Ақтөбе облысында екі күн бұрын жоғалған әйел табылды. Далада шаруа қожалығынан шығып кеткен ол тұманның кесірінен бағытынан жаңылған, деп хабарлайды turkystan.kx КТК телеарнасы.
51 жастағы әйел Шалқар ауданына қарасты Қотыртас ауылынан 12 шақырым жердегі қожалықтан жаяу шығып кеткен.
Телеарна хабарлауынша, жақын маңдағы жалғыз ауылға жетпейді және оны жолай көрдім-білдім деген адам болмапты. Шаруа қожалығындағылар дереу іздеуге шығып, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларына хабар береді.
"Ауылдағы еріктілер мен төтенше жағдай қызметкерлері және полицейлер бірігіп, жол талғамайтын көліктермен сай-саланы сүзіп шығады. Көкке дрон ұшырып қарайды. Спутник байланысы пен жылуды түсіретін құрылғыны да қолданады. Ақыры жолынан жаңылған әйел даладан табылды. Өзі дін-аман. Дәрігер көмегін қажет еткен жоқ", - делінген телеарна сайтындағы ақпаратта.