5 Шілде 2019, 12:24 955 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

«Көшбасшылық» – керек кітап

Соңғы кезде барлық елде мотивациялық бағыттағы кітаптар көптеп шығып жатыр және олар үлкен сұранысқа ие. Себебі адамның қабілетін ашуға пайдасы зор, Айбергеновше айтқанда, «Жанам деген жүрекке от беретін» ондай дүниелер жаңа заманның жаңа адамдарын қалыптастыратыны сөзсіз.

Күллі әлемдік бұл үдерістен Қазақстан да сырт қалған жоқ. Біздің елімізде де іскерлік әліппесі, көшбасшылық қағидалары сынды адамды жан-жақты дамытатын кітаптар жарық көріп, оқырмандарын тауып жатыр.

Сондай кітаптың бірегейі – «Мазмұндама» қорының жетекшісі, журналист Шыңғыс Мұқанның «Көшбасшылық» атты кітабы. Таяуда Алматы қаласында таныстырылымы өткен кітап 3 мың данамен қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Кітап иесінің айтуынша, кітапта жеке тұлғаларды және жалпы қоғамды дамытатын небір идеялар бар.

Шыңғыс Мұқан өз кітабы туралы былай дейді: «Соңғы екі жылда Америкада оқып, көптеген тақырыптарды зерттедім, көптеген кітаптарды оқыдым. Оның ішінде лидерлік тақырыбы өзіме қатты ұнады. Осы тақырыптағы мықты шетелдік кітаптарды оқып отырып, ондағы идеяларға таң қалдым. Және осыларды неге қазақшаға аудармасқа деп зерттей бастадым. Сөйтсем, ағылшын тілінде көшбасшылық туралы 7,5 мың кітап шыққан екен. Соның ішінен мықты деген он кітаптың қаймағын қалқып алып, бір кітапқа мазмұндап сыйғыздық. Сонымен қатар бұл кітапты оқыған адам тілді де үйренеді, яғни орысша, ағылшынша сөздермен сөздік қорын толтырып отырады».

Кітаптың таныстырылымына жазушылар, аудармашылар мен журналистер қатысып, «Көшбасшылық» кітабы туралы ойларын айтып жатты. ҚР президентінің кеңесшісі Мақсат Сқақ кітаптың ел азаматтары үшін өте қажет дүние екенін айта келіп, сөзін былай тұжырды:

«Бізден талай ойшылдар шықты. Жер көлемі бойынша әлемде алғашқы тоғыздыққа кіретін мұндай жерді ақылсыз ел иеленіп, сақтап қала алмайды. Ол үшін мықты рух керек. Рух дегеніміз – көшбасшылық. Көшбасшы кез келген жағдайда ұлттың ішінен суырылып шығады. Дегенмен мен, осы көшбасшылықты ұлттық тереңдігімізбен байланыстырғым келеді. Қазақ бар нәрсеге көңіл бөлген, біздің ұлылығымыз сонда. Құнарлы жерден ғана үлкен дүниелер шығады».

Сонымен қазаққа арналған заманауи үрдістерді түсіндіретін және кеудесінде оты барларды алға ұмтылдыратын тағы бір кітап оқырманға жол тартты.

 

А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

 

Тэгтер көшбасшылық

Соңғы жаңалықтар