515
Түркі кеңесі туыс елдерді жақындата түседі
Түркі кеңесі туыс елдерді жақындата түседі

ХХ ғасырдың соңында КСРО күйреп, әлем картасына өзгерістер енуі әлемдік саясатты қайта қарауға, көптеген елге мемлекетаралық қатынастарды жаңаша құруға итермелегені белгілі. Сол орайда халықаралық қатынастарда біраз маңызды қадамдар жасауға түрткі болған нәрсенің бірі түбі бір түркітектестер – қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, әзербайжанның тәуелсіздік алып, жаңа ғасырда тәуелсіз түркі мемлекеттерінің қатары көбейгені еді.
Әрине, мұндай жағдайда ол мемлекеттер бір-бірімен жақын араласпай тұра алмайды. Сондықтан олардың өзара бірігуі, жақын қарым-қатынас жасап, идеологиялық, мәдени жақтан кіріге түсуі заңды нәрсе. Сол себепті түркі мемлекеттерінің басын біріктіретін ұйымның бірі – Түркі кеңесі 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында құрылып, түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым ретінде жұмыс жүргізіп келеді. Түркі кеңесіне Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мемлекеттері мүше. Оған бақылаушы мемлекет Мажарстан болса, Түркіменстан әлеуетті мүше мемлекет. Түркі кеңесіне қарасты Стамбұлдағы хатшылық, президенттер кеңесі, сыртқы істер министрлерінің кеңесі, аға лауазымды тұлғалар комитеті, түркітілдес мемлекеттердің ақсақалдар кеңесі, Бакуде Парламенттік Ассамблея (ТүркПА), Нұр-Сұлтандағы Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және Түркі іскерлік кеңесі, Анкарадағы Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) секілді мекемелер бар. Президенттер жылына екі рет кездеседі.
Түркі кеңесі – Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына және халықаралық құқықтың басқа да танылған қағидаттары мен нормаларына, соның ішінде егемендік теңдікке, аумақтық тұтастыққа және мемлекеттердің халықаралық танылған шекараларының қол сұғылмауына, сондай-ақ халықаралық бейбітшілікке, қауіпсіздікке және тату көршілікке, мүше мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамыту мен ынтымақтастыққа бағынатын үкіметаралық ұйым.
Түркі кеңесі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, кең ауқымды ынтымақтастықты дамытуға және оның мүше мемлекеттерінің ортақ даму әлеуетін ашуға арналған ұйым. Ол елдердің нақты тобын біріктірсе де, ұйым айрықша көзқарасқа ие емес. Керісінше, түркітілдес елдер арасындағы терең қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамыту арқылы Еуразия құрлығында, әсіресе Орталық Азия мен Кавказда халықаралық ынтымақтастықты дамытудың жаңа аймақтық құралы ретінде қызмет етуге ұмтылады.
Ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ сәйкестік және ортақ мәдениет сияқты төрт негізгі тірекке салынған Түркі кеңесі бұл ортақ шекаралармен шектелмейді. Оның орнына, ол экономика, ғылым, білім, көлік, кеден, туризм және басқа да түрлі салалардағы мемлекеттер арасындағы екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Сондықтан Түркі кеңесі өзінің мүше мемлекеттерінің шеңберінде шектеліп қалмайды және өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, әсіресе көлік, кеден, туризм және т.б. салаларда, көрші мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынаста болады.
Түркі кеңесі құрылғалы бері оның жеті рет саммиті болып өтті. Түркітілес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің алғашқы саммиті 1992 жылдың 30 қазанында Түркияның сол кездегі президенті Тұрғыт Озалдың бастамасымен Анкарада өтіп, оған Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан басшылары Тұрғыт Озал, Нұрсұлтан Назарбаев, Абульфаз Елшібей, Ислам Кәрімов, Сапармұрат Ниязов және Асқар Ақаев қатысты. Алғашқы саммитте қатысушылар саяси ықпалдастық пен экономикалық бірліктің орнағанын жариялады. 1993 жылы 12 шілдеде Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыда Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымын құру туралы келісімге қол қойылды. Екінші «Түркітілдес мемлекеттердің саммиті» 1994 жылы 18 қазанда өтті, оның барысында қатысушылар бір жыл бұрын қайтыс болған президент Тұрғұт Озалдың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен қатар, 1992 жылы Алматыда Түркі өнері мен тілдерінің біріккен басқармасы, 1998 жылы Бакуде Түркі кеңесінің қарамағында Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы құрылды. Сондай-ақ, Түркіменстан мен Венгрияның Түркі кеңесіне қосылу мүмкіндігі туралы айтылды. Түркі кеңесінің алғашқы аймақтық диаспорасының өкілдігі 2014 жылдың 24 желтоқсанында Киевте Украина әзербайжандарының Біріккен диаспорасының кеңсесінде ашылды. Негізгі үйлестіруші болып Хикмет Джавадов сайланды. 2014 жылы өткен Бодрумдағы кеңестегі саммитке Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, сондай-ақ Түркіменстан өкілдері қатысты. Содан кейін Түркіменстанның кеңес құрамына енетіні жарияланды.
2015 жылы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің V саммиті Қазақстанның елордасы Астанада өтті. Саммиттің кешегі алғашқы күнінде мүше елдер Түркия, Әзербайжан, Қазақстан және Қырғызстанның Сыртқы істер министрлері бас қосты. Күн тәртібінде ақпарат ынтымақтастығы туралы мәселе көтерілді.
2018 жылы 30 сәуірде Өзбекстанның Түркі кеңесіне қосылатыны жарияланды және ұйымның Бішкекте өтетін саммитіне қатысты.
2018 жылғы 3 қыркүйек күні Түркі кеңесіне мүше мемлекет басшылары Қырғызстанда бас қосты. Сол тұста Түркі елдері одағы туралы бірлі жарым ақпарат жарық көргенімен елең еткізерліктей маңызды сөздер айтыла қоймады, есесіне орыстілді ақпарат көздері «Орта Азияға Түркі кеңесі неге қажет?» деген мәселе төңірегінде астарынан теріс пиғыл байқалатын материалдар жариялады. Сондай-ақ сол тұста Ресейдің «Пантүркизммен күреске 8 миллион рубль ақша бөлгені» туралы айтылды. Демек, Түркі кеңесінің өзге де түркі халықтарын қатарына қосуы орыс билігіне ұнамайды деген сөз. Саммиттің тақырыбы «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық» болды.
2020 жылы сәуірде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен коронавирус пандемиясына қарсы күреске арналған бейнеконференция форматында Түркі кеңесінің кезектен тыс саммиті өтті. Онда Түркі кеңесін құрудың алғашқы кезеңдері туралы сөз болды.
Биыл Қазақстанда Түркістан қаласында өтпек болған Түркі кеңесінің бейресми саммитін бейнеконференция режимінде өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Эпидемиялық жағдайға байланысты қазақстандық тарап үстіміздегі жылдың 31 наурызына Түркістан қаласында жоспарланған Түркі кеңесінің бейресми саммитін бейнеконференция режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім туралы ТМЫК Хатшылығына ресми түрде хабарланды. Саммитке Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет басшылары мен осы ұйым бақылаушысы Венгрия премьер-министрі қатысатын болады. Саммит қорытындысы бойынша Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялайтын Декларацияға қол қойылады деп күтілуде.
Түркі кеңесі құрылғаннан бергі жердегі тарихына көз жүгіртсек, түрлі мекемелер құру мен оны реформалау ісімен көбірек шұғылданғандай әсер береді. Дегенмен қарым-қатынастардың рухани-мәдени жағына көп мән беріліп жатқаны байқалады.
Әрине, түркі болашақта экономикалық жақтан күшті байланыстар орнатып, түрлі салада бірігіп жұмыс істей бастағанда байланыстар нығая түссе, бұл ұйымның да беделі арта түспек. Сондықтан алдағы кезде Түрік кеңесі жаңа биікке көтеріліп, туыстас мемлекеттерді бұрынғыдан да бетер жақындастыра түссе, көптеген жетістікке жетер деген үміт бар.