Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда болған қайғылы оқиғаға қатысты пікірін әлеуметтік желіде жария етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол жол-көлік оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтқан.
"Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұған дейін хабарланғандай, факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті жүргізушіге сот санкциясымен қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды. Ол заңның бүкіл қатаңдығымен жазаланады. Менің тапсырмам бойынша Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің қызметкерлері жіберілді. Жан-жақты тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар басқа да заң бұзушылықтардың болуы туралы уәждер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшылар атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Барлығына құқықтық баға берілетінін ерекше атап өтемін. Ешкім де жауапкершіліктен жалтара алмайды. Заң бәріне ортақ", - деп жазды Ержан Сәденов.
Еске салайық, 22 наурыз күні Алматыда жол апаты болып, үш адам қайтыс болғаны туралы жазған едік.