Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ

Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ

Түрік сериалдарына киім тігіп жүрген қазақ
ашық дереккөзі
Кезінде Қытай үкіметі орнатқан қатаң тәртіптің тезіне түсіп, алдымен Пәкістанға, кейіннен Түркияға үдере көшкен қазақтардың ұрпақтары арасында атадан балаға мұра болып, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан кәсіпті жандандырып жүргендер баршылық. Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз теріден киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаумен айналысады. Сонымен қоса Түркия аумағында түсірілетін тарихи киноларға арнайы киім тігеді, танымал түрік әншілерінен де көп тапсырыс алады. Тіккен киімдері мен жасаған бұйымдары Түркиядан тысқары Еуропа және Батыс елдерінде де үлкен сұранысқа ие қандасымызбен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.  width= – Стамбұлда тігіншілік кәсіппен ай­налысатын жалғыз қазақ еке­ніңізді білеміз. Талант пен төзім­ді­лік­ті талап ететін бұл кәсіпті қайдан, қалай меңгердіңіз? – Мен сонау 1949 жылы Алтай жақ­тан Пәкістанның Кашмир аумағына, со­­сын Түркияға үдере көшіп келген қа­зақ­­тардың ұрпағымын. Ақсақал­дары­мыз­­дың айтуынша, сол уақытта Түр­кияға екі мыңға жуық қазақ көшіп кел­ген екен. Ал олар көшіп келгенде дайын тұрған жұмыс жоқ, сөйтіп көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болды. Малшылықты кәсіп еткен олар мал­дың терісінен түрлі нәрселер, соның ішін­де әралуан киімдер тігумен шұғыл­данған. Әкесінен көргенін баласы жасайды, кейін оларға немересі қолғабыс етеді, сол себепті Түркияда тұратын ересек қа­­­зақтардың басым көпшілігі тігін тігу­дің қыр-сырын жастайынан біледі, әсіресе теріден киім-кешектің қалай жа­салатынынан хабардар. Кейінгі буын­ның көп нәрсе білмеуі мүмкін, себебі қазіргі таңда олардың түрлі мамандық бойынша оқуға мүмкіндіктері зор, әрі заман ағымына сай талап-тілектері де басқа. Ал біз секілді орта буын өкілдері­нің ата кәсіпке бейімділігі бұрыннан бар. Атадан балаға мұра болып қалған бұл кәсіппен шұғылдануым да осы себептен, бала кезімнен әкемнің әлденені жонып отыратынын көріп өскен мен мектепте оқып жүргенде қолым бос кезде тігін зауытына барып, әкеме көмектесетінмін. Мектеп бітірген соң, басқа мамандық оқу үшін университетке түспей, осы кәсіптен нәсіп табайын деп бұл іске шындап кіріс­тім. Осылайша бүгінде жеке дүкен ашып, ұлттық нақыштағы түрлі киімдер тігіп, әртүрлі әшекей бұйымдар жасап, мұны сатумен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды.  width= – Ал тігін цехы сол дүкеніңіздің ішін­де орналасқан ба? – Иә, шағын зауыт пен дүкен бір жер­де орналасқан. Қоластымда он шақ­ты адам жұмыс істейді. Кейбірі түрік, ен­ді бірі өзіміздің қазақтар, арасында ен­ді үйреніп жүрген жастар да бар. Киім ті­гуді кезінде өзім әкемнен қалай үйрен­сем, оларға да солай үйретуге барым­ды салып жүрмін. –Дүкеніңіздің жеке сайтын ашып қарағанымда, бұйым­дарды, әсіресе бас киімдерді сатып алушылардың көптеген жа­ғымды пікір қалдырғанын, сонымен қатар Түркиядағы тарихи кино түсірушілердің де сіз­ге тапсырыспен киім тіктіргенін байқа­дым. Олармен қа­лай­­ша байланыс ор­наттыңыз? – Айта кетерлігі, бұл жақ­та оғыздардың бас киімдеріне сұраныс көп. Со­нымен қатар көпшілігі киім­нің сызбасын сызып я болмаса бел­гілі бір суретті әкеліп «Тура осы­лай тігіп беріңізші» деп тапсырыс бе­реді. Сексен миллион халқы бар Түр­кия елінде қазіргі таңда мен секілді ұлт­тық нақыштағы киім тігетіндер мен әшекей бұйымдарын әзірлеушілердің қарасы көп. Десек те, бәсекесі биік бұл на­­рықта біздің зауытта тігілетін киімдерге сұраныс көбеймесе, азайған емес. Бүгінгідей интернет дәуірі жүріп тұрған за­манда тапсырыс алу мәселесі жеңіл­деді. Тарихи киноларға қалай тапсырыс алғанымды сөз ететін болсам, «Қорқыт ата» киносын түсірушілер біз жасаған өнім­ді интернеттен көріп «Бізге сіздің өніміңіз ұнады. Зауытыңызға барып, қолыңыздан шыққан киім үлгілерін көрейікші» деп хабарласты. Кейіннен киім үлгілері, әсіресе мұның сапасы ұна­ған соң, аталған киноның екінші бө­лі­міне де тапсырыс алып, ақырында кино түсірушілер тарапынан тапсырыс беретіндер күрт көбейіп кетті. Осылайша Direnis Karatay, Hürkuş секілді тарихи кино түсірушілер тобы хабарласып, көп­теген киім үлгісіне тапсырыс берді. Бұдан бөлек, Түркияның Алперрен Кекилли деген танымал әншісі концертіне киімді біздің зауытқа келіп, арнайы тіктіреді. Мұнымен қоса, есімі белгілі әншілер де клипіне қажетті ұлттық киімдерді біздің дүкеннен келіп, таңдап я тіктіртіп алады. Сосын Стамбұлдағы бірнеше театр әкімшілігі де қойылым­дарына киім тігіп беру туралы ұсыныстар жасайды. Мұнымен қоса, садақ атудан жарыс ұйымдастырушылары жиі тапсырыс береді. Түркиядан бөлек, Еуропа ел­дерінен де тапсырыс алып тұрамыз. Сосын онлайн тапсырыс арқылы Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей және Украина елдерінен де клиенттеріміз бар. Қайыра айтсам, атадан қалған кәсіптің тізгінін ұстап қалғаныма, бұл істі бүгінде табысты түрде жалғас­ты­рып келе жатқаныма қуанамын.  width= – Тігіншіліктен бөлек, Қазақ тү­рік­терінің білім алу және зерттеу қауым­дастығының (KATEAD) жұ­мысына да араласады екенсіз. Он­да қандай қызмет атқарасыз? – Онда қауымдастық төрағасының орын­басары қызметін атқарамын. Қауым­дастықта жалпы саны он үш адам жұ­мыс істейді. Қазіргідей пандемия ке­зін­де мұндағы жұмыс өте қарбалас, ат­қарылып жатқан шаруа қыруар. Қа­зіргі күні шешімін тауып жатқан мәселені айтар болсам, күллі әлемнің оқушылары үй­ден оқып жатқандықтан, осындағы қа­зақ отбасыларындағы оқушыларды қа­жетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету­ге тырысып жатырмыз, себебі осында тұ­ратын кейбір қазақтың үйінде компьютер жоқ. Ақылдасып, қаражат жинап, нәтижесінде отыздан астам қазақтың үйіне компьютер әкеп орнаттық. – Сұхбаттасуға хабарласқанымда «Қазақ тілінде акцентпен сөйлеймін, ойымды кейде еркін жеткізе алмай қа­ламын. Елдегі бауырларым сұх­бат­таса алмайды деп айып етпесін. Атажұртқа табаным бір-ақ рет тиген, оның өзінде үш-ақ күн болдым» дедіңіз. Сонда Қазақстанның қай өңірінде болдыңыз? – Осыдан екі жыл бұрын құрбан айт ме­рекесінен кейін Алматыға арнайы сая­хаттап бардым. Алғашында әуежай­дан түсіп, киелі топыраққа табаным ти­ген сәтте көзімнен қалайша жас ыт­қып шыққанын байқамай қалдым. Көп­шіліктің пікіріне құлақ асып, ең алдымен Көктөбеге көтерілдім, сосын Шым­бұлақтың баурайын араладым. Келесі күні сіздерше айтқанда «Барахолка» деп ата­латын базарлар шоғырланған жерге бар­дым. Маған елдегі ағайынның тұр­мыс-тіршілігін сыртынан бақылау қызық болды. Дегенмен, Қазақстанда бір­де-бір туысқаным жоқ, барғанда қо­нақүйге тұрақтадым, сол себепті толы­ғымен аралай алмадым. Шынымды айтсам, жалғыз жүру жайсыз болды. Оның үстіне сол кездері уақытым тығыз болды, ал Алматыны үш күн ішінде емес, асық­пай аралау керек екен. Алматы мен ой­лағаннан да үлкен қала болып шықты. Мазаны қашырған мына індет бәрімізді айналып өткен соң, келесі жылы елдегі бір-екі қаланы асықпай аралаймын деп жоспарлап отырмын. Көпшілігі екі ел арасы жақын екенін айтып, атажұртта бір-ақ рет болғаныма таңданып, мұның себебін сұрап жатады. Елде туыстарым болса, жиі келетін едім. Қазақстанда ешкімді танымаймын. Дегенмен, елде еш туы­сым болмаса да, қаным қазақ болған соң, атажұртымды өз көзіммен бір рет болса да көру арманы әркез менмұндалап тұ­ратын. Сол арманымды орындау үшін жұ­мысымды ысырып тастап, тарихи Отаныма барып, бір марқайып келдім. Десек те, Алматыда орысша шүлдірлейтін бауырларымыз көп тұратынын байқа­дым. Дүкенге кіріп, сатып алғым келген өнімді қазақ тілінде сұрасам, дүкенші бауы­рым маған орысша жауап қатады. Түр­кияда барлығы тек бір тілде сөйлей­тіндіктен, бұл маған бастапқыда қызық көрінді. Орысша білмейтінімді сан мәрте айтсам да, әлгі дүкеншіге не іздеп жүр­ге­нім­ді ұғындыру қиынға түсті. Дей­тұр­ғанмен, қазақша білмейтін қазақтарға рен­жімеймін, олардың ата-аналарының өскен ортасына кезіндегі Ресей импе­рия­сының басқару жүйесінің әлі де ықпалы бар екенін жақсы білемін. Мәселен, түрік тілінің қолданыста жүргеніне мың жыл бол­ды, әрі бұл ел Қазақстан секілді өзге елдің бодандығында болған емес, осылайша түрік тілінің қолданыс аясы тарылмай, еш шұбарланбай, бүгінде өз ау­мағында жүз пайыз қолданылуда. Қазақ тілінің де алдағы уақытта елдің барлық аймағында қолданыс аясы кең болады деп сенемін. Стамбұлдың қазақ­тар көп шоғырланған ауданы Зейтүн­бүрніде алты мыңға жуық қазақ тұрады. Әуелі ата-анамыздан, сосын сол ауданды мекендеген қалың қазақтың ортасында жүріп қазақ тілін үйрендік. Өкінішке қарай, артымыздан ерген жастарымыз­дың көпшілігі ортасы басқа болғандық­тан, қазақ тілін үйрене алмай қалды. Біз­де өзге көршілес мемлекеттердегідей қа­зақ­тілді мектеп жоқ, дегенмен біздің қауымдастықтың жанынан қазақтілді курс ашылып, ана тілін білмейтін жас­тар­ды сол курстарға қатысып, қазақ ті­лін жетік меңгеруге, сонымен қатар мұн­да жұмыс істейтін арнайы үйірмеден дом­быра тартуды үйренуге үгіттеп жүр­міз.  width= – Келесі жылы жағдай түзелсе ел­дегі бір-екі өңірді асықпай аралай­тыныңызды айтып қалдыңыз. Қазақстанның қай өңіріне саяхат­тау­ды жоспарлап отырсыз? – Бәрінен бұрын Семей өңіріне бар­ғым келеді. Әкем кезінде Шығыс Түр­кі­стан деп аталған аумақта туылғанымен, атам сол Семей жақтың тумасы. Ата-ба­бам жүріп өткен, үйдегілердің бала кү­нім­­нен құлағыма құйып айтқан сол өңір­ді өз көзіммен көргім келеді. Сон­дай-ақ ел астанасы Нұр-Сұлтан шаһарын Дубай секілді әсем қала дегенді жиі естимін. Сол қаланы да асықпай аралағым ке­ліп жүр. Сосын елге барып, сары қы­мыз­ды сапырып ішіп, қалың топпен бірге Наурыз мерекесін тойлатқым келеді. Қымыз демекші, Түркияның Измир қаласында қымыз әзірлеумен айналысатын қазақ бауырымыз бар, десек те, Қа­зақстанда жасалатын қымыздың дә­міне ештеңе жетпейді екен. Атажұртта жыл­қыны бағудың қыр-сыры басқа ма, әлде ауасы мен табиғаты бір бөлек пе, білмедім, Қазақстанның қымызының дәмі өте ерекше. Елде әзірленетін қымызды бір татқаннан-ақ ұнатып қалған біздер Түр­кияда туып-өсіп, қазіргі күні Қазақ­станға көшіп кеткен қазақтар немесе осын­да оқитын студенттер арқылы тап­сырыспен қымыз алдыртамыз.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ