868
Досай Кенжетай: Салафилік сана күш ала берсе, қазақ болмысында жіктер тереңдей береді
Досай Кенжетай: Салафилік сана күш ала берсе, қазақ болмысында жіктер тереңдей береді
Досай Кенжетай, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Күллі түркі текті халықтардың кіндік жұрты көшпелі һәм отырықшы мәдениеттің түйіскен тұсы Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы шаһардың шырайы кіріп, көп өзгерді. Сізде Елордадағы қызметіңізді тастап, туған қалаңызға тарттыңыз. Әңгімеміздің әлқиссасын «Түркістан» ұғымынан бастасақ...
– Түркістан деген болмыс тақырыбы. Болмыс ол ұлттық, өркениеттік, діни және мәдени қабаттардан тұратын ғарыш. Ең сүбелі қыры бұл –құндылықтар екені мәлім. Бізді біз қылып тұрған құндылықтар жүйесі. Ал құндылықтар жүйесі дегеніміз ол нормалар қабаты. Нормалардың да жіктемесі бар: діни, құқықтық, моральдық, әдет-ғұрыптық. Осылай кете береді. Түркістан деген атау, яғни ұғым осы нормалардың трансформациясының жемісі. Яғни түрік халықтарының ислам дінін қабылдауы арқылы өзіндік түрік-ислам өркениетін қалыптастыруының дәлелі, тұғыры.
Өзі ислам өркениетінің араб, парсы және түрік деген үш қабаты бар. Соның ең маңызды да, тарихи-философиялық, геополитикалық, діни, ғылыми танымдық ізі бар өркениет анықтамасы осы Түркістаннан бастау алады. Алғашқы тарихтағы мұсылман ренессансы да осы аймақтан бастау алған. Алғашқы негізгі ислам дін ғылымдарын қалыптастырған, оның методологиялық, эпистемиологиялық және онтологиялық шаблондары мен анықтамасын да осы аймақтан шыққан тұлғалар жасап шығарған. Сондықтан арабтар, «ислам ғылымдарының бесігі» деп осы Ұлы Түркістанды айтқан («Мауараннаһр», «Фараб» аймағы). Түріктерді тарих жасаған, бірақ тарих жазбаған халық деуге болады. Сондықтан өткен ғасырда тарих ғылымы мен білімі, философиясы қайта жасақталып, оның теориялық, методологиялық тұғырлары мен түсіндірмелері қалыптасып жатқанда түрік халқы шет қалды. Тарихи құбылысынан өз үлесін алу былай тұрсын, тарих бетінен жойылып кету қаупі туды. Жалпы Батыс пен Шығыс арасындағы текетіресте, мұсылмандар тізе бүкті. Бүкіл Түркістан Ресейдің отарына айналды. Шығыс Түркістан Қытайдың, Солтүстік Түркістан Британияның билеуіне өтті. Саяси еркіндігімізден, болмысымыздан ажыратып, есімізді жиғызбастан, бізге жасанды тарихты оқыта бастады. Өз тарихымызға жаттану процесі белең алды. Мұның бәрі ғылыми позитивистік, спекулятивтік, идеологиялық және саяси тұрғыда жүзеге асып жатты.
Түркістанның мәшһүр тарихи айбыны мен өткенін адамзат санасынан өшіріп тастау жолында евроцентризм, ориентализм, шығыстанушылық миссионерлік мүдделес мектептер өзара тізе қосып, жұмыс істеп жатты. Соның салдарынан тарихымызда «Ұлы Жібек жолы» деген құбылысты жарнамалау позитивистік-материалистік, диалектикалық методологияның спекулятивтік ұранына айналды. Мұның жымысқы саясаты әлі де жалғасып жатыр. Қазір барлық қалалар мен далаларымызда «Silk Way» («Жібек жолы») жарнамасына көз сүрінеді. Бұл тарихи сананың тоқырауы мен құлдыққа бет алуының жемісі. Мәселе бұл топырақтағы түрік – ислам өркениеті мен мемлекеттілігінің, жалпы түрк болмысының рөлі мен тарихи орнын жоққа шығару. Яғни ислам дінінің өркениеттік мәнін, іздерін санадан, ғылыми айналымнан шығарып тастау болатын. Сосын бұған қоса, саяси қысым тетігіне айналған «пантуркизм» тіркесі де осы мақсатта тегеурінді кінәлауға себепші болды. Әлі де сол таңбалардың іздері қайта-қайта көрініс беріп отыр.
Дегенмен санадағы, болмыстық мәндегі «кімдік, мендік» тұғырын анықтайтын «Түркістан» ұғымы тіршілігін, жандылығын сақтап қалды. Оған себеп, Түркістан қаласы. Түркістан қаласы деген ол «Әзіреті Ахмет Иасауи» қаласы деген сөз. Себебі барша әулие бабамызды, тарихта «түріктің атасы», «шайхы», «ұстазы», «құт ал ақтабы», «даналардың данасы», «Ахмади Сани», «пір и Түркістан» деп таныған. Осы тіркестегі пір сөзі түсіп, Түркістан деген атау қаланың да, түріктік болмыстың да, тарихи сананың да, өркениеттік тұғырдың да орталығына айналды.
Енді кеш те болса, тәуелсіздігіміздің үшінші он жылдығында, Түркістанға мемлекеттік деңгейде, саяси тұрғыдан мән беріліп, облыс орталығына айналдырып, жаҺандық әрі болмыстық қысымға төтеп беретін тарихи сана тірегі ретінде үміт артылып отыр. Бұл да тарихқа баға берудің жаңа белесі, жаңа парақшасы деп қарауға болады. Кешегі Шоқайлар мен Мағжан бабаларымыздың армандап кеткен, тарихқа тағзымның құжаты, дәлеліндей әсер беретіні анық. Түркістан – бүгін де кешегі барша түрік халқының ортақ тарихи санасы мен болмысының темірқазығы екенін жариялап тұрған киелі мекен. Осы жолда бізді, әлі асқаралы істер мен тегеурін, пәрмен мен ерлік күтіп тұр. Бұл қазіргі жасалып жатқан игі істер жемісін ертең, келесі келер ұрпақ көретін болашақтың іргетасы. Іргетас демекші соның ең бірегейін, Қожа Ахмет Иасауи ілімі, мәдениеті, жолы, тарихи-діни тәжірибесі туралы зерттеулер алатындығы анық. Сол үшін де астанадағы жылы орнымды тастап, осы өзімнің ғылыми зерттеушілік бағытыма, киелі Түркістанға, ұлы идеяға, Иасауитануға өмірімді арнайын деген ниетпен оралып отырмын.
– Түркістан туралы айтылғанда Ахмет Иасауи бабамыз жайлы айтпай кету мүмкін емес. Исламды Ата дініміз дегізген – осындай ұлы ғұламалардың ізгілік жолы еді. Өкінішке қарай, ол соқпақтарды да «арам шөп» басқандай. Енді ол жүлге жалғана ма?
– Ия, расында Түркістан мен Иасауи егіз ұғым. Жоғарыда айтқанымыздай Иасауи бабамызды барша түрік халқы «Пір и Түркістан» ретінде таныған. Ахмад и Саниғ яғни «Екінші Мұхаммад» деп дәріптеген. Хазини өзінің «Жауахир ал абрар» деген еңбегінде Иасауи ілімі мен жолының негіздерін егжей-тегжейлі баяндап кеткен. Иасауи ілімі адам туралы ілім. Тарихта ислам діни атропологиялық негіздері осы ілім арқылы қалыптасқан, дамытылған, жүйеленген, нақтыланған десек қателеспейміз. Ислам діни тәжірибесінде, тарихында адамға қарай бет бұрған ілім – осы Иасауи іліміне барып тіреледі. Бұл жалпы ислам үшін де, түрік халықтары үшін де солай. Себебі бұл жол махаббат жолы, адамды сүюдің мектебі, тәжірибесі, тұғыры, принциптері мен идеясын өз ішіне қамтып жатқан, жалпы адамзаттық қазына. Мұндай қазынаның, алтын көмбенің үстінде отырып, жұтап, рухани кері кетіп отырғанымыз да өзімізден. Себебін жоғарыда да айтып өттім. Тарихи өткеніміз бен санамызға, болмысымызға, ұлттық-діни тұғырларымыз бен құндылықтарымызға мәңгүрттік сана сіңіп қалған. Өзімізді тани алмай келеміз. Оның себептері де көп.
Жақсы айттыңыз, санамызда «арам шөп» басып қалған қат-қабат шаблондар, стеротиптер мен кедергілер жеткілікті. Ол саясат, ол ғылыми таным, ол тарихи тәжірибе. Қысқасы кешегі кеңестік жүйенің инерциясы жалғасып отыр. Дегенмен бұл да өтеді. Уақыт керек.
– Ислам діні Орта Азияға (Түркістанға) үлкен қан төгістермен келді. Мүслім Кутайбаның жорықтарын озбырлық деп сипаттайтындар бар. Яғни, түркілердің оған дейінгі мәдени мұраларын күл-талқан етті дейді. Бұл тұрғыда біздің бабаларымыз қандай пайда көрді? Неден ұтылды?
– Бұл да эпистемиологиялық қателіктен туындаған танымдар. Дін мен саясатты ажыратып қарастыру қажет. Діни таным, діни сана, діни сенім, діни тәжірибе арасындағы аксиологиялық ерекшеліктерді тани алмаудан туындаған тұжырымдар кеше де бүгін де әлі жалғасып келеді.
Соғыс саясаттың көрінісі, оның дінге қатысы жоқ. Исламға қатысы жоқ. Рас тарихта араб жаулаушылары келді, түріктер оларға қарсы соғысты, жан алысып, жан берді. Бұл да бір диалогтың формасы. Бірақ «түріктер исламға соғыспен, зорлықпен кірді» дегені өтірік. Себебі діннің болмысында, табиғатында зорлық болуы мүмкін емес. Сондықтан да «дін ауыстыру деген қайта туу деген сөз. Бұл дін психологиясында, антропологиясында дәлелденген құбылыс. Ислам – түрік болмысын, түрік өркениетін қалыптастырған дін. Басқаша айтқанда, ислам түрік феноменін тарих сахнасына қайтадан алып келген дін. Ислам арқылы түріктер имманентті ойлаудан өтіп, трансцендетті ойлауға бейімделді. Жаһандық және локальдық ерекшеліктердің аражігін ажыратты. Абайша айтқанда, «жақсы менен жаманды айырудың» негізіне үңілді. Оның киелі, сакральды қабаттарына мән берді. Тәңір, әлем және адамға деген қатынастары өзгерді, трансформацияланды, өздері өркениет құрды. Мемлекеттілік пен тарихи сабақтастықтың сырын ұғынды. Исламды өркениет ретінде байытты, дамытты, өз үлестерін қосты. Түрік халқы исламнан ұтылған жоқ, қайта өзін тапты.
– «Зайырлы ел, қайырлы ел» деген тамаша еңбегіңіз көбіне-көп мешіт-медресселерге тарады. Ол терең шыңырауға лақтырған тастың дыбыссыз кеткеніндей әсер етті... Біз «зайырлы еліміз» дейміз. Констутиция да солай. Алайда, бізде әлі наным-сенім бостандығы жоқ сияқты. Оны қалай қалыптастыруға болады?
– Ол рас. Дегенмен, сол кітапты арнайы, мешіт имамдары мен дін қызметкерлеріне арнап жаздым. Себебі мына қоғамда зайырлылық құбылысының да үдерісінің де орталығында осы имамдар мен дін қызметкерлері тұр. Оның дауысы яғни жемісі алдағы уақытта шыға бастауы тиіс. Зайырлылық – дін емес, идеология да емес. Зайырлылық – ұстаным. Ұстаным болғанда да құқықтық ұстаным. Ал құқықтық ұстаным адамның санасы мен ішкі әлеміне қатысты. Сананы қалыптастыру деген құдайлық әрекет. Оған да уақыт керек. Сана деген зат болса егер, оны оп-оңай орнына қоюға болар еді. Бұл қоғамда зайырлылықтың мәнін, анықтамасын, идеясын, өзіміздің тарихи тәжірибемізбен үндестікте, тұтастықта қарастыруды игермей сіз айтқан проблемаларды шешу мүмкін емес. Ол үшін де ғылым шарт. Кез келген мәселенің мәнін «Ғылыми таныммен» өлшей алмаған елде, ешқашан даму да, тұрақтылық та, болашақ та болмайды. Алдымен, діни білім мен ғылым дамуы, қалыптасуы қажет. Онсыз дін құбылысы да, мемлекет институты да, адам санасы да түлемейді. Дін ғылымдары дамыса, барлық қоғамдық ғылымдар жүйесі түлейді. Философия да, тарих та, әдебиет те, мәдениет те жалпы болмысқа қызмет ететін барлық ғылым саласы дамиды. Болмаса жоқ. Дінтану, теология, теософия аспектілері бүгінгі ғылыми таным спектрімен нұрланбайынша, исламды қазақ үшін рухани тірек болады деу қиын мәселеге айналып барады. Оған жаһандық исламофобия, терроризм, экстремизм, радикализм, фундаментализм де өз ықпалын тигізіп отыр. Дін – саясат құралы... Ал ислам қазақтың болмыстық мәні. Демек, исламды қазақ өз пайдасына қолдана алуы керек. Оған қазіргі жағдайда мүмкіндік бар, бірақ қауқар жоқ...
– Біздегі дін насихаттаушылардың лексиконынан «ізгілік, ар, ұят, адамгершілік, ынсап» секілді сөздер сирек кездеседі. Құранның да аударылған нұсқасы жалпыға ауыр, әдеби түсінікті тіл емес. Кейбір исламтанушылардың уағызынан арабизм байқалып қалады. Мұның сыры неде?
– Негізі дін тілі мен мәдениет тілін ажырату керек. Бізде ол жоқ. Сондай-ақ, діннің мәнін қайта тұжырымдауымыз қажет. Ол үшін де дін ғылымдарының дамуы, жіктелуі, қолданылу аясы мемлекеттік және қоғамдық инститтутар деңгейінде нақтылануы тиіс. Сол себепті қазір, өкінішке қарай, дін ар, мән емес, форма, шаблон, нормалар жиынтығы сияқты жалаң анықтамалар мен әдістемелік нұсқаулықтар мен орталықтардың жетегінде кетті. Оны жетектеп сүйреп кеткен де, бүгінгі жаһандық ахуал. Дін деген араб тілі емес. Дін деген араб мәдениеті, әдет ғұрпы емес. Дін деген араб жамылғысы, шәлісі, орамалы емес. Себебі шариғат пен дін екі бөлек қабат, екі бөлек эпистемиологиялық әлем. Бізде осындай ұғынылуы қиын ұғымдар тұрғанда қазақ қоғамын сіз айтқан құбылыстан айықтыру оңайға соқпайды. Керісінше кері кетеді. Содан барып, діннен үркеміз. Діннен қорқамыз. Нәтижесінде дінге қарсы ағымдар, топтар, қабаттар, ұстанымдар, өздігінен қылтиып шыға береді. Бұл қоғам диалектикасына апарып соғады. Ортақ құндылықтық платформа болмаған ұлт, мәдениет уақыт ішінде ортасынан қақ айрылатын тау жотасына ұқсайды. Ең басты проблема ол сана. Салафилік-фундаменталистік сана. Ол сана «таассуб» яғни діни фанатизмге апарып соғады, соғып та жатыр. Жоғарыда айтқан, «кімдік, мендік» сияқты болмыстық проблема бой көтерді. Ол қазақ болмысын жіктеуге апарып соғуда. «Алдымен мұсылманмын, сосын қазақпын», немесе «алдымен қазақпын, сосын мұсылманмын» деген сияқты. Мұндай иерархиялық ойлау жүйесі негізінен салафизм-уахабизм платформасының ерекшелігі. Осы діни сана доминант бола берсе, қазақ болмысында да жіктер тереңдей береді. Қазір соның көрінісі ретінде «тәңіршілдік» деген жіктер бой көрсетіп жатыр...
– «Тәңіршіл» деген сөзбен соғыс толастамай келеді. Исламтанушылар «тенгризм деген негізі жоқ дін» дейді. Онда неге олар жоқ дінмен күреседі? Осы тұрғыда Ислам агрессивті дін секілді көрінбей ме?
– Мәселе анықтамада. Жоғарыда да тоқталдым, дін ғылымдарының кенже қалуында. Дұрыс айтасыз, жоқ нәрсемен неге күрес жүргіземіз? Бірақ, бұл күрес сана күресі. Оны жоқ деп айтуға тағы болмайды. Ол тарихи танымды, тарихи сананы, мәдениет болмысын танымаудан, сосын бүгінгі исламофобиядан келіп шығады. Жалпы ислам мен мұсылман арасына теңдік қоюға болмайды. Ислам діні басқа, оның тәжірибесі мен қолдану, тұжырымдалу орталықтары мен мектептері өз алдына басқа құбылыстар. Яғни қазақ мұндайда, «битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» дейді. Бізде дін ғылымдары дамығанда, тәңіршілдік деген не, исламның мәні, адам мен мәдениет қатынасы, мәдениет пен дін қатынасы, ұлт пен дін байланысы сияқты аспектілер жоталана түседі, анықтала береді. Бұған уақыт керек. Тәңіршілдікке ұмтылыстың ішкі-сыртқы себептері белгілі. Оған да сақ болған абзал. Сенің тыныштығың саған ғана керек, ал бізді сырттан бақылап отырған күштерге ойын керек. Бұл ойынға да салафизм себеп. Жалпы қоғамда болып жатқан проблемалардың траекториясы белгілі. Оған өзіміз де құрал болып отырмыз. Мемлекеттік институт та, қоғамдық институт та бұған сергек қарау керек. Отпен ойнауға болмайды. Тәңірлік қанша жерден діни атрибуттарын өзінде сақтағанмен, ол қазақтың діні бола алмайды. Қазақ мәдениетінің мазмұны – ислам. Ислам ол қазақ болмысының мәні. Мәннің ауысуы, қайта туылу, ол деген сөз ұлттық жіктелу, ыдырау деген сөз. Ал қазақ мәдениеті қазақ ұлты барда, қазақ мемлекеттілігі барда, ол тіршілігін тоқтатпайды, деп сенеміз, солай танимыз. Қазақ мұндайда, «ит үреді, керуен көшеді» дейді.
– Заман құбылысы, жаһандану үдерісі қарқынды. Рас-өтірігі белгісіз, жаһанда деистер, атеисттер, пантеистер, агностиктердің көбеюі белең алып барады дейді. Ал сіз адамзаттың дінсіз өмір сүріп жатқанын елестете аласыз ба?
– Бұл мәселе ғасырлар бойы айтылып келеді. Карен Армстронг деген ағылшын дін тарихшысы да осы мәселеге арнап кітап жазған. Мәселе заманда, жаһандануда, саясатта емес, адамда жатыр. Адамның дінсіз болуы, құдайсыз тіршілік етуі, яғни құндылықсыз, нормасыз, құқықсыз, әдет-ғұрыпсыз, моральсыз, қоғамсыз қалуы деген сөз. Бұл мүмкін бе? Жоқ. Себебі бұлардың артында дін жатыр. Бұл қабаттардың артында киелі әлем, метафизика жатыр. Сондықтан адамзат баласы құдайсыз, дінсіз болмаған, болмайды да.
Шәкәрім атамыз айтпақшы, адам өз рухынан, жанынан безуі керек ол үшін. Рух мәселесі ол – сыр. Оған талас жоқ. Адамның да сыры оның киелі әлеммен байланысында жатыр.
– Тағлымды әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР