678
Ендігі үміт – экотуризмде
Ендігі үміт – экотуризмде
Коронавирустың әлем бойынша жаппай таралуы туризм саласына ауыр соққы болды. Сарапшылар өткен жыл туризм тарихындағы ең дағдарысты жыл болды деп бағалады. БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) 2020 жылдың қаңтар-қазан айында халықаралық туризм 1990 жылғы деңгейге құлдырап, 70 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, былтыр әлем елдері 2019 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 900 млн туристі «жоғалтқан».
Дүниежүзілік туристік ұйым 2021 жылдың екінші жартысында туризм саласы ішінара қалыпқа келе бастайтынын болжаған болатын. Ал тұралаған саланың толықтай қайта қалпына келуі үшін әлі 2,5-4 жыл уақыт керек екен. Алайда уақыт өте келе туризм саласы коронавирус енгізген өзгерістерге қарай икемделіп, нарықтың жаңа талаптарына сай бейімделе бастады. Байқағанымыздай, биыл әлем елдерінде ішкі туризм басымдыққа ие болып отыр. Яғни COVID-19 пандемиясы әлемдік масштабта жылдар бойы қалыптасқан туристік бизнес механизмін бұзғанымен, ішкі туризмнің жаңа бағытының қалыптасуына ықпал ете алды.
Пандемияға байланысты мемлекеттер өз шекараларын жаба бастаған соң all inclusive демалыс түріне, қонақүйлерге деген сұраныс азайды. Есесіне демалысты тау бөктерінде, таза ауада отбасымен өткізуді қолай көретіндер артты. Яғни бұрын туристік компания ұсынған жерлерге баратын туристер енді қайда барып демалу қажеттігін өздері шешетін болды. Пандемия қаладағы қоғамдық орындар, музей, демалыс орындарына шектеу қойғандықтан, бүгінде халық демалыс күндері жақын жерге барып табиғат аясында демалудың, жұмысты демалыспен ұштастырудың денсаулыққа пайдалы екенін түсіне бастады. Демалыстың мұндай түріне қызығушылықтың артуын табиғат аясында вирус жұқтыру қаупінің азаюымен де түсіндіруге болады.
Жалпы пандемия адамзат баласының табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, оған қамқорлықпен, жанашырлықпен қарауды үйретті. Тоқетерін айтқанда, карантин жағдайы экотуризмнің дамуына түрткі болды. Бүгінде әлем бойынша тұмса табиғат пен өркениет игілігін біріктіретін глэмпинг деп аталатын демалыс түрі үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Биыл Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы Жүкей көлі жағасында «Жұлдызды орман» атты глэмпинг демалыс аймағы ашылды. Жоба авторы Айнұр Қуанышқызының айтуынша, індеттің таралуы туризм саласын да айналып өтпеді. Тоқырауға ұшыраған туризмнің екінші тынысы енді ашыла бастағандай.
«Бүгінде қалыптасқан жағдай ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біздің ойымызша, глэмпингтер желісін құру маңызды бағыттардың бірі. Қатаң карантиндік талаптарға сәйкес, көп адам таза ауада демалуға тырысады», – деді Айнұр Қуанышқызы.Біржан сал ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Марал Шаужанова өңірде глэмпингті іске қосу экологиялық туризмді дамытудағы маңызды қадам екенін айтады.
«Глэмпинг – тұрмысқа қажетті заманауи заттармен жабдықталған жайлы орындар құрып, табиғатта демалғанды жөн көретін жандарға арналған демалыс орны. Табиғаты әсем, таза ауа әрі сыңғырлаған құстардың даусы бар біздің өңірге келетін демалушылар саны одан сайын арта түсеріне сенім мол», – дейді М. Шаужанова.Дүниежүзілік туристік ұйым ауылдық және экологиялық туризмді дамытуды атап өткені бекер емес. Өйткені бүгінде экотуризм жаһандық туризмнің 30 пайызына тең. Осы орайда қала өмірінен қажыған жұрттың таза ауада тыныстап, кәуап дайындап, балық аулап, атқа мініп, велосипед теуіп, киіз үйде ұйықтап, табиғи өнімдерді тұтынып, көңіліне қонымды іспен айналысуына жағдай жасайтын глэмпинг желісінің болашағы зор болары анық. Отандық сарапшылар экотуризмнен бөлек этнотуризм саласының да сұранысқа ие болып отырғанын айтады. Пандемиядан соң елімізде эко және этнотуризм бағыттары даму жолына түседі деп болжайды. «Сұлтансері» этно өнер орталығының негізін қалаушы Сұлтансері Есентаев карантин кезінде ішкі туризмді дамытуды қолға алған кәсіпкерлердің бірі. Ұлттық ойындар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды насихаттау арқылы құндылықтарымызды танытуды көздейді. «Ұлттық ойындарға, дәстүрімізге деген қызығушылық мені этно-орталық құруға жетеледі. Келушілер саны былтырғыдан да көп. Әрине, бұл қуантады. Әсіресе ауылды, туған жерді сағынғандар орталыққа келіп сағынышын басып жатыр. Жастар атқа міну, садақ ату, қыз қуу, бүркіт түсіру, сұңқар ұшыру, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарымыз мен дәстүрімізді көзбен көріп, куә болып жатыр», – дейді кәсіпкер. Әшімхан САПАРБАЕВ, «Сарыағаш» шипажайының менеджері: Халық ауырмайтын жол іздей бастады
– Коронавирус еліміздегі барлық саланы қыспаққа алды. Былтыр қатаң карантин кезінде кейбір шипажайлардың есігіне қара құлып салынды. Биыл көктемнен бастап олардың тамырына қан жүгіре бастады. Шипажайлардың 80 пайызы қызметкерлеріне жалақы тауып бермек тұрмақ, коммуналдық қызметіне ақша таппай қалды. Олардың дені қыста төлей алмаған қызмет ақыларын биыл көктемде төлеп бітті. Карантин шараларының біршама жеңілдеуі шипажайлардың тынысын кеңейте бастады. Әрине, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл шипажайға келушілер саны айтарлықтай көп. Оған себеп биыл карантин шараларының жеңілдеуімен қатар адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастауы. Бұрын ауырып барып ем іздейтін халқымыз ауырмайтын жол іздей бастағанын байқауға болады. Өйткені шипажайға биыл келушілердің көпшілігі коронавируспен ауырмағандар. Сонымен қатар адамдар өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығына мән бере бастағанын көреміз, яғни сақтану шараларын жіті ұстанатын болған. Ауырмаудың жолы оның алдын алу, денсаулықты күту, иммунитетті көтерудің қандай маңызды екенін түсінді. Шетелде күнге қыздырынып, теңізге шомылуға ағылатын жұрт енді ағзаны емдеуге назар аудара бастады. Негізінен Сарыағаш шипажайы минералды суының ас қорыту жүйесін, бүйректің созылмалы қабынуларын, буын ауруларын емдейтін табиғи емдік қасиеті бар. Сондай-ақ парафинмен, балшықпен ем-дом жасай отырып, адамның бойындағы суықты шығарады, денедегі тұздарды ерітеді. Бұл әсіресе тізесі, белі, желкесі ауыратындарға таптырмас ем. Демалушылар мен емделушілерді ең әуелі шипажайдың дәрігерлері қарайды. Ең мықты заманауи технологиялар мен жаңа сападағы аппараттар негізінде диагноз қойылғаннан кейін барып емдеу шаралары басталады. Жалпы шипажайлар сан салалы ем жүргізеді. Соған сай қызмет ақысы да әртүрлі. Эконом-класс бір адамға 7-8 мың теңгеден басталады. Оған 25 шақты емдеу шарасы, 4 мезгіл ыстық тамағы мен жатын орны кіреді. Сарығаш шипажайына келушілер енді Түркістан, Ташкент пен Самарқанд қалаларына саяхаттай алады. Ем ала отырып саяхаттау адамның тәнімен қатар жанын да емдейді. Шипажайдан соң «10 күн ем алдым, енді ағзам тап-таза» деп арқаны кеңге салуға болмайды. Ем қабылдағаннан кейін ағзаны күтіп, молырақ су ішуді әдетке айналдырған дұрыс. Құнарлы, пайдалы тағамдарды тұтыну денсаулыққа оң әсерін тигізетініне коронавируспен күресте көзіміз анық жетті.