268
"Кінәм жоқ": Елжан Біртанов сотта мәлімдеме жасады
"Кінәм жоқ": Елжан Біртанов сотта мәлімдеме жасады
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ешқандай заңсыз әрекет, әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде жемқорлық қылмыстарын жасамағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Sputnik
"Бұрынғы денсаулық сақтау министрі ретінде пандемия әлемдік апат секілді көп адамның өмірін қиғанын және бұл вирустан қазір де адамдар көз жұмып жатқанын айтқым келеді. Өткен жылдың жазында медициналық көмек көрсетуде ауқымды проблемалар болды. Мен бұрынғы денсаулық сақтау министрі ретінде салаға жетекшілік еткендіктен медициналық көмек көрсету сапасына жауапты екенімді толықтай түсінемін. Жауапкершіліктен жалтарып отырған жоқпын", - деді Біртанов.Ол пандемия кезінде мемлекеттік органдардың іс-әрекетін жан-жақты тергеу әділ жүреді деп үміттенетінін жеткізді.
"Қазір біз қылмыстық бағытта және айыптау белгілерімен қудалау жүріп жатқанын көріп отырмыз. Алайда адамды айыптамас бұрын алдымен эпидемиологиялық тергеуді, толыққанды тергеуді күтіп бағайық. Пандемия кезінде елде не болып жатқанын мен жақсы түсінемін. Кез келген тергеуге дайынмын. Бірақ коронавирус пандемиясы кезінде бөлінген қаражаттың жымқырылуына еш қатысым жоқ", - деді Біртанов.Біраз бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу соты кезінде прокурор Төлеген Жараспаев бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты айыптау актісін жариялады. Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу 2015 жылы денсаулық сақтау министрлігі автоматтандырылған ақпарат жүйесін жеткізу үшін 17,8 миллион долларға хорватиялық Ericsson Nikola Tesla компаниясымен келісімшарт жасағанын анықтады. Прокурордың айтуынша, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "платформаның жұмыс істемейтінін біле тұра" және "Олжас Әбішевпен (бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі) алдын ала келісу арқылы 2018 жылдың қазанында Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 17 емдеу мекемесінде платформаны пилотты негізде пайдалану туралы бұйрыққа қол қойған. "Елжан Біртанов, Олжас Әбішев және басқа да тұлғалар өздерінің қылмыстық іс-әрекеті арқылы сеніп тапсырылған бюджет қаражатын талан-таражға салып, мемлекетке ірі көлемде, нақтырақ айтсақ, 1,5 миллиард теңге немесе 4,1 миллион доллар көлемінде материалдық шығын келтірген", - деді мемлекеттік айыптаушы. Біртановтың қорғаушылары экс-министрдің кінәсіздігін алға тартып отыр.