193
Денсаулық сақтау министрі қай вакцинаны салдыратынын айтты
Денсаулық сақтау министрі қай вакцинаны салдыратынын айтты
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елімізде вакциналауға жіберілген препараттардың қайсысын салдыратынын айтты.
«Қазақстанда вакциналауға жіберілген барлық екпелер тексерілген әрі қауіпсіз болып саналады. Өздеріңіз білесіздер, ресейлік «Спутник V» келді, Денсаулық сақтау министрлігі бойынша және өңірлердегі әріптестеріміз, сондай-ақ медициналық қызметкерлер вакцинаны салдырып жатыр. Бұл вакцина тиімді және қауіпсіз саналып отыр. Сонымен қатар Қазақстанда «QazCovid-In вакцинасы дайындалып жатыр. Оның технологиясы өзгешелеу. Бізде оған қатысты зерттеулер айрықша бақылауда тұр. Қазіргі кезде клиникалық зерттеудің соңғы үшінші фазасы жүріп жатыр, 3 мың ерікті екпе салдырды», - деді министр.
Алексей Цойдың сөзінше, отандық вакцина өндірісі оң нәтиже көрсетуде.
«Денсаулық сақтау министрі ретінде қазақстандық вакцинаны қолдағым келді. Вакцина шыққан кезде, яғни бізде ресми түрде жіберілгенде алғашқылардың қатарында оны салдырамын», - деді Алексей Цой.
Айта кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева қандай екпе салдыратынын айтқан еді.
Депутат қазақстандық вакцина әлі тіркелмегендіктен, ресейдің «Спутник V» вакцинасын алатынын жеткізді.