254
Қаланы көркейту жобасына тұрғындар қатыса алады
Қаланы көркейту жобасына тұрғындар қатыса алады
Алматы қаласында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 2021 жылдан бастап 300-ден астам жоба жүзеге асырылады. Биыл жоба аясында тұрғындар тарапынан 795 ұсыныс түсіп, оның 448-і дауыс беруге жіберілген. Осылайша Алматы тұрғындары өздеріне қажетті нысандарды салдырып жатыр.
«Бюджетке қатысу» жобасы қала тұрғындарының бастамасы мен ұсыныстары арқылы ауданды көркейтіп, дамытуды көздейді. Халықтың тұрғылықты жерінде балабақша, емхана жетіспей жатқанын айтып, оны салуға ұсыныс жасайтын тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан оң жолға қойылған. Сондай-ақ тұрғындар нысанның құрылысына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді жұмсауға атсалысады.
«Бюджетке қатысу» қалалық жобасы әзірге үлкен нысан салуды әлі қамтымаса да аумақты көгалдандыру, тротуарлар төсеу, арықтар салу, саябақтар, гүл бақтары, жаяу жүргіншілер аймақтарын жөндеу және жарықтандыру, аулаға жаттығу мен ойын алаңдарын салу сияқты ұсыныстарды қарастырады. Тұрғындардың игі бастамаларын сарапшылар, Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары және Үкіметтік емес ұйым өкілдері қарап, талқылайды.
Халықтың ұсынысы мен бастамасын қолдауға арналған жоба аясында биыл Медеу ауданы Самал-1 ықшамауданында жаңа сквер пайда болды. Тұрғындардың ұсынысымен бос жатқан аумақ абаттандырылып, жаттығу жасау құралдары, орындықтар қойылып, әдемі демалыс орнына айналған. Ескі жаяу жүргіншілер жолы күреліп, орнына брусчаткалар төселді, аумаққа Led шамдар қойылып, бос жатқан жерлер көгалдандырылып, су тартылды.
Медеу ауданы әкімі аппаратының Көріктендіру бөлімінің басшысы Мақсұт Нұрғалиев бұл жерде бұрын 1,5 метрлі жаяу жүргінші жолы мен бір демалу орындығы ғана болғанын айтады.
Абаттандыру жұмыстары екі ай уақыт ішінде жасалған. Нысанды салуға бюджеттен 27 миллион теңге бөлінген.
Жоба аясында биыл Түрксіб ауданындағы Бекмаханов пен Спасская көшелерінің қиылысында футбол және балалар ойын алаңы ашылған. Алаңды салуға 23 млн теңге жұмсалған.
Аталған ауданның Көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Райхан Нұрпейісованың айтуынша, ауданда «Бюджетке қатысу» жобасы аясында 5 нысан іске асырылған. Оларға бюджеттен 55 млн теңге бөлінген.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын жүзеге асырып, қаланың 8 ауданына жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден бөлді. 2020 жылы бұл қаржы 6,4 млрд теңгеге дейін өсті (2019 жылы 4 млрд теңге), яғни әр ауданға 800 млн теңгеден. Қалаға қосылған аумақтарды дамыту мақсатында Наурызбай және Алатау аудандарына «Бюджетке қатысу» аясында қосымша 500 млн теңгеден бөлу қарастырылған. Осылайша, аталған екі ауданның әрқайсысына 1,3 млрд теңгеден бөлінеді.
Бұл қаражатқа тұрғындардың сұрауы бойынша аулалар абаттандырылып, саябақтар мен скверлер салынады, спорт алаңдары жасалып, көшелерге жарық орнатылады.
Биыл «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім жинау тамыз айында budget.open-almaty.kz порталы арқылы іске асырылды. Оның ішінде ең жақсы ұсыныстарды 11-23 қараша аралығында өткен дауыс беру кезінде тұрғындардың өзі анықтады. Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталында ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) пайдалану арқылы онлайн, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен Open Almaty фронт-офисінде жазбаша түрде өткізілді.
Биыл 795 жобалық ұсыныс түсті, 448-і дауыс беруге жіберілді. Алматылықтар 28 576 дауыс берді, оның ішінде 27 476 онлайн және 1 113-і қағазға жазылған нұсқада. Бұл дерек Алматы тұрғындарының цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалана бастағанын көрсетсе керек.
«Бюджетке қатысу» аясында 2021 жылы іске асырылатын 343 жобаның 73-і – Алмалы, 61-і – Наурызбай ауданы, 54-і – Түрксіб ауданы, 49-ы – Бостандық ауданы, 34-і Медеу ауданы, 31-і – Алатау ауданы, 22-сі Әуезов ауданы, 19-ы – Жетісу ауданына тиесілі.
Қала тұрғындарының ең көп дауыс жинаған жобалары қатарында: Бостандық ауданында №3 оқушылар үйінің аумағын абаттандыру (458);
Алатау ауданында «Атлеттер қалашығы» ТК аумағын абаттандыру (424),
Алмалы ауданында Шевченко көшесі, 167 мекенжайындағы ауланы жаңарту және көгалдандыру (387),
Медеу ауданында №168 мектепке өту үшін Әбілғазы өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен пандусы бар баспалдақ салу (349);
Түрксіб ауданында «Қазақстан жастарына патриоттық тәлім беру» тақырыбына мурал салу (325);
Әуезов ауданындағы Мамыр-1 ықшамауданында балалар ойын алаңын күрделі жөндеу (147);
Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ ықшамауданында жол бойында жабық арық жүйесін орнату (132);
Жетісу ауданындағы Көкжиек ықшамауданында Жекпе-жек орталығын ашу (112) бар.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері жазбаша дауыс беру нәтижесін санауға қатысып, тұрғындардың бастамаларына баға берді.
«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша қағазға толтырылған нұсқада дауыс беру нәтижесін санауға бір күн кетті. Бұл тұрғындар өз ауданын абаттандыру үшін дауыс беруге белсенді қатысқанын білдіреді. Менің ойымша, тұрғындардың пікірін ескере отырып, қаланы дамыту үшін «Бюджетке қатысуды» тұрақты түрде өткізу керек. Тәжірибе көрсеткендей, қала тұрғындарының белсенділігі мен жобаға деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбдішүкіров.
Алматы қаласы Бостандық ауданы мүгедектер қоғамының басқарма төрағасы Ұлан Іңкәрбеков те биыл тұрғындардың белсенділігі артқанын атап өтті.
«Әр ауданда орта есеппен 100 жобадан ұсынылды. Соның ішінде дауыс беруге қала тұрғындарына қажет және ең маңызды жобалар жіберілді. Жыл сайын «Бюджетке қатысу» арқылы қалалық ортаны жақсартуға ниет білдіретін тұрғындар саны көбейе түседі деп сенемін», – деп бөлісті Ұ.Іңкәрбеков.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы Дмитрий Васильевтің пікірінше, «Бюджетке қатысудың» категорияларын көбейтіп, абаттандырудан бөлек, әлеуметтік нысандарды, демалыс орталықтарын және т.б. ашу бойынша жобаларды қосу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Жұмыстың жүйелі жүргізілуі мен сапалы өнімнен салынуын қалалық қоғамдық кеңес өкілдері бақылайды. «Бюджетке қатысу» жобасының ерекше тұсы – құрылыс жоспары қала тұрғындарымен кеңесе отырып жасалады. Бұл билік пен бұқара арасында ашық қоғам қалыптасуына үлкен мүмкіндік дейді қоғамдық кеңес мүшелері.