Ертең елордада блокбекеттер алына ма – әкімдік жауап берді

11 мамырдан кейін Нұр-Сұлтан қаласы карантин режимінде өмір сүре береді.

Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева айтты.

«11 мамыр күні елорда бұрынғыдай карантин режимінде өмір сүре береді. Себебі карантин әлі алынған жоқ. Бұл дегеніміз – рұқсат берілген кәсіпорындар ғана жұмысын бастайды. Блокпостар алынбайды және 11 мамырда қоғамдық көлік іске қосылмайды», – деп мәлім етті А.Олжабаева.

Еске салайық, бұған дейін Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз хатшысы 11 мамырдан бастап карантин режимі жұмсартылатыны туралы ақпаратты теріске шығарды.

«11 мамыр мен 15 маусым аралығында жұмысы қайта басталатын мекемелер туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймыз. Барлық жаңалықтар жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында, ал мемлекеттік комиссияның шешімі премьер-министрдің сайтында жарияланады», – деді ол.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button