Желілік маркетинг тауарларының 90% контрабандалық жолмен келетін көрінеді

Желілік маркетинг тауарларының 90% контрабандалық жолмен келетін көрінеді

Желілік маркетинг тауарларының 90% контрабандалық жолмен келетін көрінеді
ашық дереккөзі
676
  Бір жылдары елімізде желілік маркетингтің құрбанына айналғандардың қатары күрт артқаны баршаға мәлім. Уақыт өте келе бұл тақырып назардан тыс қалғандықтан, желілік маркетинг деп желіккендер азайған болар деп топшылаған көпшілік. Бірақ бұл пікір жаңсақ болған секілді. Бұлай деуіміздің сыры – Мәжіліс депутатының мәлемдесінде. «Елімізде желілік маркетинг жұмысын тоқтату қажет» деген мәжілісмен Жамбыл Ахметбековтің мәлімдемесінен кейін аталмыш мәселенің түйіні әлі де тарқатылмағаны түсінікті болды.

 Желілік маркетинг жеңіл жолмен ақша табу ма?

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков елімізде етек жайған желілік маркетингтің тамырына балта шабу қажет деп есептейді. Тіпті, бұл туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал да жолдап үлгерді. «Желілік маркетинг тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құруға негізделген тауарлар мен қызметтерді жүзеге асыру тұжырымдамасы, яғни, бұл да қаржылық пирамида іспетті. Оның құрбандығына көбінесе әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар ұшырайды», – дейді Жамбыл Ахметбеков. Депутаттың айтуынша, желілік маркетинг тауарларының 90 пайызы елдің нарығына контрабандалық жолмен келіп, сол жолмен таратылады. Яғни, қазынаға салық түспейді. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың өрістеуіне жол ашады. Корея, Қытай және АҚШ елдерінде желілік маркетингтің қызметіне заңдық тұрғыдан шектеулер қойылған. Ал көрші Өзбекстан Республикасында 2012 жылдың 7 ақпанынан бастап желілік маркетингке тыйым салынған. Тіпті, осы жөнінде арнайы заң да қабылданған екен. 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Заңында осы желілік маркетинг жайлы бірде-бір сөз айтылмаған. Осындай мысалдарды тілге тиек еткен депутат желілік компаниялардың қызметіне Қазақстанда да заңдық тұрғыдан шектеу қою керек деп есептейді. Біздің елімізде желілік маркетингпен айналысуға заңмен шектеу қойылмағандықтан, бұл бизнес ашық қызмет түрі ретінде есептелінеді,  алайда мұндай компаниялардың қызметін реттейтін бір де бір заң жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда 50 желілік компания жұмыс істейді. Сонымен қатар, желілік маркетингтің салдарынан қалың бұқара зардап шегіп жатқаны да назардан тыс қалмады. «Қазақстанда желілік маркетингтің құрбаны болғандар аз емес. Олар бұл саудаға қыруар қаржы салады. Шын мәнінде, желілік маркетинг – отбасында жасалатын негізсіз қаржылық шығын, бұл, тіпті, отбасының шырқын бұзуы да ғажап емес. Ендеше, біз өз халқымызды шығу тегі белгісіз компаниялардың ойыншығына айналдырып жүрміз. Мұның барлығы қоғамдағы әлеуметтік дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты. Желілік маркетинг мәселесі халық қалаулыларын алғаш рет алаңдатып отырған жоқ. Естеріңізге сала кетсек, бірнеше жыл бұрын депутат Гүлжан Қарағұсова да халық арасында кең тараған, түрлі тұтынушылық тауарлар мен дәрі-дәрмек, дәрумен ұсынатын желілік маркетингпен шұғылданатын ұйымдардың да жұмысын реттеудің мезгілі жеткенін айтқан болатын. «Халық арасында да әркім желілік маркетингке ұрынып жатады. Олардың да қызметінде қаржылық пирамидаға тән айла-амалдар барын Еуропа мен АҚШ жуырда ғана әшкереледі. Сондықтан, олардың жұмысын біз де реттеуіміз керек», – деген болатын депутат ханым. Қазақстан Үкіметі 2005 жылы «Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, пошта арқылы және басқа да тәсілдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда ережесін бекіту туралы» қаулыны қабылдады. Онда «таратушылардың кірісі дербес сатудан және олар желіге тартқан басқа агенттердің сатуынан түскен комиссиялық кірістен тұрады» деп көрсетілген. Демек, аталмыш заң жобасы бойынша елімізде желілік бизнеске ешқандай тыйым жоқ. Желілік маркетингке әуес жандар бизнестің бұл түрінен зардап шегетін болса, депутат Жамбыл Ахметбековтің «мұндай компаниялар жұмысын тоқтатсын» деген тілегін орындамасқа амал қалмайтындай. Дегенмен, депутаттардың көңіліндегі күдік Үкімет басшысына жетіп, желілік компаниялардың арбауына түсіп қалған қарапайым жандар үшін тиімді шешім қабылдануы тиіс. Бірақ желілік бизнеспен айналысатын компаниялар алаяқтық пен алдап-арбаудан өзге жұмыс атқармайды деп айтудан аулақпыз. Арасында жұмыстарын табысты жүргізіп жатқан косметика мен тұрмыстық заттарды өндіретін компаниялар да баршылық. Шындығына келгенде, елімізде бұл жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, кейбір кезде жұртшылық ол туралы толық түсіне бермейді. Соның салдарынан, адамдар желілік маркетингпен айналысамын деп келеңсіз оқиғаларға кезігеді.

Желілік маркетинг жарға жықпасын

Бүгінгі күні бұл ұғым Қазақстанда кеңінен таралған. Желілік маркетингтің қайдан және қалай пайда болғанын білмесе де, жеңіл жолмен ақша табуға қызығушылық танытатындар көп-ақ. Ал шын мәнінде, желілік маркетинг ұғымы қайдан шықты, оның мағынасы қандай? Желілік маркетингтің әу бастағы мақсаты тікелей сауданы жүзеге асыру болған. Яғни, өнімді өңірлерге жөнелту, арнайы дүкендер арқылы сауда жасап, салық төлеу секілді бірнеше сатылы жұмыстарды компания өкілдері арқылы мейлінше қысқарту. Мәселен, косметикалық өнімдерді сатып алу үшін, арнайы каталогқа қарап, әр адам өз қалауынша дистрибьюторға тапсырыс беру арқылы аз уақыттың ішінде-ақ өнімге қол жеткізе алады. Желілік маркетингтің халыққа аса танылған тауары – косметика. Бұл күнде косметика шығаратын компаниялардың түр-түрі бар. Франциялық, американдық, израильдік, швециялық, қытайлық, басқа да компаниялар опа-далапқа құмар бикештерді ғаламтор арқылы да арбап, басқаша жолдармен де қызықтырады. Израиль, Италия, Қытай сынды елдерден келген косметиканың қайсысы жақсы, қайсысы нашар екенін ажыратып айту қиын. Десек те, елімізде косметиканың өтімі жоғары. Әлемдік маркетингке өнімін ұсынып жатқандардың ішінде Еуропа елдері де, Шығыс елдері де баршылық. Мына тұрған Ресей де ешкімнен қалысар емес. Бұл бизнесте Америка мен Қытай ауызға жиі ілігетін еді, қазір бұл қатарды көп елдер толықтырды. Тіпті, бұрын желілік бизнесте аса ауызға ілікпейтін Германияның фирмалары да желілік бизнестен көрініп жүр. Ал Қазақстан ше? Әдеттегідей Қазақстан сол елдерден келген импорттық тауарларды жер-көкке сыйғызбай жарнамалап, шетелдік компаниялардың өрісін кеңейтіп отыр. Егер желілік маркетингті дамытуға тым құмар болсақ, неге біз өз өнімдерімізді желілік маркетингке шығармаймыз? Қарап отырсақ, қаракөз қазағымыз шетелдің өнімдерін жарнамалаудан алдына жан салмай тұр. Жарнамаға зәру болып жатқан ұлттық брендтеріміз толып жатқан жоқ па? Тереңге бармай-ақ ұлттық зергерлік бұйымдар мен ұлттық тағамдардың өзі неге тұрады? Бүгінгі таңда 130 мемлекетте 5 мыңнан астам желілік компания жұмыс істейді. Оның 2 мыңнан астам түрі АҚШ-та тіркелген. Айта кетейік, Американың бірнеше штаттарында желілік компаниялардың кейбірінің қызметі заңмен шектелген. Ал Қытай Халық Республикасында бар болғаны 18 желілік компания жұмыс істейді, оның 14-і – әлемдік, 4-еуі – жергілікті компаниялар. Олардың да қызметі заңмен шектелген. Елімізде 2010 жылы шетелдік «Орифлэйм», «Мэри Кэй», «Эйвон», «Фэбрлик» компаниялары тікелей сауда қауымдастығын құрды. Бұл қауымдастық тұтынушы-сатушы-өндіруші «үштігінің» басын қосып, құқығын қорғайтын бірден-бір ортаға айналатындығы да айтылған. Ұйымның басты принциптері – адал бәсекелестік жүргізіп, сауда жасауда солақай әдістерге жол бермеу. Тұтынушыға жететін тауарда Қазақстан тікелей сауда қауымдастығының логотипі көрсетілетін болады. Ал қауымдастыққа тек мемлекеттік стандарттау және сертификаттау комитетінен арнайы лицензия алған компаниялар ғана енетінін ескерсек, бұл – тұтынушының өзі алған тауарына сенімі артатын болады деген сөз. Бірақ халықтың көкейінде бұған да сенім аз. Желілік маркетингпен айналысатындар өздерінің қарамағына адам жинақтау үшін түрлі айла-амалдарды қолдануы мүмкін. Мұндай компаниялардың өнімін саудалайтындардың қатарынан табылу қиын шаруа емес. Жұмыс берушілер көбінесе өз бизнестеріне адам тарту мақсатында «жалақысы үлкен әрі жеңіл кеңсе қызметі» деген сарындағы хабарламалар таратады. Ал жұмыс іздеген жандардың талайы осындай жарнамаларға алданып, желілік маркетингтің құрбанына айналып жатқаны жасырын емес. Желілік бизнестің дұрыс жолға қойылмауы талайларды сан соқтырып, қаншама жанның бармақ тістеуіне әкеліп соқтыруда. Сондай-ақ, адал сауданың атын жамылып, сатушысын да, тұтынушысын да тақырға отырғызып кететін компаниялар да жоқ емес. Алаяқ фирмалардан аузы күймегендер де кемде-кем болар. Мысалы, биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалап, саудалайтын желілік компаниялар бар. Ал ол қоспалардың құрамын анықтап жатқан ешкім де жоқ. Жарнамасы жарқырап тұратын мұндай қоспаларды пайдалануға әуес жандардың саны да көбейіп кеткен қазір. Қыз-келіншектердің көпшілігі желілік компаниялардың жарнамасына сеніп, артық салмақтан арылтуға көмектесетін түрлі таблеткаларды пайдалануды әдетке айналдырды. Ал желілік бизнеспен айналысатын компанияларда дәрілік препараттардың қаншалықты тексеруден өтетіндігі бізге беймәлім. Сондықтан, мұндай биологиялық белсенді қоспалардың адам денсаулығына кері әсер етуі әбден мүмкін.

Желілік бизнеспен кімдер айналысады?

Көпшілік желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының айырмашылығын анықтай алмай қиналады. Әрине, бұл – маңызды мәселе. Қазіргі уақытта желілік маркетинг кең қолданыста. Ал қаржы пирамидасы адамдарды алдауға құрылған тыйым салынған бизнес түрі. Желілік маркетинг арқылы сауда жасайтын компания өнімдерін тұтынушылардың қатары жыл өткен сайын азаймаса, кемімеген тәрізді. Тіпті, бұл компаниялардың өнімдері базарлар мен дүкендерде де үлкен сұранысқа ие екен. Мамандардың айтуынша, желілік компаниялардағы «кадрлық резервтер» – өзінің мүмкіндігін толық аша алмаған немесе өз-өзіне көңілі толмайтын, қызметтік мансабына, материалдық жағдайына қанағаттанбайтын адамдар. Олардың негізгі кадрларын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған топтағы адамдар, нақты атап айтсақ, үй шаруасындағылар, студенттер, зейнеткерлер құрайды екен. 2014 жылғы деректерге сүйенсек, бұл салада қызмет етіп жүргендердің саны 300 мыңға жуықтайды. Олардың басым көпшілігі – 21 мен 35 жас аралығындағы жастар. Көбінесе желілік маркетинг мамандары үгіт-насихат жүргізу, бизнестерін өркендету мақсатында жастардың көмегіне жүгінеді. Студенттердің экономикалық қаржылық сауаты аз болғандықтан, желілік маркетинг мамандары потенциалды үгіт жүргізу объектілері ретінде осы топтың өкілдерін таңдайды. 1-2-курс оқитын студенттерді желілік маркетинг насихатшысы ретінде бекітеді. Ал олар болашақта өзін бай адам ретінде елестеткендіктен, соған сеніп, барын сала жұмыс істейді. Әрине, белгілі бір дәрежеде пайда да табады. Бірақ ол пайдасы оның қала ішіндегі жол шығындарымен, қажетсіз семинарларға қатысумен, үгіт жүргізу үшін керекті құрал-жабдықтарды сатып алумен-ақ кетіп қалады. Өздерінің алдау мен арбауға түскенін ұққаннан кейін бұл іспен түпкілікті қоштасады. Бірақ бұл желілік маркетинг мамандарына еш залалын тигізбейді. Себебі олар тағы да есті алатын жарнамалар арқылы ауылдан келіп, оңы мен солын айыра алмай жүрген төменгі курс студенттерін жұмысқа қабылдайды. Желілік маркетингтің жыры осылайша жалғаса береді. Қала көшелерінде, аялдамаларда, тіпті, ғаламтордағы «қосымша табыс көзі қажет болса, хабарласыңыз», «үйде отырып-ақ табыс табудың жолын көрсетеміз», «кеңсе жұмысы, жұмыс кестесі өз қалауыңыз бойынша», «аз уақыт ішінде көп табыс» деген секілді жарнамалардың көбі желілік компанияларға тиесілі. Олар адамның көңілін аударуды, жұртты еліктіруді жақсы меңгерген мамандар. Оның үстіне, қалтасы тесік студенттер мен екі қолға бір күрек таппай қиналып жүрген жандар үшін алғашында бұл таптырмас мүмкіндік болып көрінеді. Студент күнімізде мұндай жарнамалардың талайына сеніп, біз де біраз компанияның есігін қаққанбыз. Ал желілік маркетинг мамандары барлық жоспарды, жұмыстың тәртібін, табатын табыс көлемін айтып түсіндірген сәтте, кеңседе отырып-ақ өзімізді «миллионер» сезініп шыға келеміз. Өйткені ол мамандар өз істерін жақсы біледі. Олардың басты міндеттері де – қол астына адамдарды көптеп жинау. Мұндай жағдайда ең бірінші қақпанға түсетін – қаржылық сауаты төмен, бизнестен хабары жоқ жандар екені айтпаса да түсінікті. Желілік маркетинг мамандары студенттермен қатар ересек жастағы аналарды да жұмысқа тартады. Бұрындары жасы ұлғайып, тәжірибесі мен даналығы толыққан аналар бала, немере тәрбиелеумен айналысатын болса, қазір қаладағы аналар мен әжелердің кейбірі осы бір бизнеске жіпсіз маталғанын көзіміз көріп жүр. Таныс-тамырын аралап, «бизнес-планмен» таныстырып жүрген қыз-келіншектер, тіпті, ақ жаулықты әжелер де қазіргі уақытта «сетевой маркетингтің» сергелдеңіне түсіп жүргені жасырын емес. Жастардың да, ел болашағын тәрбиелейтін қарттардың да санасын жаулап алған желілік маркетингтің талай мықты мамандарды да жолдан тайдыруы бек мүмкін. Елімізде желілік маркетингке соқтықпағандардың саны аз болып тұр. Әрине, өз қабілеттерін пайдаланып, қаржы тауып жүрген жандарды жазғыруға қақымыз жоқ. Бірақ желілік компанияның да бір күні қызметін тоқтатуы мүмкін. Мәселен, компания басшылығындағы адамдар сотты болып немесе ұжым бизнесте сәтсіздікке ұшырап, қарызға батса, мемлекет сауданың бұл түрі ел экономикасына зиян деп танып, тыйым салса, компания жұмысын тоқтатары сөзсіз. Мұндай жағдайда бір-біріне шынжырланып, пирамида жолымен қаланған маркетинг өкілдері қайтпек? Әрине, жоғарыдағылар салған ақшаларын шығарып, пайдаға кенеледі. Ал төмендегілер қалтасынан қағылып, сан соғып қала береді. Желілік маркетинг ел экономикасына да аса зиянды. Нарықтағы шынайы бағасы белгісіз, көбіне сатып алған адамдарға бірінші кезекте қажет емес, тіпті, олардың өмір сүру стандартына сай емес, удай қымбат тауарлардың өтеуі ретінде ел ақшасын сан түрлі айламен жиып, шет ел асырып жіберудің қаншалықты зиянды екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе, қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде желілік маркетингтің ел экономикасына өте зиянды екенін түсінуіміз қажет. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, қаржылық дағдарыс кезінде желілік маркетингтен табыс көзін іздейтіндер саны артады екен. Осындай қиын кезеңде желілік компаниялардың жұмысы жандана бастайды. Жұмыс іздеген жанның алдынан шығатын жарнаманың бәрі – желілік маркетинг. Бұл бизнестен пайдаға кенелгендер де, сағы сынып ұтылғандар да жетерлік. Өкініштісі сол, кейінгілерінің қатары алғашқысынан әлдеқайда көп. Сондықтан, желілік маркетинг жарға жықпай тұрғанда әр адам дұрыстап ойланғаны абзал.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары