Саны кемісе, сапасы арта ма?

Саны кемісе, сапасы арта ма?

Саны кемісе, сапасы арта ма?
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қаңтар күні Ақор­дада өткен Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесуінде мемлекеттік қызметкерлер санын қысқарту туралы сөз қоз­ғаған болатын. Президент осы жолғы Жолдауында сол мәселені қай­та көтеріп, мемлекеттік қызметкерлердің саны 2021 жылдан бастап қыс­қаратынын мәлімдеді. «Мемлекеттік аппарат және квази мем­лекеттік сектор қызметкерлерін қыс­қарту мерзімін жеделдетуді тапсырамын. Биыл олардың санын 10 пайыз­ға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартқан жөн. Осы­лайша, біз 2021 жылы ше­неу­нік­тер­дің санын 25 пайызға қысқарту мә­селесін шешетін боламыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сонымен қатар сол қысқартулардан үнем­­делген қаражаттың есебінен қалған қыз­­меткерлердің жалақысы көбей­ті­ле­тінін, бұл мәселеге салғырт қарау жем­қор­­лыққа апарып соқтыратыны да Жол­­дауда айтылды. Қысқартулардан соң мемлекет қыз­мет­шілерінің жалақысы орташа есеппен 15 пайызға өседі. Бұл туралы Ұлттық эко­номика министрі Руслан Дәленов мә­лімдеді. Мемлекеттік қызметкерлер саны бұ­дан бұрын да бірнеше рет қысқарған. Де­се де, әлі де мемлекеттік қызметкер­лер­­дің санын басқа да халық саны көп ел­­дермен салыстырып, сыни пікір айту­шы­лар баршылық.

Мемлекеттік қызметкерлердің құрамы қандай?

Статистикалық деректерге зер салатын бол­сақ, 2019 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойын­­ша мемлекеттік қызметкерлердің ш­­­­­­тат саны – 98 726. Оған қоса әлі де 9 пайыз жұ­мыс орны бос тұр. 2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша рес­публика халқының саны – 18 миллион 690 мың адам. Республика бойынша орта есеп­пен, сәбилер мен қарттарды қоса есеп­те­генде, әрбір 44 адамға бір мемлекеттік қыз­метші келеді екен. Бұл – ауыл шаруа­шы­лығы саласында жұмыс істейтін қызмет­кер­лер санынан алты есе көп шама. Ал finprom.kz талдау порталының де­рек­­тері бойынша 2020 жылдың бірінші тоқ­санында мемлекеттік басқару, қорғаныс жә­не міндетті әлеуметтік қамсыздандыру са­ласында 397 мың адам еңбек етеді екен. Бұл 2019 жылдың дәл сол кезеңімен салыс­тырғанда екі мыңға аз. Мемлекеттік қызметкерлердің құра­мы­на зер салсақ, олардың арасында ер адам­дар­дың үлесі басым. Аймақтар бойынша зер­делесек, Шымкентте мемлекеттік қыз­мет­тегі әйелдердің үлесі 23,8 пайыз болса, Түр­кістан облысында – 26,7 пайыз, ал Ал­ма­тыда – 31,5 пайыз. Павлодар облысында ерлер мен әйелдердің санындағы айыр­ма­шы­лық аз, онда әйелдердің үлесі 46,5 пайыз­ға тең. Мемлекеттік қызметтегі әйелдер көб­і­не­се қоғамдық тамақтану, қонақ үй секторы, көлік компаниялары, әкімшілік және қо­­салқы қызмет көрсету, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс салаларында  жұмыс іс­тейді. Жас бойынша жіктейтін болсақ, мем­лекет­тік қызметкерлердің 50 пайыздан ас­тамы – 34 жасқа жетпегендер. Олардың 54 пайызы қаржы және сақтандыру са­ла­ларының қызметкерлері. 45-54 жастағы қыз­меткерлердің үлесі бар болғаны 15 пайыз­ға тең болса, зейнетке шығу алдында тұр­ғандар барлық қызметкерлердің 6 пайызы.

Мемлекеттік қызметкерлерге қанша қаржы жұмсалады?

«Мемлекеттік басқару және қорғаныс, мін­детті әлеуметтік қамсыздандыру» саласы қыз­меткерінің орташа жалақысы 2020 жыл­дың І тоқсанында 161 479 теңге болды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 38,9 мың теңгеге төмен саналады екен. Бірақ жалақы көлемі барлық аймақта бір­келкі емес. Ең жоғары жалақыны Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік қыз­мет­кер­лер алады. I тоқсандағы есептеулер бойын­ша, ол шамамен 254,2 мың теңге. Кері­сінше Алматыдағы мемлекеттік қыз­мет­керлердің басқа аймақтарға қарағанда жа­лақылары аз – 184,6 мың теңге. Алматы облысында шенеуніктер ең аз жа­лақы алады – 129,7 мың теңге. Еліміздің се­гіз өңірде орташа жалақы 140-150 мың тең­ге аралығында. Мемлекеттік басқарушылар үшін ең жо­ғары көрсеткіштері бар аймақ пен ең тө­мен аймақ арасындағы жалақының өсуі 95,9 пайыз. Өңірлердің жартысында орташа жа­лақы облыс бойынша орташа жалақының ке­мін­де 90 пайызына тең, тек Солтүстік Қа­зақстан, Қызылорда және Түркістан об­лыс­­тарында орташа жалақының көлемі бұл ша­мадан артық екен. Елдің батысындағы ай­мақтар – Атырау және Маңғыстау об­лыс­та­рында еңбекақы орташа өңірлік көр­сет­кіштен екі есе төмен.

Басқа елдердегі жағдай қандай?

Әлем бойынша мемлекеттік қызметкер­лері мен шенеуніктері көп ел – Қытай. 1 433 783 686 адамның 7 миллионнан астамы – мем­лекеттік қызметкерлер. Ресей Федерациясында 2,4 миллион ше­неунік 145 миллионнан астам ресейліктерге қызмет көрсетеді. Әр 60 азаматқа бір мемлекеттік қызметкерден келеді екен. Америка Құрама Штаттарының 330 миллионға жуық азаматына 2,1 миллион шенеунік жұмыс істейді. Германияда пропорция одан да жоғары – 508 мыңға жуық мемлекеттік қызметші 83 миллионнан астам халыққа қызмет көрсете алады. Әр шенеунікке 165 Германия азаматы келеді. Ұлыбританияның 67 миллионнан астам тұрғынының 431 мыңы –мемлекеттік қыз­меткер. Бір шенеунікке 157 адамнан келеді. Атал­ған елмен көршілес Францияда осыған ұқ­сас жағдай – 65 миллионнан астам аза­мат­тың 486 мыңы – мемлекеттік қызметте. Украинада 244 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Ал Беларусьте жағдай біз­дікіне ұқсас, әрбір 257-ші азамат мем­лекет­тік қызметте істейді. Литва мен Эстонияда мемлекеттік онлайн қызметтер басқа елдерге қарағанда әлдеқайда ертерек дами бастаған. Бұл елдер әлем­де алғашқылардың бірі болып қағаз­бас­тылықтан бас тартты, ал Эстонияда олар тіп­ті электронды дауыс беру жүйесі енгізіл­ген. Қазір Литвада 2,7 млн халыққа шақ­қанда 60 мың мемлекеттік қызметкер ғана жұмыс істейді (46 литвалыққа – біреуден), ал Эстонияда 1,3 млн халыққа шаққанда 25 мың­нан астам адамды ғана мемлекеттік қыз­метке алған (52 азаматқа – бір мемлекеттік қызметкер). Аталған елдерде мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр. Пандемия кезіндегі қашықтан жұмыс режимі көптеген салада артық жұмыс күшінің баршылық екенін байқатты. Сол тізімде мемлекеттік қызметшілер де бар. Мемлекеттік қызметке ауқымды әрі жүйелі реформа қажет екені айқын сезілді. Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселелер жүйесін тауып, тиянақты іске асатын болса, бұқараның сынына көп ілігетін мемлекет қызметшілерінің сапалық құрамы жақсарып, жасампаздана түсеріне бек үміттіміз.