202
Тегеранда 66 маңызды құжатқа қол қойылды
Тегеранда 66 маңызды құжатқа қол қойылды
Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасына ресми сапарын қорытындылады. Елбасының бұл сапарында екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас турасында сөз болды. Тегеран қаласында кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізіліп, бірқатар бағыттардағы перспективалы жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Иран астанасында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы әңгіме болды. Тараптар көлік-логистика, сондай-ақ экологияны қорғау, Каспийде кеме қатынасы және туризмді дамыту салаларындағы, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжаттарға қол қоюдағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Екі елдің Мемлекет басшылары экстремизммен және терроризммен күресу, Ирак, Ауғанстан, Сирия аумағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының осы сапары аясында металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылды. Қазақстан мен Иранның басшылары да бизнес бастамалардың жүзеге асуына басымдық беріп, оған баса назар аудару қажеттігі жөнінде уағдаласты. Алдағы бірер жылдың ішінде тағы да оншақты жоба жүзеге асуы мүмкін. Тегеран қаласындағы «Espinas» қонақүйінде өткен кездесуге Imidro, Ghadir Investments Group, Sunir Group, IRISL, Jahad-e Sabz сынды әр түрлі саладағы 20-дан астам ірі индустриалдық холдингтердің басшылары және акционерлері қатысып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тілдесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Иран компаниялары арасындағы ынтымақтастық жағдайы, қолға алынған бірлескен жобалар, екі ел арасындағы экономикалық байланыстар туралы сөз болды. Жиында сөз алған Мемлекет басшысы саяси санкциялардың өткен күннің еншісінде қалғанын айта келе, екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға кең жол ашылғандығына тоқталды. «Иран үшін жақсы кезең туып, екі ел арасында бизнесті дамытуға жарқын жол ашылды. Ендігі жерде бірлесіп атқаратын жобалар жеткілікті. Ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, тау-кен өнеркәсібі болсын, қай салада да байланысты кеңінен өрістетуге мүмкіндік мол. Әсіресе, азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын өсіп келе жатқанда, Қазақстанның жерлерін тиімді пайдалануға болады. Қытайға, Ресейдің Қиыр Шығысына, Парсы шығанағы елдеріне азық-түлік өнімдерін экспорттауға жол ашылады», – деді Елбасы. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев Иран президенті Х.Рухани тікелей атсалысқан Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағытындағы теміржол торабын ирандық компаниялар мен холдингтерді белсенді түрде пайдалануға шақырды. Аталмыш теміржол торабы халықаралық жүк тасымалдау бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазірдің өзінде Қазақстан арқылы Қытайдан Ресей мен Еуропаға жүк тасымалдайтын пойыздар саны едәуір көбейген. Енді Иранның да бұл теміржол торабын пайдалануға мүмкіндігі бар. Таяуда ғана Иранға Тынық мұхиты аймағынан бар-жоғы 12 тәулік ішінде алғашқы контейнерлер келіп жетті. Ал теңіз арқылы тасымалданса, бұл екі есе ұзақ уақытты алар еді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иранның арасын қазіргі уақытта үш бірдей көлік бағыты – теміржол, автомобиль жолы және Каспий теңізі жалғап жатқанын, ал мұның екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұдан ары дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті. Елбасы ирандық компания басшыларымен өткен кездесуде Қазақстан мен Иран арасында өзара қарым-қатынас орнатудың тиімді тұстарын атап өтті. Еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы Иранның компанияларына одаққа мүше өзге мемлекеттермен кедендік баж салығынсыз сауда-саттық жүргізуге мүмкіндік береді. Сондықтан біздің елге инвестиция құйған ирандық компаниялар Еуразиялық одаққа мүше Ресей, Белорусь, Қырғызстан және Армения елдері аумағында жеңілдіктерге қол жеткізеді. Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүше болғанын, Еуропа одағымен серіктестікті кеңейту мақсатындағы келісімге қол қойғанын атап өтті. Бизнеске қолайлы жағдай туғызған елдер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан 41-орынға жайғасқандығы да назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы біздің еліміздегі инвесторлар үшін инвестициялық субсидиялар, заңның тұрақтылығы және салықтық жеңілдіктер қарастырылатындығын қадап айтты. Өз сөзінде Қазақстан Президенті «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша, инвестициялық жағдайды дамыту мақсатында атқарылып жатқан шараларды санамалап, елімізде жекешелендірудің жүргізіліп жатқанынан ирандық компания басшыларын хабардар етті. Келер жылы еліміздің бас қаласы – Астана шаһарында өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай баламалы энергетика саласындағы озық үлгідегі технологияларға деген қызығушылықтың мол екендігі де айтылды. Сонымен қатар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы, индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларына ирандық компаниялардың қатыса алатындығы сөз болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медицина, ғарыш, биотехнология салалары бойынша екі ел арасындағы байланысты жандандыра түсуге мүдделі екендігін жеткізді. Астанада Халықаралық университет пен Алматы қаласында Инновациялық технологиялар паркі секілді екі бірдей инновациялық кластердің табысты жұмыс істеп жатқандығын және бұл Иран мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің бір бағыты болуы мүмкін екендігі айтылды. Ал Иран тарапынан кездесуге қатысқандар Қазақстанмен ынтымақтастық әлеуетінің жоғары екендігін атап өтті. Осыған байланысты олар іскерлік байланыстарды орнатуға қызығушылықтарын білдіріп, жүзеге асып жатқан бірлескен жобалар жөнінде өз пікірлерін ортаға салды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан сындарлы ынтымақтастыққа негізделген ирандық компаниялардың ұмтылысын жоғары бағалайтындығына баса назар аударды және оларға жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді. Иран президенті Х.Рухани екі ел арасында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды ратификациялаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар тарифтер қалыптастырудың маңыздылығын айтты. «Қазақстан әрдайым бізге жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді Бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қол ұшын созуда», – деді Иран президенті. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханиге алғыс айта отырып, елімізге ресми сапармен келуге шақырды. Осылайша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына жасаған ресми сапары сәтті тәмамдалды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Стамбұл қаласына барды. Мемлекет басшысы Түркияға сапары барысында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының ХІІІ саммитіне қатысады. Сондай-ақ, Елбасы Стамбұлда Түркия президенті Р.Ердоғанмен, түрік холдингтері мен компанияларының басшыларымен, сондай-ақ, саммит аясында делегация жетекшілерімен кездесу өткізбек.