2149
Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады
Әдебиеттегі сабақтастық: аға буыннан жастар жайлы сұраса, өздерін айтады
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары рухани өмірімізде көптеген белгісіздік белең алды. Ол – аграрлы қоғамнан индустриалды қоғамға, коммунизмнен капитализмге көшкен өлара шақта пайда болған вакуум секілді. Тәуелсіздікпен бірге жаңа мемлекет, жаңа низам басталды. Өмір өз ырғағымен дүниеге жаңа ұрпақ әкелді. Жүре келе руханиятта түрлі қайшылықтар, талас-тартыстар өрбіді. Мұны – жалпы адамзатқа тән алуан түрлі түсініктердің тартысы емес, ұрпақтар арасындағы қақтығыс деген жөн шығар. Әсіресе, әдебиеттің айналасында түрлі дау-дамай жиі болып жатты. Алдыңғылар кейінгілерді ықтырғысы келіп, кейінгілері алдыңғыларды ығыстырғысы келетін пиғыл баспа бетінде де, бейресми орындарда да айтылып жүрді.
Бақытбек ҚАДЫР
________________________________________________________________________
Әлдебіреуі: «соцреализм әдебиетін мүлде оқудың қажеті жоқ, түгелдей күресінге тастау керек» деп аттандаса, екіншісі «соцреализм әдебиеті – тарих пен тәжірибе, тіптен тіл құралы үшін маңызды орынға ие» деген пікірді алға тартты. Бұрын жазылған әдебиетті оқулыққа қайта сұрыптап енгізу қажет деген мәселе де әлсін-әлсін көтеріліп келеді. Ал жас әдебиетшілердің арасында аға буын елеп-ескермеді, шығармамызды оқымайды, оқыса да пікір білдірмейді деген ішінара өкпе-наз айтылып жатады. Осыған қарап бүгінгі әдебиеттегі аға буын мен жас әдебиетшілердің арасында сабақтастық пен байланыстың әлсірегенін бағамдау қиын емес секілді.Бұрын қалай еді?
Қазақ жазба әдебиетінде өткен ғасырдың 60-жылдары келген буынның орны ерекше. 60-жылғылар жайлы, яғни олардың алғашқы қадамына қазақ әдебиетінің классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» (1961 жылы) деп мақала жазды. Рухани ортаны дүр сілкіндірген әйгілі мақала 60-жылдың түлектерін қанаттандыра түсті. Расында олар әдебиетіміздегі ең өнімді буын болды. Одан кейін жастарға зер сала жүретін аға буын тағы да осы 60-жылғылардан шықты. Бұл ретте Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауинді айрықша атауға болады. Олар тек өз шығармашылығымен айналысып қана қоймай, жалпы әдебиетке қызмет етті. Олар жазумен бірге әдебиеттану және әдеби сынмен айналысты. Жазушы Әбіш Кекілбаев өз шығармашылығын өлеңнен бастаған соң ба, ол қазақтан шыққан ең ғажап ақындарын биіктен бағалап отырды және ең алғашқыларының бірі болып жазды. Кешегі Мұқағали Мақатаевтан бастап бүгінгі Тыныштықбек Әбдікәкімге дейінгі аралықтағы ең мықты ақындар әуелі Әбіш Кекілбаевтың қаламына ілікті. Ал прозада, шын мықты прозаик інілері жайлы Мұхтар Мағауин жеке-жеке тоқталып, әдеби рецензия арнап отырды. Олар Әкім Тарази, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік, Тобық Жармағанбетов, Қабдеш Жұмәділов, Смағұл Елубай т.б көптеген прозаиктердің шығармаларының кемшілігін де, артықшылығын да жазды. Одан кейін расында алдыңғы буын ағаларды елең еткізер ұрпақ келмеді ме, мұндай үрдіс біршама үзілген еді. Қайсыбір жылы жазушы, кинодраматург, сыншы Таласбек Әсемқұловтың «Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары» деген мақаласы әдеби қауымды елең еткізді. Руханияттың білгірі Әсемқұлов мақаласында өзінен кейінгі болашағынан үміт күтетін прозаиктер жайлы толғады. Онда Талғат Кеңесбаев, Нұрғали Ораз, Дидар Амантай, Мәдина Омарова, Айгүл Кемелбаева, Роллан Сейсенбаевтардың прозасындағы жаңа бағыттарын ашып көрсетеді. Таласбек Әсемқұлов тек проза ғана емес, поэзия өкілдерінің де шығармашылығын талдаудың тамаша үлгісін жасады. Одан бөлек ішінара жастар жайлы жазғандар бар шығар. Бірақ айрықша есте қалатыны осылар. Мұндай кезде ойға бір сұрақ оралады, «Мықтылар жайлы жаза алу – тек мықтылардың ғана қолынан келетін дүние ме?» деген. Ал бұл туралы бүгінгі аға буын, орта буын және жас қаламгер не дейді? Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург:Жастардың көбіне көңілім толмайды
– Қазір Нұрғали Ораз, Асқар Алтайлар да 60-қа келіп қалыпты, соларды оқып тұрушы едім. Өздері де біледі, шығармаларын оқып, пікірімді айтып отырамын. Бұрын жастарды түгел біліп тұрушы едік, қазір біле алмай қалдық. Бір жағы газет-журналдардың көп болғаны да адамды шатастырып тастайды екен. Қазір қай газетте кімнің қандай әңгімесі, қандай өлеңдері шығып жатқанын білмей қаласың. Кезінде жастардың шығармасын көбінде «Лениншіл жас» газеті басатын. «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналы үлкендерден артылмайтын. Жастардың газетке шыққан шығармасын оқып отырамын. Бірақ аты-жөндері есте тұрмайды. Кейбір шығармалар оқып бола бере естен шығып кетеді. Үлкен проблема көтере алмай ма, адамның жан дүниесін қозғайтын жазушылық шеберлігі жетісіңкіремей ме, әйтеуір сырттай еліктеу, басқаларға ұқсау басым сияқты. Көбіне көңілім тола бермейді. Одан кейін жастар бір-екі әңгімеден кейін тоқтап қалады. Тұрақты жазып тұрмаған соң, тез ұмытылады. Қазір үздіксіз бұрқыратып жазып жатқан жазушы жоқ. Оның үстіне ол кезде кітап оқитын заман еді ғой. Бір әңгіме шықса ол оқылмай қалмайтын. Сондықтан заманға сай сәл қол үзіп қалғанымыз болмаса, жастармен байланыс үзілмейді. Менің ең бір жаман жерім – интернетті қолдана алмаймын және бәрін оқып шығу мүмкін емес. Өз жазуым бар. Шәкірттерімнің көбі жазған пьесаларын маған әкеліп береді. Біреуінің пьесасы екі күн уақытымды алады. Бұрынғыдай таңға дейін отыра алмаймын. Күніне 3 сағатымды ғана жазуға арнаймын. Жастар үлкендерге ренжулі дегенді қою керек. Әркім өз жұмысын істей берсін. Жақсы шығарма оқымасаң да бір күні дүбірі құлағыңа жетеді. Сосын амалсыз оқисың. Мәселе бізде ондай шығармалар шықпай жатыр ғой. Оралхан, Төлен бәріміз шықтық. Сол кезде бір әңгімеңді оқымасын, екіншісін оқымасын, жақсы жаза берсең бәрібір оқымауға лажы қалмайды. Сафуан Шаймерден ағамыздың бір жиналыста айтқаны бар: «Осы Дулат, Төлен, Оралхан жайлы көп айтылып кетті. Менде оқиыншы деп оқыдым» деп. Ол кезде біз қырықтың ішіндеміз. Кейде солай да болады. Біздің кезімізде «ағалар бізді оқымайды» деген өкпе-наз болған жоқ. Жазуымызды жазып жүре бердік. Күндердің күні назар аударды. Біздің ағалар да соншалықты мәпелей қойған жоқ. Бастабында менсінбей «Кім осылар?» деген секілді сын естіп жүрдік. Кейін оқыды, пікірлерін айтты. Мен туралы алғаш Тахауи Ақтанов жылы пікір білдірді. Мен қазір университетте жастарға сабақ беремін. Жастар шығармаларын алып келеді. «Сендер өз стильдеріңде жазыңдар» деп айтамын. Қазір карым-қатынас, кейіпкері, махаббаты да басқа. Біздің кезде бір қызбен 1-курста таныссаң, 3-курста киноға баруға рұқсатын аласың, ал қазір оның бәрін бір күнде бітіріп тастауы мүмкін. Осыны жазыңдар деймін. Көбі тарихи тақырыпқа жүргіреді. Жастардың көбі ізденбейді. Мысалы, Мұқағали Мақатаев жайлы 5 пьеса бар. Шәмші туралы қаншама роман, қаншама пьеса жазылды. Тағы да қолға алып жатыр. Бір нәрсені көрсек, «түйенің танығаны – жапырақ» содан айырылмаймыз. Сондағы Мұқағалидың проблемасы – «үй ала алмады, кітабы шықпады» деген драматургия бола ма?! Мұқағалимен «Жұлдыз» журналында бірге істедім, кітабы шықпаған жылы болған жоқ. Опера театрының қасында үй болды. Ол кезде жұрттың арманы еді ғой, Опера театрының қасынан үй алу деген. Әлемнің мықты ақындарына қараңыз, орыстарға қараңыз, мысалы Ахматованың тағдыры қандай трагедия. Ол туралы пьеса жоқ. Орта буыны бар, кішісі бар іздену аясы тар. Кезінде Әуезов театрында Абылай хан туралы төрт пьеса болды. Мұны шетелден келген бір зерттеуші көрсе, ол театрға бармай қояр еді. Гай Юлий Цезарь жайлы бір-ақ пьеса бар. Ал егер тарих жайлы жазылу қатты қажет болып тұрса, кез келген тарихи тақырыпта бүгінгі күннің мәселесі көтерілуі керек қой. Ал енді жастардан мен білетін Мейіржан Жылқыбай деген жігіт бар. Кітабына алғысөз жазып бердім. Одан кейін Қолғанат Мұрат деген жігіт қазір кәдімгідей драматург болып шықты. Театрларда пьесалары қойылып жатыр. Мырзабек деген жігіт бар киносценарий жазатын, кеше бір сценарийн әкеліп беріп кетті. Дидар АМАНТАЙ, философ, жазушы:Қарт жазушылар әдебиет өзімен бірге аяқталғанын хабарлайды
– Қазір қарт жазушылардан жастар жайлы сұрасаңыз, өзі туралы айтады. Әрі әдебиеттің өзімен бірге аяқталғанын хабарлайды. Қазақ прозасы, Құдайға шүкір, мәңгілік өмір сүргісі келеді. Сондықтан жастар шығармашылығы аса маңызды. Кейінгі толқын бізден, біздің алдымыздағылардан озуы тиіс, ізденістерінің тақырыбы, жазбаларының формасы өзгеруі қажет, жазу мәнері түрленгені жөн, сонда ілкіден ілініп келе жатқан дәстүр байып, көш ілгері тартады. Әрине, өнерде бәсеке жоқ, көркем-эстетикалық өзгешелік қана бар, ол жарыстың алаңы емес, биік ұғым-түсініктердің мекені. Бақталастық – таланттың жауы. Өнерде шығармашылық тұлға өзімен өзі жарысады, әсемдіктің шегі, кемелдіктің соңы жоқ. Мен қазақтан шыққан қалың жасқа таңғаламын: үйсіз-күйсіз жүрсе де, өнерге адал қызмет етіп келе жатыр. Кітабын қаламақысыз шығарады, бала-шағасын қарызға асырайды, атақ-даңқын алыстан күтеді. Нар тәуекел! Басын бәйгеге тігеді. Қатерге де. Ертеңі күмәнді, ерлігі – ерен. Өлең оқығаны орден алғандай, қалам тартқаны қамал алғандай! Өміржан Әбдіхалық, Ырысбек Дәбей, Серік Сағынтай, Ұларбек Дәлей, Қойшыбек Мүбәрәк, Мақсат Мәлік, Жадыра Шамұрат, Қанат Әбілқайыр, Мирас Мұқаш, Алмас Мырзахмет, Досхан Жылқыбай, Жандос Байділда, Динара Мәлік, Мирас Асан, Жадыра Байбұлан, Бауыржан Майтай, Әсел Кәрібай, Абзал Сүлеймен, Еділбек Дүйсенов, Абылайхан Қуанышев, Олжас Қасым, Айнұр Төлеу, Құралай Омар, Дүйсенәлі Әлімақын, Тілек Ырысбек, Данияр Әлімқұл, Әділ Әуезхан, Әділет Шопен, Батырхан Сәрсенхан... Менің жастар туралы жазғаным бір кітап болып қалды. Қазақ әдебиеті қарыштап дамып келеді. Келешекте кеңістігі ұлғайып, дербес заман алтын уақыты орнайды. Алтын уақыт қайталанып отыруы тиіс. Сол кезде Алаш ақын-жазушылары (Орталық – Орта – Еуро) азиялық өңірдің байрақты туына айналады, ту ұстағандардың ішінде қазіргі қазақ жастары қаптап жүруі тиіс, үлкен әдебиеттің саны да үлкен болады, жазған-сызғаны, тіпті үлкен, ұстаз тұтқандары Тұрандай үлкен тұлғалар – Махамбет, Мағжан, Мұқағали! Әлішер РАХАТ, жас жазушы-драматург:Аға буын өздері көрген қамқорлықты айтып, кейінгілерге салғырт қарайды
– Әдебиетке қадам басқан әр жас қаламгер үшін жасы үлкен әдебиетшілердің пікірі қашанда маңызды. Себебі ардагер қаламгерлер әдебиет майданындағы құндылықтарды, құбылыстарды, әдіс-тәсілдерді жақсы біледі. Қанаты қатаймаған жас әдебиетшіге дем берсе, бағытын бағдарласа, сын айтса, жалпы әдебиетке қосылған үлес болар еді. Алайда бұл нәрсенің екінші жағы тағы бар. Ол – аға буын өкілінің жас әдебиетшіге қатты ықпал етіп, өз көлеңкесінде қалдыруы. Жалпы, өзім байқайтыным, бізде екіншісі жиі кездеседі. Үлкен қаламгерлер жанына жақындаған жастарды алдымен өзіне «тәу» еткізіп, артынша табындыруға тырысады. Кейде, мұның шекарасы әдебиеттен шығып, жеке қарым-қатынасқа өтіп, әдебиетке деген адалдық жоғалады да, «мақтау мен марапатқа» ұласады. Ал егер бізге қазақ әдебиетін дамыту керек болса, мұндай байланыстың болмағаны жөн шығар деп ойлаймын. Сосын «үлкендер жастарды оқымайды» деген бар. Оның себебі неде екенін білмеймін. Бірақ орта буында да, аға буын өкілдерінің де арасында кітапты өз қолына әкеп бермесең, өзі барып, іздеп оқу деген жоқ. Алдынан өту керек сияқты әйтеуір. Онда да, оқыса, пікір айтса, жақсы. Өз замандарындағы «аға буынның қамқорлығын» айтады да, өздері жастарға салғырт қарайтын сыңайлы. Кейде ойлаймын, сол кісілер қазақ әдебиетінің болашағын көрмей ме деп... Біздің алдымызда әдебиетте орта буын бар (35-45 жас аралығындағы), аға буын бар (45-тен ары). Аға буынның жастар әдебиетіне қатысты бірді-екілі пікірін, мақаласын көргенім болмаса, тұрақты оқып тұратындарына күмәнім бар. Бәлкім, мен көрмеген болармын, бірақ өзім білетін оқиғаларды айтайын. Мысалы, Дулат Исабеков ағамыз Мейіржан Жылқыбай деген жас жазушыға батасын берген. Кейін Мейіржан бірнеше бәйгелерден орын алды (әрине, мәселе онда емес), балаларға арнап бірнеше кітап жазды, Оңтүстік Кореядағы әріптестерімен кәріс тілінде кітап шығарды. Сол Дулат ағамыз Ақжан Аманжолқызы деген жас ақынның дарынын елден бұрын таныды. Қазір Ақжан жаңашыл жас ақындардың бірі болып танылып келеді. Сосын ақын ағамыз Сұраған Рахметұлының жастар шығармашылығы жайлы мақалаларын оқып, қуандым. Өзім Сұлтанәлі Балғабаевтың шәкіртімін, әрі менің алғашқы қадам жасауыма сол кісі көп көмектесті. Кейін Әннес Бағдат (драматург), Тоқтарәлі Таңжарық (ақын), Қанат Әбілқайыр (жазушы), Қанат Тілеухан (жазушы), Ырысбек Дәбей (жазушы), Жәнібек Әлікен (драматург), Жадыра Шамұратова (жазушы) т.б. орта буын өкілдері шығармашылығыма байланысты сын пікірлерін, ойларын айтып, бағаларын берді. Әрі мен үшін ол өте қымбат. Қазіргі аға буын мен жастардың арасындағы нағыз алтынкөпір кім десе, ойланбастан Тоқтарәлі Таңжарық деп жауап берер едім, мұныма жас қаламгерлер де қосылады деп ойлаймын. Себебі ол кісі шығармаға қатысты пікірін айтқанда жеке қарым-қатынасты қатыстырмайды. Әрі солай болуы керек-ті.