– 2013 жылы «Этнобалет» қауымдастығын құру идеясы қайдан туындады?
–Сорбоннадағы оқуымды бітірген соң, екі-үш жобаға қатысып, тәжірибе жинадым. Өзім хореограф болған соң, өзімді жетілдіруге тырыстым, ешкімге тәуелді болмайын деп шештім. Сөйтіп, қауымдастық пен жеке мектебімді аштым. Мұны ашқан себебім – этнобалетті шетелдік көрерменге көрсету болатын. Балеттің басқа түріне қызығатындарға бұл жат нәрсе. Мені түсінбейді. Ал менің айтатын сөзім, көрсететін биім бар, сол себепті өз бетіммен ептеп осы істі қолға ала бастадым. Бірден барлығы іске асып кетті дей алмаймын, бастапқыда бір спектакль қойып, санаулы адамды биге баулып жүрдім. Қазіргі таңда бұл ісім оңға басып, ойлағанымнан асып түсіп, барлығы жақсы өрбуде.
– Түсінуімше, сіз насихаттап жүрген балет түрі көшпенділердің рухани мәдениетіне қатысы бар жеті әйелдің образына негізделген. Жалпы, бұл кейіпкерлерді балетке кіріктіруге не түрткі болды?
– Иә, мен шұғылданып жүрген балет түрінің ішінде жеті әйелдің архитипі бар, атап айтсам: «Аңшы», «Амазонка», «Бақсы», «Шабандоз», «Пір», «Патшайым» және «Құдай ана». Әрқайсысы бойынша бірнеше спектакль бар. Мұның барлығына қызығуыма бала күнімнен тарихты білуге деген қызығушылығым себеп болды. Маған Орта Азия халқының, рулардың тарихы өте қызық. Сосын Болат Жандарбековтің «Сақтар» атты романын оқыған кезде көзім ашылып, көкірегім оянды. Бізде патриархаттық қоғам болды ғой, ал екі мың жыл бұрын бізде бақсы, жауынгер, патшайым әйелдер бар болғанын оқығанымда мұны бірден сахнаға алып шыққым келді. Тарихымызда мықты әйелдер болғандықтан, неге мұны би арқылы көрсетпеске деп ойладым. Негізі, біздің көшпелілер мәдениеті өте керемет. Бұл спектакльдерден «біз кімбіз, тегіміз кім?» деген сұраққа жауап ала аласыз. Бір күні орыстарға, келесі күні америкалықтарға, енді қазір арабтарға көп еліктейміз. Әркімге еліктей бермей, түптеп келгенде біздің қайдан шыққанымызды білуіміз керек. Біз аспан мен жердің ортасында көшпенді өмір салтын ұстанған халықпыз. Далада еркін өскен әйел де, еркек те ары мен беделін жоғары қояды. Мұның барлығын көрсеткім келеді.
– Классикалық балет пен заманауи балетке ерекше ден қоятын Париждің өнер сүйер қауымын этнобалет секілді тың бағытқа иландыру қиынға соқпады ма?
– Жалпы, Париж тұрғындары өте ашық, не билегісі келеді, соны билейді. Француздар негізінен өнерге қатты қызығушы халық. Мен ұстанған бағытқа қызықпау мүмкін емес, себебі менікі жаңа нәрсе, тың өнер. Еуропа халқы мұны әлі көрмеген. Қазір классикалық және заманауи балетпен ешкімді таңғалдыра да алмайсыз. Әлбетте, қиындығы да бар. Этнобалет тым танымал болмаған соң, тамашалауға көп келе бермейді, ал келгендері тамсанып, алғысын жаудырып кетеді. Алғаш бастаушы болған соң, маған қиынға түсетіні анық. Себебі бұл өнер көрерменді мойындатуды талап етеді. Кейін менен тәлім алған шәкірттерім, менен кейінгі ұрпақ этнобалетті жалғастыратын болса, оларға оңайырақ болады деп ойлаймын. Әзірше оңайға соғып жатқан жоқ. Көбісі күмәнмен қарайды, бірде-бір спектакльді көрмей жатып, сенбейді. Әр спектакльдің тарихын білмейді. Сосын көпшілігі африкалық мәдениетпен шатастырады. Францияның отарлығында болғандықтан, этно десе жергілікті жұрт бірден африкалық елдер, соның ішінде Алжирге қатысы бар би деп ұғынса керек. Сосын отырып алып, егжей-тегжейлі түсіндіремін. Десек те, би үйренуге келген шәкірттеріме әр бидің тарихын ұғындыруға тырысамын. Мәселен, өткенде «Балбал» атты спектакльдің атауын түсіндірдім. Негізінен, бұл тастың атауы, әрі бұл тарихта болған нәрсе. Кезінде ата-бабаларымыз тастан күш жинап, бұған үлкен маңызбен қараған. Бұл турасында әр қилы түсінік бар, аңыз көп. Десек те, мұның негізгісін түсіндіріп, мағынасын жеткізгенімде олар бұған қатты қызығады.
– Маңғыстауда түсірген киноңыз Қазақстанда көрсетілмесе де, түрлі фестивальдерге қатысып жүргенін білеміз. Жуырда әлеуметтік желідегі парақшаңызда бұл фильмнің Нью-Йорктегі онлайн түрде өтуге мәжбүр фестивальге іріктеуден өткенін сүйіншілеп жаздыңыз. Бізге бейтаныс осы туындыңыз туралы айта отырсаңыз.
– Ол киноны түсіруге үш жыл бойы дайындалдым, үлкен армандарымның бірі болды. Сол кезде өзіммен бірге шетелдік достарымды ерте келіп, елді, жерді көрсетіп, бір мақтанғаным бар. Олар «Қандай керемет жер, мұндай жер бар екенін білмеппіз» деп тамсанып қайтты. Жалпы, шетелдіктер, көшпелі мәдениетке қатты қызығады, тіпті киіз үйдің өзі оларды таңғалдырады. Сол кезде түсірген «Киелі би» атты киномызды былтыр Парижде тұсауын кесіп, артынша түрлі фестивальдерге жібере бастадық. Нәтижесінде, Мадридте өткен арт-кино фестивалінің финалисі атандық. Сосын Short Film Corner атты Канн фестиваліне іріктеуден өттік. Алайда қазіргі таңда әлемді жайлаған пандемияға байланысты, бұл шара келесі жылға шегерілді. Ал Нью-Йоркте өтетін әлемдегі ең ірі әрі ең көне Dance on Caméra фестиваліне жолдама алғанымызды кеше естіп, төбем көкке жеткендей болды. Себебі бұл – мұндай фестивальге ұсынылып тұрған тұңғыш қазақстандық туынды. Бұл – мен үшін басты жетістік. Себебі менің биімнен бөлек, менің кином арқылы күллі әлем біздің мәдениетпен етене таныса алады. Егер олар осы туындыны іріктеп алса, демек олардың біздің мәдениетке деген қызығушылығы бар деген сөз.
– Сөз арасында Қазақстанға тек кино түсіру немесе туысқандарыңызды көріп, дидарласу мақсатында ғана келетініңізді түсіндім. Десек те, әлем тамашалап жүрген спектакльдеріңізді Қазақстанға келіп, бірде-бір рет сахналамапсыз. Бұл қалай болғаны?
– Иә, осы он жыл ішінде ел жақтан ешкімнен ұсыныс түспеді, негізі өздері қызығушылық танытпаған соң, өзім де қолдау сұрамаппын. Былтыр осында гастрольмен келген Астана опера және балет театры жетекшісінің қасына барып, бір-екі минут әңгімеге тартқанмын. Ол кісі: «Сіз де балетпен айналысасыз ба?» деумен шектеліп, ақырында қолыма визит карточкасын ұстатты. Жалпы, өзімді Қазақстанда кеңінен таныту үшін Қазақстанның ірі телеарналарына немесе Youtube желісіндегі қазақтілді арналардың бірінде сұхбат берсем немесе бәлкім сіздің басылымыңыз арқылы да мені танып қалар, өнерімді керек етер деген үміттемін. Негізі елден сұраныс түсе қалған жағдайда, ішімде «пісіріп, қорытып» жүрген бірнеше жобам бар. Мұнымен қатар, репертуарымдағы бүкіл спектакльді көрсетсем деймін. Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа ірі қалаларда хореограф ретінде жаңа спектакль қойғым келеді. Сосын Алматы мен Нұр-Сұлтаннан басқа қалаларда балетке кәсіби тұрғыда баулитын үйірме жоқ. Бұл өте өкінішті жайт. Себебі биге әуес қыз баланың мамандық таңдау құқығы шектеулі. Өзіңіз білесіз, көпшілігі алыс аймақтан Алматыға келе алмайды. Сол себепті алдағы уақытта өңірлерде кәсіби мектеп ашуға үлесімді қоссам деймін. Мұнда классикалық және этнобалетті ғана үйретіп қоймай, қыздарға дене мәдениетін, еркіндікті сезінуді үйретуді көздеймін. Айналып келгенде мұның барлығы қаржылай қолдауға келіп тіреледі. Жалпы, Францияда атқарып жатқан жұмысымның барлығын өзім істеймін, ешбір қолдаушым да, демеушім де жоқ. Десек те, бұл біздің елге бөтен емес өнер, өзіміздің кәдімгі көшпелі мәдениетіміздің көрінісі. Мұны қолдау керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта Қазақстан тарапынан мені қолдап жатса, қуанар едім.
– Елшілік ұйымдастыратын шараларға қатысып жүрген боларсыз. Сол уақытта олардың көмегіне жүгініп, елге барып спектакль қою туралы ұсыныс айтпадыңыз ба?
– Елшілік ұйымдастырған іс-шараларда бірнеше рет билегенім бар. Десек те, олар маған үлкен жобаға атсалысу туралы ұсыныс айта қоймады. Олар негізінен дәстүрлі өнерді дәріптеуге баса мән береді. Жақында Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жаңа спектакліме қаражат сұрағанмын. Алайда пандемияға байланысты бұл шаруа шешілмей қалды. Негізі мен он жылда бірінші рет олардан өз тарихымызға қатысы бар туындыны іске асыруға көмек сұрадым. Десек те, келер жылы көмектесер деген үміттемін. Сөз соңында оқырмандарыңызға маңызды бір нәрсе айтып кетсем бола ма?!
– Иә, айтыңыз.
– Жалпы, адамның дене тұрқы өте маңызды. Діни ортада әйелдің денесін барынша бүркемелеп ұстауды уағыздайды. Сонымен қатар дінде би жоқ деген кереғар пікір бар. Ал би тек мәдениеті жоғары елде қалыптасатын өнер түрі. Би – зайырлылық құралы, еркіндік белгісі. Ал зайырлылық Ата заңның бірінші бетінде жазылғандай, Тәуелсіздіктен кейінгі екінші құндылығымыз. Осыдан-ақ би өнері қоғамның қалыптасуына орасан септігін тигізетінін ойлай беріңіз. Көпшілігі мұны дұрыс түсінбей жатады, десек те бұған үстірт қарамай, би өнерінің де әлеуеті мықты екенін біле жүрген жөн. Алдағы уақытта спектакльдерім мен киноларым Қазақстанда көрсетілетін болса, бидің киесі, маңызын бірден байқайтын боласыздар деп үміттенемін.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ