6 Қараша, 20:38 367 0 Әдебиет Анар ЛЕПЕСОВА

"Бесінші жатақхана" – балғын дәурен баяны

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде осы білім ордасының түлегі, «Айқын» газетінің Алматыдағы меншікті тілшісі, жас жазушы Абай Аймағамбеттің «Бесінші жатақхана» атты кітабының тұсаукесері өтті. Студенттік шақтың шуақты естеліктерін қаузаған туындының таныстырылымына автордың ұстаздары, достары, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Шәкіртінің жетістігіне марқайған факультет ұстаздары Абай Аймағамбеттің еңбегін жоғары бағалап, шығармалығына табыс тіледі. Кітап кейіпкерлері – Абайдың курстас достары да жылы лебіздерін білдіріп, көптің алдында толқып отырған құрдастарына қолдау көрсетті. Жиын соңында біз де авторға құттықтауымызды жеткізіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.  

– Абай, тырнақалды туындың – «Бесінші жатақхананың» тұсаукесері құтты болсын! ҚазҰУ-дың журфагында қатар оқыған, әйгілі бесінші жатақхананы бірге паналаған достарыңа арнаған бұл кітапты шығару туралы ой қашан келді?  

– Рақмет! Бұл кітапты қолға алу туралы ой екі-үш жыл бұрын келген. Бірақ ол уақытта бірден шығаруға қаржы қолбайлау болды. Әрі естелік айтып отыруға әлі ерте сияқты көрініп, тартынып та жүрдім. Биыл осы істі аяқтауға тырысып бақтым. Әлеуметтік желіде жарияланған, жарияланбаған барлық естелік-әңгімелердің басын қосып, топтастырып, «Мұқаба» баспасынан шығардым. Таралымы – 500 дана болды.

– Кітап баспадан шығып, қолыңа тигенде ең әуелі кімнің бағасын алуға асықтың?

– Факультетте сабақ берген ұстаздарым осы естеліктер үшін мені әрдайым көтермелеп, бағасын беріп жүретін. Кітап етіп шығар деп ой тастаған да сол кісілер. Сондықтан кітап қолға тие салысымен алдымен Мұрат Шаймаран, Кәкен Қамзин, Сағатбек Медеубек, Молдахан Абдраев ағаларыма апарып бердім. Олар жылы пікірлерін білдіріп, қанаттандырды. Тіпті кей тұстарын талдап, ашып та берді.

– Бұрын жатақханадағы курстастардың қызықты сәттері туралы Бауыржан Омарұлы ағамыздың естеліктерін тамсана оқыған едік. Бұл тақырыпты бүгін өзің жалғап отырсың. Ұстазың Кәкен Қамзин жыл сайын факультетті бітірген түлектер осындай кітап шығарса деген ойын жеткізді. Ізіңді басқан іні-қарындастарыңның арасында осы тақырыпта қалам тербеп жүргендер бар ма?

– Әлеуметтік желіден бірді-екілі жазбаны көзім шалғаны бар. Бірақ тұрақты түрде жазып жүргендерді байқамадым. Көбі жазбаларыма пікір қалдырғанда «шіркін, біздің де буыннан осылай жазатын адам шыққанда» деп жатады. Мүмкін уақыт тапшы, мүмкін өз қатарларында дәл біздікіндей қызық сәттер аз болған шығар. Менің курстастарым шетінен қызық адамдар болды. Әрбірінің басынан өткен жағдай бір-бір көркем әңгіменің жүгін арқалайды. Сол себепті де маған олар туралы жазу қызық әрі оңай болды.

– Тұсаукесерде «Бесінші жатақхана» кейіпкерлерінің бәрін болмаса да, біразын кездестірдік. Қолдау көрсетуге келген достарыңның өзіңе деген риясыз көңілін аңғардық. Шын достықтың сен түйген формуласы қандай?

– Достықтың формуласы – адалдық. Шын ниет, ақ көңіл. Тұсаукесерге келген ұл-қыздар оқуға түскелі бері қанаттасып, мені қолдап, демеп келе жатқандар. Осы жылдар ішінде олар осы ниеттерінен айныған емес. Сондықтан шығармашылық кешке ең адал, ең талғампаз, ең мықты достарым келді деп айта аламын.

–  Кітап дүкендеріне барғанда байқайтынымыз – жастардың бизнес туралы, психология жайлы кітаптарға қызығушылығы артқан. Басқа бағыттағы кітаптарға, әсіресе, әдеби туындыларға сұраныс кеміген. Мұның ақыры не болмақ?

– Егер әдеби туындыларға деген сұраныс кемісе, әрине оның соңы руханият үшін жақсылыққа әкеп соқпайды. Бірақ қоғамда аз мөлшерде болса да әдебиетке, мәдениетке қызығатын қауым бар. Солар руханиятты өлтіре қоймас. Ол үшін жақсылап жарнамалай білуіміз керек. Өзіміз шығарған кітапты да, өзгенің кітабын да насихаттай жүргеніміз жөн. Бұл жолда заманауи технологияларды, интернет мүмкіндіктерді игеру қажет. Жалпы, өз шығармасын, кітабын өтімді ету үшін жазушыларға бұрынғыдан да көбірек тер төгу керек болып тұр. Осы кітабымды баспаға беріп, шығарып, таратқалы бері ұққаным осы.

– Оқырмандарың «Бесінші жатақхананы» қайдан алып оқи алады?

– Кітап тұаукесер кезінде жақсы таралды. Әзірге өзімде және сатуға жауапты кісілерде бар. Одан бөлек «Самға» баспасының «Kitap All» дүкеніне сатылымға түскен. Алдағы уақытта қаладағы бірқатар кітап дүкендерінің сөресінен табылуы тиіс. Қазір олармен келісімшарт жасап жатырмыз.

– Ісің оңынан болсын! Шығармашылығыңа табыс тілейміз!

 

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА

Суреттерді түсірген Досжан Балабекұлы

Соңғы жаңалықтар