309
Мемлекеттердің туын шатастырған әйгілі бренд желіде ұятқа қалды
Мемлекеттердің туын шатастырған әйгілі бренд желіде ұятқа қалды
Француздың әйгілі Louis Vuitton сән үйінің дизайнерлері киімге баспа ретінде пайдаланылған елдердің мемлекеттік туларын шатастырып, желіде масқара болды, деп жазады Daily Mail.
Ямайка ұлттық туынан шабыт алған атақты бренд сол рәміз түстес ерлер жемпірін 1730 фунт стерлингке (996 мың теңге) сатылымға шығарды. Әлеуметтік желі қолданушылары марка аталған елдің туында бейнеленген жасыл, сары және қара түстердің орнына эфиопиялық тудағы жасыл, сары және қызыл түстер тізбегін таңдағанын байқады.
Желі қолданушылары қателік жібергені үшін сән үйінің өкілдерін ұятқа қалдырды. "Louis Vuitton сияқты ірі және қымбат компания дұрыс зерттеу жүргізе алмаған ба?", "Сән компанияларының жобаларында танымал символды қолданудың орнына мәдениеттердің алуан түрлілігі туралы идеяны тарату өте маңызды екенін айтпай кете алмаймын", "Біз, ямайкалықтар үшін туымыздағы түстердің айрықша мәні бар: қара халық және ұлттың қиындықтары (қара), табиғи байлық және күн сәулесінің сұлулығы (алтын), ауылшаруашылығы және үміт (жасыл)", — деп жазды олар.
Нәтижесінде, Louis Vuitton бұл өнімін сайттан алып тастады, алайда басылымның мәліметінше, тауар әлі күнге дейін жапондық BuyMa интернет-дүкенінде сатылып жатыр. Бренд өкілдері бұл жағдайға қатысты әлі түсінік берген жоқ.