Депутат тұрмысы төмен отбасылардың несиесін мемлекет есебінен төлеуге қарсы

Депутат тұрмысы төмен отбасылардың несиесін мемлекет есебінен төлеуге қарсы

Депутат тұрмысы төмен отбасылардың несиесін мемлекет есебінен төлеуге қарсы
ашық дереккөзі
Депутат Гүлжан Қарағұсованың пікірінше, тұрмысы төмен кей азаматтардың қарызын мемлекет есебінен жабу қалған салық төлеушілерге қосымша салмақ салады. «Спутник Қазақстан» сайтының жазуынша, депутат әлеуметтік жағдайы төмен қазақстандықтардың несие қарызын төлеп беру азаматтарды жауапсыздыққа үйрететінін айтқан. Депутат өмірінде екі рет кредит алғанын да есіне түсірді, оның бірі – ипотека. Екеуін де мерзімінен бұрын төлеген. Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова 2007 жылдан бері экономикалық дағдарыста келе жатқан АҚШ-та ешкім борышкерлердің кредитін төлеп бермейтінін айтты. «Өзің алдың ба, өзің төле. Олай болмаған жағдайда кей салық төлеуші мемлекет есебінен емес, сіз бен біздің ақшамызға өмір сүреді. Бұған жол беруге болмайды. Біреу жұмыс істейді әрі салық төлейді, ал басқалар… Кешіріңіз, мен осы елдің азаматы ретінде мұндай саясатпен келісе алмаймын», – деді депутат. Айта кетейік, былтыр маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қиын қаржылық жағдайға тап болған қазақстандықтардың қарызын азайтуды тапсырды. Президенттің Жарлығына сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша кредит қарызы үш миллион теңгеден аспайтындардың қарызы төленді (7 750 доллар). Мемлекет бір қарыз алушыдан ең көп дегенде 300 мың теңге шегерді (бұл сомаға негізгі қарыз бен сыйақы кіреді).