341
Президент қазақ тілін білетін ел азаматтарына үндеу жасады
Президент қазақ тілін білетін ел азаматтарына үндеу жасады
Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтарға үндеу жасады.
Президент қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйренуге талпынған отандастарымызды бәріміз қолдауға шақырды.
«Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ана тілімізді дамыту жайындағы ойын латын графикасындағы қазақ әліпбиімен түйіндеп, латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі деп бағалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайтынын айтқан еді. Президенттің сөзінше, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын жаңаша атап өту туралы ойымен бөлісті.