388
Елжанды жастар үшін ерен жоба
Елжанды жастар үшін ерен жоба
«Jas Otan» қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған және олардың мәселесін шешудің нақты жолдарын ұсынатын «Жастар – Отанға!» 5 жылдық бағдарламасын әзірледі. Жақында бағдарлама Жол картасының 216 жобасы жарияланды.
Бағдарламада әрбір өңір, қала және аудан бойынша жастардың өзекті мәселелерін шешуге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Жастар мәселесі бойынша әлемдегі үздік тәжірибелер мен еліміздегі жастардың 3 мыңнан астам ұсынысын ескере отырып дайындалған бағдарламада қолжетімді баспана мен жас отбасыларды қолдау, жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту мәселелерін шешуге ерекше басымдық беріліп отыр.
Мәселен, елордаға аймақтардан қоныс аударып жатқан жастар саны көп. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Сонымен қатар дарынды жастарға грант бөлу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және интернаттан шыққан жастарға қолдау көрсету де маңызды.
Айта кетсек, Президент жариялаған биылғы «Еріктілер жылы» аясында елордалық жастар арасында қалалық және халықаралық іс-шараларға қатысқан жастар саны артқан. Мысалы, биыл жыл басынан бері 1 500 жас қайырымдылық және волонтерлік шараларға қатысқан.
Бағдарлама аясында астаналық жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудағы жеке сектор үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп қойған. Әлемдік тәжірибе кез келген мемлекет ғылыми жұмыстарға бөлінетін қаржы көлемі 0,1 пайызға артса, сол елдің ЖІӨ көлемі 1,2 пайызға жетуі мүмкін екенін көрсетеді. Осы орайда, жеке сектор есебінен бөлінетін қаражат көлемі артса, ғылыммен айналысуға ынталы жастардың да үлесі көбейетіні анық.
Алматы әуелден жастардың қаласы саналады. Жастар қала халқының үштен бір бөлігін құрайды. Алматы – жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, білім алуға, жұмысқа орналасып, қызмет бабымен өсуіне, отбасылы болуына қолайлы қала.
Дегенмен Алматы жастарының 38,5 пайызы ғана еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады екен. Ал жастардың 40 пайызға жуығы елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу жеке құқықты қорғауға кепілдік бермейді деп санайды. Осы көрсеткіштерді ескеріп «Jas Otan» жергілікті атқарушы органдар мен мекемелердегі (мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, т.б.) 35 жасқа дейінгі жастардың үлесін 2025 жылға дейін 30 пайызға арттыруды көздеп отыр. Осы орайда жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешуді Алматы облысындағы жасотандықтар қолға алмақшы. Жалпы аталған бағдарлама іске асырылса, еліміз бойынша жыл сайын 10 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады. Осы ретте «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын іске асыру арқылы жас мамандарды жұмыспен қамту, Алматы жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету маңызды.
«Жастар – Отанға!» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында 2021 жылдан бастап жас отбасыларға арналған мемлекеттің қолдауымен салынатын тұрғын үй сатып алу үшін «Әулиеата жастары» несиелеу бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Осы ретте облыс әкімдігінің Құрылыс басқармасы тұрғын үйлердің бағасын нарықтағы бағадан 40 пайызға төмендету арқылы жастардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттырмақ. Бұл – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі оңтайлы шешім болары анық.
Ал Қостанай облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. 2025 жылға дейін бағдарламаны іске асыру аясында жасанды жабыны бар 30 шағын футбол алаңы, 10 стритбол алаңы, стрит-воркаут алаңдары, облыстың қалалары мен аудандарында 29 хоккей корты салынбақ.
«Жастар – Отанға!» бағдарламасының Жол картасында жастар кәсіпкерлігін дамытуға да ерекше назар аударылады. Айталық, Маңғыстау облысында жыл сайын 500 жас «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өз ісін жүргізуді тегін оқи алады. Сондай-ақ, өңірдің жас кәсіпкерлері үшін несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендету және мемлекеттік субсидияларға қолжетімділікті кеңейту шаралары іске асырылады.
Өңірлік бағдарламаларда білім беру және тұлғалық өсу саласы да қамтылған. Тараз қаласында жастар саясаты мектебінің базасында жыл сайын 70 адам тағылымдамадан өтеді. 2023 жылы SMART оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Ақмола облысында 2025 жылға дейін 6 ЖОО-ның 2 850 орындық жатақхана құрылысы аяқталады. Петропавлда 2021 жылы жастар театрын ашу жоспарланып отыр, ал елордада 2 мың жасқа арналған 15 жаңа аула клубы салынады.
2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын биыл жыл соңына дейін бекіту жоспарланған. Оған дейін жоба жастар арасында, оның ішінде «Nur Otan» партияішілік праймеризіндегі пікірсайыстар аясында талқылауға ұсынылады. Қазақстандық жастар аталған құжатпен танысып қана қоймай, сонымен қатар, jasotan.kz және primaries.kz сайттары арқылы өз ұсыныстарын жолдай алады.