Тарпаң талант

Тарпаң талант

Тарпаң талант
ашық дереккөзі
549
Өлең – өмірбаянды, өмірбаян – өлеңді өрбітеді, өрлетеді, өркештендіреді, өкінішке қарай, өзгерте алмайды. Өлең – өмірбаян өзегі, өмірбаян – өлең өткелі. Өлеңді – өмірбаяннан, өмірбаянды – өлеңнен бөле-жара қарастыру да көкейге қонбайды. С.Есенин бір кездері «менің өмірбаяныма қатысты мәліметтердің қалғаны – өлеңдерім» десе, Ж.Әбдірашұлы «Өзгертуге болады өзіңді де, өзгертуге келмейді өмірбаян» екендігін ескертеді. Ал сонда аталмыш ақынның өмірбаянында өрге сүйрейтін, өре түрегелтетін, өжеттендіретін өзгешелік бар ма? Әрине, бар, бар болғанда қандай?! Күні кешегі Қадыр, Мұқағали, Сағи, Тұманбайдың әкелері сұм соғыстың сынған сойылына айналып, «Бұл төртеуі төбесіз төрт қабырға» (Иран-Ғайып) болған еді. Қазақ поэзиясының «төрт қабырғасын» тіреп тұрған төрт тұлпар да бұл күндері жоқ болғанмен, жырлары от шашып тұр. Есениннің есін жиғызбаған да, Мұқағалиға мың сан батпан мұң артқан да, Тұманбайдың тұма жырларын туғызған да, Жұмекеннің жұмбақ жырларын мың бір бояуға бояған да – өкініш, өкініш болғанда, өр өкініш. Райымбекұлын райландырған да осы: Бауыр, ана, әке өлген – Ақ ажалдың азығы. Бірақ мені Алматыға әкелген, Олар түгіл, пойыздың жоқ жазығы, немесе: Анам қайда ауызында тобасы, Әкем қайда... (жатыр әне моласы). Қоңыр мұңға қоңыр қобыз қосқандай Жанарымның жаудыраған қарасы... «Қайғылы хал, қаралы хал, трагедия, өнердің ең биік шыңы – трагедия» деп Шекспир бекер айтпаса керек-ті... қайғының құзар шыңына шыққан ақын айналасына абайлап қарап: Жығылармыз, Тағдыр заңы ол-дағы. Тағдыр деген жезөкшедей жолдағы, Пәк қалпында алып кеткен жанымды, Ақ қалпында қайтып берсе болғаны. Академик З.Қабдоловша айтқанда «шынайылық атаулының бәрі шыңдалуда жатады», расында да, шыңдалмаған шалғымен шөп екеш шөпті де шаба алмайсыз, «суғарылмаған құрыш та ем» деп ақынның өзі тауып айтыпты. «Суғарылмаған құрышты» суғарып, шыңдалмаған шалғыны шыңдаушы кім, әрине – шынайылық. Міне, Маралтай жырларынан әрқашан шынайылық байқалады... Өн бойыма бір белгісіз тасып қан, Сәл көрмесем саған қарай асыққам, Ал сен болсаң, қайырылмаушы ең, асылым, Аяғыңды әдемілеп басып паң. Алғашқы махаббатқа арналған бір-ақ шумақ өлең өн бойында қаны тасыған, сәл көрмесе соған қарай асығатын жігіт, «аяғын әдемілеп басып» қайрылмайтын қыз, қыз емес-ау, асыл ару. Мәселе қайырылу, қайырылмауда емес. «Ақын жүрегінің жауы да, жанашыры да – ақынның өзі. Ақын өз жүрегін, жүрегінің сенімін зерттей отырып, оларды адамдық биік парасатқа бағыштай білгенде ғана, оның үні халықтық үнмен, азаматтық үнмен тоғыспақ» депті М.Мақатаев. Ғашық адам өзінің сезімін жасыра ала ма, әлбетте жасыра алмайды. Алғашқы махаббатына жыр арнамаған ақын жер үстінде жоқ та шығар, күні кеше Мұқағалидың өзі де: О, тәңірім! Неткен жан қайырылмайтын Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?! – деген. Әлбетте, Маралтай Мақатаевты қайта-қайта оқығанына күмән келтірмейміз. «Ал сен болсаң «қайырылмаушы» ең асылым» деген жолдардағы «қайырылмау» аға ақынның әсері екенін де мойындауымыз қажет. «Аяғын әдемілеп паң басып» бара жатқан сұлудың жүзін көрмей-ақ жүрісінен тануға болар еді. Мұхиттың «Паң көйлек» деген өлеңі бар екенін екінің бірі біледі, яғни «паң жүріспен, паң көйлек» тек сұлуларға ғана жарасады, әрі-беріден кейін, сұлулықтың – өзі паңдық емес пе? Оның ешбір өрескелдігі жоқ, сұлуға не істесе де жарасады! Ал ғашық болған адамның көкірегі қайғыға толады, «көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, көзден жас болып ағады, тілден сөз болып ағады» (Абай). Сондықтан да ақынның «өн бойымда белгісіз бір тасып қан» дегеніне кәміл сенесіз, өн бойында қаны тасымаса, қандай ғашық болғаны?! Ғашықтық – жазғытұрымғы тасыған өзен сияқты, жан-жағының бәрін жайпап өтеді, тазартады, таңқалдырады. Аяғын әдемілеп паң басқан арудың портретін жасау үшін оның аяқ алысы да жеткілікті. Жүзін көріп, сөзін естудің өзі артықшылық, тәкаппар тұлғасын тік ұстап ұзап барады, өткен күн сияқты өкіндіреді. Мағжанша айтсақ, «өткен күн жеткізбейді ол бір тұлпар». Сонан соң ғашық адам не істемейді: Қайыңға кеп жыр оқып ем құшақтап, Қара ағаштар құлақ түрді елеңдей. «Жапырақ жүрек жас қайың» ба (Мұқағали), әлде Есениннің қиялын қанаттандырған қайыңдар ма, әйтеуір ақ қайыңдарға келіп ақын өлеңін оқып тұр... Ұя сап имансыздың иығына, Тірелген тіршіліктің тұйығына, Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін Құдайдың көк тіреген құйынына. «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі. Әр өлең тек иесіне ғана тартады» деп академик Зейнолла Қабдолов айқын айтқан. «Шырылдап шыбын жаным сіңіп кетсін, құдайдың көк тіреген құйынына» деген жолдарда ақын мінезі анық аңғарылады. Маралтайдың жырларынан құйынның қимыл- әрекеті ғана емес, табиғатын танып, табуға болады. Бір кездері Қасым ақын: «Дауылдай өртке тиген өлеңімді, Қасымның өзі емес деп кім айтарсың» деп еді, тіпті Қасымның жырларын дауылға теңеушілер де табылған, дауыл да, құйын да – құбылыс, табиғат құбылысы. Жансүгіров – Жетісу жайында «Жетісу суреттерін» салса, Сәкен «Көкшетау» поэмасын, Сәбит – Жаманшұбарды жырлап, Мұқағали – Қарасазды қазық қылды, тіпті жекелеген табиғат құбылыстарын жырлаушылар да көптеп кездеседі. Әбудің «Ақша бұлты», Сайынның «Ақ айдары», Тұманбайдың тау туралы толғаныстары да жадымызда жаттаулы, ал Маралтай қиялының құйыны қызық, шыбын жанын сол құйынның қолына ұстата салады, қазақтар шыбын жанын шүберекке түйіп ұстатушы болса, ақын айдаладағы ақкөз құйынға жалғыз жанын жолдай салады. Себебі ақын қиялы құйынмен қанаттас, қиырмен сабақтас. Гюстав Флобердің пайымдауынша, «суреткер де көктегі құдай сықылды көзге көрінбесе де, өз шығармасының ішінде өзі өмір сүруі тиіс». Олай болса, көк тіреген құйынның тыныс-тіршілігінде Маралтайдың мінезі бар. Маралтайдың қай өлеңін оқып қарасақ та құйын елестейді көз алдыңызға, көтеріліп келе жатқан құйын, көз ұшында құлдилап бара жатқан құйын, көзіңіздің алдына үйіріліп, иіріліп келіп қалған құйын. Оқып көрейік: Табанымды топырағың күйдіріп, Алпыс екі тамырымды идіріп. Сол баяғы алқам-салқам қалпымда, Мен келдім ғой, айналайын Игілік. Бейне бір, құйын кіріп келгендей кейіпке енесіз, «табанын топырақ күйдіріп, алпыс екі тамырын идіріп, алқам-салқам күйінде» кіріп келіп тұр, кәдімгі құйын, қырдың құйыны, тіпті түздің құйыны десе де болады. «Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты» депті академик Зейнолла Қабдолов, ал осы бір шумақта ырғақ бар ма, әрине бар, бар болғанда да басына қаны шапшып тұрған ырдуан ырғақ, Зекең айтқандай, түсінесіз, тұшынасыз, толқисыз, тебіренесіз. Қара жолдың қара бұрқақ топырағы ғой бұл, бір кездері Пушкин жазған Бақшасарай бұрқағынан бірде-бір кем емес, біреуі – су бұрқағы, екіншісі – құм бұрқағы. Ақын ауылының ыстық топырағы аяқ киімінің табанынан өтіп тұр, сөйтпесе туған топырақ бола ма?! Бала кездің қиялынан қанаттанған топырақ қой бұл, «Әрбір сәби – суретші. Қиындықтың көкесі – сәбилік саналы суретші болуда» депті Пабло Пикассо. Ақынның «табанын күйдіріп тұрған топырақ та» сол сәбилік сәттеріндегі, балалық базарындағы ып-ыстық топырақ, жай топырақ емес, май топырақ, мақпал топырақ. Ақынның тұла бойына қуат беріп тұрған да сол ыстық топырақ, топырақ емес-ау, сезім, сәбилік сезім, сыртқа теуіп тұрған тел сезім, тентек сезім, сел сезім, серпер сезім». Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма, оны адамның жасырар күші бар ма» дейді ғой Сұлтанмахмұт. Сезім болғанда да, сезімнің сырттаны ғана сыртқа шығады. Джонатан Свифттің айтуы бойынша: «Дәру сөздің зәру кезде жұмсалуы – стиль». Жалтақсыз жолдар: Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім, Мен не деймін, сен не дейсің, өлеңім. Бұл баяғы «домбырам не дейді, мен не дейміннің» кебінін киіп тұрған жоқ, кебенек киіп тұр; өзінен бұрын өлеңіне өкпе, наз артады, күні кеше Қасымның өзі де: «күніне жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» толқыған жоқ па, Мұқағали болса «көшеді өлең немесе өшеді өлең» деп өрекпіді. Өзінің өмірге керек, керек емесін өлеңінен сұрайтын ақын шын ақын. «Іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі» демей ме Абай. Кеудесі кірсіз ақыннан өрелі өлең туарына күмәнің қалмайды, «асылы, суреткер шығармашылығы – оның автопортреті» деп академик Зейнолла Қабдолов текке айтпаса керек. Сүтке тамған қызыл түсті сиядай, Менің қобыз жүрегімнің қияғы – Ай, немесе: Қобыздай қоңырың ем, Қолыңа алып, мен дайын жан сырыңды шертем десең, болмаса: Қыл-қобыз дүние ызылдап, О нені маған іздетті. Томсарған тірлік қобызын Толайым жүрек толғай ма? Енді бірде: Біздерге олқы кең дүния Сіздерге арман болмай ма?! Тағы бірде: Қобызбенен өзегі дерт жұмыр Жер Бір-бірімен бақұлдасып жатқандай... Қылқобыздың қос көзінен таныдым Таныдым мен бақилықтың анығын. Ия, ақынның өзі де мүлтіксіз мойындағанындай «қобыз жүректің» көксеуі – көкте ме, әлде жерде ме?! Бір кездері Мағжан ақын: Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем, Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем. Жас төгіп, сұм өмірде зарлап-сарнап, Құшақтап қобызымды көрге кірсем! –деп еді ғой! Неге? Маралтайдың ауық-ауық, оқтын-оқтын қобызбен сырласуының сыры неде? Ақынның албырт армандары қобызбен қанаттанып, қобызбен сырласатын сияқты. Несі бар, қобыз – қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, ұлттық асқары, қобыз – қазақтың тұнығы мен тымығы, үздіккен үні мен үміті ғой! Олай болса, ақынның әлсін-әлсін, қайта-қайта қобызға айналып, «Томсарған тірлік қобызын толайым жүрек толғай ма» деуінде де мән бар. «Домбыра – дала болса, қобыз – қазақ емес» деп кім айта алады, олай болса, ақынның ғана, «жүрегі – қобыз» емес, бүкіл қазақтың жүрегі домбыра мен қобыздың шектеріне жалғанып тұрған жоқ па? «Бовари – мен, менің өзім» депті Флобер бірде, сол сияқты, «қобыз – қазақ», ал «қазақ – мен, менің өзім» деп айтуға ақынның хақы да, хұқы да бар. Тамырынан таратылып текті сөз, Ал, арманшыл асыл халқым көкті кез. Көк байрақты, қыран текті қазаққа Күн астында қанат жаяр келді кез. Ақынды «қылқобыздың қос көзіне» үңілтіп тұрған да, табиғатын танытып тұрған да – тәуелсіздік! Тәуелсіздіктің түп-тамырынан текті сөз таратылмай қандай сөз таратылмақ?! Сондықтан ақынның: Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі Бабалар бүгін түсіме енбейді. Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді? – деуі өте орынды! Бір кездері Мақатаев: «жүрек неге зат болып жаралмаған» деп таусыла толғанса, Маралтай «жүрегім неге кісінемейді» деп назын айтады. Жүрек қашан, қалай кісінейді?! Тіпті жүректің кісінегенін кім естіпті деуіңіз де мүмкін. Олай десеңіз, қатты қателесесіз: Тұлпарға мінген ұлы даланың Тарпаң мінезді ұлы боламын. Ұлы даланың ұлық бейнесі – тұлпар мен тарпаң, ал тұлпар мен тарпаң кісінемейді деп кім айта алады?! Тұлпар мінез, тарпаң мінезді ұл – кім бұл?! Ұл емес-ау, ұлт, бүтін бір ұлт – қазақ ұлты, арғы ата-бабаларымыз. Ғаламат солай басталып бір сәт Құйғытып кеттім тастарды турап. Атылдым көкке жай сияқтанып, Тұяғым алтын – Ай сияқтанып. Тайбурыл да, Байшұбар да, Қара қасқа ат та, күні кешегі Құлагер де – ұлы даланың тұлпарлары емес пе, «тіктеп тиген тұяғы саз балшықша иеледі», «құйғытып кеттім тастарды турап» – екеуі де осал емес. Ал мінез болмаса, тұлпар бола ма, мінезі болмаса, тарпаң атана ма? Ақынның «құйғытып кеттім, атылдым» деген жедел өткен шақтағы етістіктерді қолдануы да өте орынды, тұлпар да, тарпаң да – шалт, шорт мінезді, қиял қимылды, оқыс ойлы, жанартау жаратылыс, ал жанартау атаулы «атылу» үшін жаратылмай ма? Ұлы дала ұлдарын қауырт қимыл, әлемет әрекетке арқаландырып тұрған да рух, ұлт рухы, ұлы бабалар рухы, олай болса, өлеңде алдымен рух болуы керек. Өлеңнің рухы болмаса, оқырман қалай рухтанады, көкке қалай ұшады, ұшады емес-ау, атылады жермен қалай жүйткиді, жүйткиді емес-ау, құйғытады. Міне, Маралтайдың өлеңдерінде ұлттық рух бар, ұлы даланың, ұлы бабалардың ұрда жық мінезі бар, әйтпесе өзі айтқандай «бода-бода жырлар» жаза алмас та еді ғой. Ал, Ұлы даланың ұғымтал ұрпағына, ұрымтал ұрпағына ұлы екенін ұғындыру үшін де, «атылдым көкке жай сияқтанып, тұяғым алтын-Ай сияқтанып» деген жасампаз жолдар керек! Анау-мынау қатардағы қолаба қимылға мойнын бұрып та қарамайтын оқырманның көз алдына тосын қимыл, тосын сурет қана емес, иландыратын имандай рух керек, ол әрине, әлбетте ұлы даланың рухы, ұлы ата-бабалар аманаты екені әмбеге аян. Ақынның біресе «құйын» кейпіне, біресе «қайың» кейпіне еніп, енді бірде «қылқобыз», тағы бірде «тарпаң» болып құйғытуы бекерден бекер емес, қайткен күнде ұлттың рухын көтерем деп аласұрып, аласапыран күй кешуі бабаларымыздың бойындағы тасыған қан, ашыған жан кімнен, қайдан, қашан, қалай келді деп сансыз сауалдарға жауап іздеуі – жанкештілік. Ал поэзия – жанкештілер жорығы, өмір мен өлімнің, ақ пен қараның арасындағы қылкөпір, ахирет жауапкершілігіне жетелейтін қияметтің қыл көпірі. Сондықтан ақын үшін өлең жазу өмір сүрудің сүрлеуі, соқпағы, болмаса өзін-өзі, өзгелерді тазарту. Ия, бұл ақынның өлеңді – өміріне, өмірін – өлеңіне айырбастайтындай күйге келуі немесе өмірдің өксігін өлеңмен басып, өлеңнің өскінін өмірмен өңдендіретін өліарасы емес, өмірінен – өлеңді, өлеңінен – өмірді бөле-жара қарамайтын шалт шешімге келген батыл байламы. Содан бері қобыз болып күн кештім Айыра алмай. Кім – ақ, қара, ділдес – кім?! Жер бетінде тәнім қалды, сен оның тілін тапсаң, Сырласы бол, мұңлы өскін! Маңғаз Мағжан «құшақтап қобызымды көрге кірсем» – деп күңіренсе, орыс ақыны Марина Цветаева «Тірі адам өзін өлі адамдай өліп-өшіп сүюге мүмкіндік бермейді. Себебі тірі адамның өзі өліп-өшіп сүйгісі келеді» деген екен. Ал, Маралтай болса: «Жер бетінде тәнім қалды, сен оның тілін тапсаң, Сырласы бол, мұңлы өскін!» деп төтесінен тартады. «Жекелеген образ ұнай ма, жоқ па, мәселе мұнда емес, – дейді Гете. – Жалпы кітап ұнай ма, жоқ па, осы арада жатыр». Мағжанның да, Маралтайдың да қобызға қайта – қайта оралуы оқыс, оғаш, артық әрекет, қияс қимыл емес, керісінше қобыз – бүтін бір шежіре, шындық шежіресі; тұтас бір кітап – кісілік, кішілік кітабы, кіршіксіз кітап, ұлы дала ұрпақтарының ұлық кітабы. Ал ұлық кітаптың беттерінен, әрбір парағынан жусанның, тобылғының, алуан-алуан дала гүлдерінің исі аңқиды, шолпының, бұлақтың, қуаттың сыңғыры естіледі, бойжеткендердің ай астында ақсүйек ойнап жүргендегі сыңғыр-сыңғыр күлкісі, бозбалалардың көкпар тартып, күресіп жатқандары, айбарлы, айбатты айқай-қиқулар құлағыңызды тұндырады, жер бетінде қалған тән, тән емес-ау, рух, ұлы бабалар рухы, онымен сырласу да, сыйласу да, есептесу де, ескеру де – біздің мәңгілік мұратымыз. Ұлы дала бетке ұстар борышы. Франсуа Рене де Шатобрианның айтуы бойынша: «Еркіндік етек басты болғанымен, есесіне ел қалады, ал Отан ойыңызда тұрады». Ия, ел еңсесін тіктеген тәуелсіздік емес пе, тәуелсіз елдің ақындары тәуелсіз жырлар ғана жаза алады емес пе?! Ақынның өзі айтқандай: Ақындарынан арылған жоқ сор әлі, Мойнымда – бар әлемнің обалы, – деп тәуелсіз елдің айбынды ұлы ғана айта алса керек. Тағы да Марина Цветаеваның пайымдауынша, «Өлеңге құлып пен кілттің қажеті қанша, өлеңдердің өздері өмірдің кілті болып табылады». «Мойнымда бар әлемнің обалы» деп тәуелсіз елдің тәкаппар ақыны ғана айта алса керек-ті. Себебі тәуелсіздік – тәкаппарлық, тәкаппарлық – тәуелсіздік. Тау да, тас та, жер де, көк те, ай да, аспан да тәуелсіз, өз мәселесін өзі шешеді. «Әлемнің обалын мойнымен көтеріп келе жатқан» ақын – шын ақын. Шын ақынның мойнында «әлемнің обалы» ғана емес, берілмеген борышы да, қайтарылмаған қарызы да, өтелмеген парызы да бар екенін ескерткіміз келеді.

Серік Нұрахметов, әдебиеттанушы-ғалым

Серіктес жаңалықтары