337
COVID-19: АҚШ-та өлім-жітім көрсеткіші артады деп болжануда
COVID-19: АҚШ-та өлім-жітім көрсеткіші артады деп болжануда
Алдағы 2-3 аптада АҚШ-та коронавирус індетінен көз жұму көрсеткіші өседі деп болжанып отыр. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Бретт Жируар мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Жируардың айтуынша, бүгінгі таңда АҚШ-та індетті емдеу тиімділігі пандемияның алғашқы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Тиімді әдістеме жасақталып, ремдесведир және стероидтар секілді препараттар қолданылуда.
Сондай-ақ, министрдің көмекшісі күзде індеттің екінші толқынының басталу ықтималдығы жоғары екенін атап өтті. Өйткені вирус тұрғындардың 90 пайызын әлі шарпып үлгермеген. Жируардың сөзінше, ел билігі коронавирустың маусымдық тұмаумен қабаттасып, күрделене түспеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқан көрінеді.
Соңғы айда АҚШ-тың ірі штаттарында коронавирус жұқтыру көрсеткіші айтарлықтай өсті. Пандемия басталғалы елде 3,2 миллионнан астам адам індетке шалдыққан. Науқастардың 135 мыңға жуығы көз жұмды.
Айта кетейік, соңғы тәулікте әлемде коронавирус жұқтырудың рекордтық көрсеткіші тіркелді. ДДСҰ дерегінше, 12 шілде күні жаһанда 230 370 адамнан қатерлі вирус анықталды. Бір тәулікте індеттен 5 285 адам қайтыс болды.