195
Масканы қашанға дейін тағамыз – министрлік жауап берді
Масканы қашанға дейін тағамыз – министрлік жауап берді
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қашан қалыптасуы мүмкін екенін айтты.
«Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін шамамен 10 млн адамға екпе егу керек. Мұнша адамға барлық вакцина дозасы қолжетімді болса да, 1-2 айда екпе сала алмайтынымызды түсіну керек. Сондықтан, уақыт шегеріп, жылдың соңына тіпті 2022 жылға да кетуі мүмкін. Сондықтан, осы аралықтың бәрінде маска тағу қажет», - деді Айжан Есмағамбетова.
Комитет басшысының айтуынша, вакцина алған адамның өзінде де иммунитет ең кемі 1,5 айда қалыптасады.
«Дозалық күнтізбеге сүйенсек, антиденелер шамамен 12 күнде пайда болады, екінші дозаны алған соң, тағы 3-4 апта қажет болады. Яғни, иммунитет қалыптастырудың өзіне шамамен 1,5 ай қажет. Оның үстіне иммунитет барлық адамда қалыптаспайды, деректерге сүйенсек, 5 пайыз адамда иммундық жауап түзілмеді. Бұл адамдар да қораусыз болады. Сондықтан, ұжымдық иммунитет жасамайынша, коронавирус инфекциясынан қорғалғанымызға көз жеткізбейінше, маска тағуды жалғастырамыз», - дейді ол.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айжан Есмағамбетова Қазақстанда қанша медицина қызметкері екпе салдырудан бас тартқанын айтқан еді.
Оның сөзінше, вакцинациялау басталғалы бері 13 мыңнан астам медицина маманы екпе алған.