239
Карантин кезінде қандастармен онлайн байланыс арта түсті
Карантин кезінде қандастармен онлайн байланыс арта түсті
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы әлемнің 40-қа жуық елінде өмір сүріп жатқан қандастарымызды тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасау, жетістікке жеткен азаматтарды елге тарту және жоғары білікті мамандарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. Осы орайда 2018 жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе жұмыс істейтін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Ондағы мақсат – қандастардың мәселесін әкімшілік және министрліктермен бірлесе отырып шешу, оларға жан-жақты қолдау мен көмек беру. Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 18 мамыр күнгі №280 қаулысымен «Шетелдегі қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралары жоспары» да бекітілген. Осыған орай, «Отандастар қоры» қандастарға игі шараларды атқарып келеді. Соның бірі – Бірыңғай байланыс орталығы. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде қандастарымызды қандай сұрақтар мазалады дегенді білу мақсатында «Отандастар қоры» байланыс орталығының маманы Айша Үсеновамен сұхбаттасқан едік.
– Байланыс орталығы туралы ақпарат бере кетсеңіз?
– «Отандастар қорының» негізгі міндеттерінің бірі – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, ұрпақ қамымен тарихи Отанына біржолата қоныс аударып келген қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне құқықтық жағынан кеңес беру, тұрмыс-тіршілігін жақсартып, кәсіппен айналысуына көмектесу. Сондай-ақ шетелдерде тұратын қандастарға қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізу. Осыны ескере отырып, қандастарымыздың мәселесін жеңілдету мақсатында 2019 жылы сәуір айының соңында Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды. Ол «Отандастар қоры» мен «Қазақтелеком» АҚ арасында жасалған әріптестік меморандум аясында жүзеге асты. Бұл шетелде тұратын қандастар үшін аса қуанышты әрі жағымды жаңалық болды. «Қазақтелеком» АҚ серіктес ретінде Байланыс орталығының операторларын ұсыну, байланыс телефон желілері мен жаңа технологияларды қолдануды қамтамасыз етумен қатар қазақстандық ұялы операторлар нөмірлерінен ақысыз қоңырау шалуға мүмкіндік жаратып берді. Сонымен биыл 1404 нөмірлі Байланыс орталығына 1 жыл толды.
– Қандастарымыз Байланыс орталығына қалай байланыса алады?
– Еліміздегі болсын, шетелдегі болсын кез келген қандасымыз Байланыс орталығына хабарласа алады. Ол үшін 1404 (ұялы қоңыраулар үшін), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңыраулар үшін), 8 (7172) 981404 (Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін) нөмірлері бойынша, сондай-ақ WhatsApp және Telegram мессенджерлері, Skype қоңырауларға арналған әлеуметтік желі бағдарламасының көмегімен хабарласуына болады. Осы байланыс құралдарына қоңырау шалған қандастарымыз туындаған сауалдарына, өзіне кездескен түрлі мәселелеріне жауап ала алады.
– Хабарласушыларды көбінде қандай мәселе толғандырады?
– Мемлекет тапсырысы бойынша Байланыс орталығы интеграциялық және бейімдеу қызметтерін көрсету бойынша ақпаратты жинау және талдау, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру, қандастарға көмек көрсету мен бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мақсатында 20 мың сұрақ-жауапты қамтитын үлкен мәлімет базасын құрды. Қандастарды мемлекеттік қызметтерді ұсыну, «оралман» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу, әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер, мемлекеттік көмек, балабақша, мектепке орналасу, сондай-ақ жұмыспен қамту, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы сияқты мәселелер толғандырады. Осылардың әрқайсысына арнайы операторлар жауап беріп, кеңес ұсынып, жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Байланыс орталығы туралы мәліметті қандастарымыз тұратын 40-қа жуық мемлекеттегі Қазақстан елшіліктерінің веб сайттары мен әлеуметтік желілеріне жарияланды. Сондай-ақ олар жиі пайдаланатын Instagram, Facebook, Skype әлеуметтік желілері мен БАҚ-та барынша толық ақпарат беріледі. Республиканың облыс, қала, аудан деңгейіндегі 200-ге жуық әкімдігіне, 12 құзырлы министрлікке хат жіберілген. Сондықтан қандастарымыз біздің Байланыс орталығы туралы хабардар және кез келген сәтте көмекке жүгіне алады. Елімізде болып жатқан жаңалықтар мен жетістіктерді, іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында Қазақстан елшіліктері арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізіп келеміз.
– Осы уақыт аралығында қанша қандасымыз хабарласты?
– Байланыс орталығының бір жылғы жұмысы барысында 1404 нөміріне елге көшіп келген қандастарымыздан 2 000-ға жуық, шетелден (Еуропа, Ауғанстан, Қытай, Ресей, Моңғолия) 40 ауызша өтініш келіп түсті. WhatsApp, Telegram, Skype арқылы 320-дай хабарлама мен қоңырау келді. Біздің операторлар дүйсенбі мен жұма арасында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
– Қазір әлемде және елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде жұмыстарыңыз қалай жүзеге асуда?
– Қазіргі уақытта әлемде және елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілді. Осындай жағдайды ескере отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қорының» Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы өз жұмысын онлайн форматқа көшіріп, қашықтан қызмет көрсетіп жатыр. Төтенше жағдай жарияланғалы бері 1404 тегін нөмірлі Байланыс орталығына 336 қандасымыз қоңырау шалып, кеңес алған. Сұрақтардың басым көпшілігі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бойынша хабарласқан. Сондай-ақ қандастар ықтиярхат пен Қазақстан азаматтығын алу мәселесі, жұмыспен қамту, білім гранттары, уақытша тіркеу және тағы басқа мәселелерге қатысты кеңестер алған. Осыған қоса аймақтарда жұмыс істеп жатқан 9 фронт-офиске көмек сұрап жүгінген қандастарымыз да аз емес.
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР