Шетелден 163 қазақ отбасын көшіріп әкелген азамат

Шетелден 163 қазақ отбасын көшіріп әкелген азамат

Шетелден 163 қазақ отбасын көшіріп әкелген азамат
ашық дереккөзі
1991 жылдан бері Павлодар өңіріндегі қан­дас­тар мәселесімен бір кісідей айналысып келе жатқан азаматтың бірі – Болат Заутұлы. Бүгінде Дү­ниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облыстық филиалының басшысы және «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпа­раттық қолдау орталығының меңгерушісі. Túrkistan халықаралық газетінің қандастарға арнал­ған ATAJURT жобасының бұл жолғы санында Ертіс-Баян өңіріндегі қандастардың хал-жайынан сыр шертетін Болат Заутұлымен болған сұхбатты ұсынамыз. – Осы уақытқа дейін Павлодар өңіріне қанша қандас оралды? – Екі ғасырдың тоғысында қазақтың айы оңынан туып, «мың өліп, мың тірілген» қазаққа Тәңірі мейірім шапағатын төкті. Тәуелсіз ел болдық, бір шаңырақтың астына топтасу бұйырды. Содан бері міне көштің бір бұйдасын ұстап келемін. 1991 жылы алғаш Моңғолия елінен Ұланбатыр қаласы арқылы Пав­лодар облысының Баянауыл ау­данына 165 отбасы көшіп келді. Қуа­ныштан көзге жас алып, қо­бал­жып, толқыған сәттерді бастан өт­кердік. Елге шетте жүрген қазақ­тар көшіп келіпті дегенді ести сала жан-жақтан жұрт ағылды. Шашуын шашып, ерулігін берді. Ауыл іші той жасап, мәре-сәре болып жер­гілікті ағайындармен етене жа­қын туыстай сіңісіп кетті. Көш­тің екінші легінде тек Моңғолия елі­нен 1992-1998 жылдары осы өңір­ге 4 мыңнан астам қандас қо­ныс­танды. Оларға барлық әлеу­мет­тік жағдай жасалды. Алайда келген оралмандарды облыс орталығынан алыс елді мекендерге орналастырды. Дені қолында етектей дипломы бар инженер, мұғалім, басқа да ма­ман иелері мал шаруашылығына жө­нелтілді. Алайда ешкім ол үшін реніш білдірмеді. Павлодар өңірін­де бүгінде алыс-жақын шет елдерден көшіп келген 36 мыңнан астам қан­дас мекен етеді. Моңғолия, Өз­бек­стан, Ресей, Қырғызстан, Мол­дова, Ауғанстан, Қытай және бас­қа да 12 елден этникалық қазақ­тар көшіп келді. Көш әлі жалғасып жатыр. Елге ел қосылып, құт-береке ор­нады. Көш қиындықсыз болған жоқ. Алайда Елбасының тікелей араласуымен көш төңірегіндегі шешім күткен мәселелер уақытылы оңалып отырды. Елге оралған қандастар да уақыттың талабымен үндесіп, ізденіп, талаптанып, кешікпей бар қиыншылықты жеңіп шығуға, өз жағдайларын жа­сап қана қоймай, Қазақстан қо­ғамының игілігіне өздерінің қо­мақты үлестерін қосты. Ма­ман­дығы барлар өздеріне жұмыс тапты, мамандығы жоқтар жаңа кә­сіп­тің қыр-сырын меңгерді, жеке кә­сіпкерлікпен айналысып, табыс­қа жетті. Балалары түгелдей оқып, жо­ғары және арнайы оқу орындарына грант иегері болды. Павлодар өлкесі оларға киелі мекен, құтты қоныс болды. – Алғашқы келген көштің ле­гінде болдыңыз. Сол жайлы қыс­қаша айта кетсеңіз? – Қазақстанда басталған жеке­ше­лендіру шеттен келген ағайынға ауыр тиді. Олар азаматтығы жоқ деген желеумен жекешелендіруден үлессіз қалды. Жекешелендірудегі ке­леңсіздіктердің салдарынан ауыл­дардың құты қашып, мал, тех­ника талан-таражға түсті. Жұмыс орын­дары көптеп қысқарып, ха­лық жұмыссыз тентіреді. Жаңа жағ­дайға бейімделе алмай, бұрын­ғы «арқа-жарқа» тірлігін аңсаған­дар не істерін білмей аңтарылды. Қан­дастардың дені көпбалалы от­басы болғандықтан, ауыл мекте­бінің шарасыз жағдайы оларды қатты алаңдатты. Қысқасы, осындай келеңсіздіктер мен әлеуметтік күр­делі ахуал салдарынан орны­ғып, жайғаса алмаған ағайындар қа­лалы жерлерге жақын ауыл, ау­дан­дарға қайта көшуге мәжбүр бол­ды. Осылай ауыр күндер артта қал­ды. Олар уақыт қиыншылығын Қа­зақстан халқымен бірге көріп, жеңіп шыққанына мақтанады. – Павлодар өңірі шеттен қо­ныс аударған қандастарды қа­лай қабылдады? – Павлодар облысы – еліміздің ірі өндіріс орталықтарының бірі. Сол себепті де жұмыс күші өте қа­жет өңір. Бұл жағдай арнайы ма­ман­дығы бар қандастарды жұмыс­пен қамтуға мүмкіндік тудырды. Со­нымен қатар Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы РҚБ Павлодар облыстық филиалы және республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалы атамекенге оралған отбасы мүше­лерінің көші-қон карточкасын тіркету, оралман мәртебесін алуына, тұрақты тіркеуге тұруына, оқу орындарына, мектептерге құжат­тарын тапсыруына, медициналық байқаудан өту, квота алуға, азамат­тық алуға, жұмыс табуға және тұр­ғы­лықты жерін таңдауына жан-жақ­ты көмек көрсетіп келеді. Нә­тижесінде олар Қазақстан қоға­мына тезірек бейімделді. Бұл нақты іс, тиімді қызметтің жемісі. – Сіздің Моңғолиядан өзді­гінен көшіп келе алмай отыр­ған 30 отбасын Павлодар облысына көшіріп әкел­геніңізді білеміз. Сол жайлы кеңірек айтып берсеңіз. – Үш мәрте көшті тікелей өзім ұйым­дастырып, бастап әкелдім. 1998 жылы шілде айында 30 отбасын (170 адам) Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан ұшақпен Шығыс Қазақстан арқылы Павлодар облысының Ақсу, Успен, Шар­бақты аудандарына әкелдім. Екінші рет 2010 жылы Моң­ғолияда болған жұттың салдарынан негізгі кәсібі – малы қыруар шы­ғынға ұшырап, киын жағдайға тап болған қандастарға қол ұшын беру мақсатында, Парламент пен Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің тікелей қол­дауымен, басқа да құзырлы ме­кемелердің мақұлдауымен маусым-қазан айлары аралығында өздігінен көшіп келе алмай отырған көп- балалы жағдайы төмен 120 отбасын (620 адам) дүние-мүлкімен бір­ге (қосымша өз қаражатыммен) Павлодар өңіріне шарт бойынша көшіріп әкелген едім. Үшінші, өткен жылы тамыз айын­да Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КЕАҚ тарапынан Моңғо­лия­ның Қобда, Баян-Өлгей ай­мақ­та­рынан Қазақстанға біржолата кө­шіп келуге ниетті әлеуметтік, тұр­мыстық жағдайы төмен өздігінен кө­шіп келе алмайтын, көпбалалы 13 отбасын (80 адам) көшіріп әкел­дім. Көшіп келген әр отбасы тұр­мысқа қажетті қолданыстағы дү­ние-мүлік және 800 кг жеке үй жү­гімен атамекенге жетті. Көшіп келген қандастарымыз­дың арасында 46 бала, 4 студент, 1 зей­неткер, басқа да еңбек жасын­да­ғы 29 азамат келді. Олардың ішін­де мұғалімдер, техника мамандары, механизатор, мал дәрігері, ме­дицина дәрігері, басқа да арнайы оқу орталықтарын бітірген тәжі­ри­белі мамандық иелері бар. Осы орайда Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы және «Отан­дастар қоры» тарапынан елге орал­ған және шетелде тұратын қа­зақтарды қолдау мақсатында қандастардың тұрмысқа қажетті қол­даныстағы дүние-мүлкі, жеке үй жүктерін Ресейің Алтай өлке­сінің Ташанта кедендік бекеті ар­қылы шекарадан алып өтуіне көп­теген кедергілер мен тосқауыл қойы­лып келген. Бұл келеңсіз жағдайды болдырмау үшін «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басшылары, Ресей Федерация­сының Омбы қаласындағы Қаза­қ­стан Консулы қызметкерлерінің кө­мегінің арқасында көштің бөгелмей өтуіне қолайлы мүмкіндік жасалып, барлық адамдарын жүгі­мен аман-есен елге жеткіздік. Көшіп келген отбасылар түгел­дей биыл оралмандардың өңірлік квотасына кіріп, бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат берілді. Ба­лалары оқумен толық қамтама­сыз етіліп, еңбек жасындағылар жұмысқа тартылды. – Осы орайда, Túrkistan га­зе­ті­нің өткен санында Ираннан 50 отбасы көшіп келгісі келетіндігі жайлы жазылды. «Отандас­тар қоры» бұл 50 отбасын жеңіл­­­­дікпен әкелуге мүмкіндігі бар ма? – Көші-қон шаруасы аса күр­делі. Ирандағы қандас­тарымыздың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс-тір­шілігі жылы климатқа үйреніп қал­ғандықтан олар көшіп келсе, солтүстік өңірлерге бірден тұрақ­тай алуы қиын. Оларға онтүстік об­лыстар жайлы болады деп ой­лай­мын. Казіргі жағдайда қан­дас­тарды қоныстандыруға Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шы­ғыс Қазақстан, Қостанай облыстары Үкімет қаулысы бойынша бекі­тіл­ген. Аталған облыстарға барған­да мемлекет тарапынан әр адамға бір реттік жәрдемақы, бір жылға үй жал­дап тұруға арналған қаражат қарастырылған. «Отандастар қоры» шетелден көшіп келген қандастарға барынша көмектесуге әзір. Елге келу­ге ниетті қандастар ең алдымен сол Иран еліндегі Қазақстан Кон­сулына барып ақыл-кеңес алуы қажет. Содан соң еліміздің қай өңі­ріне баратындығы туралы білгені дұрыс. Біздегі қоғамдық ұйымдар мен қорларды алдын ала ұйымдас­тыр­са, көшіріп әкелуге болады. – Қандастарға қатысты заң жо­­басына қандай қажетті те­тік­­ті қосу керек деп ойлайсыз? – Елге көшіп келіп жатқан қан­дас­тар «Халықтың көші-қоны ту­ра­лы» заңына сәйкес шетелде өз ие­лігінде болған дүние-мүлкін жә­не авто көліктерін Қазақстанға алып келсе, кедендік рәсімдеуден бо­са­тылады делінген. Алайда 2015 жыл­дан бастап қандастарымыз ав­токөліктерін ел аумағына кіргізе ал­май, әуре-сарсаңға түсті. Осы жағ­дайға байланысты Ресей, Қыр­ғыз республикасы, Моңғолиядан көшіп келіп жатқан қандастардан 800-ге жуық өтініш (телефон ар­қылы) түскен. Оған Қазақстан заң­дарындарғы түзетулерге сәйкес, 2016 жылдан бастап шетелден әкелінетін ескі көліктерді тіркеу құ­нына кірген өзгерістерге тікелей бай­ланысты болып тұр. Үкімет бе­кіт­кен жаңа стандартқа сәйкес, «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілген, оралман­дардың құқығын, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдік­тер ескерусіз қалды. Сондықтан да елге оралған қандастар өз көлік­терін, дүние-мүлкін Қазақстанға әкеле алмайды. Кейбір қандастар­дың елге қажетті техника және бас­қа да мүлкі шет елдерде арзан ба­ғада қалып жатыр. Осы мәселе қай­та қаралу қажет деп олаймын. – Көптеген мамандар, заң­гер­лер «шетелден келген қан­дас­тар елдегі заңдардан хабары жоқ, ақпараттандыру жетіспей жатыр» дейді. Сіз осы салаға жа­қында қызметке орналас­тыңыз. Бұл мәселе алда қалай болады, қандай қадамдар бар? – «Отандастар қоры» жанынан қан­дастарды ақпараттық қолдау ор­талығы құрылды. Байланыс қыз­меті мен қоғамдық қабылдау бе­кеттерінен тұратын бұл жүйе елге көшіп келген қандастардың бейімделуіне, құжаттарын рәсімдеуге жәр­демдеседі. Сонымен қатар мем­лекет тарапынан көрсетілетін қол­дау бағдарламаларының бар­лық түрлері бойынша қол ұшын бе­реді. Бұл бағытта жұмысты кү­шей­ту үшін Nur Otan партиясымен 3-жақты меморандум жасалды. Бұл жұмыстың нәтижесінде «орал­ман» мәртебесінің жарам­ды­лық мерзімі өтіп кеткен 1 300 қан­да­сымыз жеңілдетілген тәртіппен аза­маттық алды. Сонымен қатар қандастарымыз Қа­зақстанда зейнетке шықса, оның шет­елдегі еңбек өтілі есепке алына­тын болды. «Отандастар қорының» ақпараттық қолдау орталығының үйлестіру жұмыстары әлі де жетілдірілуде. Қордың бірыңғай байланыс ор­талығы мен қоғамдық қабыл­дауы қандастарға қажетті норма­тив­ті-құқықтық актілер бойынша ақпараттық және консультативтік кеңес беріп, туындаған мәселелер­дің оң шешілуіне нақты қолдау көр­сетеді. Қазақстанда тұруға рұқ­сат беретін ықтиярхат, оралман мәр­тебесін алу, шеттегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайту мә­селелерін көтерген. Алдағы уа­қыт­та осы қызметті одан ары тиім­ді ету үшін Nur Otan партиясының өңір­­лердегі қоғамдық қабыл­дауы­мен бірлесіп жұмыс жүргізу мәсе­ле­лері қарастырылмақ. Партияның қо­ғамдық комиссиялары мен кеңес­тері арқылы жергілікті әкім­ші­ліктер қандастар көтерген мәсе­лелерді оңтайлы шешуге зор ықпал етеді.