818
Қарулы күштің қалқаны қару ғана емес
Қарулы күштің қалқаны қару ғана емес
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өз алдына Қарулы Күштерін құру туралы маңызды міндет қойды. Алғаш 1991 жылы 25 қазанда Елбасының Жарлығымен құрылған Қорғаныс комитеті кейін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күннен бастап Қазақстан территориясындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді.
Егемендік алып, еңсемізді тіктеген сәттен бастап Елбасы Н.Назарбаев әскери білім беру, ұлттық кадр даярлау ісін алдыңғы орынға қойды. Себебі Кеңес Одағы ыдырап, біріккен армия тараған кезде біздің елде әскери қызметте жүрген кейбір азаматтар ТМД-ның өзге елдеріне қоныс аудара бастады. Осылайша кәсіби мамандарды даярлауға мемлекеттік деңгейде маңыз берілді. Ал әлемдік стандарттарға сай келетін заманауи әлеуетті әскер жасақтау оңай шаруа емес. Ол әскери техникалар мен қару-жарақты жетілдіру ғана емес, сонымен қатар білімді, шет тілдерін жетік меңгерген, нағыз әскери элитаны даярлау.
Елімізде кәсіби әскери мамандар даярлау «Білім беру туралы» заңға сәйкес бес деңгейді: орта білім, техникалық және кәсіби білім – магистратура және докторантура, қосымша білім – әскери кафедра, қайта даярлау және біліктілікті көтеруді қамтиды. Бүгінде елімізде бакалавриат бағдарламасы бойынша әскери мамандарды даярлайтын үш әскери жоғары оқу орны бар. Олар – Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты,
Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты.
Құрлық әскерлерінің Әскери институтының тарихы сонау 1970 жылдан бастау алады. Былтыр әскери институт жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Ал 2020 жылғы 11 қыркүйектегі Үкімет қаулысымен білім ордасына армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.
Институт бүгінде 12 мамандық бойынша құрлық әскерлерінің жоғары мамандандырылған офицерлерін даярлайды. Сондай-ақ заман талабына сай жаңа мамандықтарды да оқытып жатыр. Мысалы, оқу орны әскери медициналық қамтамасыз ету және радиациялық химиялық және биологиялық қорғау қызметінің офицерлерін даярлайды.
Институт әскери салада жаңа буын тәрбиелеу ісінде теория мен тәжірибені қатар ұштастырып отыр. Лекция тыңдауға арналған аудиториялар ғылым мен техниканың озық жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Болашақ офицерлер оқытудың заманауи техникалық құралдары, компьютерлік және есептеу аппараттарын кеңінен қолданады. Бұл – әлемдік стандартқа сай әскери мамандарды оқыту мен тәрбиелеу ісінде аса маңызды бағыттардың бірі.
Осы уақытқа дейін оқу орны 13 мыңнан астам офицерді даярлап шығарған. Оның 80-нен астамы Қазақстанда және шетелде генерал шенін иеленген. Әскери оқу орнының 400-ден астам түлегі өзінің әскери міндетін Ауғанстан секілді әлемнің «ыстық нүктелерінде» атқарған. Тәжікстан мен Ирактағы бейбітшілік операцияларына қатысқаны үшін жоғары үкіметтік наградаға ие болған институт түлектері де аз емес.
Қазіргі таңда радиотехника мамандығы бойынша офицер-инженерлерді дайындайтын Орталық Азиядағы тұңғыш әрі жалғыз жоғары оқу орны біздің елімізде. Ол – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Институттың құрылуы мен даму тарихы отандық әскери білім және ғылым жүйесінің даму жолымен тығыз байланысты.
Зенитті зымыранды, радиотехникалық әскерлері, авиацияны радиотехникамен қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері, қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің инженерлері, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қорғау саласының мамандарын даярлайтын оқу орны еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Институт еліміздің әскери саласына қажетті мамандарды оқытумен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының бағдарламасы бойынша Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларынан келген мамандарға білім береді. Осы орайда қорғаныс саласының үздік мамандарының шетелде жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екенін айта кеткеніміз жөн.
Болашақ әскери қызметкерлердің теориялық білімі нәтижелі болуы үшін ол практикалық сабақтармен толығуы қажет. Курсанттар теориялық білімін институттың оқу орталығында жетілдіре отырып, шынайы жауынгерлік техникаларда тәжірибеден өтіп, радиолокациялық бекеттер мен байланыс әскери техникаларында қызмет көрсетеді.
Оқу орны құрылғалы бері әскери білім беру саласында жетекші оқу орнына айналды. Институт қызметкерлері мен курсанттарының KADEX халықаралық қару-жарақ және әскери техника көрмесінің жұмысына да белсенді қатысып жүр. Ал мұндай халықаралық көрмеге қатысу үшін курсанттардың дене дайындығын қалыптастыруға жіті көңіл бөлінуі қажеттігі айтпаса да түсінікті. Білім алумен қатар салауатты өмір салтын қалыптастырып жүрген курсанттарға оқу базасында түрлі спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылады.
Әскери мамандар дайындайтын тағы бір оқу орны – Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты. Әскери ұшқыштар және ұшақтар мен тікұшақтарға техникалық қызметтер көрсететін және әскери мамандар даярлайтын Орталық Азиядағы жалғыз әскери оқу орны. Сонау 1974 жылы құрылған училищеде мыңдаған азаматтық авиация ұшқыштары даярланып, сол мамандар қазір әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр. Байтақ жердің бүтіндігін қорғау үшін әуеде ұшып жүрген әскерилер қатары жылдан-жылға жас мамандармен толығып отыр.
Онда курсанттар 4 жыл бойы әскери машықтарын жетілдіріп, авиацияның қыр-сырын меңгереді. Сондай-ақ олар ұшақтар мен тікұшақтарды басқаруды үйренеді. Тікұшақты басқармас бұрын олар теориялық білім алады. Алған білімін тәжірибемен ұштастыру жолында курсант инструктормен бірге әуеге көтеріліп, арнайы маршрутпен жүріп өтеді. Курсанттың әуеде ұшуына 50 сағат уақыт беріледі. Ол 20 сағатты инструктормен өткізеді, қалған 30 сағатта ұшақты өзі басқарады. Инструктормен өткізетін 20 сағат өте маңызды, өйткені курсанттың болашақта әуеге жалғыз көтерілуі немесе көтерілмеуі осы сәтте шешіледі.
Бүгінде ЖОО тек Қорғаныс министрлігі Әуе қарулы күштері үшін ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ІІМ авиацияларына кадрлар даярлайды. Еліміздің әуе қорғанысында жүрген офицерлердің 70 пайызы осы әскери институттың түлегі.
Елімізде әскери мамандарды даярлайтын орта және жоғары арнаулы білім беретін оқу орындары қатарында Алматы жоғары әскери академиясы, Шекарашылардың жоғары әскери институты, Әскери-теңіз институты, Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлері әскери институты,
Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусы, жоғары оқу орындары жанындағы офицерлер даярлайтын әскери кафедралар, курстар, С.Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан», Алматыдағы Б.Момышұлы атындағы және Қарағанды, Шымкент қалаларындағы әскери бағыттағы орта арнаулы мектептері бар.
Әскери кадрларды даярлау жүйесі отандық әскери білім мен ғылымның үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы әскери қызметкердің теориялық дайындығы мен жауынгерлік техниканы, қару-жарақты жетік меңгеруі, адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білуі, өзінің әскери міндеттерін терең түсінуі мен өз міндетін соңына дейін атқаруға дайындығы Отанымыздың қарулы күштерінің әлеуетін танытады. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деген болатын.
Алдағы жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Ширек ғасырдан астам уақыт аралығында елімізде ұлттық кадр даярлау жүйесі қалыптасты. Әскери білім беретін оқу орындарының оқу процесіне озық технологиялар енгізіліп, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді, білім беру ісі заман талабына сай жүргізілді. Нәтижесінде еліміздің әскері қайта құрылып, жас офицерлердің жаңа буыны қалыптасты.
Қазақстан өзінің қорғаныс қабілетін нығайтуға, білікті, кәсіби армия кұруға баса назар аударды. Мемлекет әскерін жаһандық сын-қатерлер мен өзгерістерге бейімдей отырып жетілдіре түсу маңызды. Сөзімізді нақтыласақ, әскери білім беру жүйесін одан әрі дамыту, сұранысқа сай жетілдіру, әскери дайындықты арттыру, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға атсалысу мәселесі күн тәртібінен түспек емес.