Екпеден бас тартқан балалар мектепке бармай ма?

Екпеден бас тартқан балалар мектепке бармай ма?

Екпеден бас тартқан балалар мектепке бармай ма?
ашық дереккөзі
760
Өткен аптада Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірде 2132 баланың ата-анасы екпе салдырудан бас тартқандығын мәлімдеді. Оның арасында түрлі сырқат түрлеріне қарсы егілетін екпелерді мүлдем салдырмаған балалар да бар. Жалпы, соңғы жылдары екпеден бас тартатын ата-аналардың қатары күрт көбейгендей. Мұның сыры неде? Ата-аналар балаларына екпе салдырудан неге қорқады? Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің мәліметіне сүйенсек, аймақтағы екпеден бас тартқандардың көпшілігі Ақтөбе қаласында екен. Мұнда екпеден бас тартқандар саны 1171-ге жетсе, Темір ауданында 287, Мұғалжар ауданында 258 ата-ана екпеден бас тартқан. Тіпті, екпеден бас тартқан ата-аналардың балаларының арасында 1247 балаға мүлдем екпе салынбапты. Дәрігерлер ата-аналардың ғаламтор арқылы түрлі ақпарат алып, соған сенетінін және екпенің сапасына да күмәнданатынын айтуда. Әсет Қалиевтің айтуынша, екпеден бас тартқандардың мәселесін шешу медициналық қызметкерлердің өзге ведомстволармен, ақпарат құралдарымен өзара әрекет етуін талап етеді. «Бұл мәселені қоғамның түйткілі ретінде қарап, екпе қабылдамаған балаларды мектепке жібермеу, қабылдамау, балабақшаға қабылдамау сынды шектеулер қойылмаса, бұл түйткілді шешу мүмкін емес. Бірқатар елдерде болған мұндай жағдайлар мемлекеттік деңгейдегі осындай шешімдер қабылдау арқылы шешілген», – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта дүниеге келгелі бірде-бір рет қауіпті жұқпалы дертке қарсы екпе алмаған балалар балабақшаға, мектепке барып жүр. Ал мұндай балалар өзгелерге ауру тасымалдауы мүмкін. Мысалы, өткен оқу жылында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында оқушылар жаппай туберкулезбен ауырды. Сонда дәрігерлер мұның себебін ауданда туберкулезге қарсы екпе алмаған балалардың көптігімен байланыстырған еді. Қазірдің өзінде бұл аудан екпе алмайтындар бойынша алдыңғы қатарда. Соған қарамастан, дәрігерлердің ата-аналармен жүргізген кездесулері мен әңгімелесулері еш нәтиже бермей отыр. Сондықтан, ақ халаттылар мемлекет тарапынан мұндай ата-аналарға нормативті құқықтық шектеулер қою қажет дейді. Заң жүзінде кез келген азаматтың екпеден бас тартуға құқығы бар. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Заңының 93-бабында «пациент немесе оның заңды өкілі медициналық көмек азаматтардың келісімінсіз көрсетілетін жағдайлардан басқа уақытта бас тартуға құқылы» деп жазылған. Сондай-ақ, Атырау облысында балалар дүниеге келгенде салынуы тиіс туберкулездің алдын алуға арналған БЦЖ екпесінен бас тартатындар саны да өсуде. Медицина мамандары БЦЖ екпесінен бас тарту фактілерінің жиіленуі алдағы уақытта балалар арасындағы туберкулездің асқынған түрінің орын алуына әкелетінін ескертіп әлек. Атырау қаласында өткен жылы БЦЖ  екпесін алмаған 2 бала туберкулезбен ауырған. Сондықтан, олар облыс  аумағында туберкулезбен аурушаңдықтың эпидемиологиялық  көрсеткіштерін жақсарту бағытында оған қарсы күресті күшейту шараларын мықтап қолға алатын уақыт жетті десті. Айта кетейік, Атырау облысы бойынша соңғы үш жылда анасының бас тартуымен перзентханалардағы БЦЖ екпесін алмаған сәбилер саны 2013 жылы – 324, 2014 жылы – 486, 2015 жылы – 534-ке жеткен. Ата-аналардың басым бөлігі өздерінің екпеден бас тарту себептерін осы уақытқа дейін екпенің әсерінен орын алған жағдайлармен байланыстыруда. Оның үстіне, балаларына алаңдаған ата-аналар екпенің құрамында қандай қоспалардың бар екендігін білмегендіктен вакциналарға күмәнмен қарайды. Өз кезегінде мамандар сырттан әкелінген вакциналардың әрбір құтысы зертханада мұқият клиникалық бақылаудан өтетіндігін, сондықтан, екпенің құрамына күмәнмен қараудың қисынсыз екендігін алға тартады. Алайда өткен жылдың басында қызылшаға қарсы екпенің біраз шу тудырғаны белгілі. Еліміздің бірқатар өңірлерінде қызылшаға қарсы екпе қабылдаған балалар естерінен танып, ақ халаттыларды аяғынан тік тұрғызған. Осы жағдайдан кейін елімізде балаларына екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың қатары тіптен көбейіп кетті. Он жыл бойы үнді елінен жеткізіліп жүрген қызылшаға қарсы екпеден мамандар кінәрат таппағанымен, осы жайттан кейін ел-жұрттың вакциналардың құрамына деген күмәні еселене берді. Ата-аналардың әлі күнге дейін балаларына екпе салдырудан бас тартуына себеп болып отырған осы жағдай. Ал дәрігерлер маусымдық екпе жасатпаған балалардың ағзасы түрлі ауруларға бейім болып, вирустық инфекцияларды тез қабылдайтындығын ата-аналарға түсіндіре алмай әуре. Алғашқы екпе балаларға перзентханада салынады.  Туғаннан кейінгі 12 сағат ішінде вирусты В гепатитіне қарсы екпе жасалса, 4 күнге дейінгі аралықта туберкулездің алдын алуға арналған БЦЖ вакцинасы салынады. Десе де, бұл екпелер барша балаға жаппай егіле бермейді. Алдымен педиатр баланың денсаулығын егжей-тегжейлі тексереді. Нәрестенің салмағы 2 келіден кем түссе, дәрілерге аллергиясы болса, орташа ауыр немесе ауыр сырқатпен ауырса, басқа да ауытқушылықтар байқалса, екпе жасалмайды. ВИЧ жұқпасы, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы бар сәбилерге де вакцина салынбайды. Жалпы, кез келген бала ауыра қалса, екпе ол жазылғаннан кейін 3-4 апта өткен соң ғана егіледі. Мамандардың сөзіне сүйенсек, сәби бір жасқа толғанша 9 түрлі инфекцияға қарсы вакцина алуы тиіс. Туберкулез, полиомелит, вирусты гепатит, қызамық, қызылша секілді өзге де дерттердің алдын алатын екпелер міндетті түрде қабылдануы қажет. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова екпеден бас тарту еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды қиындататындығын айтып отыр. «Инфекциямен күресте вакцина тиімді әрі қолжетімді әдіс. Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесі 21 жұқпалы аурудың алдын алуға арналған. Халықты иммундау шарасы тегін жүргізіледі және жыл сайын 8 миллионнан астам адамға егіледі. Алайда соңғы жылдары екпеден бас тарту деректері жиілеп кетті. Бұл еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға кері әсер етуі мүмкін», – деген болатын министр жыл басында.Сонымен қатар, Тамара Дүйсенова вакциналау барысында туындайтын түйткілдерді анықтау және оларды жою жолдары қарастырылған «Жол картасы» әзірленгендігін де айта кетті. Әлемдік медицина тәжірибесінде балаларға екпе жасау үздік жетістіктердің бірі ретінде бағаланады. Вакцина жасау арқылы дүние жүзінде миллиондаған бала өлімнен, мүгедектіктен аман қалды. Талай жанның өліміне себепкер болған шешек ауруының жойылуына да осы екпе ықпал еткенін айта кеткен жөн. 1977 жылдың қазан айынан бастап дүние жүзінде шешекпен ауырған науқас тіркелмепті. Осыған орай, КСРО заманында 1979 жылы шешек ауруына қарсы балаларды егу шаралары тоқтатылды. Десек те, әлемде жылына 4 миллионға жуық бала жұқпалы дерттен қайтыс болады екен.  Медицина тарихына үңілетін болсақ, инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер алғаш екпе жасаудан бастаған. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Ал қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Ол бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған және өзінің «Шипагерлiк баян» атты еңбегінде жариялаған. Ақ халаттылар ата-аналарға балаларына екпе салдырудан бас тартудың  салдары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екендігін айтып, түсіндіруге барын салуда. Сондай-ақ, екпе алмағандарға халықаралық медициналық-әлеуметтік ережелеріне немесе халықаралық шарттарға сәйкес нақты профилактикалық екпелерді талап ететін шетелге кіруге тыйым салынады, инфекциялық аурулар қаупімен байланысты орындарға жұмысқа қабылдана алмайды. Өткен жылы қызылшаға қарсы екпенің айқай-шуынан кейін депутаттар балаларына екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартқан ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс та жасаған. Сол кезде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қолға алынып жатқан заң жобасында профилактикалық екпелердің міндетті болуын қарастыратындығын немесе екпе жасалмаған балаларды мектепке, балабақшаға қабылдамау жайлы жаңа тармақ қосатындығын айтып өткен болатын. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде екпе қабылдамаған баланың балабақшаға немесе мектепке бару құқықтарын шектейтін заңнамалық актілер жоқ. Алайда инфекциялық аурулар тіркелген әрбір жағдайда, эпидемия тоқтағанша, егілмеген балалар мекемелерінен шеттетіледі. Екпеден бас тартып отырған ата-аналардың кейбірі түрлі діни ағымдарға сеніп, балаларына вакцина салдырмайды екен. Алайда дін өкілдері жұртшылықтың екпеден бас тартуына діни сауатсыздық пен ғаламтор беттеріндегі түрлі бейнежазбалардың әсер еткендігіне сенімді. Денсаулық – Алланың берген аманаты. Сондықтан, денсаулықты сақтауға мүмкіндік беретін мұндай екпе жұмыстарынан қашудың қажеті жоқ. Дәрі-дәрмектің құрамындағы спирт баланың денсаулығы үшін қажет болса, оған шариғатта рұқсат етілген. Себебі уақытылы жүргізілген екпе жұмыстарының көптеген аурулардың алдын алатындығы дәлелденген.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары