1521
Дағдарыс елесі: 2021 жылға экономикалық болжам
Дағдарыс елесі: 2021 жылға экономикалық болжам
Өткен жыл адамзатқа оңайға соқпады. Коронавирус пен алқымнан алған дағдарыс әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттерінің де шаруасын шатқаяқтатты. Пандемия кесірінен елдер шекарасын қымтап, көрші мемлекеттермен барыс-келісті шектеді. Коронавирус әлемдік рецессияның басталуына себеп болды, сөздік қорымызға коронадағдарыс термині енді. Ұзаққа созылған экономикалық дағдарысқа алып келген коронавирус әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысын азайтты. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін айтты. Осы орайда Túrkistan халықаралық газеті отандық сарапшы мамандарға хабарласып, 2021 жылы Қазақстанның экономикасы қандай болмақ деген сауалға жауап іздеген еді.
Мақсат ХАЛЫҚ,
GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:
Биыл дағдарысты жылдамырақ еңсереміз
– Өткен жылы Қазақстан экономикасына екі үлкен соққы жасалды. Біріншісі – бүкіл әлемге, оның ішінде елімізде коронавирустың таралуы, екіншісі – мұнай бағасының күрт төмендеуі. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында біздің Үкімет дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап, қателеспесем оған 6,9 трлн теңге бөлді. Ұлттық қордан 2 трлн теңге мақсатты жыл сайынғы аударым трансферт ретінде аударылған болса, қосымша тағы 2,7 трлн теңге аудардық. Сонда бір жылдың ішінде біз Ұлттық қордан 4,7 трлн теңге аударым жасадық.
2021 жылы бюджетке тағы 3,7 трлн теңге аударамыз деп бекітіп отыр, демек 2 жылдың ішінде Ұлттық қордан қаншама қаражат алынды. Дәл осы қалпында жалғаса берсе, Ұлттық қорымыздың да ертең түбі көрінеді. Алайда Ұлттық қордың аударымдары болмаса және Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданбаса, біздің экономикамыз тым қатты құлдырап, коронавирустың салдары ұзаққа созылып, халқымыздың әлеуметтік жағдайы нашарлап, жұмыссыздық өршіп, кедейшілік шарықтау шегіне жететін еді. Сондықтан мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы қабылданған бағдарлама сәл де болса бұл процесті тежеді деп айтуға негіз бар. Бірақ бәрібір бізде жұмыссыздық өршіп тұр, кедейшілік кең жайыла бастады.
2021 жылға жасайтын экономикалық болжамымыз бірнеше факторға байланысты болмақ. Қазақстан экономикасына, әрине, біріншіден мұнай бағасы әсер етеді. Осы жыл мұнай бағасының өсуімен басталды, оған себеп болған ОПЕК+ аясындағы өзара келісімнің өз жемісін беруі, яғни Ресей мен Қазақстанға мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша арнайы рұқсат берілді. Бұл белгілі бір дәрежеде экономикамызға оңтайлы әсерін тигізеді. Алдағы уақытта мұнай бағасы 60 доллардан асса, бұл біздің экономикамыз үшін жақсы болмақ. Онда осы жылы біз дағдарысты жылдамырақ еңсереміз. Экономикалық циклдың жандану немесе қалпына келу фазасына өту процесі тезірек болады. Ал бірақ мұнай бағасы төмендеп кетсе, жағдайымыз мәз болмайды.
АҚШ президенті сайлауалды бағдарламасында мұнай мен газ өндірісін шектеуге уәде берді және жасыл экономикаға көшуге бағдар ұстаймыз деді. Баламалы энергия көзін дамытамыз, бензинсіз жүретін көліктерді көбейтеміз деген мәселелерді алға қойып отыр. Бұл бағытта 2 трлн доллардан астам қаражат инвестиция ретінде тартылады. Егер Джо Байден атаған жобалар іске асырылса, бұл мұнай бағасының қайтадан құлдырауына алып келеді. Ал мұнай бағасының төмендеуі біздің экономикамызға оң әсер етеді дей алмаймыз.
Биыл азық-түліктің бағасы әлі өсуі мүмкін. Оның бағасының көтерілуіне әсер етіп отырған – пандемия жағдайы. Карантин режимінде азық-түлікке сұраныс артып, адамдар көптеп алып қоюға тырысты да, өзіміз бағасын қолдан қымбаттатып алдық. Бағаның өсуіне әсерін тигізіп тұрған екінші фактор – Ұлттық банктің ақша массасын ұлғайтуы. Оның себебі – бюджет тапшылығы. Бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан аударған ақшаның өзі жетпейді, сондықтан да ақшаны басып шығарып отырған жағдайы бар. Өткен жылдың басында-ақ ақша массасы 21 трлн теңгеден асты, ал қазіргі уақытта 24 трлн теңгенің үстінде болып тұр. Демек ақша массасы ұлғайып келе жатыр. Бұл белгілі дәрежеде ақшаның құнсыздануына өзінің кері әсерін тигізеді. Одан кейін мемлекеттік бюджеттің де әлеуметтік шығындары басым болып тұр. Соңғы 2 жылдықта әлеуметтік шығындар мемлекеттік бюджет шығындарының 50 пайызынан астамын құрайтынын айқын көріп тұрмыз. Бұл мемлекеттің кейінгі жылдары әлеуметтік салаға көңіл бөле бастағанын көрсетеді. Мұғалімдердің жалақысын биылдан бастап 25 пайызға арттырды және оны 3 жылдық бюджетке енгізді, яғни олардың жалақысы енді әр жыл сайын 25 пайыз өсіп отырады. Дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға көбейтеміз деді. Тура сол сияқты зейнетақы мен шәкіртақы көлемін ұлғайтамыз деп отыр. Бұл белгілі дәрежеде Үкіметке үлкен салмақ болғанымен, уақыттың талабы сондай болып тұр. Оны өсірмесек болмайды. Қазақстан кешегі аптадағы халықаралық зерттеуде ең төменгі жалақы мөлшері аз елдер қатарынан табылды. Антирейтингте Қазақстан 88 доллармен (36 872 теңге) үшінші орында тұр. Бұл енді сұмдық жағдай. Өткен жылы да, биыл да ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгені өсірмегені мені таңғалдырды. АЕК-тің барлығы қайтадан есептелінді, бірақ ең төменгі жалақы есептелген жоқ. Бірақ бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп ойлаймын.
Тағы бір мәселе Ресейге қатысты. Алексей Навальныйдың төңірегінде дау-дамай өршіп тұр. Оған қатысты Еуропалық Одақ та, Америка да өзінің көзқарасын қатты ұстап отыр. Алдағы уақытта Ресейге санкциялардың қысымы артуы мүмкін деген болжам бар. Ал ол рубльді әлсіретеді, рубль әлсірейтін болса, теңгеміз де әлсірейді. Біз рубльге қатысты теңгемізді күшейтпеуіміз керек. Өйткені рубльге қатысты теңгеміз күшейетін болса, біздің экономикадағы капитал ағыны Ресейге қарай кетеді. Тіпті 2014 жылдардағы жағдай қайталануы мүмкін. Сол жылдары теңгеміз рубльге қатысты 2,5 теңгеге дейін күшейген болатын. Сонда МГУ-де оқу құны КазГУ-де оқығанмен бірдей болып қалды. Көп азамат баласын Ресейде оқытты, кейбірі сол жақтан көлік сатып алып келіп жатты. Сондықтан біз Ресейдің рубліне қатысты теңгені күшейте алмаймыз, осы жағынан келгенде теңдестірілу саясаты ұсталынады. Өйткені рубль құнсызданса, біз де біраз дәрежеде теңгені құнсыздандырамыз, бізге теңгені күшейтпегеніміз дұрыс. Өйткені теңгеміз күшті болып кетсе, онда біздің тауарларымыз Ресейдің тауарларының қасында бәсекеге қабілеттілігін жойып алады.
Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы, экономист:
Биыл экономикалық көрсеткіш 2019 жылдан төмен болады
– Осы жыл дүние жүзі бойынша саяси жағдайлармен және карантин шараларымен басталып жатыр. Әлемдегі саяси әл-ахуал өте төмен, Америкадағы сайлау соңының қақтығыстарға ұласуы, Ресейде А.Навальныйдың ұсталуы сынды саяси шиеленістердің немен аяқталатыны белгісіз. Англия сынды экономикасы мықты бірталай мемлекет шекараларын жауып жатыр. Тіпті жарты жылдан кейін немесе жыл соңында шекаралар ашылып, дүниежүзілік экономика аяққа тұрып кеткеннің өзінде де біздің экономикалық көрсеткіш 2019 жылдан төмен болатыны айдан анық. Қазіргі таңда болашақта нарықтың жағдайы қалай болады деген сауалға бірде-бір сарапшы толыққанды «жартыжылдықта осындай болады», «жыл соңында мынадай болады» деп айта алмайды.
Қазір біздің нақты қорғайтын немесе бақылайтын саламыз – мұнай-газ өндірісі. Біздің мемлекеттің бюджеті және Ұлттық қордағы қаржының 45 пайызы мұнай-газ өндірісі арқылы келіп отыр. Қазір мұнайға сұраныс әлі 2019 жылдағы көрсеткішке жете қойған жоқ. Сұраныс пен ұсыныстың арасында келіспеушілік бар. Өйткені Джо Байден мұнай-газ өндірісіне инвестиция құюға шектеу қоямын деді. Американы мұнай экспортшысы қылып отырған сланстық мұнай ғой, соны тоқтатамын деді. Олай болатын болса, әрине жағдай жақсы болар еді. Бірақ қазіргі таңда ол әлі толыққанды өзінің жұмысына кіріспеді. Мұнай тұрғысынан біз Ресеймен өте тығыз байланыстамыз. Мұнайымыз Ресейдің екі құбыры арқылы кетіп жатыр. Олардың жағдайы қандай болмақ? Сондықтан қазір нақты біздің көрсеткіш керемет болады деу өте қиын.
Біздің мемлекет карантин кезінде технологияны қаншалықты дамытып үлгерді, білім, ғылым саласы қаншалықты өздерінің жұмысын карантиндік кезеңге икемдегені, бәрі-бәрі 2021 жылы ашылады. Мемлекетіміз толыққанды геосаяси және экономикалық жағынан өзгеріс әкеле алатын мемлекет емес. Көбіне сыртқы саясатқа, көрші елдердің экономиканың өсуіне тәуелді болғандықтан, бізге тек қана күтуден басқа амал жоқ.
Экономикаға өзгеріс әкелу үшін кәдімгідей жоспарланған мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Ал оған үлкен қаражат қажет. Қазіргі таңда инвесторлар да өте сақ отыр. Ең бірінші ойға келетіні, бірінші бағытта қорғайтын біздің мемлекеттің инвестициялық әл-ахуалы. Ауыл шаруашылығын, мұнай-газ өндірісі, ауыр өнеркәсіп, темір өндіру өнеркәсіптерінде, көмір өндіруге инвесторлар қаншалықты керек? Мысалы, қандай да болсын экономика «якорлық» инвесторға тәуелді. Біздің мұнай-газ саласында да жаңа жобалар ашылып жатқан жоқ, Қашаған мен Қарашығанақтағы өндірісті ұлғайтудағы жобалар әлі де жалғасын таппай отыр. Жыл басын жұмысшыларды қысқартудан бастадық. Осы қаңтар айының өзінде мұнай-газ саласының қызмет көрсету секторында 20 мыңға жуық адам жұмыссыз қалды. Мұнай-газ саласына да биылғы жыл оңай болмайын деп тұр.
«Үмітсіз шайтан» деген, былтырғыға қарағанда жақсы болады-ау деп қамданбай, құр айтатын болсақ, онда ешқандай әсер болмайды. Карантин біздің мемлекеттің әлсіз тұстарын өте айқын, ашып көрсетіп берді. Алдағы уақытта сол қателіктерден сабақ алып, кемшіліктерді түзету керек. Қарапайым байланыс құралынан бастап үлкен-үлкен деңгейдегі жобалармен айналысу керек. Сондықтан дүниежүзілік экономика түзелмей, дүниежүзілік саяси әл-ахуал бірқалыпты орнына келмей, экономика жақсарып кетеді деп айта алмаймыз.
Расул РЫСМАМБЕТОВ,
экономист:
Бізге керегі – адамдарды жұмыспен қамту
– Қазақстан экономикасының ахуалы бірнеше жылдан бері күрделі жағдайда екені белгілі, ал пандемия бұл жағдайды одан ары ушықтыра түсті. Коронавируспен қатар келген дағдарыс ШОБ-ке көп залалын тигізді. Біріншіден, оларға салынатын салық мөлшері азайғанымен 2020 жылдың ортасында аталған сектордың көпшілігі жұмысынан айырылып, бизнесін жапты. Екіншіден, банктегі проблемалық қарыздардың көлемі артты. Өз тұтынушыларына беріп жатқан пайыздық төлемақыларға жеңілдіктер аяқталған кезде ғана банктер жағдайдың тым нашар екенін кеш түсінетін болады. Үшіншіден, ел экономикасын қалыпқа келтіру үшін мемлекетке қомақты қаражат керек.
Коронавирустан келген залалдың қандай болғанын біз экономикамыздың тамырына қан жүгіргенде ғана біле аламыз. Әзірге біз көптеген елдің карантин режиміне қайта оралғанын көріп отырмыз, бұл дегеніміз біздің елде әлі де қатаңдатылған карантин шаралары енгізілу ықтималдығы жоғары деген сөз. Биыл ел экономикасын қалыпқа келтіру мақсатында Ұлттық қордан 3,7 трлн теңге қаржы бөлінеді. Осы орайда ұлттық валютамыздың курсын болжау да қиын болып тұрғанын айта кетуіміз керек. Біздің экономикамыз доллар, евро сынды тұрақты валюталарға тәуелді. Өйткені азық-түлік, құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектерге дейін долларға, евроға, рубльге және юаньға сатып аламыз.
АҚШ-тағы тосын жағдай да доллардың бағамын теңселтіп жіберді, алайда доллар инвесторларға арналған өзінің нарықтағы тартымдылығын бірінші тоқсанның соңына қарай қалыпқа келтіруі керек. Сонда ғана АҚШ-тағы саяси жағдайдың Қазақстанға салқыны тимейді.
Қазір бізге керегі – адамдарды жұмыспен және азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бірнеше жылдан бері дағдарыстан көз ашпай келе жатқан ауыл шаруашылығы, логистикалық инфрақұрылым және жүздеген ауыл шаруашылық кәсіпорындарын тығырықтан алып шығу үшін Үкіметтің 1-1,5 ай ғана уақыты бар. «ҚазАгро» және «Бәйтерек» холдингтерін біріктіріп жатқанда ауыл шаруашылығы қаржыландырудан қағылуы мүмкін. Сондықтан біздің экономикамыздағы жаңа инвестицияны қажет ететін проблемалық активтерді сауықтырудың жоспарын әзірлеу керек.
Үкіметтің алдындағы басты міндет – шетелдік инвесторлардың көмегіне барынша аз жүгіне отырып, өз күшімен экономиканы тұрақтандыру. Өйткені өндірістік күштер шетелдік инвесторларға сатылмай, отандық инвесторлардың бақылауында қалуы тиіс. Қазіргі дағдарыс кезеңінде өзіміздің кәсіпорындарды шетел кәсіпорындарға арзан бағаға сату қызықты ұсыныс болып көрінуі мүмкін. Дегенмен бұл стратегиялық қателік болмақ, өйткені біздің активтеріміздің құны 2022 жылы-ақ қалыпқа келе бастайды. Ал 2021 жылы ең бастысы – дағдарысқа төтеп беру және әлеуметтік шиеленіске жол бермеу.