Үш жылдан кейін ашылған құпия

Үш жылдан кейін ашылған құпия

Үш жылдан кейін ашылған құпия
ашық дереккөзі
310

Калачидегі «ұйқышылдық дертінің» нақты себебі айтылды

Ақмола облысының Калачи ауылындағы жағдай көптің есінде болар. Бірнеше жыл бойы ауыл тұрғындары себебі белгісіз «ұйқышылдық дертінен» зардап шеккен еді. Түсініксіз аурудың нақты себебін анықтауға еліміздің және көрші Ресейдің мамандары жұмылдырылды. Бірақ 2013 жылы басталған «ұйқышылдық дертінің» сыры енді ғана нақтыланды. Калачидегі белгісіз дерт 2013 жылдың 24 наурызынан басталған. Осы уақыттан бастап ауылда 133 тұрғын қалың ұйқыға кетті. Олардың қатарында 3 жастағы баладан 70 жастағы қарттарға дейін бар. Медицина мамандарының сөзіне сенсек, аурудың басты белгісі – ағзаның әлсіреп, мидағы қан айналымының бұзылуы. Сондықтан «ұйқышылдық дертімен» ауырғандарға мидағы қан айналымын жақсартып, миды қоректендіру үшін емдеу шаралары жүргізілді. Үш жылдан бері Калачи ауылындағы «ұйқышылдық дертіне» себеп болған улы газ екендігі айтылып келгені белгілі. Алайда жұртты қалың ұйқыға батырған улы газдың атауы аталмаған. Жылдар бойы осы дерттің сырын анықтаған мамандар жақында «ұйқышылдық дертіне» себеп болған – радон элементі екенін жариялады. Аурудың себебін анықтау үшін Калачиде зерттеу жүргізген Қазақстан мен Ресейдің білікті мамандары сырқаттың туындау себебін ашық жатқан уран шахтасынан шыққан радон газының ауаға таралып, суға араласуымен байланыстырды. Мамандар зерттеуінің қорытындысын Ақмола облысы, Есіл ауданының әкімі Аманбек Қалжанов та растап отыр. Тіпті, аудан басшысы ауылда қалған тұрғындарға бұл елді мекеннен ертерек көшіп кетуге кеңес берді. Себебі бұл ауылда тұру – адам өмірі үшін қауіпті екен. Бірақ Калачи тұрғындарының көпшілігі елді мекеннен көшкілері келмейтіндігін әуелден-ақ айтып келеді. Бұған бірнеше белгілі себептердің бар екенін айтып отыр. «Ұйқы ауруына» ұшыраған ауылдың мәселесі Үкіметтік деңгейде көтеріліп, ауыл халқын басқа жерге қоныстандыру үшін ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінген болатын.  Алайда Калачи ауылының көпшілігі жергілікті билік өкілдеріне өздерінің көшкілері келмейтінін айтқан. Белгісіз дерт пайда болғаннан кейін елді мекеннен көшіп кеткен отбасылардың 10 шақтысы Калачиге қайта оралған көрінеді. Ал кезінде осы ауылдағы уран өндірісінде қызмет еткендер «аурудың саябырсуы қауіптің сейілгенін білдірмейді» деген салмақты болжам жасады.  Ел қазынасынан бөлінген 2 млрд теңге калачиліктерге арнап Есіл және Жарқайың аудандарында жаңа тұрғын үйлер тұрғызуға жұмсалады. Жергілікті биліктегілердің айтуынша, қара күз түсіп, күн суытқанша калачиліктер сонда қоныс аударуы тиіс.  Ал не істерін білмей дал болған халық жұмбақ аурудың нақты себебі анықталып, күмән-күдігіміз сейілер деген үмітте. Аудан әкімінің айтуынша, Калачиде «ұйқышылдық дертінен» бөлек онкологиялық сырқаттан жылына шамамен 35 адам қайтыс болатын көрінеді. Елді мекен орналасқан аймақтың қауіпті екенін жергілікті басшылар жақсы білетін болса, бұл ауылды неге ертерек жауып тастамаған? Елімізде экологиялық тұрғыдан қауіпті елді мекендерді жойып жіберу деректері бұрын да тіркелді емес пе?! Ұйқы басқан Калачидегі ауруға улы газдың себеп болғандығы туралы бұған дейін де талай рет сөз болған. 2015 жылдың шілдесінде сол кездегі  Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Кезінде бұл жерлерде уран шахтасы болған. Кей кезде мұнда улы газ бен көмірсутектің үлкен концентрациясы пайда болып, оттегінің мөлшері төмендейді. Осының салдарынан тұрғындарды ұйқы қысады. Тұрғындарды медициналық тексерістен өткіздік. Ғалымдарды, мамандарды, радиация және экология, гигиена және кәсіби аурулар, ядролық физика институттарының қызметкерлерін бұл жұмысқа тарттық. Олардың зерттеулерінің нәтижесін Прагаға, Мәскеуге, Обнинскіге жібердік, олар біздің мамандардың қорытындысын растады», – деп мәлімдеген болатын. Сонда уран шахтасынан шыққан улы газдың кесірінен Калачидің қалың ұйқыға кеткенін растау үшін мамандарға бақандай бір жыл керек болғаны ма? «Ұйқы ауруын» ауыл маңындағы жабық уран кендерімен байланыстырғаннан кейін де қазақстандық ғалымдар түрлі нұсқаларын ұсынып бақты. «Калачидегі белгісіз ауруға ауадағы иіс газы мен көмірқышқыл газының үйлесіміндегі оттегінің аздығы себеп болуы мүмкін» деген мәлімдеме де отандық ғалымдарға тиесілі. Ауылдың 12  су қоймасынан алған жерасты ауасы мен суын, сондай-ақ жер қыртысын зерттеу нәтижесінде ғалымдар бұл 3 элементтің қалыпты нормадан артық екенін анықтаған. Сол кезде еліміздегі Ұлттық ядро орталығы бас директорының орынбасары Сергей Лукашенко: «Жергілікті халықтың тең жартысының қан құрамында карбоксигемоглобиннің қалыпты мөлшерден артық екені анықталды. Біздің мақсатымыз – бұған әсер еткен факторларды анықтау. Мәселе қоршаған ортамен байланысты екені дау тудырмайды. Зерттеу барысында ол себептерді міндетті түрде анықтайтын боламыз», – деп уәде бергені де есте. Иә, мамандар міндеттерін орындады. Тек зерттеу қорытындысын анықтаудың ұзақ уақытқа созылғаны болмаса, бүгінгі нәтижеде еш өзгеріс жоқ. 2013 жылдан бастап адамдары ұйықтап қалатын бұл ауылдың құпиясын сол маңда жабылып қалған уран шахтасынан шыққан радиациямен байланыстырғандардың болжамын үстіміздегі жылдың маусым айында ғалымдар кезекті рет жоққа шығарды. «Бұл дерттің радиациямен еш қатысы жоқ екеніне жүз пайызға кепіл бере аламын. Радиация құрамында радонның радионуклині көп. Алайда оның «ұйқы ауруына» еш қатысы жоқ. Ал бұл дертті біз өз көзімізбен көрдік. Институтымыздың мамандары 2014 жылдан бері сол жақта. Бұл осы ауылдың ерекше ауа-райымен байланысты», – деді Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Сергей Лукашенко. Бұл белгісіз «құпия» дертке шалдыққан тұрғындардың арасында екі рет ұйықтап қалғандары бар. Олар дәрігерлердің бақылауында болды.  Ұлттық ядролық орталық өкілінің бағалауынша, ауаның мұндай көрінісі – табиғи қалыпты жағдай. Улы газдың көбеюі ауылдың климаттық ерекшеліктеріне байланысты туындаған жергілікті фактор. Мұнда үнемі температуралық инверсия болып тұрады. Сондықтан түтін жоғары кетпей, төменде таралады екен. Бұл – Лукашенконың маусым айындағы пікірі. Десек те, арада бірнеше ай өткенде мамандар ақыры бұл ауылдағы жағдайдың улы газбен тікелей байланысты екендігін нақтылады. Енді бұл қорытындыны ешкім де жоққа шығара қоймас деп үміттенеміз. Жалпы, кезінде 680 тұрғыны болған Калачи 30 жыл уран өндірумен айналысқан Красногор кентінен небәрі 600 метр қашықтықта орналасқан. Уран өндірісімен айналысқан жабық қала Красногордың 6,5 мың тұрғыны болса, қазір олардың саны 130 адамды құрайды. Кеңес өкіметі құласымен руда өндірісі жұмысын тоқтатып, шахталар жабылды, топырақ құрамы да залалсыздандырылған екен. Шахта жабылғанымен, оның зардабын бүгінгі калачиліктер тартып отырғаны расталды. Мамандардың зерттеуінше, кеселге шалдыққандар ауылдың әртүрлі аумағында тұрады. Ауыз суды ортақ құдықтан пайдаланады. Ауа, топырақ құрамы, азық-түлік толық зерттелген. Тұрғын үйлер мен жертөлелерде радон газы 226-дан 1942 Бк/м3-ке дейін ауытқитындығы анықталды. Бұл тиісті деңгейден жоғары. Ауыл тұрғындары терезелерін целлофан пленкаларымен қымтап қояды. Мамандар үйлерді желдеткенде ауадағы газ құрамы біршама төмендегенін айтады. Деректерге сүйенсек, радон элементі жалғыз жүрмейді. Радон әрқашан уранмен ілесіп жүреді. Ол – инертті газ. Ураннан бөлініп шығып, альфа сәулелер бөледі. Ал альфа сәулесі дегеніміз – радиоактивті бөлшектер. Егер көп мөлшерде ауаға таралып, сумен араласса, адам организміне кері әсерін тигізеді. Түрлі онкологиялық аурулар пайда болады. Калачи ауылында бір жылда отыздан астам адамның онкологиялық аурулардан қайтыс болуының сыры да осы элементте болса керек. Радонның салдарынан адамның иммунитеті әлсіреп, қан айналымы бұзылады. Медицина мамандарының «ұйқышылдық дертіне» шалдыққан калачиліктерден дәл осы белгілерді байқағанын ескерсек, Калачидегі жағдайға радон элементінің себепкер болғандығын анықтаған мамандардың қорытындысы орынды. Елімізде белгісіз дерт орын ала қалса, оның сырын анықтау үшін мамандардың жүргізетін зерттеу жұмыстарының ұзаққа созылатындығына әбден етіміз үйренді. Бір ғана Калачидегі дерттің нақты сырын білу үшін қазақстандықтар 3 жыл күтуге мәжбүр болды. Ал осы секілді елімізде себебі анықталмаған жағдайлар қаншама?! Мыңдаған ақбөкеннің қырылып қалу себебін анықтау да отандық ғалымдарды біраз тұқыртқаны есімізде. Шетелдік мамандардың көмегіне жүгінбесек, сырқаттың сырын анықтау қолымыздан келетін түрі жоқ. Бірқатар өңірлерде қарапайым халықтың қорасында қырылып қалған малдардың дертін де тап басып айту үшін мамандарымызға біраз уақыт қажет болды. Мамандардың бірнеше айларға, тіпті жылдарға созылатын нәтижесін сарғая күтуден біз де жалықпаймыз, халықты күттіруден ғалымдар да шаршамайды. Әліптің артын бағу әдетке айналғалы қашан...  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары