394
Кәрі құрлық қақпаларын ашты
Кәрі құрлық қақпаларын ашты
Пандемияның зардабын өзгелерден көбірек тартып, әбден есеңгіреген кәрі құрлық ес жия бастады. Індеттің қауіпті кезеңін еңсерген Еуропа елдері шекараларын ашып, туристерді қабылдауға қамдануда.
Грекия – Еуропадағы коронавирустан аса қатты зардап шекпеген мемлекеттердің бірі. Пандемия басталғалы онда 3 мыңнан аса адам індет жұқтырған. Өткен аптаның соңында грек үкіметі карантин талаптарын жеңілдетті. 15 маусымнан бастап мемлекетке 25 елдің туристері келіп, демала алады. Әзірге тізімде Орталық Азия мемлекеттері жоқ. Бірақ Грекия Қытай туристерін қабылдауға дайын. Ел билігі 1 шілдеде мемлекетке келуге рұқсат берілген елдер тізімін толықтыруды көздеп отыр.
Өткен аптадан бастап Италия да еуропалық туристер үшін шекараларын ашты. Ел аймақтары арасындағы қозғалыс қайта жанданды. Жергілікті The Local басылымының хабарлауынша, ел үкіметі Еуроодақ елдері және Шенген аймағына енетін төрт мемлекет – Исландия, Норвегия, Лихтенштейн, Швейцария, сондай-ақ Ұлыбритания, Андорра, Сан-Марино мен Ватикан азаматтары үшін екі апта карантинде оқшаулану талабын алып тастады. Басылым аталған елдерден келген туристер Италия шекарасынан өтерде және ел ішінде саяхаттап жүргенде ешқандай кедергілерге тап болмайтынын атап өтті. Десе де, бұған дейін ел үкіметінің басшысы Джузеппе Конте халықаралық туризмді жандандыру арқылы Италия індеттің жаңа толқынымен бетпе-бет келуі мүмкін екенін мәлімдеген.
«Біз үлкен тәуекелге бел буғанымызды түсініп отырмыз. Індет қайта ушығуы мүмкін. Бізге бұл фактіні қабылдауға тура келеді, әйтпесе, ешқашан жаңаша өмір бастай алмаймыз», – деді Италияның премьер-министрі.
Соңғы апталарда елде індеттің таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Коронавирустан көз жұму деректерінің саны да азайып келеді. Десе де, Италия әлем бойынша індеттен ең көп зардап шеккен мемлекеттердің бірі. Пандемия басталғалы бұл елде қатерлі вирусты 233 мыңнан астам адам жұқтырған. Індеттен 34 мыңға жуық науқас көз жұмды.
Испания шетелдік туристерге өз шекараларын 22 маусымнан бастап ашуды жоспарлап отыр. Ел үкіметі барлық елдің азаматтарын емес, тек індетті жеңген мемлекеттердің тұрғындарын кіргізуге ниетті. Пандемия салдарынан 27 мыңнан астам адамын жоғалтқан Испания төтенше жағдай режимін 21 маусымға дейін сақтамақ. 22 маусымнан бастап ел аймақтары арасындағы қозғалыс жанданады. Мемлекеттің туризм министрлігінің хабарлауынша, елге шетелдіктердің кіруіне де сол күннен бастап рұқсат етіледі. Бастапқыда сыртқы шекара тек еуропалықтар үшін ашылса, кейінірек эпидемиологиялық ахуалы тұрақталған өзге мемлекеттермен де барыс-келісті қалпына келтіру көзделген. Шілдеде шетелдік туристерді екі апталық карантинге жатқызу талабын алып тастау мәселесі қарастырылуда.
Германиялықтар да жазда шетелдік саяхаттан қағылмайтын болды. 15 маусымнан бастап Германияның сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына Еуропа елдеріне баруға рұқсат бермек. Министрлік түзген тізімге 31 мемлекет енген: Еуроодақтың 26 елі, Ұлыбритания және Шенген аймағына кіретін төрт мемлекет (Исландия, Норвегия, Швейцария және Лихтенштейн). Ведомство германиялықтар үшін әр елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты нұсқаулық әзірлемек. Алайда нұсқаулық – мемлекеттер тарапынан берілген шақырту емес. Яғни, Германия өз тұрғындарына шетелге саяхаттауға рұқсат бергенімен, өзге мемлекеттер германиялықтарды қабылдауға дайын болмауы мүмкін. Мәселен, Ұлыбритания шетелдік туристерден 2 апта карантинде оқшаулануды талап етуде. Ал Норвегия әлі шекарасын ашатынын хабарлаған жоқ. Оның үстіне, Германия үкіметі кез келген елде COVID-19 індетінің жаңа толқыны басталуы мүмкін екенін, эпидемиологиялық ахуал қиындаған жағдайда бұрынғыдай туристерді шетелден қайтаруға күш салынбайтынын ескертті. Пандемияға байланысты ел үкіметі көктемнің басында әлемнің әр бұрышынан 250 мыңға жуық германиялықты елге қайтарған болатын.
Әзірге Еуроодаққа мүше емес мемлекеттерге қатысты шектеулер сақталмақ. Германияның сыртқы істер министрі Хайко Мастың айтуынша, билік әр елдегі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып шешім қабылдайтын болады.
Пандемия салдарынан жұмысы тоқтап, қаржылық жағдайы қиындаған неміс әуе компаниялары да тұрақты әуе қатынастарын жандандыруға күш салуда. Германияның Әуе көлігі федералды бірлестігінің дерегінше, маусымда еуропалық әуетасымалдаушылар 63 мемлекетке және 159 әуежайға тұрақты рейстерді қалпына келтірмек. Соның өзі үлкен олжа. Халықаралық туризмнің және әуе тасымалдарының толық көлемде жандануын әуе компаниялары әзірге армандамайды да. Мәселен, Lufthansa-ның өткен аптада жарияланған болжамына сүйенсек, компанияның барлық 763 ұшағы 2024 жылы ғана ұша бастауы мүмкін.