13 Шілде, 13:58 392 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Трамп алғаш рет көпшілік алдына маска киіп шықты

АҚШ президенті Дональд Трамп пандемия басталғалы алғаш рет камера алдына бетперде киіп шықты. Бұл оқиға сенбіде, елде індет жұқтырғандар саны бойынша кезекті антирекорд (66 мың адам) тіркелген күні болды, деп жазады BBC.

Сол күні Трамп жараланған әскерилермен және оларға қызмет көрсетіп жатқан медицина мамандарымен кездесу үшін Вашингтон сыртындағы Уолтер Рид атындағы әскери госпитальға аттанған болатын.

«Маска тағу керемет деп ойлаймын. Мен ешқашан бетпердеге қарсы болған жоқпын. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты және орны бар деп есептеймін», – деді Ақ үй басшысы резиденциясынан шығып бара жатып.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, көмекшілері Трамптан көпшілік ортасында маска киюді бірнеше мәрте өтінген. Алайда ол жиындарда, баспасөз мәслихаттарында және өзге де бұқаралық шаралар кезінде бетперде киюден бас тартқан.

Assoсiated Рress дереккөзінің айтуынша, АҚШ басшысы маска таққанда әлсіз болып көрінемін деп қорыққан. Сондай-ақ, Трамптың пікірінше, бетперде кию «жұрт назарын денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарысқа аударуы мүмкін».

АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде көш бастап келеді. Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша, Америкада 3,3 миллионнан аса адам індетке шалдыққан. Қатерлі вирустан 135 мыңнан астам науқас көз жұмған.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та коронавирустан көз жұму көрсеткіші артады деп болжанып отырғанын хабарлағанбыз. Елдің денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Бретт Жируардың айтуынша, күзде індеттің екінші толқынының басталу ықтималдығы жоғары. Өйткені вирус америкалықтардың 90 пайызын әлі шарпып үлгермеген.

Соңғы жаңалықтар