Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысады

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысады

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясына қатысады
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының жұмысына қатысады. Бұл жайында Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды. Мерейтойлық сессия «Біз қалайтын болашақ, бізге қажет Біріккен Ұлттар Ұйымы: мультилатерализмге ұжымдық бейілділігімізді нақтылау» деген ұранмен өтеді. Бас Ассамблеяның сессиясы әлі жалғасып жатқан коронавирус пандемиясы жағдайында өтетіндіктен, мемлекеттер басшыларының сөйлейтін сөздері бейне байланыс форматында болады деп жоспарланған. Қазақстан Президенті 21 қыркүйекте БҰҰ 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі кездесуге, 23 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының Жалпы дебатына қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75 жылдығына және Жалпы дебаттардағы күн тәртібіне байланысты ағылшын тілінде екі бейнеүндеу жасайды. Қазақстан Президенті өз баяндамаларында халықаралық өзекті мәселелерді шешу ісіндегі әлемдік қоғамдастықтың іс-қимылдарын үйлестірудің маңыздылығын, атап айтқанда коронавирус індетімен күрес, жаһандық экономикалық өсімді қалпына келтіру, терроризмге қарсы іс-қимыл, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, климаттың өзгеруі сияқты проблемаларды көтереді. Мемлекет басшысы БҰҰ-ға қатысты сыни пікірлердің айтылғанына қарамастан, ол әлемдік саясатта шешуші рөл атқаратын баламасы жоқ әмбебап ұйым екеніне тоқталып, 2030 жылға дейінгі күн тәртібіндегі тұрақты даму мәселелердің жүзеге асырылуы, халықаралық саясаттағы БҰҰ-ның рөлін күшейту, Орталық Азиядағы өңірлік ықпалдастық салалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді қозғап, бірқатар халықаралық бастамаларды ұсынады.