19 Наурыз, 18:27 1549 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

Артур Платонов: Наурыз – рухани иммунитетіміз

Бүгінгідей құбылмалы кезеңде, сырттан келіп жатқан бөтен, түсініксіз дүниелердің қоғамға дендеп енбеуі үшін дәстүрді құрметтеу, өзіңнің шыққан тегің мен түп-тамырыңды жақсы көру маңызды. Өткенге оралу, тарихты ұмытпау, одан тірек табу – рухани иммунитет. Өз тарихында рухани байлығымен, адамгершілігімен мақтана алатын ұлттар аз. Мен қазақ тарихының былғанбағанын, таза екенін ылғи да айтамын. Өзгелердің  тарихында бар азғындықты қазақтың тарихынан таппайсыз. Бұл – биік адамгершіліктің үлгісі. Қазақ халқы әрқашан өзінде бар құндылықтарын қорғады, сақтады, болашақ ұрпаққа жеткізді. Өзін сақтап қала отырып, өзге ұлт өкілдерін бауырына басты, үйінің есігін ашты, төрінен орын берді. Бір ұлтты сақтау арқылы сол халықтың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтап қалды. Кей ұлттың ұрпағы ата-бабасының ұлтаралық, діни бағытта өзге ұлтты қырып-жойғанына өкінетіні анық, бұл жағынан қазақтың мақтануына себеп бар. Қазақ халқының өзге ұлттарға жасаған жақсылығын ұмытуға болмайды. Әсіресе, қазір әлемде болып жатқан жағдайларды есепке алсақ, рухани адамгершілік тұрғысынан көптеген ұлтқа үлгі бола аламыз. Сондықтан өзге ұлттың кей құндылықтары мен қасиетіне қызықпай, қазақтың өз қасиетін, дәстүрін бағалауымыз керек.

Дәстүр дегенді кей адамдар абстрактілі құндылық деп санайды. Дәстүр дегеніміз – ата-бабалардың ұлт ретінде аман қалу тәжірибесі. Олар әрқашан дінге сенді, бірақ діннің соңынан кетпеді, ешқашан дінді саясаттың құралына айналдырмады, бұл рухани қажеттілік. Ал біреулер үшін бұл баюдың, бұрмалаудың құралы екенін көріп отырмыз. Бұл құрал кейде адамдарды өзінің рухани түп-тамырынан ажыратып, жолынан тай­дырады. Әсіресе, бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттық дәстүр өткенге деген құрмет қана емес, қажетті өнегелік қорғанысы. Бұл бізге тарихи тә­жірибеге сүйеніп, рухани дәстүрімізбен біте-қай­насып, алға қарай қарыштауымызға мүмкіндік береді.

Наурыз мерекесін тойлау әрқашан тарихты еске алумен байланысты. Наурыз мейра­мы­ның маңызы зор. Бұл ата-бабалардың тәжіри­бесіне айналып соғуға, оларды түсінуге, тарихты таразылауға, қолымызда бар бүгінгі құндылық­тарымызға өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Осының бәрі әлдеқайда терең және жан-жақты зерттелуі керек деп ойлаймын. Қазір адам­дар бір-біріне ненің жақсы, ненің жаман екенін ай­тып үйреткенді жақсы көреді. Бірақ әр халық өзінің көзқарасына, тарихына, түп-тамырына, ру­ханиятына сүйеніп, үңілуі керек.

Көктем мен жаңарудың мерекесі Наурыз – Қазақстан халқы үшін ең сүйікті әрі ауқым­ды мейрам. Бірнеше мыңдаған жыл тарихы бар мейрам бүкіл халықтың, елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ мейрамына айналып, жыл сайын жаңа мазмұн, сән-салтанатымен аталып өтеді. Менің отбасым да жыл сайын бұл мерекені асыға күтеді. Отбасымызбен наурызкө­жені жақсы көреміз. Мүмкіндігінше мерекедегі демалыс күндерін отбасыммен өткізуге тырысамын. Ұлттың ұлы мейрамын тойлау адамның қа­рым-қатынасынан, ішкі алғысынан, құрмет көр­сетуінен басталады. Наурыз – рухани қорға­ны­сымыз, иммунитетіміз. Наурыз мейрамының астарында үлкен тарих, рухани энергия сақталған. Бұл тек  демалыс күні емес, бұл еске алудың, өткен­ді қайта ой таразысына салудың, ата-бабалардың жүріп өткен жолы мен құндылықтарын түсінудің бір жолы.

Соңғы жаңалықтар