263
Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр
Жаңыл Мұратхан, кәсіпкер: Қазақстанда қазақы туризм кенжелеп тұр
Ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің түрлі үлгілерін бүгінде мұражайлар мен көрмелерден, театрлардан ғана кездестіретініміз рас. Жылына бір келетін наурыз мейрамында тігілген киіз үйлер ізін ала қайта жинастырылып жатады. Ал көптеген әлем елдері тарихи мұралары мен әдет-ғұрпын брендке айналдырып, сол арқылы мәдениетін дәріптеп, туризмді дамытып отыр. Қалай дегенмен, ұлттық болмысты боямасыз көрсететін, бәрін бір өзіне біріктіре алған көрнекті жерлер керек-ақ. Бір қуантарлығы, соңғы уақытта халқымыздың салт-дәстүрін, қолөнерін, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін этноауылдар қатары көбейіп келеді. Көмескі тартқан, ұмытылуға жақын қалған мұраларымызды санада қайта жаңғыртуға, елімізге келген кез келген шетелдікке қысылмай көрсетіп, «қазақ деген осындай халық екен ғой» деп ой түйгізетін этноауылдың бірі – Бурабайда орналасқан. Осы орайда, Атамекеніне көшіп келіп, көркіне сөз жетпес өлкеде қазақылықтың қаймағын бұзбай отырған қандасымыз Жаңыл Мұратханмен сұхбаттасқан едік.
– Әуелі «Атажұртқа қашан көшіп келдіңіз?» деген дәстүрлі сауалымыздан бастайық. Одан кейін этноауыл ашу идеясы жайлы айтып берсеңіз.
– Қазақстанға 2005 жылы Қытай Халық Республикасының Алтай өңірінен Талдықорған облысына көшіп келдім. 2007 жылы Ақмола облысына ұзатылдым. Жұбайым да атажұртын аңсап, осында көшіп келген қиырдағы қазақтардың бірі.
Ал этноауыл ашу жайына келер болсам, жалпы, халқымыздың кең пейілі, қонақжайлығы, мәдениеті хақында көп айтылады, сол құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқанымыз жасырын емес те. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты көптеген жоба жүзеге асырылып, өткенімізден қол үзбеуіміз керек екені, тарихымызды дәріптеп, сол арқылы болашаққа нық қадам баса алатынымыз айтыла бастады. Алғаш рет этноауыл ашу идеясы сол кезде пайда болды. Сөйтіп, 2017 жылы бірден осы ойымызды жүзеге асырдық.
– Осындай ауқымды жобаны қолға аларда ең әуелі қандай мақсатты алға қойдыңыздар?
– Дәл сол кезде елордамызда «EXPO-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің мәдени бағдарламасы Қазақстанның басты байлығы – халқымыздың дәстүрін жан-жақты, кеңінен насихаттауға бағытталғаны даусыз. Біздің де басты мақсатымыз – этнотуризмді дамыту болды. Себебі қазір Қазақстанда қазақы туризм жоқ десе де болады. Мысалы, қазіргі уақытта Бурабайда этноауыл ашып отырған жалғыз біз ғанамыз. Алтай өңірінде қазақы туризм өте жақсы дамыған, ал Қазақстанда қалың қазақ отырып неге осыны қолға алмаймыз деген ой келді. Сөйтіп, бірінші жер сұрадық, бірақ қолдау болмады. Кейіннен ойымыз бір адамның көңілінен шығып, жол бойындағы жерді 1 жылға тегін берді. Бізге өте жақсы көмек болды. Адамдар ағылып келе бастады. Бірақ орналасқан орнымыздың сәтсіз таңдалғанын көпшілігі айтатын. Кейіннен Бурабайдан 9 шақырым аумақтан, көлге жақын жерден орын алдық, 4 киіз үйіміз бар. Қазақы құндылығымыз жоғалып, жаһандану үдерісіне жұтылып кетпесін деген ниетпен жұмыс істеп келеміз. Шын мәнінде, этноауыл келушілерді қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, өнері және салт-дәстүрлерімен таныстырып, кез келген адамға көшпелі өркениет пен өткен ғасырдың хал-ахуалын сезінуге мүмкіндік жасайды. Бастамамыз одан әрі қолдау тапса құба-құп.
– Киіз үйлердегі жабдықтар, ұлттық киімдер – барлығы өздеріңіздің қолдарыңыздан шыққан ба? Қалай жабдықтадыңыздар?
– Этноорталықтағы киіз үй мұражайын өзіміз жабдықтадық. Киіз үйге төселген киіз, алашалардан бастап, құрақ көрпелер, адалбақан – бәрі қолдан жасалған. Өзім тігін тігуге, қолөнерге жақынмын. Ал жұбайым ағаш бұйымдарын жасауға шебер. Тағы да туған-туысқан, ағайындар болысып, он екі қанат 4 киіз үйді түгелдей жабдықтап шықтық. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен өмір салтын толық ашып көрсету мақсатымен барлық бөлшектерге мән беруге тырыстық, алтыбақан құрдық. Мұнда атпен серуендеуге де болады.
– Этноорталыққа келетіндер саны көп пе? Оның ішінде шетелдіктердің үлесі қандай?
– Пандемияға байланысты бұл жобамыз қазіргі уақытта тоқтап тұр. Бірақ көшпелі қазақ халқының дәстүрі мен өмір салты шетелдік туристерді қызықтыратыны сөзсіз. Елімізде қазіргі күндері халықтың қалай өмір сүріп жатқаны, нені ұлағат тұтып, нені қалайтыны, жалпы алғанда, жаратылысы, болмыс-бітімі қандай екені әлемнің көпшілігіне бұған дейін беймәлім болып келгені жасырын емес. Тіпті, қазақтардың өзі көп нәрседен бейхабар, бізге келіп талай нәрсені біліп кететіндерін жасырмайды. Тұрақты келіп тұратын адамдар да жетерлік. Мұның барлығы – өз тамырымыздан ажырамағанымыздың, қазақылыққа сусағанымыздың белгісі деп білемін.
Шетелдіктердің таңданысы мүлдем басқаша. Ұлттық тағамдарымызды, қолөнер үлгілерін көріп таңдай қағады. Этноауылымызға АҚШ, Германия, Польша, Түркия, Сауд Арабиясы сияқты әлемнің 17 елінен туристер келді. Келген қонақтардың барлығы өздерінің ризашылығын айтып, тіпті тілектерін жазып қалдырып кетеді. Қазіргі кезде жылы лебізге толған бір қалың дәптеріміз бар. Қазағымыздың мәдениеті мен өнерін, тұрмыс салтын әлемге таныстыру – біз үшін үлкен мәртебе. Тарихымызбен танысқысы келген қауымға мол мәлімет беріп, өз болмысымыздан ажырамауға ықпал етсек дейміз.
Сұхбаттасқан
Ділда УӘЛИБЕК