308
Бердібек Сапарбаев: Жерді шаруашылық тұрғыда пайдалану керек
Бердібек Сапарбаев: Жерді шаруашылық тұрғыда пайдалану керек
Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Осы орайда Жамбыл облысының әкімдігі бұл мәселені тұрақты назарда ұстап келеді.
Жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабектің айтуынша, кейбір әкімдіктер пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлерінің көлемі туралы нақты цифрларды жасырып, жалған мәліметтер жолдайды. Мәселен, Қордай ауданының әкімдігі игерусіз жатқан 15,5 мың гектар жайылым бар деп хабарлағанымен, тексеру кезінде 99 мың гектар жер анықталған. Осындай сәйкессіздіктер Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарының әкімдіктері ұсынған ақпараттарда да кездеседі.
Жалпы, облыс бойынша пайдаланусыз жатқан 400 мың гектарға жуық жайылымдық жер анықталған, ал жергілікті әкімдіктердің жолдаған көрсеткішінде 107 гектар деп көрсетілген. Сондай-ақ тексеру барысында көптеген иесіз жерлер анықталған.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінен ауылшаруашылық жерлеріне бір ай ішінде толық объективті тексеріс жүргізуді талап етті.
– Жер айналымда болуы керек, оны ұтымды ұқсатып, барынша өнімділік тұрғыда пайдаланған абзал. Бізге егіс алқабын кеңейту, ауыспалы егістік бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Біз өңірімізді өз өнімдерімізбен толық қамтамасыз етуге күш салуымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігі – қазіргі кездегі маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев ұсақ шаруа қожалықтарын агрохолдингтерге біріктіру жұмыстарын жалғастыру қажет екенін еске салды. Әрбір ауданда заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен және жабдықтарымен қамтамасыз етілген осындай екі-үш аграрлық бірлестік болуы тиіс. Келер жылы жақсы өнім жинау үшін тиісті жұмыстарды бүгіннен бастау керек. Сапасыз тұқымдардан бас тартып, техниканы реттеп, тыңайтқыштар қолдану, су ресурстарын, оның ішінде суды үнемдейтін технологияларды енгізуге қазірден қамданған дұрыс.