1522
Кемелдік келбеті
Кемелдік келбеті
Саясатты мемлекет басқарған тұлғалар жасайтыны белгілі. Сондай-ақ, саясат жайында аса ауқымды талдаулармен ел болашағы үшін істелген істердің мән-мағынасын жан-жақты түсіндіріп беретін де солар. Өйткені кез келген адам көтеріле алмайтын биіктен қарап – кең барлап, терең толғау үшін тек ел басқару тәжірибесі ғана емес, үлкен парасат, сындарлы ой керек. Сонда ғана ірі саясаткердің қаламынан халықты мемлекетшілдікке тәрбиелейтін мән-маңызы зор еңбектер тумақ.
Оқығанға осындай ой салатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ширек ғасырдан бері шығып келе жатқан кітаптары еліміздің бүгінгі және болашақ интеллектуалдары үшін зор пайдасын тигізері анық. Себебі Қазақстан Президентінің мемлекеттік мүдде тұрғысынан ой толғап, әлемдегі оқиғалар мен елдің дамуы жайлы жасаған талдаулары парасатты пайымға толы.
Жалпы дәрежесі биік дипломат, халықаралық қатынастар ісінің аса көрнекті тұлғасының бірі Қасым-Жомарт Тоқаев саяси мәселелер жөнінде, оның ішінде халықаралық маңызды оқиғалар жайлы кітап жазу ісін ерте кезден бастаған. 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітіргеннен кейін КСРО Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрып, 1983 жылы Бейжің лингвистика институтында 10 айлық тәжірибеден өтеді. Ал 1985 жылы Бейжіңдегі кеңес елшілігіне жіберіліп, онда 1991 жылға дейін екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында қызмет атқарған. Сонда жүргенде 1989 жылы Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңында болған студенттер толқуын көзімен көрген Қ.Тоқаев өзіне әсер еткен бұл оқиға туралы отандастарына әңгімелеп беруді алдына мақсат етіп қойған. Сөйтіп 1993 жылы «Как это было: хроника волнений в Пекине (04.1989-06.1989)» («Бұл қалай болды: Бейжіңдегі толқулар хроникасы. (04.1989-06.1989)» атты кітабын шығарды. Саясаткердің көзімен Қытайдағы болған оқиғаның жайы баяндалған бұл кітап қазіргідей ақпараттық технология дами қоймаған заманда қалың жұртқа Азиядағы алып елде болған жағдайдың себебі мен салдарын түсіндірген бағалы кітап болды.
1989 жылғы 15-18 мамырда КСРО Президенті М.Горбачевтің Қытайға жасаған ресми сапары кезінде Қытайда демократиялық өзгерістер болғанын қалаған Қытай студенттерінің толқуына қайта құру кезінде КСРО-да болып жатқан өзгерістердің дем бергені анық. Алайда Қытай коммунистік партиясы басшылығы мәселені келісіммен бейбіт түрде шешуге тырысып бақса да одан оңды нәтиже шығара алмай, бұл саяси дағдарыстан тезірек құтылу үшін ереуілдеткен халыққа қарсы күш құрылымдарын қолданды. Алайда бұл әрекеті Қытайды әлемдік қауымдастық алдында демократиялық өзгерісті қаламайтын ел ретінде танытып, Тяньаньмэнь оқиғасы әлі күнге оны сынаушыларға мықты аргумент болып келеді. Мәселенің осы жағына ой жүгірткен Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі Қытай басшылығының шешімі дұрыс болды ма деген сауалға жауап іздетеді.
Халықаралық дәрежедегі дипломат, әлемдік масштабтағы саяси үдерістердің дем-тынысын терең сезінетін Қ.Тоқаевтың 1995 жылы шыққан «Организация Объединенных Наций: полвека служения миру» («Біріккен Ұлттар Ұйымы: Бейбітшілікке жарты ғасыр қызмет» кітабында БҰҰ-ның әлем елдері арасындағы бейбіт келісімдер мен қатынастардағы рөлі жазылса, одан кейінгі «Тәуелсіздік туы астында» («Под стягом независимости», 1997), «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» («Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации», 1998), «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» («Дипломатия Республики Казахстан», 2001), «Беласу» («Преодоление», 2003), «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі («Дипломатическая служба Республики Казахстан», 2004), «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень», 2007), «Тарих жазған адам» («Он делает историю», 2010) кітаптары Қазақстанның саяси-экономикалық даму үдерісіне арналды.
Ал «Тәуелсіздік туы астында», «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» деген екі кітабында тәуелсіз Қазақстан Республикасының өз іргетасын қалап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесіне айналып халықаралық аренада өз даму жолы бар ел ретінде таныла бастаған кезі, геосаяси жағдайлардағы алғашқы қадамдары жайлы айтылады. Кітап авторы аталған еңбегінде экономика мен саясаттағы жаһандану мәселелерін толғап, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы экономикалық факторларға талдау жасайды.
Халықаралық қатынастардың бүге-шігесіне дейін білетін және бұл салада мол тәжірибесі бар Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» («Дипломатия Республики Казахстан») (2001) кітабын Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының алғашқы онжылдығына арнап, ел дипломатиясының жетістіктерін сараптаған. Кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси қызметімен қатысты маңызды оқиғалар туралы айтылып, сонымен қатар Елбасының әлемнің жетекші державаларының мемлекеттік қайраткерлерімен келіссөздерді қалай жүргізгені жан-жақты баяндалған. Әрине, мұндай кітапқа халықаралық дәрежеде көңіл бөлінбей тұрмайды, кітап шыққанына көп өтпей Бейжіңдегі «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігінің баспасы Қ.Тоқаевтың «Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның сыртқы саясаты» кітабын қытай тіліне аударып жариялады. 2001 жылғы 19 қазанда Бейжіңде тұсаукесері өткен бұл кітап көрші елдің Қазақстанға деген қызығушылығын оятып, еліміздің дипломатиялық әлеуетін тануға деген құлшынысын арттырғаны сөзсіз.
2003 жылы Қ.Тоқаевтың «Беласу» атты бесінші кітабы жарық көрді. Ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі болатын. Жұрт күткен «Беласу» кітабының тұсаукесері 2003 жылғы 7 наурызда Алматыда өтті. Жұрт күтті дейтініміз, Қазақстанның халықаралық аренада түрлі келісімдер жасағаны жайында көпшілік отандық БАҚ-та жарияланған ақпараттарынан білгенімен оның қандай жағдайда өткенін, онда Қазақстан мүддесі қалай қорғалғанын, сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекет қауіпсіздігі үшін жасаған мемлекетаралық келісімдері кезіндегі ерік-жігері туралы осы кітапта жан-жақты баяндалған болатын. Мол фактологиялық материалдарды қамтыған бұл кітап жаһандану жағдайындағы күрделі геосаяси әрекеттердің мәнін ашады. Кітаптың алғашқы бөлімінде автордың КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен шағындағы дипломат ретінде қалыптасқанын баяндайды. Ал кітаптың «Қазақстандық сыртқы саясат: алғашқы тәжірибе және алғашқы сабақтар» деп аталатын келесі бөлімінде тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық саласының қалыптасып-дамуы, сол сияқты, алғашқы дипломатиялық қадамдары жайында айтылады.
Әрине, тыңнан жол салу, алғашқы ұмтылыстар қиын да күрделі болатыны ақиқат. Ал геосаяси тұрғыдан Қазақстан жағдайында жас дипломатияға артылар жүк те көп еді. Неге десеңіз, енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізген жас мемлекетке өзімен шекаралас жатқан Ресей, Қытай, алыста болса да әлемдік саясатта салмағы басым АҚШ секілді ірі державалармен қарым-қатынасты айқындап, анықтап алу керек еді. Ашығын айту керек, ол тұста посткеңестік кеңістіктегі Ресей, Украина, Беларусь, Орталық Азия, Кавказ мемлекеттерімен әуелгі келісімдер онша қиындық тудырмады, олармен қысқа уақытта дайындалған құжаттарға ресми кездесулерде созбаққа салмай-ақ тез қол қойылатын. Сондықтан осындай қарым-қатынасты одан әрі тереңдете түсудің мән-маңызының болашағын жете түсінген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш Еуразиялық одақ идеясы жайлы мәселе көтеріп, бұрынғы одақтастарды жаңа кеңістікте интеграция жасауға шақырды және ол жеміссіз болған жоқ. Азияда қауіпсіздік жөніндегі ұйым құру идеясы негізінде Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пайда болды. Кітапта осылардың бәрі жүйелі түрде баяндалып, нақты деректермен өрнектелген.
«Беласудың» соңғы бөлімінде ХХ ғасыр аяқталып, ХХІ ғасыр басталар тұстағы дүниежүзінде қалыптасқан саяси жағдайлар талданып, әлемге БҰҰ-ның қалай ықпал жасағаны таратылып түсіндіріледі. Әлемдік қауымдастықтың ең жоғарғы ұйымы жер бетінде бейбітшілікті сақтауда мол үлес қосқаны анық, бірақ терроризм мен экстремизм өршіп тұрған кезде Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын реформалап, қалыптасқан жағдайдың салдарымен емес, себебімен күресудің жолын табу керек деген ойды айтады кітап авторы.
Экстремизмнің күшеюі немесе лаңкестік әрекеттердің тыйылмай тұруына не себеп? Бүгінгі терроризм өткен ғасырдың басындағыдай өзгенің байлығын тартып алу немесе түрлі әлеуметтік топтар арасындағы өшпенділік емес. Қазір ондай лаңкестік ұйымдарға дем берушілер бақуат тұрады және олар өздеріне қолайлы елдерде өмір сүреді, қаржысы да мол. Сондай-ақ, экстремистік ұйымдар өз мақсаттарын ашық білдірмейді. Діни сенімді уағыздап, қатарына қосылғандарды өз жоспарларының құрбаны етуден тайынбайтын ұйымдардың көздеген мақсаты не? Міне осындай проблемаларды қозғай келе Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның қызметін реформалау керектігі жөнінде айтқан ойларының маңызды екенін сауатты оқырман жақсы түсінеді.
«Беласудағы» ең бір назар аударатын тұс кітап авторының кәсіби дипломат ретіндегі өзге елдің дипломатиясының қыр-сырын терең меңгеріп, олардың ерекшелігін баяндауы. Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытаймен түрлі келіссөз жүргізу барысында қарсы тараптың нені білуі керек екенін, соған орай келісімдердің қалай бет алуы мүмкін екенін болжауға болатынын соқырға таяқ ұстатқандай қылып көрсетеді.
«Қытайлықтар «жоқ» деген сөзден қашқақтап тұрады екен. Әсiресе ресми араласу кезiнде. Егер Қытай дипломаттары мәселе зерттеудi талап етедi десе, бұл жауапқа алданып қажетi жоқ, бұл – бас тарту. 1993 жылы Бейжіңде болған келiссөздер уақытында Н.Назарбаев Цзян Цзяминге Семей және Лобнор полигондарына тексеру жүргiзу жөнiндегi бiрлескен жұмыс тобын құруға ұсыныс жасады. Қытай басшысы мейманның көңiлiн қалдырғысы келмедi, «зерттеу керек» дедi де қойды. Ал бұл келiспеген жауап екенi мен үшiн айдан анық болатын. «Жоқ» деген сөз естiлмеген соң бiздiң ортамызда бұл жалған үмiт бiрнеше жыл бойы сақталып келдi. Менiң өз әрiптестерiме қытай менталитетiнiң ерекшелiктерiн түсiндiруiме тура келдi. Қытай тарихын зерттей жүрiп, зияткерлермен әңгiмелесе келе мен қытайлықтар сана-сезiмi аса жоғары деңгейдегi ұлт екенiне көзiм жеттi. Олар өздерiнiң көне тарихын құрмет тұтады, оны мақтан етедi», − дейді Қ.Тоқаев.Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік шекараны толығымен белгілеп, шекаралас елдермен арада ешбір дауға орын қалдырмауы оның ең жоғары жетістіктерінің бірегейі ретінде жиі аталып жүр. Ал сол кезінде қалай жүзеге асып еді? Басқа елдерді былай қойғанда, тек Қытаймен арадағы шекара сызығын белгілеудің өзі аса қиын іс еді. Бұл жайында «Беласуда» авторы былай баяндайды:
«…Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара сызығының өтуi туралы келiсiмге орай кейiнде елiмiзде әртүрлi пiкiрлер етек алғандықтан, шекара проблемаларына байланысты екi лидер уағдаластығына неғұрлым толығырақ тоқтала кетудi жөн көрiп отырмын. Мұнда екi даулы учаске – Талдықорған облысындағы Сарышелдi өзенi ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Шағаноба деген жерiне байланысты келiсiм өте-мөте өткiр сынға ұшырады. Менi көне салды, Қазақстан жерiн Қытайға берiп қойды деп айыптады. Бұл орайда шекара мәселелерiнiң тарихы әрiде екенiн айта кетейiн. Қытай мен Ресей арасындағы алғашқы шартқа ХVII ғасырдың орта шенiнде Цин әскерi қысымымен орыстардың Албазин қаласы құлаған соң қол қойылған. Бұл құжаттарда Сiбiр мен Қиыр Шығыс ауданындағы, сондай-ақ Орта Азия учаскелерiнде, соның iшiнде қазiргi Қазақстан мен ҚХР арасындағы шекара айқындалды. Алайда екi жақ жүзжылдыққа таяу уақыт бойына шекара мәселесiн көтерген жоқ, әрқайсысы өз iстерiмен болып жатты. 1911 жыл Цин әулетi өмiр сүруiн тоқтатып, республика құрылды. Бұдан соң бұл ел азамат соғысына және жапондықтарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа ұрынды. Жиырмасыншы жүзжылдықтың алғашқы жартысы КСРО үшiн де ауыр болды: ел азамат соғысын және Ұлы Отан соғысын бастан өткердi. КСРО мен ҚХР шекара сызығын анықтауға тек 1964 жылы ғана кiрiстi. Бұл жерде осы келiссөздерге мен жоғарыда айтып өткен патшалық Ресей мен циндiк Қытай арасындағы шартта заңдық негiз болғанын атап айту маңызды. Даулы учаскелерге келсек, бұл жөнiндегi жұмыстар шекара келiссөздерi шеңберiнде жалғасты. Бiз шарттар мәтiнiн мұқият талдап, шекара сипаттамаларын оның iс жүзiнде өтуiмен салыстырдық. Жердiң бедерi (рельефi) оның табиғи жағдайы мен уақытша факторларына байланысты көптеген өзгерiстерге ұшырағаны анықталды. Шарт құжаттарында бiр басқа да, ал шекараның өзi бiр басқа. Осы шекара мәселесi бойынша көптеген мамандар жұмыс iстедi. Заңгерлер, топографтар, картографтар, геологтар және шекарашылар. Шын мәнiнде шекараның әрбiр метрi зерттелдi. Барлық факторлар, соның iшiнде халықтың орналасуы мен мал жайылымдары, бағалы кен көздерi есепке алынды. Ұзақ пiкiрталастар нәтижесiнде екi мемлекет арасындағы шекара жобамен, сол даулы учаскелердiң ортасымен өтуге тиiстiгi айқын болды. Айта кетер бiр жағдай, Қытай тарапы қолында даулы жерлерге түгелдей дерлiк қатысты мықты дәлелдемелер болды, бiрақ ондай көзқарастың келешегi жоқ екенiн олар да түсiндi. Өйткенi бiз бұл жер аумақтарын Қытайға ешқашан да бермеген болар едiк. Өзара келiсiмге келмеу ешбiр жақсылық әкелмейтiн. Бұл даулы жерлер екi ел арасындағы нағыз «даудың басы Дайрабайдың көк сиырына» айналып, шекара жағдайларын барынша қиындатып, осыған байланысты әртүрлi салдарларға ұрындырары мүмкiн едi. Кеңес Одағының өзi ҚХР-мен шекара жанжалдарын қинала бастан өткерген болса, Қытайдың пайдасына Даман аралынан бас тартуға мәжбүр болса, Қазақстан өзiнiң аса қуатты көршiсiмен егеске баруға жол бермеуге тиiс екенi айтпаса да түсiнiктi. Мен қазақ жерiн Қытайға «беруге көне салды» немесе «тегiннен тегiн бердi» деген тезистерге үзiлдi-кесiлдi қарсымын. Ешқандай көне салушылық болған жоқ. Өткен уақыттардан бiзге мұра болып қалған бұл жер дауы саяси жағынан да, заңды тұрғыдан да барынша мүлтiксiз, қолда бар шарт құжаттарына қатаң сәйкес шешiлдi. Өзiңе тиесiлi емес нәрседен дәмеленiп те, оған көнiп-көнбеудiң де қажетi жоқ. Шекара туралы мұндай келiсiмнiң орынды болуына күмән бiлдiрушiлiк Қытай тарапынан да болғанын айта кеткенмiз жөн. Кейбiр Бейжің «желөкпелерi» «Қытай әлсiздiк көрсетiп, Қазақстанның айтқанына көнiп қалды» дегендi айта бастады. Бұл келiсiмдi Тайвань баспасөзi өткiр сынға алды. Аралдағылар қытай коммунистерi үлкен қателiк жiбердi, гоминьдан режимi мұндайды ешқашан жiбермес едi деп шуласты… Шекараны делимитациялауды аяқтау туралы мемлекет басшылары деңгейiнде қол қойылған келiсiм, елiмiздiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде орасан зор маңызға ие. Аспан асты елiмен соғыс және әртүрлi жанжалдарға толы болған тарихи ұзақ уақыттан соң Қазақстан Қытаймен тең құқықты ынтымақтастық қатынас жасай отырып, мемлекет ретiнде тұңғыш рет өз шекараларын айқындап алды. Ендi Қытай карталары дәл осы құжаттарға сәйкес көрсетiлмек. Қытай жағы бұрын өздерiне мұндай жауапкершiлiк алмаған болатын. Расында да, ҚХР-да бұрын шығарылған карталарда, Балқаш көлiн қоса алғанда, бiрсыпыра жер көлемi iшiнара Қытайдiкi деп бөлген. Қытаймен даулы жерлердi реттеу халықаралық қоғамдастықта оң пiкiрлер тудырды. Бұл тақырып дүниежүзiлiк бұқаралық ақпарат құралдарында белсендi түрде түсiндiрiле бастады. Мен өзiм де осы келiсiмдi әзiрлеушiлердiң бiрi ретiнде, құдiреттi Қытаймен уағдаластыққа қол жеткiзгенiмiз үшiн шетелдегi әрiптестерiмнен көптеген құттықтау хаттар алдым».Сонымен бірге осы кітапта Қытай коммунистерінің көсемі Мао Цзе Дунның кезінде өзіне ұнамаған тағы бір қытайлық үлкен саясаткер Дэн Сяопинді жер аударып, «қайта тәрбиелеуге» жіберсе де көзін құртпай сақтауы, кейін оның Қытай билеушісі ретінде табысты реформа жүргізіп, ел экономикасын қарқынды дамытуға зор еңбегі сіңгені әңгімеленеді. Бұл – ел басқарғандардың мемлекетшілдігі әрдайым жеке бастың мүддесінен жоғары тұруы тиіс деген даналық қағидасын алға тартады. «Беласудан» соң төрт жыл өткенде жарық көрген «Нұр мен көлеңке» («Свет и тень») атты кітабында да Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саяси қызметіне, шетелдер мен мемлекетіміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының дамуы туралы терең талдаулар жасаған. Бұл кітабында дарынды дипломат ғасыр басында өзі куә болған саяси оқиғаларды жазушылық шеберлікпен әсерлі әңгімелей отырып, кітаптың атауына сәйкес саясаттағы түрлі қарама-қарсылықтардың мәнін ашып, заңдылығы жайлы ой толғайды. Кітапты оқып отырып дипломатиялық қызметтің қаншалық күрделі әлем екеніне көз жеткізесің. Өйткені үнемі мүдделер қақтығысы жүретін алаңда өмірі өтетін дипломаттардың қысым көру мен басымдық таныту, келісімге кедергі келтіретін жағдайларға тап болу мен тиімді келісімге қол жеткізу секілді түрлі жағдайлардың арасынан өзіне қажет компромиске келуі аса қиын нәрсе. Себебі сенің артыңда тұтас мемлекет тұр. Осының бәрінің үддесінен шығуға тырысу − сұңғыла саясаткерлік пен қарсыласыңның алдын орайтын алғырлық, факттерге иек сүйей отырып, мәселені өз пайдаңа шеше білетін табандылықты талап етеді. Кітаптың алғашқы бөлімі Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сайлауындағы жеңісі мен оның маңызына арналса, екінші бөлімде әлемге танымал саясаткерлер – БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан, ҚХР Төрағасы Цзян Цзэмин, Ресей президенті Борис Ельцинге арналған портреттік талдаулар бар. Пайдаланылған детальдар олардың әрбірінің тұлғалық қасиетін танып, баспасөз бетіндегі қалыптасқан бейнесінен өзге қырынан тануға мүмкіндік береді. Ал «Президенттік дипломатия» атты тарауында Қазақстан дипломатиялық қызметінің қалыптасуы мен дамуына және халықаралық қауымдастыққа теңқұқықты мүшесі болуына Елбасының сіңірген еңбегі жайлы айтылған. КСРО-дан қалған ядролық қарудан бас тарту, мемлекеттік шекараны межелеу секілді мәселелерді Қазақстан басшылығының табандылықпен шешуі зор жетістік десек, соның қалай жүзеге асқанын осы бөлімнен білуге болады. Кітаптың төртінші тарауы Қ.Тоқаевтың дипломатиялық қызметі барысында кездестірген саясаткерлердің образдарына арналған. «Нұр мен көлеңкенің» соңғы тарауынан автордың дипломатиялық мансабының халықаралық аренадағы оң нәтижесі мен Қазақстанның сыртқы саяси бейнесін қалыптастырудағы маңызын тануға болады. Бүгінде тарих, құқықтану, халықаралық қатынастар бойынша отандық оқулықтардың жетіспей тұрған кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық қызмет туралы талай оқулығы мен оқу құралы оқытушылар мен студенттердің басты кітабы болды десек қателеспейміз. Бұл орайда, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі» («Дипломатическая служба Республики Казахстан») кітабы нағыз бестселлерге айналды. Қазақстан Президенті қаламынан туған кітаптардың ішінде не туралы екені атауынан көрініп тұрған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы шындық», Қазақстанның сыртқы саясатына арналған «Сыртқы саясат векторлары», Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Тарих жазған адам», Қазақстанның халықаралық саяси бағыты туралы «Дипломат очерктері» атты еңбектерінің де берері көп. Түрлі саяси мәселелерге арналған бұл кітаптар бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінің қандай асулардан асып, қандай қиындықтарды еңсергенін шындықпен сыр қып шертеді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы толғаныс» («Слово об отце) атты кітабы оның өзге кітаптарынан тақырыбы, бағыты мен жазылу стилі жөнінен ерекшеленіп тұрады. Бұл кітап болашақ Қазақстан Президентінің отбасы мен өскен ортасы жайында әңгімелейді. Қай заманда кімге болса да мәні ескірмейтін, халыққа керекті кітап жазу оңайға соқпаған. Себебі кітаптың тақырыбы мен жазылу стилінде сонылық болмаса, ол кітапқа авторы кім болса да ұзақ өмір сыйлай алмайды. Ал кітап авторының тағдыры өзгеше, мәртебесі биік болса әрі оның жазғаны өз елінде бұрын түрен түсе қоймаған тақырыпты терең қазу нәтижесінде туған кітап нағыз жазушылық дарынмен жазылса, онда ондай еңбектер баға жетпес қазынаға айналады. Бұл сөзді біз қазақ, орыс, қытай, түрік тілдерінде шығып, ойлы оқырмандардың рухани олжасына айналған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туындыларына арнап айта аламыз. Тұлғалардың өзгелерге әсер етуінің түрлі жолы бар. Соның ішінде бойдағы парасат шуағының жылуы арқылы өзгелердің жүрегіне жол табу нағыз бақыт. Біз кітаптарын оқып, мақаламызға арқау етіп отырған бүгінгі Қазақ мемлекетінің басшысы сондай бақытқа ие тұлға екені даусыз.
Қуат ӘУЕСБАЙ