Жастарды қолдаудың көрсеткіштері
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес, 2017-2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білеміз. Бағдарламаны жүзеге асыруда жастарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту сынды бірқатар шаралар көзделді. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарламаға қатысқан жастардың үлесі – 34,3 пайыз. Бағдарламаға қатысушылардың қатарына 213,5 мыңнан астам жас азамат қосылған, олардың 189,6 мыңы немесе 88,8 пайызы жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар үш жыл ішінде 1 млн жасты қамтуды көздейтін «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» деген екі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағытта 180 колледж бен 20 ЖОО-ның базасында индустриялық және сервистік 100 мамандық бойынша сұранысқа ие мамандар даярланып, үш жыл ішінде білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу арқылы 200 мыңнан астам жасты оқыту көзделіп отыр. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы 29 жасқа дейінгі 100 мың студент пен жастарға кәсіпкерлікті оқу, мемлекеттік грант немесе тиімді несие алып, жеке кәсіп ашудың мүмкіндігін сыйлады. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан бастау алған бағдарламада бизнес жоспары сәтті шыққан үміткерге 505 000 теңге көлемінде қайтарымсыз несие берілді. Ол үшін арнайы 10 мың грант бөлінген. Сонымен қатар 6 пайыз жеңілдікпен 6,5 жылға 8 000 АЕК көлемінде несие берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге 600 грант берілмек. Бұл кәсіппен айналысқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде теориялық білімін жетілдіріп, оны тәжірибе жүзінде іске асырып, грант ұтып алған жастар еліміздің жас кәсіпкерлер буынын қалыптастыруға үлес қосып отыр. Жұмыс күші артық өңірлердегі жастарға жоғары, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды еңбекке қабілетті адамдар жетіспейтін аймақтарға жұмысқа орналастыруға бағытталған «Серпін» жобасының нәтижесі ауқымды. Бағдарлама аясында еңбекке жарамды адамдар жетіспейтін өңірлер мен ауылдық елді мекендерді білікті мамандармен қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға жаңа жерге орнығуға жәрдемдесуге, оның ішінде оқыту, жұмыспен қамту, баспанамен және балабақшалар мен мектептерде орындармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Былтыр жыл соңына дейін аталған бағдарлама аясында 64 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және қоғамдық жұмыстарға тартылған.Еріктілер жылы
Жастарды қолдауға бағытталған шаралар реті биыл да өз жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. «Ол халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат, жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайтынына сенемін. Бұл – ең алдымен өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі», – деді Президент. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылы аясында Birgemiz республикалық волонтердің фронт-офисін ресми түрде іске қосты. Фронт-офис волонтерлерге кеңес беру, әдістемелік, оқыту, ақпарат беру қызметін атқарады. Биыл расында да еріктілердің жылы болды деп айтуға толық негіз бар. «Nur Otan» партиясы су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал ауданына 40 тонна азық-түлік жөнелткені есімізде. Су басқан ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін партияның барлық еріктілері жұмылдырылды. Жүзден астам адамнан еріктілер штабы құрылды. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жолында жастар ауызбіршілік танытып, халықтың қайғысына бейғам қарамай, жүрек жылуы мен мейірім алақанын тосты. Сонымен қатар елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде де еріктілер өз бастарын қауіпке тіге отырып, мұқтаж отбасыларға қажетті тауарлармен бірге азық-түлік себетін таратты.Жастарды қолдайтын жаңа заң
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Халықаралық тәжірибе аясында ұсынылған жаңа нормалар әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді. Партиялық тізімнің 30 пайызын әйелдер мен жастар құрайтын жаңа заң ендігі жерде Парламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына әйелдер мен жастардың көптеп тартылуына жағдай жасайды. Жаңа бағытты ұстанған «Nur Otan» партиясының саяси қадамының бірі – партия ішінде праймериз өткізу арқылы шығармашыл, белсенді, іскер, озық ойлы жастарды анықтау және оларға өз мүмкіндіктерін қолдана отырып еліне, халқына қызмет етуге мүмкіндік беру. Партияның бұл қадамы білімді, талапты, бәсекеге қабілетті жастардың еліміздің саяси өміріне араласып, өздерінің азаматтық көзқарастарын ашық білдіруге ықпал етері анық.