әлімсақтан аян. Бүгінгі күні елімізде көптеген жастар ұйымдары белсенді жұмыс атқарып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық-саяси жұмыстардың көшбасшысы болып, жастардың белсенділігін арттыруға атсалысып келе жатса, «Жасыл ел» еңбек жасақтары тазалық, көгалдандыру жұмыстарына жәрдем ете отырып, табиғатты қорғауға үлкен үлес қосуда. Ал Қазақстан Студенттер альянсы, Қазақстан Жастар конгресі студент жастардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және тұрмыстық мәселелерін шешуде жастарды қолдау жөніндегі жобалар әзірлеп, олардың жүзеге асуына бастамашы болып отыр. Еліміздің ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді жастар Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай «Болашағы жарқын Мәңгілік Елдің жастары» деген атпен республикалық патриот жастар форумында бас қосқан болатын. Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен жастар форумына республиканың әр өңірінен 100-ден астам жастар ұйымдарының өкілдері мен Жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, #G38 ұйымы, Алматы қаласы студенттер альянсы, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» жастар канаты, «Алматы еріктілер лигасы», «Сұңқар» студенттер кәсіподағы қатысты.
Сонымен қатар, таяуда Алматы қаласында жас мамандардың қызметке қабылдануына мүмкіндік беретін «Мүмкіндіктер жәрмеңкесі» деп аталатын іс-шара өтті. Аталмыш шараны Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жастар Үні» Жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Еңбек жәрмеңкесінің басты ұраны ретінде: «Әр мүмкіндіктің астарында ең үлкен бақыттың бастамасы жатуы мүмкін» деген даналық тектен тек таңдалып алынбады. «Жастар Үні» ЖҚБ дәл осы ұран арқылы бұл шараға жастарды мейлінше көп қатысуға үндеуді мақсат тұтқан еді. Мақсат орындалды. Жәрмеңке тек қана қызметке алу барысымен шектеліп қойған жоқ. Өз саласының көшбасшылары тарапынан шеберлік дәрістері оқылды. 160 мыңнан астам студенті бар мегаполисте қызметке қабылдай алатын жұмыс орындары да болуға тиіс. Алайда оқу бітірген талай білікті де, білімді жастың қолында дипломы бола тұра, қаражат табар жұмысы болмай жататыны жасырын емес. Ал мұндай мәселелер бойынша жастарға жастар ұйымы көмектеседі. Осылайша, Алматыда алғаш рет ірі деген түрлі саладағы 60-тан аса компаниялардың қатысуымен еңбек өтілінсіз жас мамандарды қызметке қабылдау бойынша еңбек жәрмеңкесі өтті. 500 жас маман мен студент қатысқан іс-шарада ірі компаниялардың әрқайсысы өз қатарларын жас маманмен толықтырып қайтты. Осылайша, еңбек жәрмеңкесі біраз жасты қызметкер атандырды, мансабына баспалдақ болып, бақытына жол ашты. Жас маман мен компаниялар арасында ашық диалог орнап, өзара таныстық қалыптасты.
Мұндай шара өткен жылы да ұйымдастырылған болатын. Ол кезде «Алматы қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру саласындағы құқықтық нормалар» тақырыбымен жұмыс берушілерге арналған семинар өткен еді. Шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту агенттігінің ашылуына байланысты жұмысқа орналастыру саласындағы мүгедектер құқығын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мүгедектер құқығы туралы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, «Шарапат» мүгедек жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мен арнайы жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша жұмыс берушілерге ақпарат беру. Семинар жұмысына Алматы қаласындағы мемлекеттік құрылымдарының басшылары, бизнес құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жайлы, жекелей оңалту бағдарламасы негізінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту келешектерін талқылады.
Әсел ӘНУАРБЕК