1624
-лықтың былығы
-лықтың былығы
Орыс тілінен калькаланып келіп, қазақ тілінің грамматикалық, стилистикалық табиғатын бұзған бір құбылыс – -лық/–лік/–дық/–дік/–тық/–тік жұрнақтары қосылуы арқылы жасалған сөйлем.
Қазақ тілінде сөз тудыру қызметін атқаратын, яғни сөзжасамдық формант «түрік тілдерінің жалпы қай-қайсысында да ең өнімді жұрнақ саналады» дейді ғалымдар (Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002). Сөйте тұра, оның «өнімділігі» кейінгі 20-30 жылда тіпті шектен шығып кетті деуге де болады.
Әсіресе орыс тілінен –ный, -ский, -овый қосымшаларына аяқталатын сөздерді және солардың қатысуымен жасалған сөз тіркестерін аударуда көп ойланбастан осы жұрнақтарға жүгіне салатын болдық. Алайда, орыс тіліндегі аталған қосымшалардың бәрін –лық арқылы аудара беруге болмайды.
Мысалы, мемлекеттік мекемелер, тіпті министрлік атауларын алдымен орысша қойып, одан кейін қазақ тіліне аудару салдарынан мынадай, нақты мағынасы жоғалған атаулар пайда болды:
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (Министерство информации и общественного развития), алайда даму қалай қоғамдық болады? Бұл министрліктің мақсаты қоғамды дамыту емес пе? Орыс тілінің өзінде «общественное развитие» – «развитие общества» деп түрлендіруге болады.
...инфрақұрылымдық даму министрлігі – тура сол жағдай. Инфрақұрылымды дамыту.
...экономикалық даму – экономиканы дамыту.
Университет атаулары:
Медициналық университеті – медицинский университет – медицина университеті.
Педагогикалық университеті – педагогика университеті.
Осыдан келіп, кейінгі жылдары тіпті факультет атауларын осы формаға салу қалыптасты:
Филологиялық, педагогикалық, журналистік факультет (ес білгелі филология, биология, журналистика факультеті еді), өйткені орыс тілінде «факультет филологии» мен «филологический факультет» қатар қолданыла береді.
Бертінге дейін «дикторлар, актерлер мектебі» деп келген тіркестер калькаланып «дикторлық, актерлік мектеп» деп айтыла бастады.
Оған қоса «медициналық орталық (медицина орталығы)», «жарнамалық агенттік (жарнама агенттігі)» сынды калька атаулар қаптап кетті.
Бұл жұрнақ әсіресе пандемия басталғалы «күшіне мінді». «Қоронавирус инфекциясы» деп айтуға тиіс нәрсені «коронавирусТЫҚ инфекция» дедік. «Санитария талаптары» болуға тиіс нәрсені «санитарлық талаптар» дедік. «Маска тағу режимі» болуға тиістіні – «маскалық режим» (масочный режим) дедік.
Қазақ тілінде –лық (және фонетикалық варианттары) жұрнағы қосылып зат есім де, сын есім де жасалады. «-лық /-дық/-тық жұрнағы арқылы есім негізден жасалған туынды сын атауы өзі анықтайтын заттың сапалық сипатын, яғни оның тегін, неден немесе одан не істелетінін білдіреді» ((Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002). Осы аталған кітап авторлары келтіретін мысалдар арасында «інілік, құрбылық, достық, аталық, әйелдік» сынды сөздер бар. Ал қазіргі қолданысында бұл жұрнақ тек орыс тілінің жоғарыда аталған қосымшаларын аударуға қолданылып кетті. Алайда, оның өзінің қолданылатын орны, жөні бар екенін ескермейміз.
Айталық, «цифровые технологии» мен «цифровая эпоха» тіркестерін формасы бірдей болғандықтан бірдей аударып жүрміз. Ал шын мәнінде «цифрлық технологиялар» деген дұрыс та, «цифрлық дәуір» деген дұрыс емес. Цифр дәуірі. Мұндай калькалану басталмай тұрған кезде тарихтағы «бронзовый век» қазақша «қола ғасыр» болып бекіп кеткен. Осы форманы аударуда байырғы тәжірибеге бір көз салып қою керек шығар.
осы форманың қате қолданылуына тағы бірнеше мысал:
Тұрмыстық зорлық-зомбылық (бытовое насилие) – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Айталық, осы құбылысты «бытовое» демей, «домашнее насилие» деген атауы да бар. ондайды «үйлік зорлық-зомбылық» демейміз, өйткені формасы біртүрлі екені көзге ұрып тұр. Ал неғып «тұрмыстық» дегенде сол қисынды ұстанбаймыз?
Осы сияқты «тұрмыстық техника» – «бытовая техника» – қазақшаға салсақ «тұрмысқа арналған» немесе «тұрмыста қолданылатын техника».
Кейінгі жарты жылда осы –лықтың бір зардабын «қашықТЫҚтан оқытудан» тартып отырмыз. Қазақ тілінде «қашық» деген үстеу сөз субстантивтеніп, зат есім қызметін атқара алады. Ал дистанция – қашықтық, дистанционно – қашықтықтан деген уәж осы ретте орынсыз. «Қашықтан» оқимыз ба, «қашықтықтан» оқимыз ба деген күмән туса, қазақ тілінде «Алыстықтан арбалағанша, жақындықтан дорбала» деп емес, «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» делінетінін еске түсірсе болды.
Осы жұрнақ арқылы жасалатын сөздерге қатысты белең алып бара жатқан тағы бір үрдіс бар –
-лы/-лі/-ды/-ді/-ты/-ті жұрнағы мен -лық /-дық/-тық жұрнағын қабаттастырып қолдану.
Ол көбінесе мына сөздерде білінеді: «ҚарапайымДЫЛЫҚ, танымалДЫЛЫҚ, қонақжайЛЫЛЫҚ, айқынДЫЛЫҚ, көрегенДІЛІК, әділДІЛІК, ықтималДЫЛЫҚ» және басқа да сансыз мысал бар.
Мұндағы адасу сын есімнен зат есім тудыратын және зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақтарды қателесіп араластырып қолдануда.
Мысалы: әділет (зат есім) – әділетті (сын есім) – әділеттілік (зат есім) – (осының өзі кезінде артық орыс тіліндегі справедливо – справедливость жұбын қайталау үшін жасалған, бірақ «әділет» деген сөздің өзі сол «справедливость» мағынасын беріп тұр) сынды форма түрленуіне салып, мүлде бұл формаға түспейтін сөздерді артық түрлендіріп жібергенбіз.
Айталық: қарапайым (қандай?) – қарапайымдық (не?). Алайда, қазіргі қолданыстағы «қарапайымДЫЛЫҚ» сөзінің кейінгі –лық жұрнағын алып тастасақ, «қарапайымДЫ» деген сөз қалады. Ондай сөз қазақ тілінде жоқ. Сол сияқты «танымалДЫ, айқынДЫ, қонақжайЛЫ, көрегенДІ, әділДІ, ықтималДЫ» деген сөздер де қазақ тілінде жоқ.
-лықтың былығы осы, қазақ тілінде жоқ сөздерді «тудыруында» болып отыр.
Назгүл ҚОЖАБЕК